Руханият • 14 Қараша, 2020

Димаш өзінің балалық шағы туралы айтып берді

1205 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ресейлік МУЗ-ТВ арнасының директоры Арман Дәулетияровтың әлемге әйгілі әнші Димаш Құдайбергенмен сұхбаты жарияланды, деп хабарлайды Egemen.kz

Димаш өзінің балалық шағы туралы айтып берді

Қазақ әншісі бала кезде арманы қандай болғанын, бозбала шағында неге қызыққанын, алғашқы табысын қашан тапқанын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

"Балалық шақты бақытты өткіздім. Кішкене кезден таэквондомен айналысып, суға жүздім, вокалымды күшейтіп, фортепианода ойнадым. Қарапайым көп баланың бірі болдым. Музыка мектебіне барып, спорттық үйірмелерден қалмайтынмын", дейді Димаш Құдайберген.

Оның айтуынша, басқа балалар 2-3 жасынан бастап көліктің суретін салса, Димаш студияның, компьютердің, дыбыс күшейткіштер мен микрофондардың, сахнаның суретін салады екен.

"Мен сол кезде өзімнің армандарым мен жоспарларымды "ғарышқа жолдадым". Қазір сол армандарымның бәрі де орындалып жатыр. Үш жаста болсам да үлкен сахнаны армандайтын едім. Басқаша өмірді армандаған емеспін. Әрдайым әнші, әртіс болатынымды сезетінмін. Әлі де осы жолда келемін", деп атап өтті әнші.

Сұхбат барысында Димаш өзінің балалық шақтарының естелігімен бөлісті.

"Маған велосипед сатып берген кез әлі күнге дейін есімде. Республикалық деңгейдегі "Айналайын" конкурсына қатысып, бес жасымда лауреат атандым. Маған алғыс хатпен бірге мың теңге берілді. Қазір ол дегеніңіз үш долларға тең сома. Сол алғыс хатыммен мың теңгені әжеме тезірек табыстауға асыққаным есімде. Әжем өзіне бірдеңе алсын деп ойладым. Үйге қайтып бара жатқан кезде анамнан "Теңге сізде ме? Қазір әжеме береміз" дей бергенім есімде", дейді әнші алғашқы табысына бес жасында қол жеткізгенін есіне алды.