Елорда • 16 Қараша, 2020

Қар тазалау қарқынды жүргізіледі

1563 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Жазы жауынды, қысы қарлы елордамызда табиғат тартуы кімді де болсын таңғалдырмай қоймасы анық. Он екі айда құбылып тұратын шаһардың сырлы мінезіне сын тағатындар да жетерлік. Сарыарқаның сары аязы саннан соққанда жылы жақтан келгендер жыларман күйге түсері бар. Үйренген тұрғындарға үскіріктің өзі үрейлі емес. Өткен жылдың соңы мен осы жылдың басында да қар қалың түсті. Міне, жылдың соңына да таяп қалдық. Қарашаның қақ ортасында қаламызға қар жауып, көшелерге ақ кілем төселгендей әдемілік пен әсемдіктің әсерін сыйлап тұр. Әдемілігі мен әурелігі қатар жүретін қыс мезгіліне әкімдіктің дайындығы қалай?

Қар тазалау қарқынды жүргізіледі

 

Естеріңізге салсақ, жыл басында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен 2020 жыл «Волонтерлер жылы» болып жарияланған еді. Осыған орай елорда жастары әлеуметтік желіде қар тазалау бойынша челленджді бастады. Олар тұрғындарды өз ауласындағы қарды тазалап, оны бейнежазбаға жазып, #Бізбіргеміз хештегімен әлеу­мет­тік желіге салуға шақырды. Волон­тер­лер аталмыш челленджді бастау идея­сын қалың қардың түсуі мен комму­нал­дық қызмет жұмысшыларына қолдау көр­сетумен байланыстырды. Нәти­жесінде, көптеген мекеме өз ауласын­дағы қарды тазалап, ерікті жастар қария­лардың үйіне барып, қарын тазалап, қайырымдылық жұмыстарына атсалысты. Елордалық жастар бастаған «Біз біргеміз» акциясына 13 мыңнан аса адам қатысып, 100-ден аса қала шетіндегі аумақтың қары тазаланған.

Жыл басында қалалық әкімдік қаңтарда Нұр-Сұлтанда түскен жа­уын-шашын мөлшері 1964 жылғы рекордты жаңартқанын мәлімдеген болатын. «Мемлекеттік қызметтер қалада тәулік бойы жұмыс істеді, жолдар мен тро­­туарларды қардан тазартады. Бұл мақ­сатта қар ерітетін зауыттар да жұмыс атқарып жатыр» делінген әкімдік таратқан ақпаратта.

«Астана Тазалық» ЖШС бас дирек­торы­ның орынбасары Марсель Ұзақов қалада үш қар ерітетін зауыт барын айтты. «Машиналардың бірі – Бейсеков көшесінің бойындағы ағынды суларды тазарту қондырғыларына, екіншісі  – Мыңжылдық даңғылына, үшіншісі – Кене­сары көшесі мен Сарыарқа даңғы­лындағы су қоймасына орнатылды. Қарды еріту машиналарын тек тазарту қондырғыларының аумағында пайда­лануға болады. Қар құм мен химикаттармен араласады. Қар лас суға айналып, кейін суды тазарту қондырғыларына құйылады. Мұнда су төрт деңгейлі сүзгіден өткеннен соң, тікелей өзенге төгіледі», деді М.Ұзақов.

Ол қар еріту қондырғысы негізінен аз мөлшердегі қоспалармен араласқан қарды шығару үшін пайдаланылатынын атап өтті. Қалың қар болса полигондар­ға жіберіледі. «Жұмыс тәулік бойы екі ауысымда жүреді. Әр ауысым 8 сағатқа созылады. Қардың тығыздығына байланысты қондырғылар сағатына 250-ден 450 текше метрге дейін қарды суға айналдыра алады. Бұл екі қуатты қон­дыр­ғымен 300 КамАЗ және аз қуатты қон­дырғыдағы 180-200 КамАЗ қамтамасыз етілген.

