Пікір • 16 Қараша, 2020

Дәуірмен бетпе-бет

843 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін

Тұңғыш Президентіміз – Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың ордалы отыздың шеруінде иықтасып нық басуға нұсқайтын бұлжымас бағыттары, Ұлт жоспары, «Мәңгілік ел», «Рухани жаңғыру» идеялары мемлекет дамуының ұзақ жылдарғы директивалық тезистеріне айналса, ел Президенті Қ.Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» Жолдауынан туындайтын міндеттер бізді жаңаша жұмыс істеуге, мемлекеттік реформаларды табысты жүргізу жолында ақыл-ойымыз бен білім-білігімізді, қайрат-жігерімізді, ізденіс-іскерлігімізді жарқырата жұмсауға үндейді.

Дәуірмен бетпе-бет

Қазір әлем соңғы 100 жыл ішінде болмаған аса күрделі дағдарысты бастан өткеруде. Сарапшылардың айтуынша, жаһандық экономиканы қайта қалпына келтіру үшін кемінде 5 жылға дейін уақыт қажет.

«Дей тұрғанмен, болашақта көш бас­тайтын мемлекеттердің бәсекеге түсу қабілеті дәл осындай дағдарыстар мен іргелі өзгерістер кезінде шыңдалады. Қазақстан жаңа әлемде өзінің лайықты орнын алуға тиіс» деп басталатын ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауының алтын арқауы – «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» ендігі кезекте ешкімге елік­теп-солықтамай, есеміз кеткен тұстар­дың орнын толтырып, ел өміріндегі еңсе­гей мәселелерді екшеп, билік пен бұқара болып бірлесе шешу жолдарын ұсынып отыр. Демек, Мемлекет бас­шы­сының былтырғы «Сындарлы қоғам­дық диа­лог – Қазақстанның тұрақ­ты­лығы мен өркендеуінің негізі» Жол­дауын­дағы тегеурінді тұжырымдар бас­тап­қы инерциялық қуатын үдетіп, бүгін­гі бас­ты құжатпен кіріге жымдасып, жауап­кершілік пен міндеттер бөліні­сін ай­қындап, қазақ ұлысының даму страте­гия­­сының тұтас панорамасын құрайды.

Бұл ретте Жолдаудың өн бойында сым­­дай тартылған 11 бағыттың қай-қай­сы­сының да халықтың көкейіндегі түйт­кілдер мен үміт пернесін дөп бас­қан, осыған дейін қол жеткізген келелі көр­сеткіштеріміздің қабатында қордаланып, ілгері ұмтылған қадамымызды ілгектей тартқылаған, күнделікті пенделік тір­шіліктерімізде сәт сайын беттесіп, тобы­ғымыздан тұсаулаған, қоғамдық ой-пі­кірдің қозғалысын тежеп, әлеу­меттік белсенділігімізді бәсеңдететін сте­рео­типтік қалыптардан арылуға жол аш­қан негізгі факторлар екенін айтуымыз орынды. «Көш жүре түзеледі» десек те, «қимайтын», бірақ атанның белін қи­най­тын «ескі кебежелерді» «жұртта» қал­­дыратын уақыттың жеткені ғой бұл!

Билік жаңа реформалық өзгерістерді өзінен бастап отыр. Тікелей Президент бағынысындағы Стратегиялық жоспар­лау және реформалар агенттігін және Реформалар жөніндегі жоғар­ғы пре­зи­денттік кеңес құру – мемл­е­кет­тік басқарудың бірегей үлгісін қалып­тас­тырып қана қоймай, «адам ресурстарын барынша жұмылдырып, яғни жеке сектор мен қоғам өкілдерін толыққанды серіктестер ретінде жұмыстың барлық кезеңіне – жоспарлауға, орындауға және бағалауға тартып», іс-қимыл үдерісінде түпкі нәтижелерді қамтамасыз етпек. Осылайша өзіміз көптен көксеп жүрген азаматтық қоғамның шынайы моделі орнықтырылады. Әйтпесе, бас-басына би болған сан-салалық министрлердің декоративтік «реформаларынан» дің­ке­леп біткеніміз қаш-шан! «Судың да сұрауы бар» шығар, бірақ ащы да бол­са ашығын айтайық, дақпырттың жұ­мы­рында жоғалған қомақты қаржының сұрауы болды ма? Нарқы келмегенмен, ниет түзу, ешкім жазаланбайды. Ең арысы, «реформаторыңыз» орнынан түсіп немесе басқа қызметке ауысып, тіпті кейбірі жоғарылап кетіп жатады.

