Биосаясаттың маңызды факторы
ХХІ ғасыр адамзат баласының алдына бұған дейін бетпе-бет келіп көрмеген өзінің жаңа сын-қатерлерін тартып отыр. Егер біз, тәуелсіз Қазақ елі, оны есепке алмасақ немесе алдымыздағы 20-30 жылдың алға тосып отырған қауіп-қатеріне жүрдім-бардым енжар қарасақ, көп нәрседен ұтылатынымыз анық. Мұндай селқостық мемлекеттің алға дамуына және оның экономикасының ойдағыдай өсіп-өркендеуіне тұсау салмақ.
Сондықтан, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясында тұтастай еліміз бен республика аймақтары үшін 10 негізгі сын-қатерді тайға таңба басқандай көрсетіп берді. Бұл туралы Президент: «Егер біз өз дамуымызда жаңа табыстарға одан әрі қол жеткізуді жоспарлайтын болсақ, олардың әрқайсысын міндетті түрде ескеруге тиіспіз», – деп нақты да тұжырымды байлам жасады.
Биосаясаттың маңызды факторы
ХХІ ғасыр адамзат баласының алдына бұған дейін бетпе-бет келіп көрмеген өзінің жаңа сын-қатерлерін тартып отыр. Егер біз, тәуелсіз Қазақ елі, оны есепке алмасақ немесе алдымыздағы 20-30 жылдың алға тосып отырған қауіп-қатеріне жүрдім-бардым енжар қарасақ, көп нәрседен ұтылатынымыз анық. Мұндай селқостық мемлекеттің алға дамуына және оның экономикасының ойдағыдай өсіп-өркендеуіне тұсау салмақ.
Сондықтан, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясында тұтастай еліміз бен республика аймақтары үшін 10 негізгі сын-қатерді тайға таңба басқандай көрсетіп берді. Бұл туралы Президент: «Егер біз өз дамуымызда жаңа табыстарға одан әрі қол жеткізуді жоспарлайтын болсақ, олардың әрқайсысын міндетті түрде ескеруге тиіспіз», – деп нақты да тұжырымды байлам жасады.
Осындай сын-қатердің бірі – судың тапшылығы. Иә, бұған дейін Интернет жүйесі мен БАҚ-та хабарланғандай, ХХІ ғасырда әлемдегі су ресурстары әжептәуір деңгейде шектелетіні белгілі болып отыр. Оның теріс көріністері қазірдің өзінде айқын байқалуда.
«Қазақстан-2050» Стратегиясы жолдарынан көрініс тапқандай, жаһандық су тапшылығы соңғы 60 жылдың ішінде жер шарында ауыз суды пайдалану 8 есе өскен жағдайда орын алып отырғаны алаңдатпай қоймайды. Осы кезге дейін қай елде де, қай мемлекетте де оның өзіне жеткілікті су ресурстары болып келді. Ендігі жерде су көздерінің тапшылығы мен жеткіліксіздігі салдарынан көптеген мемлекеттер суды сырттан тасуға мәжбүр.
Су – барынша шектеулі ресурс. Жер бетінде соның кесірінен шиеленістер мен жанжалдар бұрқ ете түспесіне кім кепіл?! Ендеше, бұл өзекті де көкейкесті мәселе биосаясаттың аса маңызды факторына айналмай тұра алмайды. Бұл қазірдің өзінде орын алып отыр.
Рас, республика тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз ету, суды ұтымды пайдалану жөнінде мемлекеттік бағдарламалар іске асуда. Мұның пайдасын көріп отырғандар, соның ішінде ауыл тұрғындарының саны артып келеді. Ал Елбасымыз тұжырымдап берген «Қазақстан-2050» Стратегиясының арғы астарына көз жүгіртіп қарасақ, мұндай табысқа тоқмейілсуге болмайтынын байқайсың. Жолдаудың: «ХХІ ғасырдың он жаһандық сын-қатері» тарауында баяндалғандай, аталған мәселе біздің елімізде де өткір күйінде тұрғанын республика Президенті Н.Ә.Назарбаев ашық айтты. «Сумен қамтамасыз ету проблемасы біздің елімізде де өткір болып отыр. Бізге сапалы ауыз су жетіспейді. Бірқатар өңірлер оның зардабын қатты тартуда», деп айқын түйін жасады Елбасы.
