Саясат • Бүгін, 02:22

Қазір - 90 бірлескен жоба бар, алда - 49 жоба

28 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ресейде шығатын «Известия» газетіне Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қазақстан мен Ресей: стратегиялық серіктестіктің жаңа көкжиегі» атты ауқымды мақаласы жарық көрді, деп хабарлайды Egemen.kz

Қазір - 90 бірлескен жоба бар, алда - 49 жоба

Президент Қазақстан мен Ресейдің саяси ынтымақтастығы мен экономикалық серіктестігі жоғары деңгейде өрбіп жатқанына кеңінен тоқталды.

Айта кетейік, қазір Қазақстанда Ресейдің 23 мың компаниясы табысты жұмыс істеп жатыр. Оның 4 мыңы соңғы бір жылдың ішінде құрылды. Екі ел арасындағы ынтымақтастық қарқыны жоғары екені осыдан-ақ байқалады.

«Екіжақты инвестиция көлемі де ұлғая түсті. 2023 жылы Ресей компаниялары Қазақстанға 3 миллиард доллардан астам инвестиция салды. Қазақстан да Ресей экономикасына осынша мөлшерде қаржы құйды. Елдеріміз бизнес жүргізуге қолайлы орта қалыптастырып, инвесторларды қолдауға қажетті барлық жағдайды жасап отыр. Қазақстан мен Ресей энергетика, өнеркәсіп, көлік-логистика, ауыл шаруашылығы және басқа да көптеген салада бірлесіп, ауқымды жұмыс жүргізіп келеді. Осыған дейін жалпы құны 18 миллиард доллардан асатын 90-нан астам жоба іске қосылды. Қазір де болашағы зор 49 жоба жүзеге асырылып жатыр», деп жазды Қасым-Жомарт Тоқаев.

Осы маңызды жобалардың ішінен Қазақстанда 3 жылу электр орталығының құрылысы басталғанын және Екібастұз ГРЭС-ін жаңғырту жұмыстарын атап өтуге болады. Бұл қатарда Қазақстанның бірқатар аймағын газбен қамтамасыз етуге, сондай-ақ, оңтүстік және шығыс бағытқа тасымалданатын Ресей энергетика ресурстарының көлемін арттыруға қатысты ауқымды бастамалар да бар.

«Астана мен Мәскеу Еуразия экономикалық одағы аясында табысты жұмыс істеп жатыр. Қазір бұл құрылым Еуразия кеңістігіндегі экономикалық ықпалдастықтың маңызды тетігіне айналды және халықаралық деңгейде абырой-беделге ие болды», делінген «Известия» газетінде жарияланған мақалада.

Еске салайық, биыл Еуразия экономикалық одағын құру туралы шартқа 10 жыл толды.

«Қазақстан мен Ресей жаһандық бәсекеге қабілетін арттыру үшін әуел бастан жан-жақты ықпалдастық пен байланысты дәйекті түрде нығайтуға ұмтылды. Сол себепті, бірлестік құру туралы бастама көтеріп, осы ұйымның негізін қалады. Содан бері Еуразия экономикалық одағы оған мүше мемлекеттердің экономикалық саясатын интеграциялау және өзара сауда-саттықты дамыту үдерісі табысты жүзеге асып жатқан аса маңызды платформа ретінде өзінің тиімділігін көрсетті», деп жазды Мемлекет басшысы.