Қоғам • 14 Қараша, 2020

Дубайдан келген қазақстандықтан вирус анықталды

179 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Көліктегі бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Сәдуақас Байғабылов COVID-19 жұқтырып алып, Дубайдан ұшып келген жолаушының ішкі әуе рейсіне жіберілмегенін мәлімдеді, деп хабарлайды Egemen.kz

Дубайдан келген қазақстандықтан вирус анықталды

Бүгінгі таңда санитарлық-карантинді постарда эпидемиологтар ПТР-тест анықтамасының бар-жоғын жіті тексеріп жатыр. 

"2020 жылдың 13 қарашасында Нұр-Сұлтанға Дубайдан 129 жолаушы ұшып келді. Оның ішінде 125 адам ПТР-тест анықтамасы болғанымен, 4-і анықтамасыз келді. ПТР-тест анықтамасы жоқ Қазақстан азаматтары тәртіп бойынша транзитпен ішкі рейстерге отыру үшін ПТР-тестен өту үшін карантинге жатқызылды. 13 қарашада Нұр-Сұлтан әуежайына Қазақстан азаматы келіп, транзитпен Алматыға ұшпақ болған. ПТР-анализден өткені туралы анықтаманы өткізген. Эпидемиологтар аталмыш анықтаманы тексеру барысында қорытындыда COVID-19 бойынша оң (positive) нәтиже деп көрсетіп тұрғанын көрді. Осылайша коронавирус жұқтырған әйел жолынан қалып, елордадағы карантиндік стационарға жатқызылды", деді Сәдуақас Байғабылов. 

Коронавирус жұқтырған әйел Дубайдан ұшып келген соң 20 минуттан кейін Алматыға бағыт алған ұшаққа отырмақ болған. Алайда эпидемиолог жолаушыға сапарды жалғастыруға рұқсат бермей, ішкі рейстердегі жолаушылардың ауру жұқтыру қаупіне тосқауыл қойған. 

Қазіргі таңда халықаралық әуе рейстерімен Қазақстанға коронавирус жұқтырып әкелудің 54 жағдайы тіркелген. Атап айтқанда Нұр-Сұлтанға коронавирус жұқтырған 12, Алматыға 40, Шымкентке 2 адам шетелден ұшып келген.