Бұдан бірнеше мәселе туындайды. Оның біріншісі – су ресурстарын мейлінше тиімді де ұтымды пайдалану. Екіншіден, республикада жерасты су картасын жасап, мұндағы су мөлшерін нақтылы анықтаған жөн. Осыдан бірнеше жыл бұрын Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаев осындай бір игі іске бастамашы болғаны ұмытылған жоқ. Сол үрдістен үйреніп, оны ілгері жалғастырудың пайдасы мол.
Иә, бәріне де жоғарыда айтқанымыздай, үнемшілдік көзқарас керек. Белгілі бір елді мекен аумағында су көздерін шектен тыс асыра пайдалану, оны мөлшерден тыс рәсуә ету табиғи тепе-теңдіктің бұзылуына соқтырады. Бұған жол беруге мүлдем болмайды.
Елбасы «Қазақстан-2050» Стратегиясында алға қойған міндеттердің бірі – трансшекаралық өзендердің ресурстарын тепе-теңдік жағдайда пайдалану. Алайда, қазір іс жүзінде солай болмай келе жатқаны әмбеге де аян. Сондықтан, еліміз аталған мәселелерде бірқатар түйіні тарқатылмаған жайттармен бетпе-бет келіп отырғаны жасырын емес. Дейтұрғанмен, Елбасымыз: «Аталған мәселенің күрделілігіне қарамастан, біз оны саясаттандыруға жол бермеуге тиіспіз», деп тура айтты. Мемлекетімізде өзінің бастау-бұлағын елдің өз ішінен алатын өзендердің болмауы біздің пайдамызға шығып отырмағанын ашық айтуға тура келеді. Қазақстан аумағындағы өзендердің барлығы трансшекаралық болып табылады. Жайықты алайық, Сырдария мен Ертісті алайық, бәрі солай. Көрші елдерде осы өзендердің бастауында салынған плотиналар мен бөгеттер елімізге трансшекаралық су көздері арқылы келетін су ресурстарының шектеулі түрде, тіпті тиісті мөлшерден төмен келуіне салқынын тигізуде. Ендеше, алдағы уақытта мұның жай-күйі халықаралық нормативтер мен өлшемдерге сәйкес реттеледі деген ойдамыз.
Бұл мәселенің биосаяси астары жоқ емес. Міне, Елбасы «Қазақстан-2050» Стратегиясында толғағы жеткен осы мәселелерді он сын-қатердің бірі ретінде барша қазақстандықтардың қаперіне ұсынды. Ендеше, бұдан қорытынды шығарып, су ресурстарының шектеулі екенін терең түйсіну қазақстандықтардың парызы болып қала бермек.
Бауыржан ТҰМАНОВ,
Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты.
Батыс Қазақстан облысы.
Жаңа саяси бағыт жаңа ізденістерге жетеледі
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында ауыл шаруашылығын заман талабына, нарық сұранысына қарай дамытуға қатысты көптеген ойлы ұсыныстар айтылды. Бізге енді осы ойларды іске асыру қажет деп білемін.
Мысалы, менің шаруа қожалығымда бүгінде 12 мыңдай қой бар. Оның 4 мыңға жуығы бордақы. Олардан басқа бордақы кешенінде 500 басқа жуық өгізше семіртілуде. Мың шақты жылқы өз алдына бағымға алынған. Бұл малдың бәріне жемшөпті біз өз күшімізбен дайындаймыз. Ол үшін техникамыз, жұмысшыларымыз, шыбындығымыз бен егістік алқабымыз бар.
