Күрмеуі шешілмеген күрделі мәселе
– Мәжілісте «Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» заң жобасы талқыланып жатқаны белгілі. Бұл заң жобасына депутаттар бастамашы болды. Сіз жұмыс тобына жетекшілік етесіз. Осы заң жобасы туралы айтып беріңізші. Қандай ерекшеліктері бар? Қандай мәселелер ескерілді?
Айгүл НҰРКИНА:
– Тұрмыстық зорлық-зомбылық проблемалары қоғам үшін өзекті мәселеге айналды. Еліміздің Президенті былтырғы Жолдауында әйелдерге қарсы тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жазаны қатаңдатуды міндеттеді. Осы орайда балалар құқығын қорғау және тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл – басымдығымыз болуға тиіс. Биылғы жылы да балалар құқығын қорғауға басты назар аударылды.
Қазіргі кезде Мәжілісте «Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» заң жобалары қаралып жатыр.
Қолданыстағы заңға сәйкес, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа жол бермеуге жауапты уәкілетті орган жоқ. Сол себепті бұл бағыттағы жұмыс шашыраңқы жүріп жатыр. Осыған байланысты, азаматтардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету және отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимылдың тиімді тетіктерін әзірлеу мақсатында жоғарыда айтып өткен заң жобалары әзірленді.
Жалпы, осы қадам арқылы отбасылық-тұрмыстық қатынастардағы зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимылдың барлық кезеңдерін қамтуға мүмкіндік туады. Оны анықтауға, профилактика жүргізуге, жолын кесуге, қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және оңалтуға жағдай жасайды.
Бұдан басқа, заң жобаларында тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл субъектілерінің аясы кеңейтілді. Оның әрбір кезеңінде ведомствоаралық үйлестіру мәселесі шешілді. Өтініш беру қағидатынан анықтау қағидатына көшу үшін заңнамалық жағдайлар жасалды.
Заң жобасында тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілерін анықтау мен жолын кесуге, кешенді әлеуметтік көмек көрсетуге қоғам өкілдерін тартуға мүмкіндік беріледі. Ішкі істер органдары қызметкерлерінің осы саладағы құзіретіне қатысты нормалар жетілдіріліп, зорлық-зомбылық жасағандарды есепке алу мен бақылау тәртібі нақтыланды.
– Құжатты әзірлеу барысында әртүрлі зерттеулер жүргізілген шығар. Біздің қазіргі қоғамда тұрмыстық зорлық-зомбылықтың өсуіне не себеп болып отыр?
Айгүл НҰРКИНА:
– Менің ойымша, бұл сұраққа ешбір сарапшы нақты жауап бере алмайды. Өйткені үйдегі зорлық-зомбылық проблемалары барлық елге – дамушы немесе дамыған мемлекеттерге де тән.
Әрине, заң жобасын дайындау кезінде зерттеулер, құқық қолдану практикасына талдау жүргізілді. Статистика, қылмыстық және әкімшілік істердің материалдары зерделенді. Прогрессивті халықаралық тәжірибе ескерілді.
Отбасындағы зорлық-зомбылықтың негізгі себептері көп. Мәселен, «агрессордың», «абьюзердің» отбасы мүшелеріне жұмсайтын өзінің эмоциясы мен агрессиясын басқаруға құлықсыздығы немесе қабілетсіздігі. Сондай-ақ отбасындағы қақтығыстарды бейбіт шеше алмауы немесе шешкісі келмеуі. Кейінгі 5 жылда отбасылық-тұрмыстық құқықбұзушылық тұрақты түрде өсіп келеді.
Криминологиялық зерттеулерге сүйенсек, зорлық-зомбылық жасағаннан ләззат алатын агрессорлар бар. Мұндайда отбасы мүшелері «оңай олжа». Өйткені агрессор олардың ешқайда кетпейтінін және оған төзетінін біледі. Мысалы, кішкентай балалар қайда кете алады?! Мұндай агрессорлар отбасы мүшелеріне қол көтеру үшін кез келген сылтау іздейді. Дұрыс жауап бермеді, үйге кеш оралды, кешкі асты дұрыс дайындаған жоқ...
Жұмыс тобымызда қазақстандық және халықаралық құқық жөніндегі тәжірибелі криминолог ғалымдар бар. Олардың зерттеу нәтижелері де заң жобасын әзірлеу кезінде ескерілді. Атап айтқанда, зорлық-зомбылықты мынандай әдістермен шешуге болады. Біріншісі, үйдегі жанжалдарды бейбіт жолмен шешу, саналы ата-ана болу, ашуланшақтық пен эмоцияны басқаруға психологиялық көмек көрсету арқылы халықты құқықтық тәрбиелеу арқылы. Екінші әдіс – жазаның неғұрлым тиімді шараларын енгізіп, агрессорға тұрмыстық зорлық-зомбылық жасағанда жауапқа тартылатынын түсірдіру.
