Аймақтар • 13 Қараша, 2020

«Жаңа серпін» жатақханасында кімдер тұрады?

114 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жатақхана жайы аз айтылып жүрген жоқ. Жатақхананың жетіспеуі мен ішкі жағдайлары талай мақалаға өзек болғаны рас. Алайда жатақхананың басшылары мен есепшілеріне ғана белгілі, сырт көз байқай бермейтін нәрселер де бар екен...

«Жаңа серпін» жатақханасында кімдер тұрады?

2014 жылы Маңғыстау облысы әкімдігінің қолдауымен «Жаңа серпін» бағдарламасы жасақталып, жастардың тұрмыс-тірлігіне қолдау көрсетуді міндетіне алды. Маңғыстау өңірінде ғана әрекет еткен бағдарла­ма өңірдегі жұмыссыз азаматтарды кәсіптік оқыту, қайта даярлау, бі­ліктілігін арттыру жұмыстарын ұйым­дастырып, жұмысқа орнала­суына ықпал етуді мақсат етті. Бағ­дарлама бойынша білім алып, жұ­мысқа орналасқан адамдарды арнайы жатақханамен қамтамасыз ету мәселесі де назардан тыс қал­май, «Жаңа серпін» құрылған кезде 160 орындық жатақханамен бас­тады. Кейін олардың саны артып, 500 орындық келесі жатақхана осы бағдарлама арқылы оқып, жұ­мыспен қамтылған немесе өнді­ріс­тік тәжірибеге жолданған аза­маттарға берілді. Тағы 145 орын­дық жатақхананың 125 орыны бой­дақ­тарға, 20 орыны отбасылы жан­дарға бөлінген болатын. Жалпы, өңір­лік бағдарлама қатысушылары жатақхана жағынан тапшылық көрді деп айта алмаймыз.

Бірақ жатақханадағы көпшілік біле бермейтін «көлеңкелі» тұс анық­талды. Қазақстан республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау об­лысы бойынша департаментінің ҚПК-нің 200-бабының тәртібімен енгізілген ұсынысы облыстық жұ­мыспен қамтуды үйлестіру және әлеу­меттік бағдарламалар басқармасы өткізген онлайн жиында қаралған болатын. Онлайн мәжілісте облыс­тық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар бас­қармасының «Жаңа серпін» ор­талығы» КММ-нің жатақхана бөл­месінен орын беру, жалдау және тұ­ру кезінде тиісті емес тұлғаларға бе­рілгені туралы заңбұзушылық қа­ралды. Онда тергеп-тексеру барысында нақты кемшіліктер анықталды. Жатақханада тұру үшін «Жаңа сер­пін» бағдарламасына жатпайтын тұл­ғаларға орын берілген, сондай-ақ осы тұлғалар жатақханада ақысыз тұрып, мемлекетке 5 594 330 теңге зиян келтірген.

«Жаңа серпін» КММ мен жа­тақхана тұрғындарының арасында бөлмені жалға беру бойынша шарттар бар екен. Шарт бойынша тұрғындарға бекітілген тарифке сәй­кес ай сайын төлемақы төлеу мін­деттелгенмен, бұл тек қағаз жү­зінде қалып, іс жүзінде келісімшарт міндеттері орындалмаған. Ал тө­лем шарттарына сәйкес басқарма немесе «Жаңа серпін» КММ тарапы­нан тұрғындарға ешқандай шара қолданылмаған.

Тергеп-тексеру барысында анық­талған кемшіліктер ескеріле отырып, Маңғыстау облыстық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет депар­таменті тарапынан алдағы уақытта заң бұзушылықтарға жол бермеу үшін облыстық жұмыспен қамт­у­ды үйлестіру және әлеуметтік бағ­дарл­амалар басқармасына ұсыныс бе­рілді. Сондай-ақ департамент та­рапынан осы басқарма мен оған қа­­расты мекеме қызметкерлерінің сы­­байлас жемқорлыққа қарсы кү­рес заңнамасының талаптарын бұл­жыт­пай орындауына алдағы уақытта да көңіл бөлінетіні айтылды.

Сонымен, бұған дейін келісім­шартты кәдеге жарытпай келген жатақхана басшылығы енді талап шеңберінде жүріп, жатақхана бөл­мелерін тұрғындарға заңға сай жалға беретін болады.

 

Маңғыстау облысы