Руханият • 16 Қараша, 2020

Мұрағат – тарихи құжаттар қоймасы

1659 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласының «Тарихи сананы жаңғырту» бөлімінде «Архив – 2025» бағытын негіздей отырып: «Тәуелсіздік жылдарында халқымыздың өткенін зерттеуге қатысты ауқымды жұмыстар атқарылды. Еліміздің тарихи жылнамасындағы ақтаңдақтарды қайта қалпына келтіруге жол ашқан «Мәдени мұра» бағдарламасы табысты іске асырылды. Бірақ бабаларымыздың өмірі мен олардың ғажап өркениеті жөніндегі көптеген деректі құжат, әлі де болса, ғылыми айналымға түскен жоқ. Олар әлемнің бүкіл архивтерінде өз іздеушісі мен зерттеушісін күтіп жатыр. Сондықтан ежелгі дәуірден қазіргі заманға дейінгі кезеңді қамтитын барлық отандық және шетелдік мұрағаттар дүниесіне елеулі, іргелі зерттеулер жүргізу үшін «Архив – 2025» жеті жылдық бағдарламасын жасауымыз қажет деп санаймын» деген еді. Осы орайда, елімізде жоғарыда атап өткен бағдарламалық тақырыпқа қатысты қандай жұмыстар атқарылды? Бұл сұраққа жауап беру мақсатында журналистік шолу жасап көрейік.

Мұрағат – тарихи құжаттар қоймасы

Суретте: 1. Қазақ хандарының орыс патшайымдарымен хат алмасуы­ның үзіндісі. 2. Қатын патша Екате­рина­ның бұйрығы. 1777 жыл, 22 жел­тоқ­сан. 3. Абылай ханның қазасы жайлы құжат. Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «EQ»

 

Елбасы жоғарыдағы жобаны жүзеге асыру барысында тарихшылар, деректанушылар мен мәдениеттанушылардан құрылған арнайы топтардың отандық және шетелдік ірі архивтермен өзара жүйелі әрі ұзақ мерзімді ықпалдастықта болып, іздеу-зерттеу жұмыстарын жүр­гізуіне баса мән беру керек екенін ескертіп, бұл маңызды жұмыс мемлекет есебінен атқарылатын «академиялық туризмге» айналмауға тиіс. Архив дерек­терін тек жинақтап қана қоймай, барлық мүдделі зерттеушілер мен қа­лың жұртшылыққа қолжетімді бо­луы үшін оларды белсенді түрде ци­фр­­лы форматқа көшіру қажет. Өз та­рихына деген мақтаныш сезімін ұя­латып, отаншылдық тәрбие беру мектеп қабырғасынан басталуға тиіс, деді. Сон­дық­тан мектептер мен барлық өңір­­дегі өлкетану музейлерінің жанынан тарихи-археологиялық қозғалыстар құру маңызды. Ұлт тарихын санаға сіңіру барша қазақстандықтардың бойында өз бастауларына деген ортақтық сезімін қалыптастырады, деген еді.

Тұңғыш Президеттің бастамасын жүзеге асыру жолында бүгінде Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен көп­теген игі істер атқарылып, келелі мә­се­лелер өзінің дұрыс шешімін та­уып жатыр. Атап айтқанда, 2019 жылғы 20 желтоқсанда Үкімет қаулысымен 2020-2025 жылдарға арналған «Архив – 2025» жобасын іске асыру жөніндегі іс-шаралардың кешенді жоспары қа­былданып, оның міндеті – Ұлттық архив қорын отандық және шетелдік архивтерден, ғылыми орталықтардан Қазақстан тарихы жөніндегі құжаттармен толық­тыруға және оларды ғылыми ай­налымға енгізуге бағытталды.

«Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институтының басқарма төрағасының орынбасары, саяси ғылым­дар докторы Әсем Қайдарова жолдаған мәліметке жүгінсек, «Архив – 2025» жо­басын жүзеге асыру жөніндегі іс-ша­ра­лардың кешенді жоспары 68 тар­мақтан тұрады және оны игеруге 14,1 млрд теңге көзделсе, оның 3,9 млрд тең­гесі республикалық, 10,1 млрд тең­гесі жергілікті бюджет есесбінен қарас­тырылыпты.

«Архив – 2025» жобасын іске асыру жөніндегі іс-шаралардың кешенді жоспарын қолдауға арналған қаражат РБК-нің 2019 жылғы 27 тамыздағы шешімімен тұжырымдамалық қолдау тапты, қазір­гі кезде республикалық бюджетті нақты­лау шеңберінде бюджеттік өтінімдер қа­лып­тастырылуда» дейді Әсем Серік­қазы­қызы.