Біз бұрын, негізінен, тек қана еділбай қойын өсірумен айналысатынбыз. Өйткені, бұл қойлар жергілікті жердің жазда – ыстық, қыста – суық ауа райына төзімді мал болып табылады. Содан кейін еділбай қойының еті нарықта жоғары бағаланатындықтан оны төккен теріңнің өтеуі үшін тиімді бағамен өткізуіңе болады. Бұдан бірнеше жыл бұрын Үкіметтің етті мал шаруашылығын дамыту туралы қаулысы шығып, қазақтың етті көп беретін ақбас сиырларын сатып алдық. Сөйтіп, мың басқа арналған бордақы алаңын жасап, мал соятын өз цехымызды аштық. Бүгінде сол бордақы алаңында 500 бастай өгізше бордақылануда.
Біздің шаруа қожалығымызда Еуропада жасалған жаңа тракторлар мен комбайндар жеткілікті. Мен оларды үлкен жұмыстар атқарып, үлкен жерді қиналмай игеру үшін сатып алып едім. Бірақ жеріміздің көлемі аз болып отыр. Ал ауданымызда кезінде жапа-тармағай жалға беріліп, қазір пайдаланылмай бос жатқан жерлер қаншама. Сол мыңдаған гектар жерді Үкімет жалға алған иелерінен кері қайтарып, біз сияқты нақты іспен айналысатын, яғни жерді қажет етіп отырған шаруаларға конкурстық негізде берсе деймін.
Қазір біз ет өңдейтін үлкен цех салып жатырмыз. Болашақта облыс орталығы маңынан шаруа қожалығының өз базарын ашып, арадағы алыпсатарларсыз-ақ ет өнімдерін өткеруді жолға қою ойда бар. Делдалдардың жолын кесудегі осы қадамымызды жергілікті билік қолдап, көмек берсе, біздің шаруамыз қазіргіден де жақсарып кетер еді. Ал біздің шаруамыздың гүлденгенінен аудан мен облыс халқы жаман болып отырған жоқ. Ауылға әлеуметтік мәндегі бірнеше құрылыс ғимараттарын салып бердік. Басқа да қамқорлықтар жасап жатырмыз. Жұмысшыларымыз да айлықтарын уақтылы алады. Жағдайлары да оңалып келеді.
Сондықтан, «Қазақстан-2050» Стратегиясы біздің өмірімізбен етене байланысты десек, артық айтқандық емес. Оны орындау – елдің де, ердің де абыройы.
Сайрамбай ДӨНЕНБАЕВ,
«Шәушен» шаруа
қожалығының басшысы.
Жамбыл облысы,
Тұрар Рысқұлов ауданы.
Тыныштық – табыс негізі
«Қазақстан-2050» Стратегиясында экономика мен ауыл шаруашылығы секторын дамыту арқылы халықтың жағдайын жақсарту мәселесіне де көп көңіл бөлінген. Біз Жер-ананың қадір-қасиетін бала кезімізден көкейге түйіп өстік, еңбек еткенде ғана ел ырысы артатынын түсіндік. Стратегияны мұқият оқып шыққан кез келген адам Елбасы нақты атап көрсеткен қағидаларды жүзеге асырғанда ғана табыстың келетінін аңғарады.
Биыл Шемонаиха ауданында егін бітік өсті. Мен басқаратын қожалық әр гектардан 24 центнерден дән бастырды. Күнбағысты да төкпей-шашпай жинап алдық. Алайда, биыл астық пен күнбағысты қабылдау бағасы төмендеп кетті. Бұл шаруа адамдарына қолайсыз болып тұр. Әліптің артын бақсақ, баға да өсер, диқандардың еңбегі де жемісін берер. Ең бастысы, еліміз бен жеріміз аман болсын.
Табыстың бір бөлігін ауылдың көркеюіне жұмсаймын. Мәдениет үйін жөндеуге, осындағы панажайда тәрбиеленіп жатқан жетімдерге он миллионнан астам қаржы бөлдім. «Жетім көрсең, жебей жүр» деп тегін айтпаған ғой. Алдағы уақытта да Стратегияда атап көрсетілген міндеттерді абыроймен орындауға көңіл бөлеміз. Ең бастысы, еліміз аман болып, дами берсе, халықтың тұрмысы жақсарады. Қазақстанның өсіп-өркендеуі өзімізге байланысты екенін естен шығарып алмасақ болғаны.