Тазарту қондырғыларының аума­ғын­да қарды түсіретін арнайы орындар бар. Содан кейін ол шелегі бар трактордың көмегімен вагонға қойылады. Қар еріту машиналары дизель майымен жұмыс істейді.

1

«Бұл қондырғылар – мобильді. Таяу уақытта қазіргі тазарту қондырғы­лары­ның аумағында жиналған қарды ерітіп болғаннан кейін, самосвалдардың келу уақытын азайту үшін қар еріту машиналарын басқа учаскелерге көшіреміз. Жалғыз нәрсе – олардан шығатын шу көп, сондықтан біз оларды көпқабатты үйлерден алыс орналастыруға тырысамыз», деді «Астана Тазалық» ЖШС өкілі.

Оның айтуынша, сегіз сағат жұмыс істегеннен кейін зауыт салқындатылып, кірден тазартылады, содан кейін машиналар қайтадан іске қосылады.

 

Биыл қардан тазарту қалай жүргізіледі?

Елордада қар шығару үшін 11 полигон ашық. Полигондарда мамандар камаздардың келу уақытын, қар салмағын және тағы басқа міндеттерді белгілейді. 13 қараша күні коммуналдық қызметтер 30 мың текше метрге жуық қар шығарған. Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Нұрлан Солтамбеков қаладағы көшелерді қардан тазалау жұмыстары қалай жүргізіліп жатқанын айтты.

«Көшелерді тазалаудың екі түрі бар. Біріншісі – механикаландырылған және қолмен. Бірінші кезекте, ереже бойынша жолдарда кептеліс болмауы үшін қозғалыс өте көп жолдар тазартылады. Одан әрі орташа қоз­ға­лыс учаскелері – алаңдар, вокзал маңын­дағы аумақтар қардан тазартылады. Механикаландырылған тазалау мен қар күреу сыпыру-жинау машиналарымен және сыпыру тракторларымен жүргізіледі. Яғни, алдымен қар жүретін жолдан жол жиектеріне жиналады, сол жерден жол жұмысшылары қарды самосвалдарға жинайды. Елестетіп көріңізші, 20 тонналық КамАЗ екі минут ішінде қалың қармен толады. Сондай-ақ жаяу жүргіншілер жолы мен әлеуметтік нысандар аумақтарын тазартуға ерекше назар аударамыз», деді Н.Солтамбеков.

Оның сөзінше, қала жолдарының жаяу жүретін бөлігі тайғаққа қарсы материалдармен өңделеді, ол қар жауа бастағаннан себіледі. Бірінші кезекте, көлік қозғалысы үшін ең қауіпті магис­тральдар мен көшелердің учаскелері – өр және еңіс жолдар, көпірлер, эстакадалар, тоннельдер, көше қиылыстарындағы және қоғамдық көлік аялдамаларындағы тежеу алаңдары өңделеді. Егер бірінші цикл аяқталғаннан кейін қар жауа берсе, қажетті жұмыстар қайталана береді.

«Содан кейін барлық қар полигон­дарға шығарылады, онда орынды үнемдеу үшін арнайы техника оны ты­ғыз­дайды. Қала бойынша қар 24/7 режімде тазартылады. Біздің полигонда бақылауға арналған фото және бейнекамералар орнатылған. Қар жинау­ға арналған тиегіштер бар, яғни аумақты ұтымды пайдалану үшін арнайы көліктер пирамида жасайды», деді қала әкімінің орынбасары.

Күн сайын қала көшелерін тазарту үшін 1 мыңнан аса арнайы техника мен 1,5 мың жұмысшы шығады.

 

Бір түнде 17 мың текше метрден аса қар шығарылды

«Қазгидромет» РМК деректері бо­йынша, 12 қарашада елордада бір күн ішінде (айлық норма 28 мм болса) 7,0 мм қар түсті. Қар тазалауға арнайы техникалар жұмылдырылды. Қаланың барлық ауданынан 5 мың текше метрден аса қар шығарылды.