Дина СМАИЛОВА:
– Заң жобасын әзірлеу кезінде жұмыс тобына психологиялық көмек көрсету туралы ұсынысымды айттым. Ұсыныс қабылданды. Ендігі кезекте бұл заң аясында міндетті болып, зәбір көрсетуші психолог, психиатрлардан ем алады деп үміттенемін. Негізінен агрессорлар көбіне белгілі бір кезеңде ашушаң болады. Көктем, күз мезгілдерінде агрессия күшейе түседі. Бұл тұрғыда арнайы зерттеу керек, өйткені бұл – психологиялық ауытқу. Негізі агрессияның түп тамырын зерттеген абзал. Жоғарыда айтқан психологиялық ауытқу болса, арнайы мамандарға жүгініп, емдеуге болады. Ал есірткі, алкоголь салдарынан туындаған агрессиямен күрес тәуелділіктен айықтырудан басталуы керек. Бәрін бірдей алгоритммен емдеуге болмайды. Агрессияның да себебі болады ғой. Агрессия танытатын адам – психологтың көмегіне зәру адам. Бізге ер адамдар да хабарласады. Олар бала-шағаға шектен тыс ұрысып, әр әрекетіне ашумен қарайтынын айтады. Ал мұндай жағдайда оларды құтқаруға болады. Өйткені олардың санасы өз әрекетінің дұрыс еместігін түсініп тұр. Біздің қоғамда әлгіндей көмек сұраушылармен жұмыс істеу мәдениеті қалыптаспаған. Оларды емдейтін арнайы орталықтар да жоқ. Сондықтан агрессия салдары үлкен қылмысқа алып келіп жатады.
Үкіметтік емес ұйымдар мен белсенділер мәселені ашық айтып, қоғамда жан-жақты талқыланғанымен, қылмыс саны азаймай тұр. Шыны керек, елімізде қылмыскерлер тиісті жазасын алмайды. Статистикада соңғы 5 жылда тұрмыстық зорлық-зомбылықтың, денсаулыққа қасақана ауыр зақым келтіру 2 есе өсті. Ал орташа зақым келтіру 6 есе артқан. Яғни, бізде әйелінің қолын, аяғын сындыру қалыпты деген сөз. Ал пандемия кезеңі жағдайдың қаншалықты қиын екенін көрсетіп берді. Қазір балаларға қысым көрсету шарықтап тұр. Өзіңіз ойлаңызшы, карантин кезінде алкогольді ішімдік саудасы 43 пайызға өскен. Төтенше жағдайлар кезінде қоғамдық орындардың жұмыс істемегенін ескерсек, ішімдік үйде ішілді. Одан кейін отбасы мүшелерінің мазасын алу, тиісу, ұрып-соғудың болғаны айтпаса да түсінікті.
Әлімжеттікті әлеуметтік желі әшкерелей бастады
– Еліміз тәуелсіздік алған жылдардан бері Қазақстанда қанша тұрмыстық зорлық-зомбылық оқиғасы тіркелді? Осы мәселеге қатысты қандай статистикалық мәлімет бар? Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы, полиция полковнигі Мұрат Баймұқашевқа сөз берсек.
Мұрат БАЙМҰҚАШЕВ:
– Қазақстан посткеңестік кеңістікте ішкі істер органдары жүйесінде осы саладағы қызметтердің жұмысын үйлестіретін, әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі бөліністерді (1999 жылы 120 штаттық бірлік) ашқан жалғыз ел саналады. Бүгінде аталған бөліністер жәбірленушілерді қорғау бойынша нақты шаралар қабылдап келеді. Сондықтан отбасылық, тұрмыстық қарым-қатынастар саласындағы құқықбұзушылықтар ішкі істер органдарының мұқият назарында.
Бұрын мұндай құқықбұзушылықтар көбіне жасырын сипатқа ие еді. Олай дейтініміз, жәбірленушілер өзінің үйіндегі ұрыс-керісті сыртқа шығарудан ұялып, отбасылық тиранның әлімжеттігінен қорғану үшін полициядан көмек сұрауға тартынатын. Енді ақпараттық коммуникациялардың күрт дамуына байланысты қазір мұндай құқықбұзушылықтардың құрбандарына отбасылық тиранның іс-әрекетін әшкере қылу бұрынғыға қарағанда қол жетімді.
Статистикаға сәйкес, кейінгі үш жылда елімізде тұрмыстық қылмыстың 136 пайызға өскені байқалады (2017 жылы – 445, 2018 жылы – 919, 2019 жылы – 1052 қылмыс). 2017 жылдың соңында интернетте, әлеуметтік желілерде тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы ақпараттың артуын көріп, статистикаға оның қаншалықты объективті екеніне мән бере бастадық. Осылайша, отбасы, тұрмыстық қарым-қатынастар саласындағы қылмыстарды жеке тіркеу қажет деген шешімге келдік. Бұрын «тұрмыста жасалды» деген реквизит дұрыс белгіленбей келді. 2018 жылы Бас прокуратурамен бірлесіп, тіркеу тәсілдері өзгертіліп, ведомстволық бақылау күшейтілді.
Мәселен, 2018 жылдың қорытындысында ескі тәртіп бойынша 739 тұрмыстық қылмыс тіркелсе, түзетілген есеп бойынша олар 180 фактіге артып, 919 жағдайды құрады. Өткен жылы елімізде мұндай 1052 құқық тіркелді. Ал осы жылғы 9 айда анықталған құқық бұзушылықтар небары 0,4%-ға өскені байқалады. Тіркелген барлық қылмыстық құқықбұзушылықтардың жалпы санынан үлес салмағы небәрі 1%-ды құрады.