Айткен ШОРМАНОВ,
Шемонаиха ауданындағы «Уба» шаруа қожалығының төрағасы.
Шығыс Қазақстан облысы,
Шемонаиха ауданы.
Ғылым жолы – өмір жолы
Бүгінде отандық фармацевтикалық өнеркәсіптің орталығы ретінде танылып отырған біздің ұжым ғалымдары мен мамандары Тұңғыш Президентіміздің «Қазақстан-2050» Стратегиясында ғылымды дамыту туралы тағы бір мәрте атап көрсетілгендей, осы салаға қамқорлығын көптен біледі. Кешегі өтпелі кезеңнің қиын тұсында, дәлірек айтқанда, 1995 жылы, ол уақытта жергілікті табиғи өсімдіктерден дәрі-дәрмектер жасауды жаңадан қолға алып жатқан жас институтымызда болып, ақыл-кеңесімен ізденісімізді қолдауы, бұдан кейін және екі рет ортамызға келіп іс барысымен танысуы, бұл бағыттағы іс-шараларды үнемі назарда ұстауы еңбегімізге серпін беріп, алға ұмтылдырып келеді.
Сырқаттанушылардың түрлі аурулардан емделе алуына шипалық қасиеті мол дәрілік препараттарды дайындау ең мерейлі іс деп білемін. Сондықтан, біздің қызметіміз биік талап деңгейінде болуы қажет. Бұдан 25 жыл бұрын құрылымдық химия бойынша іздену мен зерттеуді бастаған едім. Негізінен табиғи қосылыстарды, соның ішінде терпенойдтар, алкалойдтар, флавонойдтар құрылымын зерттеуде шетелдерде де танылған біраз жаңалықтар ашылғанымен, ғылым ұдайы ізденісті талап ететіндігіне байланысты ісімізде іркіліс жоқ деуге болады. Ұлыбританиялық ғалым Клеггоммен бірге Ньюкасл университетінде Орталық Қазақстан аймағында өсетін өсімдіктерден биологиялық белсенді табиғи қосылыстар алу жөніндегі зерттеулерімізді жалғастырып келеміз.
Қалай болғанда да, жүрек қалауыңмен қолға алған істің қадірі ерекше ғой. Мектеп қабырғасынан химияның құпия әлемін білуге, әлі мәлімсіз сырларын ашуға деген құштарлығым мінеки, ширек ғасыр өтсе де басылар емес. Бір тәуірі, бұрынғыға қарағанда қазір ғылыми жолды тереңдетуге мүмкіндік кең. Ғалым ретінде соған көңілім өседі. Ғылым бүкіл күш-жігеріңді, бар уақытыңды түпкі мақсатқа жұмылдыруды қажет етеді. Осыны түсінетін, осыған төзімді ізбасарларымның аз еместігін мақтан тұтамын.
Ғылым арқылы өстім, өркендедім. Еліміздің кемел келешегіне бастаушы стратегиялық бағдарламада ғылым беделін көтеруге ерекше мән берілуі көрегендік ұстаным деп білемін. Бүгінде әлемде инновациялық даму басымдық маңызға ие екені мәлім. Соның жағымды көріністері күннен-күнге көбейе түсуі біздерге, ғалымдарға қосымша қуат беріп отыр десек, ешбір артық айтқанға жатпас.
Қобыланды ТҰРДЫБЕКОВ,
«Фитохимия» халықаралық ғылыми-өндірістік холдингі физика-химиялық зертханасының меңгерушісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, химия ғылымдарының докторы.
ҚАРАҒАНДЫ.
Кәсібімді ашып, нәсібімді тауып жүрмін
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясатының игілігін көріп жатқандардың бірімін. Әке-шешем Еділ Әйтімбетов пен Қарлыға Әбдіғалиева төрт баласымен 2004 жылы ата-бабаларының кіндік қаны тамған Ақтөбе өңіріне қоныс аударды. Мұғалжар ауданының Ақкемер ауылынан квота бойынша бөлінген қаржыға үй сатып алып, тіршілікке араласып кеттік. «Қазақстан-2050» Стратегиясында көші-қон мәселесіне айрықша маңыз берілуін алыстағы қандастарымызды атамекенге оралтудың оң қадамы, үлкен істің жалғасы деп бағалаймын. Себебі, біз мұндай мүмкіндікті пайдаланған, игілігін көргендердің қатарында мұндай қадамдардың қажеттігін бек түсінеміз.
