Аймақтар • 13 Қараша, 2020

БҚО коронавирус жұқтырғандар саны бойынша қызыл аймаққа енді

383 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қазақстанның бас мемлекеттік санитар дәрігері Ерлан Қиясов 12 қараша күні Батыс Қазақстан облысы да коронавирус жұқтырғандар саны бойынша "қызыл аймаққа" енгенін айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

БҚО коронавирус жұқтырғандар саны бойынша қызыл аймаққа енді

"13 қарашаға дейін Батыс Қазақстан облыс бойынша 7382 адам COVID-19 диагнозымен тіркелген. Оның ішінде 3622 адамнан ауру белгілері анық байқалса, 3760 жағдай симптомсыз өткен. Сырқаттанушылықтың жалпы көрсеткіші 100 мың тұрғынға шаққанда 1119,5 адам болды" дейді облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары Нұрлыбек Мұстаев.

Індеттен 128 адам қайтыс болған. Соңғы кезде өңірде коронавирус жұқтырғандар саны өсіп барады. Апта сайын орта есеппен 59%-ға көбейген.

1-12 қараша аралығында өңірде коронавирустық инфекциямен тіркелгендер саны 358 адамға жеткен. Соның ішінде 140 адамда ауру белгісі бар, қалғаны симптомсыз.

Сырқаттанушылардың басым бөлігі, яғни 252-сі Орал қаласында. Сондай-ақ Бәйтерек ауданында - 41 жағдай, Бөрлі ауданында - 25, Теректі және Шыңғырлау аудандарында - 10 оқиғадан, Жаңақала ауданында - 5, Жәнібек ауданында – 4, Қаратөбе, Сырым, Казталов аудандарында – 3 жағдайдан, Бөкей ордасы және Ақжайық аудандарында бір-бір оқиғадан тіркелген.

Коронавирус жұқтырғандардың көбі сырқатпен жақын қарым-қатынаста болған адамдарды тексеру кезінде анықталған. Олардың саны – 150 адам (41,8%).

"Тек соңғы тәулікте Батыс Қазақстан облысында коронавирустық инфекциямен  30 жағдай тіркелді, оның ішінде 22 жағдайда ауру белгілері бар" дейді Нұрлыбек Ермекұлы.

Қараша айының 1-12 аралығында Ресей-Қазақстан шекарасынан облыс аумағына барлығы 8559 адам өтіпті. COVID-19 анықтамасы болмаған 159 жолаушы карантиндік стационарда 3 тәулік жатқызылып, ПТР әдісімен тексерілген. Сөйтіп 4 адамнан коронавирус анықталған. Сондай-ақ халықаралық жүк тасымалымен айналысатын жүргізушілер арасынан тексерілген 14 адамның бойынан да вирус табылған.

Батыс Қазақстан облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Гүлнәр Абдрахманованың айтуына қарағанда, мемлекеттік шекара бойындағы Тасқала, Жәнібек, Ақсай және Сырым санитарлық бекеттері жанында жалпы саны 185 төсектік төрт карантиндік стационар ашылған. Қазіргі таңда бұл жерлерде 28 науқас жатыр.

"Қосымша резервті инфекциялық төсек орындарынан Бөкейорда ауданынан 16 инфекциялық төсек орны ашылды" дейді Гүлнәр Мақсотқызы.

Соңғы мәліметтер бойынша, Батыс Қазақстан облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында, облыстық көпбейінді ауруханада, Бөрлі, Ақжайық, Жәнібек, Бәйтерек және Бөкейорда аудандық ауруханалары базасындағы 349 төсек-орындық жеті инфекциялық ауруханада 117 адам емделуде. Яғни ауруханалар қазір 33,5%-ға толық. Сонын ішінде 37 реанимациялық төсек орнында қазір 8 адам жатыр екен.

"Жансақтау бөлімінде жатқан жандардың 80%-ы – 60-тан асқан, қалған 20%-ы – 80 жастан асқан қариялар" дейді дәрігер. Олардың бәрінің де қосымша созылмалы жүрек-қан тамырлары, тыныс алу жүйелері, созылмалы бүйрек аурулары бар екен.

Өңірде пандемияға қарсы барлық шаралар қолға алынған, 2028 резервтік төсек-орын дайындалған. Оның 1253-і – инфекциялық стационарларда, 775-і – карантиндік стационарларда.

Қазір облыс емханалары жанынан 123 мобильді бригада құрылып, үйге шақырту бойынша қызмет көрсетуге кірісті. Олар сырқаттан анализ, оның ішінде ПТР алуды жүргізеді, КВИ-дің симптомсыз және жеңіл формасы бар пациенттерді амбулаториялық бақылауға алып, медициналық ақпараттық жүйеге енгізеді. Бұл бригадалар арнайы автокөлікпен, жеке қорғаныс құралдарымен, сынамаларды жинауға арналған жинақтармен, антисептиктермен, пульсоксиметрлермен, артериалдық қысым өлшеуге арналған аппараттармен қамтамасыз етілген.

"Орта есеппен бір емхананың мобильді бригадасы күніне 9-10 шақыртуға барады. Ал жалпы облыс бойынша 100 шақты шақыртуға барып, медициналық қызмет көрсетіп жатыр" дейді Гүлнәр Абдрахманова.

Дәрігерлер тымау, суық тию белгілері байқалған науқастарға үйден шықпай, ситуациялық орталық мамандарына хабарласуын айтып жатыр. Сол жерде тиісті кеңес алып, қажет болған жағдайда дәрігер қабылдауын ұйымдастырады.

Соңғы аптада өңірдегі "109" call–орталыққа – 2325 қоңырау келіп түскен. Оның 799-ы – COVID-19 бойынша. Тек соңғы тәулікте коронавирус мәселесіне орай 132 мәрте қоңырау шалынған.

Облыста 10 қарашадан бері күшейтілген санитарлық режим енгізілген болатын. Соған орай сенбі-жексенбі күндері облыс бойынша көлік қозғалысы шектеледі. Түнгі 23.00. пен 06.00. сағат аралығында да жеке автокөлік құралдарының жүруіне тиым салынды. Арнайы мониторнигтік топ қараша айының басынан бері 41 нысанның карантин талаптарын бұзғанын анықтаған. Сөйтіп, 63 әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылып, заңбұзушыларға 21 млн теңгеден астам айыппұл салынған.