Мұндай құқықбұзушылықтың жартысынан көбі алкогольді ішімдікке мас күйде жасалған. Сонымен қатар 82% қылмысты жұмыс істемейтіндер жасағаны белгілі болып отыр.
Мас күйдегі тұрмыстық қылмыстардың жолын кесу мақсатында маскүнемдікке үйір адамдар денсаулық сақтау жүйесіндегі уақытша бейімдеу және детоксикациялау орталықтарына орналастырылды. Биыл аталған орталықтарға полиция қызметкерлері 139 мыңнан астам адамды жеткізді.
– Пандемия кезінде тұрмыстық зорлық-зомбылық оқиғаларының көрсеткіші өзгерді ме? Ондай оқиғалар еліміздің қай өңірлерінде жиі кездесті? Өңірлер бойынша статистика қандай? Пандемия кезінде ондай агрессорларды қашықтан бақылау жұмысы жүргізілді ме?
Мұрат БАЙМҰҚАШЕВ:
– Пандемия жағдайында Ішкі істер министрлігі есепте тұрған адамдарды қашықтан бақылаудың жаңа тәсілін – әлеуметтік мессенджерлерді пайдалана отырып бейнеқоңырау шалу арқылы бақылауды енгізді. Сонымен қатар карантин кезеңінде барлық өңірлердегі әкімдіктер зорлық-зомбылық құрбандарын уақытша бейімдеу үшін қонақ-жай қорынан резерв құру жұмыстарын ұйымдастырды (200-ден астам орын). Бұдан бөлек, Ішкі істер министрлігі зардап шегушілер тұрмыстық зорлық-зомбылық фактісі туралы белгі бере алатын жасырын сөзді (соның ішінде телефон бойынша) қолдана отырып, полицияға дер кезінде жүгінуге мүмкіндігі жоқ зорлық-зомбылық құрбандарын анықтау бойынша арнайы алгоритм әзірледі.
Дина СМАИЛОВА:
– Құқық қорғау органдарымен қатар үкіметтік емес ұйымдарға, дағдарыс орталықтарына жүгінетін азаматтар да бар. Мысалы, карантин кезінде 40 мыңға жуық арыз түсті. Оның 8 мыңы сотқа дейін жетіп, 4 мыңы сотта татуласты. Бұл жерде жапа шеккендерді қорғау жүйесін ойластыру керек. Сонымен бірге жазаны қатаңдату қажет. Ал жапа шеккен тарапты әлеуметтік қолдау ауадай қажет. Өйткені ол азамат жұмыстан қалуға, үйінен кетіп, басқа жерлерде тасалануға мәжбүр болады.
– Заң жобасында тұрмыстық зорлық-зомбылық деңгейі қарастырылған ба? Мысалы, отбасындағы барлық жанжалдар осы санатқа жата ма немесе оларды қандай да бір дәрежеге бөлу керек пе?
Айгүл НҰРКИНА:
– Тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауаптылық қолданыстағы заңнамамен реттелген. Атап айтқанда, Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 73-бабында отбасында күш қолданбай, былапыт сөйлеу мен психологиялық зорлық-зомбылық жасағанға, 73-1-бап – денсаулыққа жеңіл зиян келтіргенге, 73-2-бап ұрып-соққанға арналған. Сондай-ақ Қылмыстық кодекстің 110-бабында қинау, яғни отбасында ұдайы ұрып-соғу үшін қылмыстық жауапқа тартылады.
Осы салада тер төгіп жүрген қоғамдық ұйымдар ұрып-соғу және денсаулыққа жеңіл зиян келтіру үшін ескерту және қамауға алу түрінде қолданылатын жаза тиімді емес деп есептейді. Сондықтан жұмыс тобында құқықбұзушыларды қоғамдық жұмыстарға тарту түріндегі жазаның жаңа түрін енгізу туралы ұсынысты қарастырып жатырмыз. Осы ұсыныстар бойынша талқылау әлі жүріп жатыр. Түпкілікті шешім әзірленген жоқ.
– Отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу үшін ішкі істер органдарының қызметкерлері қандай жұмыстар атқарып жатыр?
Мұрат БАЙМҰҚАШЕВ:
– Қазіргі уақытта полицияның құзырында жеке-профилактикалық жұмыс жүргізуге мүмкіндік беретін «отбасылық жанжалқойларға» нақты әсер ету тетіктері бар. Отбасы, тұрмыстық қарым-қатынастар саласындағы құқықбұзушылықтардың профилактикасы мақсатында Ішкі істер министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен және жұртшылықпен бірлесе отырып белгілі бір шаралар қабылдайды.
Жыл басынан бері тұрмыстық құқықбұзушылық жасағаны үшін 19 мыңнан астам құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Былтыр бұл көрсеткіш 19 680-ді құраған болатын. Сонымен қатар 61,7 мыңнан астам қорғау нұсқамасы шығарылды. Бұдан бөлек, 7,8 мыңнан астам құқық бұзушының мінез-құлқына ерекше талаптар, соның ішінде алкогольдік ішімдіктер мен есірткі заттарын тұтынуға 5,4 мыңнан астам тыйым салу белгіленді.
