Парламент • 12 Қараша, 2020

Сенатта ғылымның өзекті мәселелері талқыланды

194 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің мүшелері «Қазақстандағы білім мен ғылымның проблемалары мен перспективалары» тақырыбы бойынша Сенат жанындағы Жас сарапшылар клубының өкілдерімен кездесті.

Сенатта ғылымның өзекті мәселелері талқыланды

Сенат депутаты Бақытжан Жұмағұлов Сенат жанында Жас сарапшылар клубы құрылуының мәні зор екенін атап өтіп, бүгінде жастарды елімізде жүргізіліп жатқан әлеуметтік-саяси және экономикалық реформаларға тарту аса маңызды екенін айтты.

Жас ғалымдар альянсының төрайымы Әсия Ермұхаметова депутаттарға ғылыми қызметті қаржыландыру тетіктері туралы айтып берді. Сарапшының айтуынша, ғылымды қаржыландыру мен басқарудың қолданыстағы жүйесі қайта қарауды талап етеді, атап айтқанда, бизнестің ғылыми зерттеулерді бірлесіп қаржыландыру туралы талабы сәтті коммерциялық жобалар санын іс жүзінде арттыра алмады және ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге бизнесті тартуды ұлғайта алған жоқ. Қазіргі кезде Қазақстанда ғылымды қаржыландыру негізінен бюджет қаражаты есебінен жүзеге асуда.

Кездесуге қатысушылар ғылыми қызметтің даму жолдары мен өзекті мәселелерін де талқылады. Адам генетикасы зертханасының меңгерушісі Мақсат Жабағин «ғалым» мен «ғылыми қызметкер» ұғымдарының аражігін ажырату мақсатында халықаралық білім беру және ғылыми тәжірибе стандарттарына сәйкес келетін біліктілік шарттарын енгізу қажет екенін айтты. Сарапшы ғалымның бастапқы кезеңдегі жұмысына қолдау табуы – ол адам капиталы мен ғылыми әлеует дамуының кепілі деп санайды.

Жас сарапшылар клубының өкілдерімен кездесу барысында Сенат депутаттары елдегі білім мен ғылымды дамыту жөніндегі сындарлы ұсыныстарды тыңдады.

Сенатор Бақытжан Жұмағұлов кездесуді қорытындылай келіп, барлық маңызды ұсыныстар депутаттардың заң шығару қызметінде ескерілетінін айтты.