27 Қараша, 2013

Шарж шебері

504 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде белгілі карикатурашы-суретші, журналист Еркін Нұразханның «Шарж шеруі» атты кітап-альбомының тұсаукесері өтті.

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде белгілі карикатурашы-суретші, журналист Еркін Нұразханның «Шарж шеруі» атты кітап-альбомының тұсаукесері өтті.

Бейнелеу өнерінің ерекше бір жанры карикатура адамның бойындағы кемшіліктерді әшке­релейді десек, оның бір саласы – шарж белгілі бір тұлғаны күлкілі бейнелеу арқылы ішкі жан-дүниесін, болмысын, келбетін көрсетуді мақсат тұтады. Дәл осы ерекше өнердің дамуына, қалыптасуына өзіндік үлес қосып жүрген Қазақстанның халық жазушысы Мұзафар Әлімбаев «карикатура королі» деп атаған карикатурашы-суретші – Еркін Нұразхан өзі­нің «Шарж шеруі» кітабына 2005-2011 жылдар аралығында сал­ған саясат, мәдениет пен әдебиет, спорт салаларындағы бел­гілі тұлғалардың, қоғам қайрат­керлерінің әзіл портрет­терін топтастырыпты.

Аталмыш іс-шараға Әлібек Асқаров, Несіпбек Айтұлы, Кө­пен Әмірбек, Жеңіс Кәкенұлы, Баян­ғали Әлімжанов, Диқан Қам­забекұлы сынды ақын-жазу­шылар, сықақшылар, қоғам қай­рат­керлері және Еуразия ұлт­тық университетінің студент­тері қатысты.

Кітап-альбомның тұсаукесері аясында шарж шеберінің біраз туындылары кішігірім көрме ретінде қойылған екен. Көрермен қауым суреттердің барлығын кезек-кезегімен қызыға қарап, бейнеленген тұлғаларды танып, олардың өмірдегі келбетімен салыстырып, езу тартып жатты.

– Алыстан қарасаңыз, қалай болса солай салынған суреттер сияқты көрінеді. Жақындай келіп күл­кіге кенелдім. Карикатурашы өзі таңдаған тұлғалардың кез кел­ген адам байқай бермейтін ерекшеліктерін керемет бейнелеген, – дейді студент Айдана Жол­дыгазинова.

Суретші Жеңіс Кәкенұлы Еркін Нұразханның «Шарж шеруіне» енген екі жүз елуге тар­та танымал туындыларын кітап етіп қалыптауына елеулі үлес қосқан азамат. Ол Еркін аға­мен сонау сексенінші жылдары «Балдырған» мен «Ақжелкен» журналдарында бірге қызмет істеген екен. «Кітапты дайындау барысында Еркін ағаның ойын, мінез-құлқын, болмысын біле түстім. Оның бағыты – шарж саласы. Бұл біріншіден, міндетті түрде күлкі шақыру керек. Екіншіден, автор бойында әрбір адам байқай бермейтін аңғарымпаздық қасиеті ерекше басым болу керек. Осы екеуін де ұштастыра білген. Оған қоса, карикатура мен шарждың арасында өте бір нәзік шекара бар. Карикатура улы сарказм, қорлау мен мазаққа негізделген. Ал, шарж тек қана бәрі байқай бермейтін адамның қылықтарын күлкілі етіп бейнелеу. Осыны түсініп, бұл заңдылықты сақтап жүрген де Еркін аға. Жалпы, қазақ халқы бір-бірін қағытып, әзілдеп күлгенді ұнатады. Ал бүгінгі тынымсыз тіршілікте қалжыңдасу мен әзілдесудің өзі азайып бара жатқан секілді. Осы тұрғыдан алсақ бұл суреттер қазақтың сол дәстүрін жаңғыртуға үлес қосады. Ерекше алғысымызды кітапты басып шығарған «Фолиант» бас­пасына білдіреміз», – деді Жеңіс Кәкенұлы.

Еркін Нұразхан Н.В.Гоголь атындағы Алматы көркемсурет училищесін, Т.Жүргенов атын­дағы Алматы мемлекеттік теа­тр және көркемсурет инсти­тутының көркемсурет факуль­тетін бітірген. «Кімге күлеміз?» атты сатиралық суреттер альбомы 2005 жылы жарық көрген. Суретші туындылары бүгінде Қазақстан Республикасы Тұң­ғыш Президенті музейінде, Алма­тыдағы Ә.Қастеев атындағы өнер мемлекеттік мұражайында, Өскемен, Семей қалаларындағы бейнелеу өнері мұражайларында сақтаулы. Осыдан бөлек, Ер­кін аға «Балдырған» журналында, «Түркістан» газетінде көр­кемдеуші редактор, журналист қызметтерін атқарып, «Өнер» баспасында бас редактор болған. Бүгінде Қазақстан Суретшілер және Журналистер одағының мүшесі. Осы екі өнерді қатар алып жүргені үшін болар, сатирик-жазушы Қалтай Мұхамеджанов оған «Еркін – қос мекенді адам ғой» деп қалжыңдаған көрінеді.

Көрмеден осы бір өнер түрін қалыптастырып, дамыту жолында 30 жылдан астам уақыт бойы ерен еңбек етіп жүрген Еркін ағаның жас буынға берері мол екенін аңғардық.

Нұрзада Күмісбек,

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық

университетінің студенті.

Соңғы жаңалықтар