Тұрмыстық саладағы қылмыстарға қарсы іс-қимыл мәселесі балаларды тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қорғау, қолайсыз отбасыларға профилактикалық бақылауды белгілеу, жасөспірімдер қылмысының алдын алу мәселелерімен тығыз байланысты. Бүгінде полицияның профилактикалық есебінде 8 мыңға жуық қолайсыз отбасы тұр. Онда 13 мыңнан астам бала бар. Жыл басынан бері балаларды тәрбиелеу бойынша міндеттерін орындамағаны үшін 3 мыңнан астам ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар 700-ге жуық әке-шеше ата-аналық құқығынан айырылды.
Балаларға қатысты зорлық-зомбылық жасаудың себептері көбінесе әлеуметтік-тұрмыстық және медициналық сипаттағы отбасылық мәселелердің салдары саналады. Осыған байланысты Ішкі істер министрлігінің бастамасымен құқықбұзушылықтың жеке профилактикасының жаңа шарасы – «медициналық-әлеуметтік есеп» енгізілді. Бұл қадам отбасының тұрмыстық мәселелерін шешуде уақтылы кешенді көмек көрсетуге, сондай-ақ медициналық-психологиялық қызметтер алуға, отбасының қолайсыздығы тәуекелі факторын төмендетуге, оларды оңалтуға бағытталған.
Өкінішке қарай, отбасы, тұрмыстық қатынастар саласында құқықбұзушылық жасауға ықпал ететін негізгі фактор – қолайсыз әлеуметтік-экономикалық жағдайлардың әсері. Атап айтқанда, мұндай мәселе әлеуметтік-тұрмыстық тұрақсыздық, жұмыссыздық, жалпы психологиялық тұрақсыздық, отбасының материалдық деңгейінің төмендігі, маскүнемдік, адами құндылықтардың құлдырауы және отбасы институтының жоғалуы салдарынан орын алады. Бұдан бөлек, интернет пен бұқаралық коммуникациялардағы алкогольдік ішімдіктің, қатыгездіктің, зорлық-зомбылықтың, порнографияның насихатталуы әсер етеді. Әйелдің қадір-қасиетін, оның қоғамдағы рөлін төмендететін ресурстардың қолжетімділігімен де жағдай күрделене түседі. Сонымен қатар адамның мінез-құлқын психологиялық түзету бойынша зардап шегушілермен де, жанжалқойлармен де жүйелі жұмыстар жүргізілмейді.
Мұндай азаматтарды жұмысқа орналастыру, тұрмыстық және медициналық мәселелерді шешу – олар тиісті ұйымдарға өз бетінше жүгінген жағдайда ғана жүргізіледі. Бұл ретте полицейлердің зардап шегушілермен қарым-қатынас жасауға тыйым салу шараларын қолдануы, әсіресе қамаққа алу – ерлі-зайыптылар арасындағы шиеленісті одан әрі ушықтырады. Әдетте, басқа да әлеуметтік мәселелер кешенінің (ажырасулар, алименттер, жалғыз басты аналар, әлеуметтік жетім балалар) жасалуы да отбасылардың бұзылуына алып келіп соғады. Ресми статистика бойынша, Қазақстанда әрбір үшінші отбасы ажырасады. Ең дұрысы, мұндай мәселелер полицияның ғана емес, әлеуметтік органдар мен жұртшылықтың да назарында болуы тиіс. Осылайша, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алудың одан арғы нақты қадамдары – отбасылық зорлық-зомбылыққа алып келетін факторлар ретінде әлеуметтік-тұрмыстық, тәрбиелік және медициналық сипаттағы мәселелерді шешкен уақытта ғана байқалатын болады.
Отбасы құндылығын қорғау қажет
– Үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп зәбір көрген отбасы мүшелерін оңалту мақсатында қандай жұмыс атқарылып жатыр?
Мұрат БАЙМҰҚАШЕВ:
– Ішкі істер министрлігі бұл салада үкіметтік емес ұйымдармен тығыз байланыс орнатып, ауқымды жұмыс атқарып келеді. Зорлық-зомбылықтың құрбандарына көмек көрсету мақсатында полиция қызметкерлері 39 үкіметтік емес ұйыммен өзара іс-қимыл жасасады.
Жыл басынан бері полиция қызметкерлері дағдарыс орталықтарына 8,6 мыңға жуық адамды жолдады. Үкіметтік емес ұйымдармен бірлесе отырып, жыл сайын «Отбасындағы зорлық-зомбылыққа жол жоқ!» және «Зорлық-зомбылықсыз 16 күн» республикалық акцияларын жүзеге асырып келеді.
Дағдарыс орталықтарында зорлық-зомбылықтан зардап шеккен әйелдерге баспана беруден басқа, азаматтарға заңдық, медициналық, әлеуметтік және психологиялық көмек көрсетіледі. Тренинг пен кеңестер өткізіледі. Осы жылдың басынан бері әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі инспекторлар сенім телефондары бойынша 6,2 мыңнан астам әйелге кеңес берді. Сонымен қатар 8,6 мыңнан астам зардап шеккен әйел дағдарыс орталықтарына жіберілді. Өткен 9 айдың қорытындысы бойынша дағдарыс орталықтарының мамандары зардап шеккен 12,6 мыңнан астам адамға кеңес берді. Соның ішінде, 1,6 мыңнан астамы пана үйлеріне орналастырылды. Дағдарыс орталықтарының сенім телефондарына 13,7 мыңнан астам қоңырау шалынды.
