Аймақтар • 16 Қараша, 2020

«Бюджетке қатысу» жобасына талаптанғандар көбейді

266 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Алматыда «Бюджетке қатысу» жобасына өтінімдерді қабылдау аяқталды. Алдағы күндері, яғни 11-23 қараша аралығында тұрғындардың ең орнықты ұсыныстары дауыс жинауды бас­тайды. Биыл Алматыда «Бюджетке қатысу» жобасына қала тұрғындарынан 2 есе көп ұсыныс түскен. Аталған жоба 450-дей бастамаға мұрындық болып отыр.

«Бюджетке қатысу» жобасына талаптанғандар көбейді

Қала тұрғындарының жоба­лық ұсыныстарға дауыс беру қалай жұзеге асқанын Алматы қа­ласының Стратегия және бюджет басқармасы басшысының орынбасары Жанар Жазылтаева баяндады.

«Биыл барлығы қала тұр­ғын­дар­ынан құны 23,7 млрд теңге болатын 796 жоба түскен. Бұл –  2019 жылғы өтінімдер санынан 2 есе көп. Нәтижесінде, 10,7 млрд теңге сомаға қала тұрғындарының 448 бастамасы дауыс беруге жіберілді. Жобалардың біреуін авторлардың біреуі қайтарып алды, сайтта барлығы 795 жоба бар. Өткен жылы барлығы 333 жобалық ұсы­ныс түскен. Біз екі есеге дейін ай­тарлықтай өскенін көріп отырмыз», деді Ж.Жазылтаева.

Өтініштердің басым бөлігі абаттандыруға бағытталған: құ­ры­лыс және тротуарларды, пандустарды, арықтарды жөндеу, жалпыға ортақ орындарда балалар және ойын, спорт алаңдарын орнатып, жөндеп, жарықтандыру. Сонымен қатар жаяу жүргіншілер аймағын жөндеу, күркелерді жөндеу және орындықтар мен қоқыс салғыштарды орнатуға қатысты ұсыныстар енгізілді.

Рұқсат етілмеген 281 жоба­ға қатысты айтар болсақ, бұл ұсы­ныстардың кері қай­та­ры­луы­­ның негізгі себептері – жо­ба­лық ұсыныстардың санаттарына сәйкес келмеуі, жалпы қолданыстағы нысан болмауы. Сол сияқты жобалық ұсыныс­тар­ды жүзеге асыру аудан әкімі аппараттарының құзыреттілігінен тыс болған жағ­дай­да орындалмайды. Бұған қоса учаске жеке меншік, тұр­ғын үй кешенінің, бау-бақша серіктестігі аумағында орналасса және жеке коммерциялық сипатта болса қолдау таба қой­май­ды.

Аяқталмаған 60 жобалық ұсы­ныс­қа қатысты айтар болсақ, олар авторлары нақтылап, қай­та­дан ­өз ұсыныстарын енгізуі үшін түзетуге жіберілді. Соған қарамастан, тұрғындардан жоба­лық құжаттамасын жасап, болмаса қандай да бір есеп жүргізу талап етілмейді.

«Сарапшы комиссия негізін­дегі тиісті мамандар көмек көр­се­­теді.Тұрғындарды ұна­ған жо­ба­ларға дауыс беруге шақы­ра­мын. Жақсы жобалардың көп еке­нін атап өткім келеді. Биыл келіп түскен ұсыныстар саны көп болды, аудандар бойынша белсенділік айтарлықтай жоғары», дейді Жазира Жазылтаева.

Тұрғындар екі тәсілмен – онлайн және қағаз арқылы дауыс бере ала­ды. Одан әрі қорытындысын шы­ғару үшін дауыс беру нәти­же­лерінің негізінде сарапшылар кеңесі биылғы 25 қарашадан кешіктірмей шешім қабылдайды. Дауыс беру нәтижелері мен сарапшы кеңестің шешімі әкімдіктің интернет-ресурсында, БАҚ-да жарияланбақ. Одан кейін жобаларды «Бюджетке қатысу» жобасының әкімшілері – аудандық әкімдіктер жүзеге асырады.

 

АЛМАТЫ