«Сан алуан көрсеткіштер мен ин­дика­торлардан тұратын мемлекеттік бағ­дар­ламалар әзірлеуді тоқтату қажет. Бар­ша азаматқа түсінікті, қысқа әрі нұсқа ұлт­тық жобалар форматына көшкен жөн» деп Мемлекет басшысының Жол­дауда айтқанындай, мемлекеттік қыз­мет жүйесін оңтайландыру, кәсіби бі­лік­­тілігі жоғары, озық тәжірибелер жиын­тығын бойына сіңірген, бастамашыл, зиялы мамандарды жасақтау ар­қылы қайта құру, мемлекеттік аппарат пен квазимемлекеттік сектор қызметкерлерінің санын 2020 жылдың аяғына дейін 10, 2021 жылы 15 пайызға қыс­қарту, үнемделген қаржының есебінен қал­ған қызметкерлердің жалақысын көбей­ту шараларына ұласуы көңіл көн­шітеді. «Еңбекақысы аз мемлекеттік қыз­мет­тің қоғам үшін пайдасынан зияны көп. Бұл мәселеге жете назар аудармау кері кетуге, біліктілік пен бастамашылдықтан айырылуға, сондай-ақ ең сорақысы, жем­қорлыққа әкеп соқтырады» деген Қасым-Жомарт Кемелұлының «диагнозымен» келіспеске амалың жоқ.

 Мен 1996-1999 жылдары Қызылорда қаласының әкімі қызметін атқардым, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының екі шақырылымының депутаты болдым. Сондықтан мемлекеттік қыз­меттің жай-күйі етене таныс. Айта­тыны жоқ, соңғы жиырма шақты жылда мемлекеттік аппараттың штат бірліктері тым ұлғайып кетті. Министрліктерде, квазимемлекеттік секторда, қала берді аймақтық департамент, басқармаларда билік буындары қосарланып жүр. Қызметкерлер көктемгі құс қонған көлдей жыртылып-айырылады. Бір-біріне сенбейтін мекемелер тәрізді екі жағы да тексеру жүргізеді. Мысалы, облыстарда ауыл шаруашылығымен айналысатын төрт басқарма бар. Екеуі Ауыл шаруашылығы министрлігіне, екеуі облыс әкіміне бағынады. Төтенше жағдай мәселесімен айналысатын екі құрылым да солай. Бірі – министрлікке, екіншісі облыс әкіміне қарайды. Орман, аң шаруашылығымен айналысатын құрылымдар да бірін-бірі қайталайды. Қосарланған соң, кейде бір-біріне бағын­бағандықтан, мәселенің шешусіз қалатын кездері де болады. Осының ара жігін ажырату, кімнің немен айналысатынын айқындау мәселесі Президентіміздің өзі міндеттеген талаптарымен үйлеседі. Басқару теориясы бойынша да бір іске басшылық жасау кезінде қосарланған жұмыстарға жол берілетін болса, бере­кесіздікке әкеп соқтыратыны белгілі.

1

Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»

Президенттің мемлекеттік қызмет мәртебесіне арнайы тоқталуының үл­кен мәні бар. Жолдауда көрсетілген міндеттерді мүлтіксіз орындау, басқару, үйлестіру, ең алдымен, мемлекеттік қыз­мет­керлерге жүкте­леді. Экстенсивтік сипаттан интенсивтік форматқа көшпесек, «қойшы көп болса, қой арам өледі», түпкі нәтижеге жетудің жолдары ауырлайды.

