Қазақстан • 13 Қараша, 2020

"Ақылды тозаң" және 5G технологиясы адамдардың санасын басқарады – фейк

296 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазнетте жаңа 5G технологиясына қатысты фейктер мен қате түсініктер көп. Жақында қазақстандық пайдаланушылар танымал Telegram-арнасында талқылаған видеолардың бірінде бұл инновацияның "Ақылды тозаң" технологиясы бойынша әзірленген микроскопиялық роботтарды бақылайтыны айтылған. Автордың айтуынша, ұсақ құрылғылар адамдар дем алғанда, тамақ пен су ішкенде ішке түсіп, санаға белгілі бір ойлар қондырады. stopfake.kz бұл теорияның неге шындыққа жанаспайтынын айтып берді.

"Ақылды тозаң" және 5G технологиясы адамдардың санасын басқарады – фейк

Автор IBM компаниясы өлшемі 5 нанометрді құрайтын компьютерді таныстырды деп мәлімдейді. Әлемдегі ең кішкентай компьютерді IBM-нің құрастырғаны рас, бірақ оның өлшемі – 1х1 миллиметр. Сондай-ақ, бұл құрылғының толық нұсқасы емес, прототипі ғана екендігі белгілі. 

Оның кейбір бөлшектерінің ұзындығы 5 нанометр шығар, бірақ мұндай бөлшектің өз бетінше жұмыс істей алмайтыны анық. Кез келген толқындарды қабылдау үшін құрылғыда толқын ұзындығынан бірнеше есеге артық антенна болуы керек. 5G үшін бұл -7,1 миллиметр. Мұндай өлшемдегі антеннаны 5 нанометрлік құрылғыға орнату мүмкін емес.

"Ақылды тозаң" технологиясына келер болсақ, ол әлі әзірлеудің бастапқы кезеңінде. 2018 жылы Gartner оны «Технологияны жетілдіру циклі» жыл сайынғы есебіне енгізді. 

Мамандардың пікірінше, технологияның даму үрдісі 10 жылға дейін созылады, яғни 2028 жылға дейін. "Ақылды тозаң" өлшемі құмдай ғана ондаған мини-дроннан (яғни 0,16-дан 5 мм-ге дейін, нанометрлер туралы әңгіме жоқ) тұрады деп болжанып отыр. Мұндай дрондар моталар деп аталады және оларды климатты басқарудан бастап ойын-сауық индустриясына дейінгі барлық салаларда қолдануға болады. Моталар бір-бірімен өзара әрекеттесіп, ең аз энергия тұтынатын өте икемді желілерді құра алады деп жоспарланған.

Айта кетейік, мұндай моталардың адам ағзасында өмір сүре алатыны немесе қандай да бір жолмен қозғала алатыны белгісіз.
Адам миын басқаруға мүмкіндік беретін де технология жоқ. Адамның ойлау процесі әлі толық зерттелмеген. Сондықтан басқа адамның ойларын тек ғылыми-фантастикалық кітаптар мен фильмдерде ғана оқу мүмкін болады.

Демек, «Ақылды тозаң» және 5G технологиялары адам санасын құлдықта ұстай алады деген теорияның ешқандай ғылыми дәлелі жоқ. Видеороликте айтылған фактілер бұрмаланған немесе ойдан шығарылған.