«12-13 қарашаға қараған түні жолдарды, тротуарларды, алаңдарды және қаланың басқа да қоғамдық аумақтарын тазалауға 880-нен аса арнайы техника жұмылдырылды. 12 қарашадан 13 қарашаға қараған түні 17 мың текше метрден аса қар шығарылды» делінген хабарламада.

Айта кететін жайт, 13 қарашада қала­ны тазалау жұмыстарына 900-ден аса арнайы техника жұмылдырылды. Аумақ­тарды тазалауға 1 800-ден аса жұмыс­шылар қатысты. Қар қаланың барлық ауданында орналасқан 11 полигонға шығарылады.

 

Көктайғақ кезіндегі ережелерді еске салды

Адамның амандығынан артық байлық бар ма? Күнделікті күйбең тіршіліктің соңынан жүріп, соған мән беретін пенделер аз. «Аяғыңның қадірін – ақсағанда білерсің, отыз тістің қадірін – қақсағанда білерсің» деген тәмсілдің мәні зор. Басың ауырып, балтырың сыздағанда, денсаулықтың маңызды екенін ұғынасың. Сайып келгенде, соның барлығы – мамандардың ескертулері мен сақтық шараларына мән бермегеннен болатын дүние.

Жаздыгүні суға түсудің, қыстыгүні көшедегі көктайғақтан сақтанудың жол­дарын білікті мамандар бір кісідей түсіндіруде. Нұр-Сұлтан қалалық әкім­дігі де осыған орай, қаперде ұстай­тын маңызды хабарламалармен бөлісті.

«Жолдың жүру бөлігінде өте сақ болыңыз: асықпаңыз және жүгірмеңіз! Есіңізде болсын: әсіресе арқамен құлау қауіпті, ми сілкінісін алу мүмкін. Жара­қат алған кезде міндетті түрде бірден медициналық көмекке жүгіну қажет» делінген хабарламада. Елордада алдағы тәулікте көктайғақ болуы мүмкін. Осыған байланысты ТЖД тайып құлау қаупін азайту үшін көктайғақ кезінде келесі ережелерді сақтау керектігін ескертеді.

«Бірінші, биік өкшелі аяқ киімнен бас тартып, шағын кеуекті табаны бар тайғанамайтын аяқ киімді таңдаңыз, жолдың жүру бөлігінде өте сақ болыңыз: асықпаңыз және жүгірмеңіз, тегіс емес мұз қатқан барлық жерлерді айналып өтуге тырысыңыз, қолдарыңыз мүмкіндігінше бос болуы керек, ауыр сөмкелер ұстамаңыз, қолыңызды қалтаңызға салып жүрмеңіз, бұл құлау ықтималдығын арттырады, егде жастағы адамдарға резеңке ұштығы бар таяқ немесе ұштары бар арнайы таяқ қолдануға кеңес беріледі. Автокөлік жүргізушілері қашықтықты сақтау қажет және қандай жағдай болмасын жылдамдықты асырмау керек» делінген ескертуде.

Мамандардың мәліметінше, жүргізу­шілерге көлікті күрт тежеуден ау­лақ болу керек. Егер де жолға шығу­ға тура кел­се, тұман аймағында жылдамдықты айтар­лықтай төмендету қажет, ал егер жолдағы көріну екі метрден аспайтын болса, қозғалысты тоқтату ұсынылады. Сондай-ақ міндетті түрде габариттік жарықты қосу және түрлі маневрлер, атап айтқанда, басып озулардан аулақ болу керек.

Жаяу жүргіншілерге жолды белгілен­ген жаяу жүргіншілер өтетін жерлерде ғана өту ұсынылады. Сақ болу, күн ра­йы­­ның өзгеруі және енгізілген шек­теу­­­лер туралы ақпаратты қадағалау қажет.

Құрылыс объектілеріне қолайсыз күн райы жағдайы әсерінен аумақтарды және тұрғындарды қорғау, құрылыс алаң­дарында мүмкіндігінше құрылыс-мон­таж жұмыстарын жүргізуді шектеу бойын­ша қосымша шараларды қабылдау қажет.

