Руханият • 16 Қараша, 2020

Әдеби агент қызметі – біз үшін жаңа бағыт

789 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Еліміздегі «Рухани жаңғыру» бағдарламасы – мемлекет саясатының бір ұтымды арнасы. Ұлттық құндылықтардың ролін көтеруге таптырмайтын құрал. Егемен елдің дұрыс қалыптасып, дамуына қазақ азаматтары, бәріміз де жауаптымыз.

Әдеби агент қызметі – біз үшін жаңа бағыт

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Алайда халық несібесін құлқын­дарына тоғытқан, билік пен қазынаға ие болған белгілі, белгісіз тоғышарлардың қомағайлығынан, еліміздің әлі шикізат өндіруші қауқарынан аса алмай жатқаны өзекті өртейді. Қуанарлық азды-көпті же­тістіктеріміз бар, бірақ кем­шілік­тері­міздің елдің рухын түсіретінін, ұлт­тың жоғалуына әкелетінін жақсы біліп отырып, сезбегендейміз. Кеңестік жүйенің салдары қазақты орыс тілді, қазақ тілді етіп екіге айырды. Дінімізден ажыратып, ділімізді әлсіретті. Жерімізге қол салды. Тарихымыз бұрмаланды. Дәс­түр­лерімізді ұмыттырды. Міне, бір­жола құлай жаздаған өр рухтың еңсесін тіктегеніне үшінші онжылдық толуда. Егемендікке қол жеткізсек те, мәң­гүрттік пен көзқамандық жазылмас дерт болып қалуы мүмкін деген ой маза берер емес. Себебі еліміздегі мемлекеттік тіл мәселесіндегі қазақ әдебиетінің шешуші фактор екеніне мән бермеу қолдан жасалған қастандық деуге болар.

Осы орайда қаламгер қауымға артылар жүк жеңіл емес. Біздің жағ­дайда рухани дерттің емі – ұлт­тық құндылықтардың мол мұрасы дәріп­телетін қазақ жазушы­ларының жазған еңбектері. Зиялы қауым да пен­дешілдікке ұрынған заманда, қа­ламгерлердің бір шоғыры ғана суы­рылып алға шығып, келешек ұрпаққа өсиет болар туынды жазар. Шет тілдер маманы болсам да, ана тілімнің бұғалықтағы жағдайы мені көп алаңдатты. Әр кезеңде қоғамдағы қазақ тілін дамыту мәселелері қозғалған жиындарда өз ойымды айтып жүрдім. 2006-2007 жылдар шамасы болу керек, тіпті менің бір ойымды құлағы шалған және ұсыныстарыма зор қызығушылық танытқан Индиана Университетінің професссоры Уильям Фиерман іздеп келіп, менімен біраз пікір алмасқан болатын. Керісінше, еліміздегі кейбір, саны көп, сапасы жоқ ғалымдардың арасында қазақ тілін дамыту жөніндегі идеяларымды жақтырмай, кеңістікті қызғанғандары да кездесті.

Өткен жылы аты Еуропаға белгілі британдық қаламгер, Джон Фарн­донмен Лондондағы кездесуімде өзі­нің еш ғы­лыми дәрежесі жоқтығын, бірақ ғылыми жаңалықтарды балалар әде­биеті арқылы әңгімелеп таныстыруды мақсат етіп, жұмыстанып жүргенін қуанып айтқан еді. Сол сияқты мен де ғылыми дәрежемнің жоқтығына қарамастан, елімізде тұңғыш рет ашылған ҚР Ға­лым әйелдер қоғамының ашылуына мұ­рындық болған профессор Таңат Аяпо­ваға кеңесшілік қызметім кәдеге жарағанына бір мезгіл қуанамын.

Идеяны қолдау, іліп әкету – біз­дің елде қиынның қиыны. Өзімнің тәжірибемде соңғы 7-8 жыл көлемінде ізденіп, амалдарымды жасап, бір істердің көзін тауып жүрсем де, елі­міздегі белгілі бір топтар пайдасына бөліне беретін мемлекеттік қолдауға қолым бір жетпей-ақ қойды. Тіпті кейбір қаламгерлердің менің ізде­ністерімді, шет елдерге сапарларым­ды жәй қыдыру, бос энтузиазм деп қабылдағаны жанымды ауыртты. Кейбірі сөзімді елемей, тәкаппарлық танытып, биіктен қарап, мені қор санады да. Дегенмен олардың арасындағы кісілігі бар, адамшылығы бар қалам ұс­таған жандар қандай қиындықтармен жетіліп келе жатқаныма куә.