Дина СМАИЛОВА:
– Шетелде отбасында зәбір көрген әйелдерге кешенді көмек көрсетіледі. Мысалы, жақында 8 жылдан бері АҚШ-та тұрып жатқан отандасымыз өз жағдайын айтып берді. Отбасында жанжал болып, полицияға хабарласқанында құқық қорғау органдарының өкілдері дереу үйіне келіп, тергеуді үйінде жүргізген. Ал біздің елімізде оқиға орнында тергеу жүргізілмейді, міндетті түрде бөлімшеге баруың керек. Ауыл тұрғындары да орталыққа баруға мәжбүр. Полиция бірге жұмыс істейтін бірнеше үкіметтік емес ұйым мен қоғамдық қорға хабар береді. Бұл жерде бір ескеретін жайт, полиция жәбір көрушіден ақпаратты таратуға алдын ала рұқсат сұрайды. ҮЕҰ өз көмектерін ұсынып, хат жазған. Бірі үйін жинап беруді ұсынса, өйткені ұрыс кезінде үйінің астан-кестеңі шыққан. Екінші ұйым психологиялық көмек көрсететінін жазған. Қорғаушы ұсынып, заң тұрғысынан да кеңес беретін мамандар табылған.
Біздің елде бөлінетін қаражат АҚШ-тағыдан кем емес. Халықаралық ұйымдар да бұл салада донор қызметін атқарады, яғни олар да мәселені шешу үшін қаржы бөледі. Жыл сайын күрмеуі шешілмей тұрған бұл проблеманы реттеуге бағытталған 13 жол картасы дайындалады. Әртүрлі министрліктер жауапты болған соң, бір жүйе жасалмаған. Сондықтан бөлінген қаражат түрлі шеберлік сыныптары мен флешмобтарға жұмсалып кетеді. Ал көмекке зәру азаматтарға жетпейді. Жапа шегуші сақтандыру жүйесіне тіркелген болса, тегін медициналық көмек алады, сынамаларды тегін тапсырады. Алайда үкімет бөлген қаражат межеленген топқа жетпейді.
Шетелде әр аймақта бірнеше үкіметтік емес ұйымнан тіркелген. Мемлекеттік органдармен қатар жұмыс істейді. Үкімет бөлінген қаражатқа олардың да таласы бар. Сонымен бірге әлеуметтік мәселеге атсалысқаны үшін салық төлеуде жеңілдік алады. Сол себепті олар өздері тіркелген аймақтағы әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерді бақылауында ұстап, жапа шеккендерге қол ұшын созып, қолдау көрсетеді.
Бізде түрлі дағдарыс орталықтары ашылғанымен, мәселенің түп тамырына мән берілмейді. Яғни зәбір көрсетушімен жұмыс жүргізілмейді. Ұрып-соққан, психологиялық, экономикалық қысым көрсеткендермен жұмыс істеп жатқан орталықтар жоқ. Балалардан шектен тыс агрессия көрсек, оларды алып баратын орталықтар жоқ. Мектепте жолдастарына дөрекі сөйлеп, агрессия танытатын оқушылар бар. Сондықтан салдарымен күресіп қана қоймай, себебімен де жұмыс істеу керек.
Анна РЫЛЬ:
– Расымен, бізде мемлекеттің қаржысы босқа кетеді. Кезінде арнайы әлеуметтік қызмет көрсету бойынша стандарт жасалды. Оның аясында санақ жүргізіліп, соған сай қаржыландыру жоспары бекітілді. Дағдарыс орталықтарына адам санына байланысты күніне 5 000 теңгеден төленіп отырады. Былай қарасаңыз, жеткілікті сома. Орталықта 10 адам болса, айына шамамен 1,5 млн теңге бөлінеді. Ал шын мәнінде, бұл орталық жұмысын жүргізу үшін аз. Бұл орталықтағы адамның саны 10-ға жеткен жағдай. Ал оған жетпесе, онда орталық жұмысын жүргізу қиын әрі тиімсіз болады.
Орталықтардың ғимараты жалға алынатынын есептемегенде, кем дегенде 6-7 қызметкерді жұмысқа алатынын ескеру қажет. Одан бөлек психологиялық, заң бойынша кеңес алуға келетіндер бар. Мамандар оларға да уақыт бөледі. Құжат ресімдеу мен медициналық орталықтарға еріп баратын жағдайлар болады. Коммуналдық қызмет, азық-түлік, киім-кешек, алғашқы медициналық көмек сияқты негізгі қажеттілікті айтпағанның өзінде шығын көп. Жоғарыда айтылған сома 4 жыл бұрын жеткілікті болса, қазір жеткізу қиын. Сол себепті жарты жолдан жабылып қалатын бірді бірге жалғап жүрген орталықтар көп.