Және бір ойды ұшқындатсақ, жоғар­ғы құзырлы органдарда болсын, жер­гілікті басқармаларда ма, қызметі бірін-бірі айнытпай қайталайтын бөлімдер жеткілікті, штаттық кестесі әжептәуір, тех­никалық мүкәммалы мол. Ал олар­ды ұстап тұруға қанша қаржы жұмса­латы­нын бағамдай беріңіз. Сенат депутаты кезімізде біз Парламенттің күн тәртібінде осы мәселені көтерген болатынбыз. Орталықтандырылған базасы бар сандық жүйеге көшіп жатқан тұсымызда инкубациялық басқарма, бөлім, құрылымдардың қажеті қан­ша? Бюрократиялық бөгеттерді бұзғы­мыз келсе, үнемделген қаржыны әлеу­мет­тік мақсаттарға жұмсауды ойласақ, мем­лекеттік аппарат және квазимемлекеттік сектор штаттарын қысқарту және ұлттық компанияларды басқару ісін жақсарту үдерісінде мұны ескеруіміз керек.

Жолдаудың беташар сөзінде Прези­дент: «Қазіргі күрделі жағдайда алдымызда тұрған басты міндет – әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты, жұмыс орындарын және халықтың табысын сақтап қалу. Дағдарысқа қарсы жедел шаралардың екі топтамасы қабылданды. Уақытша табыссыз қалған 4,5 миллион­нан астам азаматымыз 42500 теңге мөлшерінде көмек алды. Бұған 450 миллиард теңгеден астам қаражат жұмсалды. Осындай жәрдем көршілес елдерде, тіпті, басқа ірі мемлекеттерде берілген жоқ.

Алдағы айларда күш-жігерімізді барын­ша жұмылдырып жұмыс істейтін бола­мыз. Осыған дайын болуымыз керек. Мәселе туындаған кезде ғана шұ­ғыл қимылдамай, алдын ала шаралар қабыл­дап, барлығын жан-жақты ойластырып жұмыс істеуіміз керек» деген болатын.

Осы жолдарды оқығанымызда, әлі де әуірі басыла қоймаған пандемияның шарықтау шегінде басымыздан кешкен күрделі жағдаяттарды есіме түсіріп, көңілім бұзылса да, жұқарғанмен – тұяғымыз тозбай, қияғымыз қиылмай, дәуірдің сынағынан аман өтіп келе жат­қанымызға шүкіршілік еттім. Корона­вирус кеселінен біздің еліміз де зор зардап шекті. Жаратылыстың мұндай жаманатын бұрын-соңды көрмегесін бе, сақтық шараларына оншалықты мойын бұрмай, бір-бірімізден оқшауланбай, «қол сынса – жең ішінде, бас сынса – бөрік ішінде» дейтін жайбарақаттылыққа салынып жүріп, қара дерттің қаупін аңғар­май қалғандаймыз. Қиналғанымызды, құрбандықтар болғанын несіне жасырамыз? Сүрінген шығармыз, бірақ құла­ған жоқпыз. Қасым-Жомарт Кемел­ұлы­ның «Біз азаматтардың өмірін және ден­саулығын қорғау үшін бар күш-жігері­мізді біріктірдік. Осындай сын сағатта ынтымағы жарасқан халқымыз жұдырықтай жұмылды. Індетпен күрес дана халқымызға тән асыл қасиеттердің арқасында жүзеге асты. Өзгеге қол ұшын созып, тілеулес болу, тосыннан келген кеселге қарсы тұру маңызды екені анық байқалды» деуі имандай шындық енді!

