Қоғам • 13 Қараша, 2020

Қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімдеріне арналған семинар-тренинг өтті

1254 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің қазақ филологиясы кафедрасының жанындағы Мемлекеттік тілді дамыту орталығының ұйымдастырыуымен ЖОО, колледж оқытушыларына, мектеп мұғалімдеріне "Оқытушының кәсіби дамуын және тәжірибесін арттыратын мүмкіндіктер" тақырыбында қалалық тәжірибелік онлайн семинар өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімдеріне арналған семинар-тренинг өтті

Оқытушыларды кәсіби дамыту және үздіксіз кәсіби дамуын дербестендіру, бағдарлау мен үздіксіз білім алу бойынша біліктілікті арттыруды көздейтін семинар-тренингке "Өрлеу" БАҰО" АҚ филиалы Алматы қаласы бойынша ПҚ БАИ қызметкерлері мен 70-тен аса қазақ тілі және қазақ әдебиеті пәнінің мұғалімдері қатысты. Семинарда білім саласындағы көшбасшылық пен менеджмент магистрі, филология ғылымдарының кандидаты Еділбай Оспанов "Академиялық жазылым: эссе және оның түрлері" тақырыбында  академиялық мәтін ретінде эссенің өзге жазба жұмыстарынан айырмашылықтарын егжей-тегжейлі түсіндіріп, эссенің түрлеріне және олардың жазылу құрылымдарына мысалдар мен үлгілер арқылы талдау жасады. Абылай хан атындағы ҚазХҚжӘТУ, Қазақ филологиясы кафедрасының доценті, ф.ғ.к. Гүлхадиша Зауырбекова "Қазақ тілін оқыту әдістемесіндегі аударма техникасы" тақырыбында дәріс оқып, семинарға қатысушылардың сұрақтарына жауап берді. Семинар тренингтің үшінші күні Абай атындағы ҚазҰПУ С.Қирабаев атындағы қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының аға оқытушысы, PhD докторы Гүлназ Тоқшылықова "Әдеби тек және оның түрлері",  "Әдеби теориялық ұғымдарды оқыту жолдары", "Әдеби образ түрлері және оның жасалу жолдары" тақырыптары туралы таныстырды. Сонымен қатар, PhD докторант, Уорик университетінен Мұхтарова Анар "Білім берудегі зерттеу әдістері" тақырыбында дәріс оқып, білім берудегі зерттеу әдістері туралы түсінікті дамытуға бағытталған дәріс барысында оқу үдерісін зерттеудегі сапалық және сандық әдістерімен қоса аралас зерттеу әдістері туралы мол ақпарт берілді. Анар Нұрділдәқызы зерттеу жобасындағы зерттеу дизайны бөліміне тоқталып, түрлі мысалдар келтіріп, өз тәжірибесімен бөлісті.

Семинарға қатысушылар шетелдік және отандық ғалымдар мен практик мұғалімдер дәріс оқитын 80 сағаттық семинар жұмысының мазмұнды, әрі мұғалімдерге аса қажет тәжірибеге бай екендігін атап өтті. Алматы қаласы, № 8 гимназияның мұғалімі, ф.ғ.к. Абикеева Бақытжан "Стильдік ерекшеліктерді анықтау. Әртүрлі стильде мәтіндер құрастыру" тақырыбында хат, хабарлама, жарнама мазмұнын түсіну, стильдік ерекшелігін анықтау, ресми стильдегі мәтіндердің стильдік ерекшелігін анықтау, ғылыми стильде  жазылған еңбектердің тілдік және жанрлық ерекшелігін анықтау мәселелеріне тоқталды. Семинар соңында  тыңдаушыларға Сертификаттар беріледі.