Бізге келетін адамдар ауыр жағдайда болады, сондықтан оларды қайтарып жібере алмаймыз. Үкімет 4 жыл бұрын дағдарыс орталықтарына қатысты арнайы норма енгізді. Мемлекет тарапынан көмек бар, тек ол жүйелі емес. Карантин кезінде дағдарыс орталықтары жабылды. Біз сәуір айында 60-қа жуық адамды өз қаражатымызға қабылдадық. Төтенше жағдай кезінде арнайы орталықтардың жұмысына қатысты жоспардың болғаны абзал. Карантин кезінде деструктивті отбасылардағы жағдай тіптен ушығып кетті. Тұрақты табысы жоқтар қиналды, жанжалға себеп пайда болды. Біздің жеке ғимаратымыз болғаннан кейін, мемлекеттен қаражат бөлінбесе де, адам қабылдауға мүмкіндігіміз болды. Консультация тұрақты жүрді. Отбасын сақтап қалудан бастап, ажырасуға дейінгі мәселелерде заңгерлер, психологтер көмек берді.
Жапа шеккендерге көмекті күшейту үшін дағдарыс орталықтарымен қатар әлеуметтік қызмет орталықтары да қажет. Бізде бір дағдарыс орталығына 10 млн ақша бөлінсе, дөңгелек үстел ұйымдастыруға да сондай қаражат жұмсайды. Ал оның орнына қанша адамға көмек көрсетілер еді. Түрлі акциялар мен флешмобтар да ұйымдастырылады.
Жаза қатаңдаса жағдай түзеле ме?
– Қазір қоғамда тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы заң жобасы жан-жақты талқыланып жатыр. Кейбір сарапшылар заң жобасын сынға алды. Сіздер не дейсіздер?
Айгүл НҰРКИНА:
– Иә, қазір қоғамда заң жобалары белсенді талқылануда. Біздің көптеген азаматымыздың «үйдегі зорлық-зомбылыққа» төзбейтіні және заң жобаларына қолдау білдіретіні қуантады.
Өкінішке қарай, талқыланып жатқан заң жобаларының жекелеген нормаларын қате түсіндіретіндер де бар. Мысалы, «жыныстық еркіндік», «экономикалық зорлық-зомбылық», «психологиялық зорлық-зомбылық» ұғымдарына қатысты теріс пікірлер қалыптасқан.
Бұл ұғымдар заңнама үшін жаңалық емес. Қолданыстағы «Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы» 2009 жылғы қабылданған заңдағы 4-бапта «жыныстық еркіндік» деген сөзбен бірге, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың барлық түрі көрсетілген.
Енді, осы ұғымдардың болуы «олардың жыныстық еркіндігіне қысым жасау» себебінен қанша қазақстандық отбасынан балаларды тартып алуға мүмкіндік берді? Сондай-ақ «жыныстық еркіндік» – отандық заң әдебиетінде және қылмыстық құқық теориясында қолданылатын қалыптасқан заңды термин. Тиісінше, жыныстық еркіндікті қоғамға тән емес азғындық термин деп бекіту –тұрмыстық философиялық пайымдау.
Әйтсе де, осы терминнің заң жобасында бекітілуі дау туғызуы мүмкін екенін ескеріп, жұмыс тобы «жыныстық зорлық-зомбылық» ұғымының заңды анықтамасынан «жыныстық еркіндік» деген сөзін алып тастауды қолдады.
Кейбіреулер балаларды басқа отбасына асырауға береді деген пікір айтып жүр. Балаларды балалар үйіне беру оңай шаруа емес. Бұл үшін салмақты себептер болуы керек. Ол үшін баланың шынымен жақын туыстары жоқ екенін немесе ата-анасы ата-ана құқықтарынан айырылғанын растау қажет. Қамқоршылық және қорғау органдарының міндетті қатысуымен тиісті сот рәсімдерінен өтуі, барлық қажетті растайтын құжаттарды жинауы тиіс.
Сондықтан үрей туғызудың қажеті жоқ. Біздің мақсатымыз – отбасылық құндылықтарды бұзу емес, орын алған проблемаларды шешуде кешенді тәсілді енгізуге бағытталған тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасының қолданыстағы тетіктерін жетілдіру арқылы көмекке мұқтаж адамдарды қорғау. Өкініштісі, кейбіреулер заң жобаларында жоқ мәселелерді айтып, халықты шатастырып жүр.
Жалпы, заң шығару процесі әрдайым дамып, жетіліп отырады. Осы 8 ай ішінде заң жобаларының нормалары елеулі өзгеріске ұшырады. Бұл бағыттағы жұмыс жалғаса береді. Заң жобаларының бірінші оқылымда қабылдануы олардың түпкілікті қабылданғанын білдірмейді. Бірінші оқылымда тек заң жобасының тұжырымдамасы талқыланады.
Мұрат БАЙМҰҚАШЕВ:
– Иә, бірқатар мәселелер әлі де бар. Біріншіден, қазіргі уақытта қорғау нұсқамасы тек жәбірленушінің келісімімен шығарылады. Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбанына «агрессордың» қысым көрсетуін ескере отырып, қорғау нұсқамасын шығару туралы шешімді тұрмыстық зорлық-зомбылық белгілерінің (дене жарақаттары, куәгерлердің жауаптары) болуын бағалау нәтижелері бойынша запа шегушінің келісімінсіз полиция қызметкерінің өзі қабылдауы тиіс. Қабылданған шешімнің заңдылығын қамтамасыз ету үшін прокуратура органдарының қадағалауы жүзеге асатын болады.