Президент Жолдауындағы «Жаңа жағ­дайдағы экономикалық даму» бағыт­тарын зерделеп оқығанымда, мен алға қойылған міндеттердің әлеуметтің бүгінгі көңіл күйі мен мүмкіндігіне, игерілмеген игіліктердің иініне орайластырылып түзіл­генін аңғардым. Жолдауда айтыл­ғандай, «әртараптандырылған және тех­но­логияға негізделген экономика құру жай қажеттілік қана емес. Біз үшін бұдан басқа жол жоқ». Іс-қимыл үстін­де жаңалық ашатын практикалық диссер­тацияға жүк болғандай, контурлық сұлба немесе утопиялық уағыздан аулақ, билік пен баршаның нақты жауапкершілігін нығыздаған тараудағы жеті қағидатты:

  1. Игіліктер мен міндеттердің әділ бөлінісі.
  2. Жеке кәсіпкерліктің жетекші рөлі.
  3. Әділ бәсекелестік, кәсіпкерліктің жаңа буыны үшін нарық ашу.
  4. Өнімділікті көбейту, экономиканың ауқымдылығын және технологиялық сипатын арттыру.
  5. Адами капиталды дамыту, жаңа үлгідегі білім саласына инвестиция тарту.
  6. «Жасыл» экономиканы дамыту, қоршаған ортаны қорғау.
  7. Мемлекет тарапынан дәйекті шешімдер қабылдау және сол үшін қоғам алдында жауапты болу.

Менің негізгі мамандығым – эконо­мист-ғалым. Университетте де, қала бас­қару ісінде, Сенат қабырғасында да Пре­зидент көтерген мәселелермен талай мәрте бетпе-бет келіп, талқыладық және уақыт кеңістігінде солардың оңды шешілетініне сендік те. Сондықтан бір кезде әріптес болған, сыртқы саясаттың сардары, Үкімет басшысы, Мемлекеттік хатшы, БҰҰ Бас хатшысының орынбасары, Сенат спикері лауазымдарын атқарып, жер-жаһанның жарақты мем­лекеттерінің ішкі-тысқы қарым-қаты­насын, индустриялық өрлеу тетіктерін, әлеуметтік ахуалын, инвестиция тарту иірімдерін терең зерттеген, экономикалық маңызды модульдерді еліміздің өндір­гіш климатына берік орнықтыруды көздеген Қасым-Жомарт Кемелұлының ұстанған тұжырымдамасын бар діліммен қолдаймын.

Жер ауқымы жөнінен ғаламда тоғы­зыншы (2 млн 724902 шаршы шақырым), Азияда (Қытай, Үндістан, Ресей) төр­тінші орынды иеленетін, Еуропаның 12 мемлекеті еркін сыйып кететін, бір ғана Қарағанды облысына 1 Германия немесе 2 Беларусь, тіпті ұсақтасақ, 4 Болгарияны орналастыруға болатын Қазақстанда Менделеев кестесіндегі 126 элементтің 99-ын өндіру мүмкіндігі бар. Оған 1225 түрлі минералдар қоспасын құрайтын 5000-ға жуық кенішті қосыңыз! Мұншама мүкәммалды сыртқа шикізат күйінде шығара бергеннен ұтарымыз қайсы?

Қасым-Жомарт Кемелұлы Жолдауда дұрыс мәселені қозғады: «Қазақстанның алдында тұрған аса маңызды міндет – өнер­кәсіптік әлеуетімізді толық пай­далану». Қазір Еуропа елдерінде, Шығыс Азияда, көршілес мемлекеттерде қай­та өңдеу кәсіпорындарын салудың зәрулік­тері жеткілікті. Біріншіден, өзіндік ши­кі­зат қорлары арзымайды, алыстан ал­дыруға шығын көп, екіншіден, халық тығыз орналасқан аймақта экология­лық тепе-теңдік бұзылады, өнім қал­дық­тарын төгетін орын жоқ, оның үстіне «жасылдардың» екпіні қатты! Үшін­шіден, саяси форматтардың әлсін-әлсін өзгеріп отыруынан туындайтын транзит тасымалының күрделілігі. Тағысын-тағылар... Ал, аумағы 163 миллион халқы бар 18 Бангладешке тең Қазақ жеріне 163 зауыт салсаң да, көптік етпейді! «Бұл қара және түсті металлургия, мұнай химия­сы, көлік құрастыру және машина жасау, құрылыс материалдары мен азық-түлік өндіру және басқа да салаларды қамтиды». Дүние жүзінің 146 елімен экономикалық, гуманитарлық бағытта ынтымақтасқан еліміздің шикізаттық сектордан шеткері шығып, экспорттық басымдыққа ие болуы осы факторларға байланысты.

