Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Болат Тлепов облыстық «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі қызметкерлерімен кездесуде осылай деді. Түркістан облысына жұмыс сапары барысында Болат Тлепов облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қалқамановпен бірге Түркістандағы «Конгресс-Холл», «Алатау медиа» және «Сапар» орталықтарын аралап көріп, жұмыстарымен танысты. Мұнан соң вице-министр Қожа Ахмет Яссауи атындағы Қазақ-Түрік университетінің кітапханасында болды, сонда орналасқан облыстық «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің жұмысымен де танысып шықты.
Өңірде биыл «Туған жер» арнайы жобасы аясында меценаттар тарапынан 2 млрд теңгеден аса қаржыға 75 нысан халық игілігіне берілген. Сонымен қатар «Түркілер төрі Түркістан» атты халықаралық онлайн-конференция, «Рухани жаңғыру: Түркістан дәрістері» атты облыстық деңгейде кездесулер ұйымдастырылған. Жалпы, жыл басынан бері «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында облыста 821 іс-шара өтіп, 100 мыңға жуық адам қамтылған. Іс-шаралардың басым бөлігі онлайн форматында, челлендж, байқау, кездесулер түрінде ұйымдастырылуда. Жыл бойғы атқарылған жұмыстар туралы вице-министрге облыстық «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің басшысы Айдар Сейдәзім жан-жақты баяндап берді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласындағы негізгі бағыттардың бірі – «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» арнайы жобасы. Аталған бағыт аясында облыста биыл 46 іс-шара ұйымдастырылып, оған 6 мыңға жуық адам қатысқан. Өңірдегі барлық білім беру мекемелерінде жоба туралы жан-жақты түсіндіріліп, сынып, тәрбие және түрлі ашық сабақтар өткізілуде. Барлық кітапханалар арнайы шығарылған кітаптармен қамтылуда. Болат Анапияұлы атқарылған жұмыстарға оң бағасын беріп, кеңсе қызметкерлерімен өзара пікір алмасты. Бағдарламаның басым бағыттары бойынша жұмысты одан әрі жандандыру жөнінде жаңа бастамаларды таныстырды. Сондай-ақ вице-министр бірқатар үкіметтік емес ұйым басшыларымен кездесіп, алда атқарылатын жоба-жоспарлар жөнінде пікір алмасты. Кездесу барысында үкіметтік емес ұйымдардың жұмысын жандандыру, жобаларды қаржыландыру, жүйелеу бағытында қолға алынғалы отырған бастамалар жөнінде баяндалды.
Оңтүстік өңірге сапарында вице-министр алдымен Шымкент қаласында «Рухани жаңғыру» өңірлік жобалық кеңсесінің қызметкерлерімен кездесу өткізген болатын. Кездесу барысында вице-министр бағдарламаны Ұлттық жаңғыру кезеңіне көшіру бойынша жол картасын әзірлеудегі жоспарларды айтып өтті. Жол картасы аясында мемлекеттік тіл мәртебесін арттыру, жоғары ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтар негізінде рухани-адамгершілік және патриоттық тәрбие беру, еңбек адамын қалыптастыру, ауылды жандандыру сынды кешенді іс-шаралар қамтылатын болады. Сондай-ақ үшінші мегаполисте «Сақ» киностудиясы қызметімен танысқан Болат Тлепов сапалы анимациялық фильмдер шығару бойынша атқарып жатқан жұмыстар және өскелең ұрпақтың дамуына қосқан баға жетпес үлесі үшін алғысын білдірді. Айта кетелік, «Сақ» киностудиясы биыл «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Шымкент қаласы әкімдігінің қолдауымен, «Qazaqstan» ұлттық телеарнасының тапсырысы бойынша, Ұлы даланың ұлы тұлғасы, ғұлама Әбу Насыр Әл-Фарабидің 1150 жылдығына арналған «Әл-Фараби» көпсериялы тарихи фильмін түсіруді аяқтады.
Сонымен қатар вице-министр Шымкент қаласының даму тарихын бейнелейтін «Цитадель» аумағын аралады. Ескі қаланы жаңғырту бойынша қазба, реставрациялау жұмыстарының бірінші кезеңі аяқталған, енді келесі жылы «Цитадель» аумағында ашық аспан астындағы музей және амфитеатрдың ашылуы жоспарланып отыр. «Цитадель» болашақта Шымкенттің негізгі туристік орталығына айналмақ.
Шымкент – Түркістан