Руханият • 13 Қараша, 2020

Өңірлік байқаудың қорытындысы өтті

235 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қызылорда облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдастыруымен Достық үйінде "Мың бала" республикалық мәдени-ағарту жобасының өңірлік байқауының қорытындысы өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Өңірлік байқаудың қорытындысы өтті

Жобаны іске асыруда жыл басынан бастап облыс көлемінде түрлі форматта іс-шаралар өткізілді. Онлайн форматта ұлттық және спорттық ойын түрлерінен жарыстар, байқаулар ұйымдастырылды.

"Асыл сөз" мектебі" бағдарламасы аясындағы облыстық "Тіл мерейі" байқауына 6 оқушы қатысып, бақ сынасты. Бірінші кезеңде оқушылар Отан, тіл, патриотизм тақырыптарында эссе жазды. Екінші кезеңде қойылымдық мәнерлеп оқу сайысында қатысушылар қазақ ақындарының шығармасынан үзінді оқыды. Ал, үшінші кезең "Шешендік өнер" сайысында оқушылар берілген тақырып бойынша сөйлеу шеберлігін танытты.

Өңірлік байқауда қазылар қатарында "Қоғамдық келісім" КММ бөлім басшылары Айбек Дайрабай және Қанат Ақылбеков, ішкі саясат басқармасы жанындағы тілдерді оқыту орталығының оқытушысы Балауса Төребай болып, төрелік етті.

Байқау барысында әділ-қазылар қатысушылардың сөйлеу мәнеріне, мәтіннің бейнелік жүйесі мен мазмұндық құрылымына, актерлік шеберлігіне, таңдап алынған шығарманың ерекшелігіне мән берді. Үш кезеңнің нәтижесі бойынша I дәрежелі дипломды №233 орта мектебінің оқушысы Әлия Шарипаева, II дәрежелі дипломды №3 IT мектеп-лицейінің оқушысы Алина Ким, III дәрежелі дипломды №5 мектеп-лицейінің оқушысы Карина Черепанова иеленіп, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы атынан бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Іріктеуден өткен оқушылар алда Нұр-Сұлтан қаласында онлайн жүйеде өтетін "Мың бала" республикалық мәдени-ағартушылық жобасының қорытынды шарасына қатысады.