Бұл кешенді жоспардың негізгі бағыттары – саланың нормативтік құ­қық­тық базасын жетілдіру екен. Тар­қатып айтар болсақ, Қазақстан Рес­пуб­­ликасы Ұлттық архив қорының құ­­жаттық ақпа­ратының Бірыңғай жік­теуі­шін әзірлеу, мұрағатшы күнін ен­гізу, ведомстволық марапат немесе құр­метті атақ әзірлеу және бекіту, ұлттық мұрағат қорын шетелдік архивтерден, му­зейлерден, кітапханалардан және ғы­лыми орталықтардан Қазақстан тарихы бойынша жаңа деректі көздермен толық­тыру, оларды ғылыми айналымға ен­гізу, цифрлы өркениет жағдайында ақпа­раттық-зияткерлік ресурстардың қол­жетімділігі мен ашықтығын қамтамасыз ету, халықаралық ынтымақтастықты ке­ңейту.

Сонымен қатар кешенді жоспар шең­берінде архив саласының материалдық-техникалық базасын нығайту, кең форматты сканерлер, мұрағат құжаттарын қалпына келтіру және микрофильмдеу үшін қазіргі заманғы зертханалар сатып алу көзделген көрінеді.

 * * *

Жоспарланған жұмыстың келесі бір маңыз­ды бағыты – саланың инфрақұры­лымын дамытуға негізделіпті. Бүгінгі таңда мемлекеттік архив қоймаларының көпшілігі 100 пайыз толық жүктемемен жұмыс атқарып отыр. Яғни, құжаттарды одан әрі қабылдау және сақтау үшін орын жетіспейді. Сол себепті өңірлерде үл­гілік мамандандырылған ғимараттар салу қажет. Осы мақсатта министрлік 200 және 500 мың, 1 және 1,5 млн, одан қалды 10 млн сақтау бірлігіне арналған үлгілік мемлекеттік архивтер салуға жобалау-сметалық құжаттама әзірлеуді күн тәртібіне қойып отыр екен.

«Болашақта облыстық, қалалық, аудандық мемлекеттік мұрағаттардың құрылысы Мәдениет және спорт ми­нистрлігі әзірлеген үлгілік ЖСҚ негі­зінде жергілікті бюджет есебінен жүзеге асырылатын болады. Саланың білікті кадрлық әлеуетін қамтамасыз ету үшін ІТ-технологияларды, экономиканы, архив ісінің менеджментін ескере отырып, архив ісімен аралас ба­ғыт­тар кадрларын даярлауды жүзеге асыратын жоғары оқу орындарында пәнаралық білім беру бағдарламаларын әзірлеу және іске асыру жүргізіледі» дейді «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институт өкілдері.

 * * *

Ал архив ісі саласына қажет «мұра­ғат­танушы», «құжаттану және құжат­тамалық қамтамасыз етуші» мамандарды Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті оқытады. Жылына бакалавриат, магистратура және Ph.D докторантура бағдарламалары бойынша 60 маман бітіріп шығады. Түлектердің көпшілігі Орталық мемлекеттік мұрағат­тарда жұмыс істейді. Соның өзінде дәл бүгін мұрағат ісінің 349 маманына қажет­тілік бар.

Сонымен қатар  жоспарда мемлекеттік архив мекемелері қызметкерлерінің еліміздің орталық мұрағаттарында да, шетелдерде де тағылымдамасы қарас­тырылып, қазақстандық мұрағаттардың халықаралық архив кеңістігіне бірқа­лыпты кірігуі шеңберінде 17 жақын және алыс шет елдермен ынтымақтастық туралы келісімдерге қол қойылыпты.

Ұлттық архив қорын Қазақстанның тарихы мен мәдениетін ашатын жаңа дерек­көздермен толықтыру үшін іздес­тіру-зерттеу жұмыстары шеңберінде, сондай-ақ барлық отандық және шетелдік мұрағаттарға іргелі зерттеулер жүргізу үшін Министрлік мұрағатшылар, тарихшылар, ғалымдар, мәдениеттанушылар және басқа да сарапшылардан тұратын арнайы ғылыми-іздестіру топтарын құру бойынша жұмыстар жүргізуде.