1

 

Мұз қатқан су бетімен жүргенде де сақтық керек

Қараша мен желтоқсан аралығында, яғ­ни тұрақты аяз басталғанға дейін мұз қат­пайды. Кешкі немесе түнгі суықта қат­­­қан мұз берік болса да, күндіз ол бел­гілі мөл­шерде еріп, өз тығыздығын жо­ғал­­тады. Ел­ордалық құтқарушылар мұз үс­­тін­­де өзін қалай ұстау керек екенін түсіндірді.

«Әдетте, су беті біркелкі емес, бөлік-бөлік­пен қатады: алдымен жағалауы, судың таяз жері, содан кейін ортасы. Бір су айдынында әртүрлі беріктігі мен түрлі салмаққа төтеп беретін мұз қалыңдығын байқауға болады. Адамның мұзда қауіпсіз болуының негізгі шарты – мұз қалыңдығының салмаққа сәйкестігі: бір адам үшін мұздың қауіпсіз қалыңдығы – 7 см-ден кем емес, мұз айдынын салу үшін мұздың қауіпсіз қалыңдығы – 12 см және одан да көп, жаяу өткелді жасау үшін мұздың қауіпсіз қалыңдығы – 15 см және одан көп, автомобильдер өтуі үшін мұздың қауіпсіз қалыңдығы – кемінде 30 см», деп атап өтті құтқарушылар.

Сондай-ақ адам өмірін сақтап қалуға мүмкіндік беретін мұз үстіндегі ережелер бар. Бірінші, ешқандай жағдайда мұзда қараңғы уақытта және ауа райы қолайсыз болғанда (тұман, қар жауған, жаңбыр) жүруге болмайды. Екінші, өзеннен өту үшін мұз өткелдерімен жүріңіз. Сондай-ақ мұздың беріктігін аяқпен тексеруге болмайды. Егер ағашпен немесе шаңғы таяқшасымен соққаннан кейін су көрінсе, бұл мұздың жұқа екенін білдіреді. Сіз оның үстімен жүре алмайсыз. Бұндай жағдайда аяқты мұздан ажыратпай, иық тұсына дейін аяғыңызды ашып, сырғымалы қадамдармен келген ізіңізбен дереу қайта кету керек. Мұз жарылған немесе шытынаған жағдайда да дәл осындай әрекеттер жасау қажет.

Егер мұз бетінен өтуге мәжбүр болса­ңыз, жүріп өткен жолдың немесе шаңғы жолының ізімен жүруге тырысыңыз. Егер ондай жол болмаса, сіз айналаңызға мұқият қарап, алдағы маршрутты белгілеуіңіз керек. Мұз бетінен топпен өткен кезде әр адам арасында 5-6 м қашықтық болу керек. Мұз басқан өзенді (көлді) шаңғымен өткен дұрыс, бұл ретте: қажет болған жағдайда оларды тез шешу үшін шаңғылардың бекіткішін ашыңыз, шаңғы таяқтарын қолыңызда ұстаңыз, қауіп төнген жағдайда оларды дереу тастау үшін ілмегін қолыңызға тақпаңыз.

Егер рюкзак ұстап жүрсеңіз, оны бір иыққа іліп алыңыз. Бұл мұз жарылып, суға батсаңыз, жүктен тез босауға көмек­теседі. Өзіңмен бірге ұзын­дығы 20-25 метр болатын берік сым және үлкен ілмек пен жүк алып жү­ру керек. Жүк ілінген сымды суға тү­сіп кеткен адамға лақтыру оңай бола­ды, зардап шегуші оны қолтық астына өт­кізіп, сенімді ұстап тұруы үшін іл­мек қажет. Ата-аналардан балаларды мұз­ға (балық аулауға, шаңғымен және коньк­и­мен сырғанауға) қараусыз жібер­меу­ді сұраймыз. Су айдынында ең жиі кездесетін қайғылы жағдай ішімдік­тің кесірінен болады. Адам басына төн­ген қауіпті сезбей, төтенше жағдайда дәрменсіз күйде болады», дейді құтқарушылар.