Фото: Ақорда
Мемлекет басшысының жазуынша, Қазақстан мен Ресейдің қарым-қатынасы – берік әрі мызғымас достықтың шынайы көрінісі.
«Екі елдің стратегиялық серіктестігі мен одақтастығы тығыз астасып жатқан тарихи және мәдени байланыстарға, сондай-ақ, қос халықтың болашағына қатысты ортақ жауапкершілікке негізделген. Бұрын-соңды болмаған жаһандық сын-қатерлерге қарамастан, біздің елдеріміз тату көршілік пен сан салалы ынтымақтастықтың үлгісін көрсетіп келеді», деп жазды Қасым-Жомарт Тоқаев.
Елдер арасындағы бұл ынтымақтастыққа ортақ мүдде, өзара сыйластық, ең жоғары деңгейдегі сындарлы саяси диалог арқау болып отырғанын ерекше атап өткен жөн.
«Ресей Президенті Владимир Владимирович Путин екеуміз үнемі хабарласып отырамыз. Бір-бірімізге деген құрметке негізделген біздің қарым-қатынасымыз емен-жарқындығымен және іскерлік сипатымен ерекшеленеді. Мұндай тығыз байланыс туындаған мәселелерді жедел шешуге және мемлекеттеріміздің арасындағы шынайы достық қатынасты нығайта түсуге мүмкіндік береді. Соңғы бір жылдың өзінде Ресей Президенті екеуіміз толыққанды форматта төрт келіссөз жүргіздік. Халықаралық іс-шаралар аясында бірнеше мәрте кездестік, телефонмен де жиі сөйлестік», деп жазды Қазақстан Президенті.
Сондай-ақ Президент Қазақстан мен Ресейдің сауда-экономика саласындағы ықпалдастығы тұрақты түрде дамып жатқанын атап өтті.