Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Алайда халық несібесін құлқындарына тоғытқан, билік пен қазынаға ие болған белгілі, белгісіз тоғышарлардың қомағайлығынан, еліміздің әлі шикізат өндіруші қауқарынан аса алмай жатқаны өзекті өртейді. Қуанарлық азды-көпті жетістіктеріміз бар, бірақ кемшіліктеріміздің елдің рухын түсіретінін, ұлттың жоғалуына әкелетінін жақсы біліп отырып, сезбегендейміз. Кеңестік жүйенің салдары қазақты орыс тілді, қазақ тілді етіп екіге айырды. Дінімізден ажыратып, ділімізді әлсіретті. Жерімізге қол салды. Тарихымыз бұрмаланды. Дәстүрлерімізді ұмыттырды. Міне, біржола құлай жаздаған өр рухтың еңсесін тіктегеніне үшінші онжылдық толуда. Егемендікке қол жеткізсек те, мәңгүрттік пен көзқамандық жазылмас дерт болып қалуы мүмкін деген ой маза берер емес. Себебі еліміздегі мемлекеттік тіл мәселесіндегі қазақ әдебиетінің шешуші фактор екеніне мән бермеу қолдан жасалған қастандық деуге болар.
Осы орайда қаламгер қауымға артылар жүк жеңіл емес. Біздің жағдайда рухани дерттің емі – ұлттық құндылықтардың мол мұрасы дәріптелетін қазақ жазушыларының жазған еңбектері. Зиялы қауым да пендешілдікке ұрынған заманда, қаламгерлердің бір шоғыры ғана суырылып алға шығып, келешек ұрпаққа өсиет болар туынды жазар. Шет тілдер маманы болсам да, ана тілімнің бұғалықтағы жағдайы мені көп алаңдатты. Әр кезеңде қоғамдағы қазақ тілін дамыту мәселелері қозғалған жиындарда өз ойымды айтып жүрдім. 2006-2007 жылдар шамасы болу керек, тіпті менің бір ойымды құлағы шалған және ұсыныстарыма зор қызығушылық танытқан Индиана Университетінің професссоры Уильям Фиерман іздеп келіп, менімен біраз пікір алмасқан болатын. Керісінше, еліміздегі кейбір, саны көп, сапасы жоқ ғалымдардың арасында қазақ тілін дамыту жөніндегі идеяларымды жақтырмай, кеңістікті қызғанғандары да кездесті.
Өткен жылы аты Еуропаға белгілі британдық қаламгер, Джон Фарндонмен Лондондағы кездесуімде өзінің еш ғылыми дәрежесі жоқтығын, бірақ ғылыми жаңалықтарды балалар әдебиеті арқылы әңгімелеп таныстыруды мақсат етіп, жұмыстанып жүргенін қуанып айтқан еді. Сол сияқты мен де ғылыми дәрежемнің жоқтығына қарамастан, елімізде тұңғыш рет ашылған ҚР Ғалым әйелдер қоғамының ашылуына мұрындық болған профессор Таңат Аяповаға кеңесшілік қызметім кәдеге жарағанына бір мезгіл қуанамын.
Идеяны қолдау, іліп әкету – біздің елде қиынның қиыны. Өзімнің тәжірибемде соңғы 7-8 жыл көлемінде ізденіп, амалдарымды жасап, бір істердің көзін тауып жүрсем де, еліміздегі белгілі бір топтар пайдасына бөліне беретін мемлекеттік қолдауға қолым бір жетпей-ақ қойды. Тіпті кейбір қаламгерлердің менің ізденістерімді, шет елдерге сапарларымды жәй қыдыру, бос энтузиазм деп қабылдағаны жанымды ауыртты. Кейбірі сөзімді елемей, тәкаппарлық танытып, биіктен қарап, мені қор санады да. Дегенмен олардың арасындағы кісілігі бар, адамшылығы бар қалам ұстаған жандар қандай қиындықтармен жетіліп келе жатқаныма куә.
