27 Қараша, 2013

Деректі фильмдер апталығы

471 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Кеше Назарбаев Орталығында Тұңғыш Президент күні қарсаңында «Тұңғыш – Первый» атты деректі фильмдер апталығының ашылу салтанаты болды. Шараны Президент Кеңсесінің бастығы, Назарбаев Орталығы директорының міндетін атқарушы Махмұт Қасымбеков ашты.

Кеше Назарбаев Орталығында Тұңғыш Президент күні қарсаңында «Тұңғыш – Первый» атты деректі фильмдер апталығының ашылу салтанаты болды. Шараны Президент Кеңсесінің бастығы, Назарбаев Орталығы директорының міндетін атқарушы Махмұт Қасымбеков ашты.

«1991 жылдың 1 желтоқсанында Қазақстан халқы өзінің тағдырын Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа сеніп тапсырды. Уақыт таңдаудың дұрыс жасалғанын көрсетті. Қысқа мерзім ішінде біздің ел дамудың дара даңғылына түсті. Елбасы айқындаған қазақстандық жол елімізді табысқа жетеледі. Елдің ертеңі жастар. Мұны Елбасы үнемі атап көрсетіп отырады. Мемлекет басшысы «Қазақстан-2050» Стратегиясын білімді және тәрбиелі жастардың жүзеге асыратынына сенеді. Өздеріңіз байқап отырғандай, осы шараға біз озат оқуымен және үлгілі тәртібімен көзге көрініп жүрген білімді жастарды жинап отырмыз. Мұндағы мақсат сіздерге Президенттің Елбасы, азамат және адам ретіндегі көп қырлы тұлғасын жан-жақты таныту.

Біз тәуелсіз Қазақстанның азат ұлы мен азат қызын баянды болашақ пен кемел келешектің кепілі деп білеміз. Елдің ертеңі болғандықтан сіздерге зор үміт артамыз. Сіздер өткен тарихты білуге, оны жасаған кемеңгер тұлғаларға құрметпен қарауға тиіссіздер», – деді М.Қасымбеков.

Апталықтың ашылуында көрермендер назарына «Ел анасы» және «Үзеңгілестер» атты деректі фильмдер ұсынылды. Аталған шараның әр күні тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу кезеңін және мемлекет дамуына Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қосқан ерен еңбегін дерекпен дәйектеуге арналған. Сондай-ақ, жұртшылық назарына күн сайын күндізгі сағат екі мен бестің аралығында екі деректі фильм ұсынылмақ. Көрермендердің дені жоғары оқу орындары мен колледждердің студенттері мен мектеп оқушылары екен.

Басқосуда озат оқуымен және үлгілі тәртібімен көзге түсіп жүрген өрендер де құрметтен тыс қалмады. Шарада оларға Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тілегі жазылып, қолтаңбасы қойылған кітаптар тарту етілді. Сонымен қатар, апталық аясында орталықтың көрме залында «Н.Назарбаев. Өмірбаян» атты Елбасының қызметін жан-жақты бейнелейтін интерактивті экспозиция да көрермендерін күтпек.

Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК,

«Егемен Қазақстан».

Соңғы жаңалықтар