Былтырдан бастап ауданның білім беру және денсаулық сақтау салаларының және басқа мекемелері ескерткішті ашу қорына бір күндік еңбекақыларын аударды. Соның өзінде қаржы тапшы болды. Алайда, «Стройсервис» ЖШС қолда бар қаражатпен көріктендіру және ескерткішті тұрғызу жұмыстарын жүргізуге келісті. Мүсінші Аяпберген Қарпековтің жобасы таңдап алынып, жұмыс қарқынды жүргізілді. Ескерткішті орнату жұмыстарына алғалық ауған соғысының ардагерлері де ұйымшылдықпен атсалысты. «Алға аудандық ауған соғысы ардагерлері» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Кенжебай Көшербаевтың айтуынша, қазір ауданда 54 ауған соғысына қатысушы тұрады.
Ескерткіштің ашылу салтанатында сөз алған аудан әкімі Асқар Шериязданов бұл өте маңызды іс болғанын атап өтті. Ескерткіш ерлікке тағзымның азаматтық үлгісі екенін жеткізді. Ауған соғысына қатысушы жауынгерлердің ерлігіне құрмет ретінде бағалады. Парламент Мәжілісінің депутаты, Халық Қаһараманы Бақытжан Ертаевтың осы шараға арнайы келуінің өзі оның маңызын арттыра түсті. Ол жиналғандар алдында ауған соғысына қатысушы жауынгерлердің ерлігі, ұлттық патриотизм, отансүйгіштік, азаматтық парыз туралы ойларын айта келіп, ауған соғысы жауынгерлеріне қойылған мұндай ескерткіштің әзірге аудан орталықтарында кездеспейтінін жеткізді. Бұл интернационалдық борышын өтеу жолында қаза тапқандардың ерлігін есте сақтаудың, сондай-ақ, арамыздағы ауған соғысы ардагерлеріне құрметтің үлгісі екенін атап өтті.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
Ақтөбе облысы.