Аймақтар • 13 Қараша, 2020

Ауылдар ахуалы әрдайым назарда болады

467 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қызылорда құрамына бірнеше ауылдық округ енген облыс орталықтарының бірі. Бүгін қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен өткен аппараттық мәжілісте шаһар аумағындағы Қарауылтөбе және Қызылөзек ауылдық округтерінде жыл көлемінде атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттер талқыланды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ауылдар ахуалы әрдайым назарда болады

Қарауылтөбе ауылдық округінің әкімі Сейілбек Тайманов елдімекенде кәсіпкерлік нысандар саны артып, қосымша жұмыс орындарының пайда болғанын айтып өтті. Жыл басынан жол жөндеу жұмыстары да қарқынды жүргізілгенін баяндап, округтегі құқық бұзушылықтың алдын алу бағытындағы және карантиндік талаптардың сақталуына негізделген шаралардың барысына тоқталды. Айтуынша жұмыстар өз деңгейінде атқарылып, жоспарға сай жүргізілуде.

Дегенмен ауылда мемлекеттік бағдарламаларды кәдесіне жаратып, кәсіп ашуды қолға алған тұрғындар қатары әлі де көбеймей тұр. Бұл мәселені қозғаған қала әкімі мемлекеттік бағдарламаларды тұрғындарға тиісті деңгейде түсіндіріп, ауылдықтарды кәсіп ашуға шақыру жұмыстарын тиянақтауды ауыл басшысына тапсырды. Елді-мекендегі тазалық жұмыстарын да сынға алған шаһар басшысы, санаулы күнде ауылдың санитариялық жайы сараланып, үдеден шықпаса округ әкіміне шара көрілетінін де атап өтті.

Қызылөзек ауылдық округі әкімі Сәкен  Әбдіжаппар жыл аясында елдімекенде атқарылған жұмыстарға тоқталды. Қызылөзекте де кәсіпкерлік қарқын алған. Жыл басынан бері жаңадан 6 кәсіпкерлік субъектісі тіркеліп, жалпы саны 129-ға жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 5 %-ға өскен. Мемлекеттік бағдарламаларды тиімді тұтынған ауыл тұрғындарының 45 млн 900 мың теңге болатын 11 жобасы қаржыландырылған. Жыл басында ауыл тұрғындарымен өткізілген есепті кездесуде көтерілген мәселенің бәрі шешімін тауып, «Жұмыспен қамту жол картасы» аясында бюджеттен қаралған қаражатқа Қараөзек бекеті-1 және Жамбыл көшелеріне орташа жол жөндеу жұмыстары жүргізілген. Бағдарлама бойынша, жол жөндеу жұмыстарына ауылдың 25 жұмыссыз азаматы жұмыспен қамтылды. Ауылда ауыз су мәселеесі де толық шешілген. Алайда ауыл көрсеткішін артқа тартып тұрған мәселе елді мекен тазалығы мен округте тіркелген қылмыстар саны. Жыл басынан бері Қызылөзекте 9 қылмыс тіркелген. Дегенмен 100 пайыз ашылып, айыптыларға әкімшілік хаттама толтырылып, жазаға тартылған.

Алақандай ауылда қылмыс мүлде болмауы керек деген қала әкімі қоғамдық тәртіпті күшейтіп, құқық бұзушылықтың алдын алуды, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді жауаптыларға жүктеді.

Сонымен қатар қалаға қарасты барлық кент, ауыл әкімдеріне жыл көлемінде қаражаттың басым бөлігі қалаға емес ауылдарға бөлініп, ол қаражат тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелерді шешуге бағытталғанын, көрсетілген қолдауға сай жұмыс атқару керектігін қатаң ескертті. Сондай-ақ, шаһар басшысы берілген тапсырмалардың мерзімінде және нәтижелі орындалуы тікелей өз бақылауында болатынын жетікізді.