Кеше Астана қаласында KAZENERGY қауымдастығының Үйлестіру кеңесінің ұйымдастыруымен адам капиталын дамытуға арналған мәжіліс өтті. Оған Мұнай және газ министрлігі мен қауымдастық қызметкерлері, сондай-ақ, Білім және ғылым министрлігі мен бірқатар қоғамдық ұйымдар қатысты.
Кеше Астана қаласында KAZENERGY қауымдастығының Үйлестіру кеңесінің ұйымдастыруымен адам капиталын дамытуға арналған мәжіліс өтті. Оған Мұнай және газ министрлігі мен қауымдастық қызметкерлері, сондай-ақ, Білім және ғылым министрлігі мен бірқатар қоғамдық ұйымдар қатысты.
Отырысты бастаған KAZENERGY қауымдастығының бас директоры Әсет Мағауов жиынға қатысушыларды алдымен кадрлық өзгерістермен таныстырды. Оның айтуына қарағанда, Үйлестіру кеңесіне тағы екі тең төраға тағайындалыпты. Оның біріншісі – бұрынғы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі болған, бүгінде «ҚазМұнайГаз» АҚ-тың Адам ресурстары басқармасының басқарушы директоры Серік Әбденов екен. Екіншісі – еліміздегі мұнай-газ саласында бірнеше жылдардан бері басшылық қызметтерде болған Мұқаш Мұрат. Бұл екі тең төраға қауымдастықтың әлеуметтік әріптестік саласында қызмет етпек.
KAZENERGY қауымдастығының ұйымдастыруымен өткен жиында мұнай және газ саласына қажетті мамандардың санын белгілеу жөніндегі мәселелер, 2014 жылға арналған жұмыс жоспары мен сертификаттау орталығын құру үлгілері талқыланды. Сонымен қатар, отырыс барысында Мұнай және газ министрлігі, KAZENERGY қауымдастығы және Мұнай және газ секторы жұмысшыларының кәсіптік одағы арасында 2014-2016 жылдарға арналған салалық үш жақты келісімге үш мекеменің басшылары қол қойды.
«Аталған келісім бойынша, мұнай және газ саласындағы жұмысшылардың қызметінің ауыр екендігі ескеріле отырып, жұмыс уақыты аптасына 40 сағаттан, яғни тәулігіне 8 сағаттан аспауы тиіс. Егер де жұмыс уақыты бекітілген уақыттан асып жатса, онда жұмысшыға қосымша ақы төленеді», деді Қазақстан Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Әбілғазы Құсайынов.
«Осы келісімшартты жасаудағы басты мақсат – саланың бірізділікпен дамуын қалыптастыру. Сөйтіп, компаниялардағы әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ету тетігін реттеу болып табылады. Оған қоса, еңбекақы мен өтемақы төлеу ісінде салалық кепілдемелердің төменгі мөлшерін белгілейді. Еңбек қауіпсіздігі мен оның шартын жетілдіріп, елдегі заң мен халықаралық еңбек құқының нормаларын сәйкестендіретін тетіктерді жасайды», деді бас директор.
Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ,
«Егемен Қазақстан».