Менің сапарларыма көбіне қаржылай демеуші болған қазақ руханиятының жаңашыры Сәт Тоқпақбаев ағамыз жә­не әр жолсапарда халықаралық әдеби шараларда бірге болған қаламгерлер. Бар уақытымды, білімімді, жинақтаған тәжірибемді қазақ нарқына «жаңа» ниша ретінде келіп жатқан әдеби агенттік бағытын енгізуге инвестиция ретінде жұмсап келемін. Осы бағытқа жастардың да қызығушылықтарын оята білдім. Менің ниетімді сыртқы елдер дұрыс қабылдап, кейбір идеяларыма қолдау көрсетіп жатқаны алған бағытыма жа­қын­дағанымды білдірсе де, еліміздегі кейбір азаматтардың нем­құрайлығы, ұсыныстарымды өз қапе­ріне ілмеуі қын­жылтатыны рас.

Еңбегімнің бір өтеуі – халықаралық әдеби агент ретінде әлемдік деңгейде таныла бастауым. Бұл мені серпілтіп, өзіме деген жауапкершілікті одан әрі арттыра түсті. Қаламгерлерді насихаттаудың жүйесін қалыптастырып, дүниежүзілік платформаға шығармаларды таратудың әдістерін меңгерудемін. Жылдан жыл­ға тәжірибем толысып, көп жаңалық­тардың ішінде бірге қайнадым. Менің әдеби агент ретіндегі тәжірибем шетел­дік, отандық ғалымдардың ғылыми жоба­ларында зерттеле бастағаны да мен үшін маңызды. Әдеби агенттің қызметі туралы толыққанды ақпаратты еліміздегі БАҚ арқылы бірнеше рет айтқандықтан, бұған көп тоқталмай-ақ қояйын.

Еуразиялық Шығар­ма­шылық Гиль­диясы (Лондон) мүшесімін. Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының мүше­сімін. 2019 жылы Гете-Институт ұсын­ған «Қоз­ғалыстағы мәдениет» жобасының алғашқы грант иегерімін. Биылғы көктемде еуропалық әріптестер – Алан Кокс және Дэвид Парри бірлесіп ұсынған апталық подкаст жобалар аясында өз тарапымнан қазақ елінің тыныс-тіршілігінен хабар беріп, көбінесе қазақ әдебиеті, мәдениеті, өнеріндегі жаңалықтарды да таныстырдым. Франциялық «Paris Lit Up», британдық «Cable Writes» бірлескен «Wordtrip Europe 2020» онлайн жобасына да атсалысып, Ғалым Жайлыбайдың «Сұрақ белгісі» поэмасын маусым айында, ақынның өзі поэмасынан үзінді оқыған видеосымен, менің ағылшын тіліндегі аудармаммен еуропалық аудиторияға ұсындық. Осы жобаға Қазан қаласынан  татардың мықты ақыны, Ленар Шаехты да ұсынғанымды айта кеткенім жөн. 16 қазанда Лондонда TEDxLambeth жобасына таратуға тұрарлық идеялар иесі ретінде қатысуға шақыру алып, пандемия сақтық шарасына орай, сапарға шығу мүмкін емес болғандықтан, қазақ руханияты туралы айтқан видеом­ды жібердім. Осы орайда, осы видеоның тү­сіріліміне қолғабыс жасаған Бақыт­жамал Қайырбекқызы Оспановаға зор ризашылығымды білдіремін.

Алматыдағы Ұлттық кітапхана, Жам­­был атындағы жасөспірімдер кітап­ханасы, Нұр-Сұлтандағы Ұлттық акаде­миялық кітапханаларында өте­тін онлайн, офлайн шаралары да мен үшін маңызды платформалар. Британдық серіктестерім менің идеям­ды жүзеге асыру мақсатымен халық­аралық онлайн журнал жобасына қолдау көрсетуде. Бұл жобада әдебиет, мәдениет, өнер бағытындағы жаңа­лықтармен әлемге ақпарат таратамыз. Әзірге тек ағылшын тілінде, сосын басқа да тілдерді қамтимыз. Жоба ауқымды, Орталық Азия көбіне на­зарда. Алғашқы ұсынар ақпарат, әрине, Қазақстаннан. Түйіндеп айтсам, мен қалған ғұмырымды әдебиетке, руханиятқа арнау үшін алдыма үлкен мақсат қойып отырмын.

 

Бақтыгүл МАХАНБЕТОВА,

халықаралық әдеби агент