Аталған залдың ашылу салтанатында беташар сөзді Ұлттық музейдің директоры Арыстанбек Мұхамедиұлы алды.
– Адамзат тарихында түркі өркениетінің алатын орны өте зор. Ұлан-ғайыр атырапты бағындырған түркілер көшпелілік пен отырықшылық мәдениетті шебер ұштастырып, өнер мен ғылымның іргелі ордасына айналды. Сондықтан ата-баба ерлігін ұлықтау – біздің міндетіміз! – деді А.Мұхамедиұлы.
Шара барысында Түркия Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Уфук Экиджи, Өзбекстан Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Саидикрам Ниязходжаев, Қырғызстан Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Жээнбек Кулубаев, Әзербайжан Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісінің бірінші хатшысы Эйваз Мусаев құттықтау сөз сөйлеп, көне түркі өркениетінің мәдени және рухани мұраларын саралап, олардың бүгінгі ұрпақ үшін маңызын атап өтті.
Айта кетейік, іс-шараның негізгі мақсаты – Еуразияның далалық аумағында империялық дәрежеге жеткен Көне түркі өркениетінің мәдени және рухани мұраларын бүгінгі түркі халықтарының мызғымас мұрасы ретінде насихаттау.
«Көне түркі өркениеті» залы Ұлы дала төсінде алып мемлекетке айналған ортағасырлық түркілердің рухани және материалдық мәдениетіне арналған. Жалпы, зал экспозициясы үш бөліктен тұрады. Алғашқысы түркілердің жазба мәдениетіне арналса, екінші бөлігінде түркілердің діни сенімінен сыр шертетін тас мүсіндер қойылған. Зал экспозициясының үшінші бөлігінде түрлі қорымдар мен обалардан табылған тарихи жәдігерлер (ат-әбзелдері, қару-жарақтар және т.б.) топтастырылған.
Енді, бұдан былай Ұлттық музейдің қонақтары жаңадан ашылған «Көне түркі өркениеті» залын тамашалап, ұлттық тарихымыз бен мәдениетімізге қатысты тың мағлұматтармен таныса алады.