Биыл ғылыми-іздестіру топтары Ресей, Қытай, Германия, Франция, Ита­лия, Бельгия, Польша, Чехия, Венгрия, Түркия, Моңғолия, Египет және т.б. 14 шетелдік архивтен Қазақстанның тарихы мен мәдениеті бойынша мұрағаттық құжаттар мен материалдарды анықтау және сатып алу бойынша ғылыми ісса­парлар жоспарланып, атқарылған зерт­теулер қорытындысы бойынша анық­талған құжаттық деректер негізінде жи­нақ­тар мен каталогтар жарық көрумен қатар, халықаралық фотоқұжаттық көр­мелер ұйымдастырылып, ғылыми мақа­лалар жарияланады.

Сонымен қатар табылған барлық құ­жаттар өңделеді, цифрланады, каталог­талады және ғылыми айналымға енгізу үшін Қазақстан Республикасының Ұлттық мұрағатына беріледі. Бұдан әрі «Құжаттардың бірыңғай электронды архиві» ақпараттық жүйесі шеңберінде зерттеушілерге архивтік құжаттарға кеңі­нен қол жеткізу және веб-порталды тол­тыру үшін архивтік құжаттарды цифрлы форматқа ауыстыру жоспарлануда. Бұйырса, порталды биылғы жылдың аяғында толық іске қосу реті қарастырылуда екен.

 * * *

Өткен жылы мемлекеттік архив қыз­мет­керлері Білім және ғылым министр­­лігінің зерттеу тобымен бірлесіп Ресей Федерациясының Мәскеу, Санкт-Петер­бург, Қазан, Омбы, Астрахань қалалары архи­віне ғылыми-іздестіру жұмыстарын жүр­гізді.

Бұл зерттеулер Білім және ғылым ми­нистрлігінің «Ұлы Даланың тарихы мен мәдениеті жөніндегі шетелдік архивтер мен қорлардағы археографиялық жұмыстарды: анықтау, талдау, цифрландыру» жобасы шеңберінде жүргізілді.

Ресейдің Омбы және Астрахань об­лыстарының мұрағаттарындағы зерт­теу жұмыстарының нәтижесінде 4,5 мың­нан астам құжат парағы және аз зерттелген және ғылыми айналымға енгізілмеген 10 мың фотосурет жинағы табылды. Бұлар­дың ішінде: Абылай ханның өмір тарихы, Кіші жүз қазақтарының көте­рілісі туралы материалдар, Бөкей ордасы қазақтарының шаруашылық жағдайы туралы құжаттар айналымға енді. Бұдан басқа, М.Шоқайдың өмір тарихы туралы материалдар, Қазақстан тари­хы­ның кеңестік кезеңдегі саяси бюросы отырысының хаттамалары және т. б.

Татарстан Республикасының Ұлттық архиві мен орталық мемлекеттік аудио-визуалдық құжаттар қорынан біздің зерттеушілер қазақ даласындағы Ресей империясының діни саясатына қатысты мыңнан астам құнды құжаттық мате­риал­дарды, Жәңгір ханның елдегі мұ­сыл­мандыққа қатысты шариғи заң-пәтуа шығару туралы және осы кісінің Қазан университетінің құрметті мүшесі болып сайлануы жайында қолжазба материалдар, басқа да мұрағаттық деректер анықталыпты.

«Қазіргі уақытта архив қызметкер­лерінің жұмысын бағалау мақсатында, «Қазақстан Республикасы Үкіметінің құрылымына кіретін кейбір мемлекеттік органдардың ведомстволық награда­лары туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 15 желтоқсан­дағы № 1539 қаулысына өзгерістер мен толық­тырулар енгізу» жоспарының 3-ші тармағын орындау үшін архив ісі саласының жоғары білікті маманда­рын, көп жылдық жұмыс өтілі бар қыз­­меткерлерді көтермелеу үшін ве­домство­лық марапаттарды немесе құр­­­мет­ті атақтарды дайындау жөнінде жұ­мыс жүргізілуде» дейді бізге ақ­парат­тық қолдау көрсеткен «Рухани жаң­ғыру» Қазақстандық қоғамдық даму институтының басқарма төрағасының орынбасары Әсем Серікқазықызы.

Ең кейінгі мәліметке қарағанда, бұ­рын архив саласы қызметкерлерінің еңбегі министрлік деңгейінде ескеріліп келсе, бұдан былай арнайы мәртебеге лайықталған түрде бағаланатын көрі­неді. Осының өзі-ақ отандық мұрағат қыз­метіне тың серпін берері сөзсіз.