Оқиға • 16 Қараша, 2020

Қайрат ақынға ескерткіш қойылды

525 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облы­сы­ның Бөкей ордасы ауданы орталы­ғында ақын Қайрат Жұмағалиевке ескерткіш-бюст орнатылды.

Қайрат ақынға ескерткіш қойылды

Көрнекті ақын, аудармашы Қайрат Жұмағалиевтің туған же­­рі – Батыс Қазақ­стан облысы Орда ауданына қарасты Жиекқұм ауыл ­кеңесінің Бесқұдық ауылы. 1952 жылы Капустин Яр әс­­кери полигонының ашылуына бай­ланысты Нарын құмын жай­лаған халықты қозғаған кезде болашақ ақынның отбасы Оң­түс­тік Қазақстан облысына көші­рілген.

Тағдырдың жазуымен ту­ған жерінен жастай ажырап, атажұрттан алыста өссе де Қай­рат аға туған жерін, Нарын құ­мын ерекше жақсы көретін. 2009 жылы туған жеріне оралып, өмі­рінің соңына дейін «Жайық Пресс» мекемесінде қызмет етті. Капустин Яр әскери полигонының жабылуын, Нарын құмындағы шалғай ауылдарға табиғи газ, таза су, жол секілді өркениет игі­ліктерін жеткізу мәселесін үнемі көтеріп жүретін. Әсіресе Қайрат ағаның күйқұмарлығы керемет еді. Дом­быраның қос ішегінен төгілген күй естілсе, екі көзін жұ­мып алып, ырғала балқып отыратын бейнесі көз алдымызда. Ақын­ның туған жеріндегі ескерткіш бейнесі Сайқын ауылындағы Күй­шілер аллеясына орна­тылуы да тегін емес шығар.

– Қадірлі жерлестер! Әлемдегі осын­дай күрделі пандемия кезінде өз же­рінің біртуар ұлын ұмытпаған елден айналайын! Осы шараға атсалысқан барша азаматтарға өте ризамыз. Біздің отбасымыздың айтар алғысын сөзбен жеткізу қиын. Әкеміздің кіндік қаны тамған топырақта осындай ескерткіш тұр­ғаны – бәріміз үшін үлкен қуа­ныш, адамның бауыры езіліп, те­бірентетін жайт, – деді ақынның қызы, осы шараға Орал қаласынан арнайы келген Бекзат Байбурина.