Бұл шара елімізде мектеп және студенттік кәсіпкерлікті дамыту мақсатында ұйымдастырылды. Көрме-фестивальға іскерлік қоғамдастықтың өкілдері, мектеп оқушылары, колледждер мен университеттердің студенттері, елімізге белгілі сарапшылар мен қоғам қайраткерлері қатысты.
Көрме қонақтарының қатарында Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Шахмардан Байманов, «Рухани жаңғыру» Қазақстандық қоғамды дамыту институтының басқарма төрағасы Данияр Есін, Forbes Kazakhstan баспагері Арманжан Байтасов, «Raimbek» холдингінің директорлар кеңесінің төрағасы Райымбек Баталов болды.
Қазақстандағы Enactus халықаралық бағдарламасы БҰҰ-ның тұрақты дамуының 17 мақсатына сүйене отырып, әлемдегі 56 жоғары оқу орны мен 72 мыңнан астам студентті біріктіреді. Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, бағдарлама шеңберінде жобалық қызметпен айналысқан студенттер университеттік білімге қосымша болашақ жұмысына қажетті пайдалы дағдыларды үйренеді. Жүзеге асатын жобалар кәсіпкерлік, әлеуметтік даму және қоршаған ортаны сақтау салаларына негізделген. Enactus Kazakhstan қызметі еліміздегі жастардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру және оның отандық бизнесті дамытуға белсенді қатысуы жөніндегі міндеттерді іске асыруға бағытталған.
Инновациялық жобалардың фестиваль-көрмесі – әлеуметтік-экономикалық және экологиялық кейстердің инновациялық шешімдерін ұсынатын іскерлік серіктестер мен жас кәсіпкерлердің тиімді өзара іс-қимылының бірегей платформасы.
Осы секілді жобалар жастардың шығармашылық талпыныстарын қанаттандырып қана қоймай, оларға белгілі бір жобаны бастан аяқ жүзеге асырудың қыр-сырын үйретіп, елдегі әлеуметтік бастамалар әлеуетін көтереді.