Биылғы жылы Қазақстан халқының саны 19 миллион адамнан асады, оның ішінде қазақтың саны 13 миллион адамды құрамақ. Жергілікті ұлт үлесі, құдайға шүкір, жастар арасында өсіп келеді. 8 миллион 794 мың адам жұ­мыс­пен қамтылған, бірақ оның 6 миллион 700 мыңы жалдамалы, 1 миллион 500 мыңы жеке жұмысшылар, 262,1 мың фермер бар. Ал жұмыс күші құра­мына кірмейтін 4 миллион адамды былай қойғанда, жарты миллионға жуық жұмыссыз тіркелген. Жолдауда көрсетілгендей, 2020-2021 жылдары 10+15 пайыз мемлекеттік, «ҚазАгро» мен «Бәйтерек» холдингтерінің бірігуінен 50 пайыз қызметкерлердің қысқаратынын ескерсек, уақытша жұмыссыздар саны көбейейін деп тұр. Сонда олар қайда барады?

Мамандықтарына сәйкес жаңадан құрылған өндеуші кәсіпорындарда, көлік-логистикалық кешендерінде, ауыл шаруашылығында, шағын және орта бизнесте, тағы басқа сұранысты салаларда жұмыс істейді. Қайта, бұрын мемлекеттік қызметпен айналысқан жастар енді қосымша мамандықтар алып, билік баспалдақтарындағы білік­тілігі мен тәжірибесіне сүйеніп, жаңа экономикалық дамуымызда қуат­ты, шешу­ші рөл атқарады. Олар ұлттық ин­дустрияны өркендету үшін жаңғыр­тыл­ған заңнамаларды тез қағып алады және тұрақтылығын қамтамасыз ете­ді, реттелетін сатып алу жүйесіне бөліне­тін 15 триллион қаржыны игеруге қаты­сады, өңдеу өнеркәсібінің өндірісін бес жыл ішінде кем дегенде бір жарым есе арттыруға үлес қосады. Демек, мемле­кеттік және квазимемлекеттік сектор қызметін оңтайландыру – Қазақстанның әлеуетін күшейтетін жаңа экономикалық саясаттың бір парасына айналмақ.

Президент Жолдауындағы «Сапалық тұрғыдан мүлдем жаңа ұлттық индус­трияны дамыту үшін жаңғыртылған заңнама қажет. Өңдеу өнеркәсібін дамытудың қағидаттарын, мақсаттары мен міндеттерін белгілейтін «Өнеркәсіп саясаты туралы» бірізді заң жыл соңына дейін әзірленуге тиіс. Мемлекет пен инвесторлар арасындағы уағдаластықтарды бекіту үшін стратегиялық инвестициялық келісім жасалады. Бұл – жаңа тәсіл» деген тұжырымдар айтылмыш саланың тұғырын тапжылмайтын, болашағын баян­ды ететін, кен қазбаларынан басқаға қаржы құюға құлықсыздау немесе өңдеу өнеркәсібінің өміршеңдігіне сенімсіз қарайтын шетелдік инвесторлардың сезігін сейілтетін, болмаса, сәтті уақы­тында мол пайдаға кенеліп, бірақ дәу­летін сырт елдің сейфінде сақтап, па­йыз­дық өсіміне малданған отандық ірі кәсіп­керлеріміздің қаржыларын «амнис­тиясыз-ақ» Қазақстанға қайта әкеліп, өндірісіміздің өркендеуіне жұмсауға жол ашатын сенім грамотасы іспетті. Сондықтан Мемлекет басшысы тапсырған заң­ды әзірлеуде және қабылдауда инвес­ти­­ция тартымдылығы және кәсіп иеле­рінің жа­уапкершілігі барынша ескерілуі тиіс.