Менің сапарларыма көбіне қаржылай демеуші болған қазақ руханиятының жаңашыры Сәт Тоқпақбаев ағамыз және әр жолсапарда халықаралық әдеби шараларда бірге болған қаламгерлер. Бар уақытымды, білімімді, жинақтаған тәжірибемді қазақ нарқына «жаңа» ниша ретінде келіп жатқан әдеби агенттік бағытын енгізуге инвестиция ретінде жұмсап келемін. Осы бағытқа жастардың да қызығушылықтарын оята білдім. Менің ниетімді сыртқы елдер дұрыс қабылдап, кейбір идеяларыма қолдау көрсетіп жатқаны алған бағытыма жақындағанымды білдірсе де, еліміздегі кейбір азаматтардың немқұрайлығы, ұсыныстарымды өз қаперіне ілмеуі қынжылтатыны рас.
Еңбегімнің бір өтеуі – халықаралық әдеби агент ретінде әлемдік деңгейде таныла бастауым. Бұл мені серпілтіп, өзіме деген жауапкершілікті одан әрі арттыра түсті. Қаламгерлерді насихаттаудың жүйесін қалыптастырып, дүниежүзілік платформаға шығармаларды таратудың әдістерін меңгерудемін. Жылдан жылға тәжірибем толысып, көп жаңалықтардың ішінде бірге қайнадым. Менің әдеби агент ретіндегі тәжірибем шетелдік, отандық ғалымдардың ғылыми жобаларында зерттеле бастағаны да мен үшін маңызды. Әдеби агенттің қызметі туралы толыққанды ақпаратты еліміздегі БАҚ арқылы бірнеше рет айтқандықтан, бұған көп тоқталмай-ақ қояйын.
Еуразиялық Шығармашылық Гильдиясы (Лондон) мүшесімін. Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының мүшесімін. 2019 жылы Гете-Институт ұсынған «Қозғалыстағы мәдениет» жобасының алғашқы грант иегерімін. Биылғы көктемде еуропалық әріптестер – Алан Кокс және Дэвид Парри бірлесіп ұсынған апталық подкаст жобалар аясында өз тарапымнан қазақ елінің тыныс-тіршілігінен хабар беріп, көбінесе қазақ әдебиеті, мәдениеті, өнеріндегі жаңалықтарды да таныстырдым. Франциялық «Paris Lit Up», британдық «Cable Writes» бірлескен «Wordtrip Europe 2020» онлайн жобасына да атсалысып, Ғалым Жайлыбайдың «Сұрақ белгісі» поэмасын маусым айында, ақынның өзі поэмасынан үзінді оқыған видеосымен, менің ағылшын тіліндегі аудармаммен еуропалық аудиторияға ұсындық. Осы жобаға Қазан қаласынан татардың мықты ақыны, Ленар Шаехты да ұсынғанымды айта кеткенім жөн. 16 қазанда Лондонда TEDxLambeth жобасына таратуға тұрарлық идеялар иесі ретінде қатысуға шақыру алып, пандемия сақтық шарасына орай, сапарға шығу мүмкін емес болғандықтан, қазақ руханияты туралы айтқан видеомды жібердім. Осы орайда, осы видеоның түсіріліміне қолғабыс жасаған Бақытжамал Қайырбекқызы Оспановаға зор ризашылығымды білдіремін.
Алматыдағы Ұлттық кітапхана, Жамбыл атындағы жасөспірімдер кітапханасы, Нұр-Сұлтандағы Ұлттық академиялық кітапханаларында өтетін онлайн, офлайн шаралары да мен үшін маңызды платформалар. Британдық серіктестерім менің идеямды жүзеге асыру мақсатымен халықаралық онлайн журнал жобасына қолдау көрсетуде. Бұл жобада әдебиет, мәдениет, өнер бағытындағы жаңалықтармен әлемге ақпарат таратамыз. Әзірге тек ағылшын тілінде, сосын басқа да тілдерді қамтимыз. Жоба ауқымды, Орталық Азия көбіне назарда. Алғашқы ұсынар ақпарат, әрине, Қазақстаннан. Түйіндеп айтсам, мен қалған ғұмырымды әдебиетке, руханиятқа арнау үшін алдыма үлкен мақсат қойып отырмын.
Бақтыгүл МАХАНБЕТОВА,
халықаралық әдеби агент