Мен облыс орталығындағы «Рауан» колледжін кеден ісі мамандығы бойынша бітіріп, екі жылдай «ИМК Секьюрти» ЖШС-інде күзетші болып жұмыс істедім. Арасында облыс орталығындағы жиһаз жинау цехында жұмыс істеп, ағаш шеберлігінің қыр-сырын да игердім. Біреуге тәуелді болғанша, ауылға барып, өз ісімді неге ашпасқа деген ой келді. Нартәуекел деп 2007 жылы сәуір айында «Әйтімбетов.Ғ.Е.» жеке кәсіпорнын ашып, тіркеуден өткіздім. Құрал-жабдығымды түгендеп, қажетті материалды Ақтөбе қаласынан жеткізуге тура келді. Ол үшін, әрине, көлік керек болды. «БТА» банкі облыстық филиалынан 600 мың теңге несие алып, жиһаз құрастыру станогын, «ГАЗель» қорапты автокөлігін сатып алдым. Жиһазды басында ыңғайластырылған орындарда жинадым. Біз жасаған жиһазға тапсырыс көбейген соң арнайы цех салуды ойластырып жүргенімде осы өңірде мұнай өндірумен айналысатын Ресейдің «Лукойл» компаниясы осы өңірдегі ауылдарда өз ісін ашуға үміткерлерге «Арай» арнаулы бағдарламасын жүзеге асыруға кірісті. Бір ерекшелігі, бұл бағдарлама бойынша бөлінетін грант өтемсіз тегін берілетін еді. Бизнес-жоба жасап, грантқа ілігіп, қолыма тиген 1 миллион теңгеге тәп-тәуір жиһаз жинау цехын салып алдым. Кіреберіске, ас үйге қоятын жиһаздарға, компьютер үстелі және басқа жиһаздарға сұраныс жоғары. «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы бойынша «Бизнес-Навигатор» кәсіпкерлік орталығында арнайы курстан өтіп, сертификатпен бірге, осы бағдарламаның екінші бағыты бойынша 1 миллион теңге несиеге қол жеткіздім. Бұл қаржыға қосымша материал сатып алып, өндірісімді кеңейттім. Қазір осы шағын жиһаз цехында бес адам еңбек етеді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың әлеуметтік бағдар ұстанған сара саясатының арқасында қолға алған ісімізден берекет таптық десем, артық айтқандық болмас.
Мемлекет басшысы «Қазақстан-2050» Стратегиясында «Отандық кәсіпкерлік жаңа экономикалық бағыттың қозғаушы күші болып табылады. Шағын және орта бизнестің экономикадағы үлесі 2030 жылға қарай, ең аз дегенде, екі есе өсуі тиіс» деген болатын. Мен осы Елбасы алға қойған міндетті жүзеге асыруға шама-шарқымша үлес қосып келемін. Кәсіпкерлікті, соның ішінде, ауылда шағын және орта бизнесті дамытуға бағытталған бағдарламалардың тиімділігін көріп отырмыз. Біз көптеген тұрмысқа қажетті жиһаздарды құрастырып, шығаруды жолға қойдық. Болашақта диван, кресло сияқты жұмсақ жиһаз шығаруды да ойластырудамын. Қазір банктен алған несиелерімізді біртіндеп қайтара бастадық. Өндірісімізді кеңейте бермекпіз. Стратегияда айтылғандай, дамыған отыз елдің қатарына ену үшін әрқайсымыз маңдай терлетіп еңбек етуіміз керек.
Ғалым ӘЙТІМБЕТОВ,
«Әйтімбетов.Ғ.Е.» жеке кәсіпорнының басшысы.
Ақтөбе облысы,
Мұғалжар ауданы.