Мен «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңін» қазып оқып, ғалым түйсігімен қадала зерттегенімде, аңғар­ғаным – бұл Жолдау абстрактілік ойлардан ада, нақты әрекеттердің қадамын санайтын, зәру мәселелердің себеп-салдарын дәл анықтап, оларды іскерлікпен шешудің жолдарын ұсынған, «сыры да, сыны да кетпейтін», спринтерлік уақытпен шектелмейтін көпжылдық құндылық. Жасыратыны жоқ, біз әдетте, осы кезге дейін жыл сайынғы Жол­дауларды биліктің дәстүрлі іс-шара­сы ретінде қабылдап, оның ұзақ мерзімдік мазмұнына бойлай бермей, тез арада ақпараттық – насихаттық топтар құрып, жер-жерді аралап, «конспектілік» нұс­қасымен елді таныстырумен кел­дік. Үйінде отырып-ақ ғаламтор арқы­лы жаһанның жақпар-жартасымен тілде­сетін, саясатыңыздың қатпарын қыртыс­таған, қызыл сөзбен көбік сапырғаннан мезі болған қазағым сіздің су төгілмес жорғадай желдіргеніңізге ден қоя ма? Мәнді құжаттың маңызын қалқып ішіп, сырттай сүйсініп, іштей түйсініп, ен­дігі кезекте жоспарланған іс-қимыл шоғы­рына ат қосуға шарт түйініп әзір отыр­ған жоқ па? Ендеше, Президенттің тап­сыр­маларына орай, Үкімет, министр­ліктер мен агенттіктер, аймақтар бас­шы­лығы бұрынғы экстенсивтік көрсет­кіштерді құрайтын конвейерлік бағдар­ла­малардан іргені аулақ салып, әр өңір­дің әлеуметтік-экономикалық және шикізаттық-технологиялық рельефіне сай келетін, «барша азаматқа түсінікті, қысқа әрі нұсқа ұлттық жобалар форматына көшіп», Жолдаудағы міндеттер аясында түзілген іс-шараларын халыққа жариялап, баршаны ортақ мақсатқа жұмылдыруы керек! Бұл да – азаматтық қоғам қалыптастырудың көрінісі.

Мен Президент Жолдауындағы ауыл шаруашылығы және шағын және орта бизнесті дамыту, қолжетімді әрі сапалы білім мәселелерін әдейі айналып өттім. Ауыл. Кәсіп. Білім. Бұлар – иісі қазақ баласының кешегі, бүгінгі және ер­­теңгі өмірімен өзектесе өрілген, тұтас тағ­дырының өлшемі іспетті мәңгілік та­қырыптар! Бір туындының көлеміне сыюы мүмкін емес. Және де Қасым-Жомарт Кемелұлының аталмыш тақырыптар төңірегіндегі толғамдары ғұмырының бір тіні ауылға байланған, өмір бойы білім саласында көзмайын тауысқан, экономист-ғалым ретінде кәсіпкерліктің табиғатын ғылыми-практикалық тұрғыда зерттеген маған көкірегімде көптен бері қозданған оймауыт ойларды салмақтап, саралап, даралап жазуды міндеттеп отыр. Сондықтан сәтті күні осы үш бағыт туралы талдау пікірімді еліміздің бас газеті – «Egemen Qazaqstannyń» оқырмандарына ұсынатыным кәміл.

 

Бақберген ДОСМАНБЕТОВ,

Ұлттық ғылым академиясының академигі,

Қызылорда облысының құрметті азаматы