Екіншіден, әкімшілік материалдардың 60%-дан астамы тараптардың татуласуы нәтижесінде тоқтатылады. Отбасы, тұрмыс саласындағы құқық бұзушылық фактілері бойынша осы шараны түзету, учаскелік полиция инспекторларына «жанжалқойды» баспанадан қысқа мерзімге, мысалы 10 тәулікке көшіру құқығын беру мүмкіндігін қарау ұсынылады. Осы ұсыныстар «Отбасы, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» заң жобасының шеңберінде пысықталуда.
Үшіншіден, дағдарыс орталықтары мен пана үйлерінің қызметтері ауылдық жерлердегі әйелдер үшін қолжетімсіз екенін ескере отырып, олардың желісін шағын қалаларда және ауылдарда кеңейту қажет. Соның ішінде, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде қарастырған жөн.
Төртіншіден, салауатты өмір салтын насихаттау тәсілдерін қайта қарау бойынша кешенді шаралар қабылдаған жөн. Халықтың барлық санаты үшін қолжетімді отбасы мүшелері мен балалардың бос уақытын өткізу орындарын ұйымдастыру қажет. Шипажайда емделуді қамтамасыз ету, отбасылық құндылықтарды нығайту бойынша жұмысты жалғастыру қажет.
Бесіншіден, халықты жұмыспен қамтуды арттыру бойынша қосымша шаралар қажет. Соның ішінде, талап етілмейтін жұмыс орындары бойынша еңбекақыны арттыру жолын қарастырған жөн. Тұрмыстағы, әсіресе отбасылық қатынастар саласындағы қылмыстар көбінесе жергілікті маңызы бар күрделі әлеуметтік проблемалардың қатарына жатады. Оларды шешу үшін әрбір өңірде тұрмыстық қылмыстың алдын алудың тиімді оптималдық моделін құру керек.
Жоғарыда атап кеткен осы бір келеңсіз құбылыстың ауыр салдарын азайту үшін біз тұрмыстық құқық бұзушылықтардың алдын алу және жолын кесу бойынша барлық құрылымдардың (орталық мемлекеттік органдар және жергілікті атқарушы органдар) күш-жігерін жандандыруға бағытталған қосымша шаралар кешенін әзірлеп, іске асыруымыз қажет. Азаматтық қоғам институттарының, мүдделі мемлекеттік органдардың белсенді қатысуы нәтижесінде біз пысықтап жатқан осы және басқа да шаралар біздің ойымызша отбасы-тұрмыстық қарым-қатынас саласындағы жағдайды айтарлықтай жақсартуға және тиісті деңгейде құқық бұзушылықтарды төмендетуге ықпал етуі тиіс.
Әйелдің құқығы – әлем назарында
– Отбасындағы әлімжеттікпен күреске халықаралық ұйымдар мен қоғамдық бірлестіктер де белсенді қатысып келеді. Еліміздегі белді халықаралық ұйымдардың бірі – БҰҰ-ның Әйелдер құрылымының қызметі осы мәселеге негізделген. Осы ретте ұйымның атқарған жұмысына тоқталсақ.
Дина ӘМРЕШЕВА:
– «БҰҰ – Әйелдер» құрылымы Қазақстан үкіметімен бірге әйелдер мен қыздарға қатысты әлімжеттікті болдырмас үшін бірқатар бастамаларды жүзеге асырып келеді. Олардың қатарында Қазақстандағы гендерлік зорлық-зомбылық туралы деректерді жинау мен талдау бар. Одан бөлек заңнамалық саладағы кедергілер мен тұрмыстық зорлық-зомбылықты анықтау және оның алдын алу бойынша шаралар әзірледік. ЮНФПА қоры мен ДДҰ Қазақстандағы әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық туралы зерттеу жүргізуге қолдау білдірді. Орта Азияда алғаш рет жүргізілген зерттеу нәтижелері елдегі тұрмыстық зорлық-зомбылықтың жоғары деңгейін көрсетті. Қарым-қатынаста болған 18-75 жас аралығындағы әйелдердің 17%-ы жақын серіктесінен физикалық немесе жыныстық зорлық-зомбылық көрген, ал 21%-ы психологиялық қысым көрген. Бұл тақырыпта ақпараттық-насихаттау іс-шаралары үздіксіз жүргізіледі. Сондай-ақ Әйелдер және отбасы және гендерлік саясат жөніндегі ұлттық комиссиясы, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Сыртқы істер, Ұлттық экономика министрліктерімен бірлесе жұмыс атқардық.
Дина СМАИЛОВА:
– Бүгінде үкіметтік емес ұйымдардың аталған мәселедегі көпір екенін де айтып өткен жөн. Дәл қазір 60-қа жуық қылмыстық іс қаралып жатыр. Сонымен бірге күн сайын 10-15 адамға консультациялық кеңес береміз. Негізі күніне 50-ге жуық адам хабарласады. Бір адамның бірнеше рет хабарласатынын да ескеру қажет. Ішкі істер министрлігімен бірігіп жұмыс істейміз. Ауыр қылмыс туралы білгенде бірден Полиция департаментіне хабарлаймыз. Яғни қазір біз – полиция мен халық арасындағы көпірміз. Ал бұл халықтың құқық қорғау органдарына сенбеуден. Олар бірден полицияға хабарласса, мәселе басқаша болар еді. Қазір фронт-офистер бар, бірақ халық одан хабарсыз. Ал бір естіген адам екінші рет бірден сол мекемелерге өздері жүгінеді.
– Ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын айтып қалдыңыз. Бұл бағытта қандай шаралар өтеді?
Дина ӘМРЕШЕВА:
– Жылда гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы белсенді іс-қимылдың 16 күндігі өтеді. Бұл әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықты жоюдың халықаралық күні – 25 қарашада басталып, 10 желтоқсан – Адам құқықтары күніне дейін жалғасатын халықаралық науқан. Акцияны 1991 жылы Әйелдердің жаһандық көшбасшылық институтының белсенділері бастаған. Әйелдер бастаған топтар мен ұйымдар, ұлттық, аймақтық және халықаралық ұйымдар, сондай-ақ БҰҰ агенттіктері мен үкіметтер гендерлік зорлық-зомбылықты тоқтатуды талап етіп, мүдделі тараптарды тарта отырып, түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Осылайша, біз қоғамдағы осы мәселенің ашық көтерілуін және әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықтың адам құқығын бұзумен тең екенін көрсеткіміз келеді. Биылғы науқан да 25 қараша басталады. Биылғы шаралардың негізінде пандемия кезіндегі отбасында зорлық-зомбылықтың көбеюі жатыр.
– Халықаралық құжаттарда отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың экономикаға әсері жиі айтылады. Қазақстанда бұл көрсеткіш қандай деңгейде?
Дина ӘМРЕШЕВА:
– Ең алдымен, экономикалық әсерін неліктен бағалау керек деген мәселеге тоқталсақ. Біріншіден, әлеуметтік-экономикалық шығынды есептеу керек. Ал бұл өз кезегінде мәселенің қаншалықты ушыққанын және қаншалықты жедел шешімді қажет ететінін көрсетеді. Екіншіден, шығындарды анықтау арқылы мәселені шешуге бағытталған заңды, ұлттық жоспарлар мен стратегияларды жүзеге асыру үшін қанша қаражат керек екені белгілі болады. Сонымен қатар тиімсіз қызметтерді қысқартуға мүмкіндік пайда болады.
Жалпы, әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық – адам құқығын бұзатын жаһандық мәселе. Бұл ретте денсаулыққа келер зардабы жайлы зерттеулер көп болғанымен, проблеманың экономикалық тұсы көп айтыла бермейді. Біз жүргізген зерттеулер мәселенің әлеуметтік-экономикалық салдарын талдауға негіз бола алады. Мәселен, 2017 жылы медициналық көмекке жүгінгендердің жеке шығыны 230 548 624 теңгеден 468 789 272 теңге арасында болған. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың жанама шығындары келесідей болды: әйелдер 53 878-109 596 аралығындағы жұмыс күнін жіберіп алған. Нәтижесінде, еңбек өнімділігінің төмендеуінен 209 478 126 теңгеден 426 105 874 теңгеге шығын келген. Сондай-ақ зерттеу нәтижесі бойынша медицина орталықтарының жәбір көрген әйелдердің есебін жүргізбейтіні анықталды. Өйткені науқастардың көбі бұл нәрсені жасырып қалады. Сол себепті денсаулық сақтау қызметкерлерінің де жауапкершілігін арттыру керек. Мемлекет қанша адамның зардап шегіп, медициналық көмекке жүгінгенін білмесе, құқық қорғау органдары мен өзге де жауапты ұйымдарға қажетті ресурс бөлінбеуі мүмкін. Зорлық-зомбылық – күрделі құбылыс, физикалық және жыныстық зорлық-зомбылықпен қатар, психологиялық, эмоционалдық және экономикалық қысым көрсетілуі мүмкін. Дүние жүзінде әйелдердің үштен бірі өз серіктесінен әлімжеттік көрген. Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық әлеуметтік-психологиялық салдарымен қатар, ұзақ мерзімде мемлекеттің қаржы жүйесі мен экономикасына салмақ түсіріп, мемлекеттің дамуына кері әсер етеді.
P.S. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың соңы ажырасумен аяқталмай қоймайды. Ажырасу көбейген елде демографиялық ахуал да жақсармайтыны белгілі. Шаңырақ шайқалды дегенше Қазақстан дейтін қарашаңыраққа уық болып қадалған бір отбасының ойраны шықты десеңізші. Бұл күрделі мәселенің күрмеуі жақын арада шешіле қоймасы анық. Заңды қатаңдатып, жазаны күшейту – атқарылуы тиіс ауқымды жұмыстардың алды ғана. Ең бастысы, тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесімен ұлт болып күресіп, жұрт болып жұмылып, жүйелі жолға қоюымыз қажет. Санада сілкініс, ойда өріс болмай, осы мәселенің шешімін таба алмаймыз. Бәлкім, ең ұлы рухани жаңғыруымыз да осы болатын болар...
Дайындағандар
Рауан ҚАБИДОЛДА,
Меруерт БҮРКІТБАЙ,
Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,
Светлана ҒАЛЫМЖАНҚЫЗЫ,
«Egemen Qazaqstan»