Елорда • 16 Қараша, 2020

"Толеранттылық – әлемдік өркениеттің негізі" атты халықаралық онлайн конференция өтті

617 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

12 қарашада Нұр-Сұлтан қаласында Халықаралық толеранттылық күніне орайластырылған "Толеранттылық – әлемдік өркениеттің негізі" тақырыбында жыл сайынғы халықаралық онлайн конференция өтті.

"Толеранттылық – әлемдік өркениеттің негізі" атты  халықаралық онлайн конференция өтті

Конференцияны ұйымдастырушы: Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығы.

Конференция жұмысына Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі – Марат Әзілханов, «Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Нұрсұлтан Назарбаев орталығының» Басқарма Төрағасы – Алтай Әбибуллаев, ЮНЕСКО-ның Алматыдағы кеңсесінің директоры – Криста Пиккат, БҰҰ Жаһандық коммуникация департаментінің бастығы – Властимил Самек, БАӘ Мұсылман ақсақалдар кеңесінің Бас хатшысы – Сұлтан Фейсал Ремейти, Иран Ислам Республикасы Мәдениет және исламдық байланыстар ұйымы Дінаралық диалог халықаралық орталығының Төрағасы – Мұхаммед Мехди Тасхири, Түркия Республикасы Дін істері жөніндегі департаменттің орынбасары - Селим Аргун, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі хатшылығының мүшесі, "Сомайя Видьявихар" Үндістан ұйымының өкілі  - Рудракша Сакрикар, сондай-ақ АҚШ, БАӘ, Иордания, Өзбекстаннан халықаралық сарапшылар, дипломатиялық корпустың, Қазақстан халқы Ассамблеясының, ғылыми сарапшылар қоғамдастығының, азаматтық қоғам институттарының өкілдері қатысты.

Конференция барысында еліміздегі және әлемдегі толеранттылық, этносаралық татулық және конфессияаралық келісім мәселелері бойынша пікір алмасу болды.

Конференцияға қатысушылар құттықтау сөз сөйлей отырып, Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің мақсаттары мен міндеттерін ілгерілету жөніндегі Уәкіл, Қазақстан Республикасындағы БҰҰ Өркениеттер Альянсының Ұлттық үйлестірушісі – Марат Әзілханов Қазақстан конфессияаралық және өркениетаралық қатынастың белсенді жақтаушысы, әлемде толеранттылық идеяларын алға жылжытуға барлық жағынан ықпал ететіндігін атап өтті. Бұған 2003 жылдан бастап Қазақстанның астанасында тұрақты түрде өткізіліп келе жатқан Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі көрнекті мысал бола алады.

ЮНЕСКО-ның Алматыдағы кеңсесінің директоры Криста Пиккат ханым өз сөзінде «толеранттылық – бұл шын мәнінде ақыл-ой, ұғыну ахуалы, бұл мәдени әртүрлілік, байлықтың бір түрі, бөліну факторы емес» деп атап өтті.

"Бүгінде Қазақстан, бүкіл әлем сияқты, коронавирус пандемиясымен күресуде және оған жаһандық экономикалық орта теріс ықпал етуді. Сонымен қатар, төзімсіздік, экстремизмнің дамуы, радикализм мен зорлық-зомбылықтың бүкіл әлемге таралу көріністерінің шындықтары толеранттылық мәселелері бойынша адамзаттың өзара іс-қимылын күшейтуді талап етеді. Н.Назарбаев орталығы жаһандық әлемде дінаралық және өркениетаралық диалогты ілгерілету үшін өзара әрекеттесудің тиімді әдістеріне қол жеткізу және қолдану мақсатында БҰҰ-мен байланысты нығайтуда. БҰҰ Өркениеттер Альянсымен серіктестік туралы келісімге қол қойылды. Қазіргі уақытта Орталық құқықтық институттандыру және БҰҰ жүйесінде тіркеу бойынша белсенді жұмыс жүргізуде",  деді Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Нұрсұлтан Назарбаев орталығының Басқарма Төрағасы Алтай Әбибуллаев.

Түркияның Дін істері басқармасы төрағасының орынбасары доктор Селим Аргунның айтуынша, барлығымыз қоғамда толеранттылық мәдениетінің үстем болуына назар аударуымыз керек, біз өткен және қазіргі уақытта жинақталған оң тәжірибелерге жүгінуіміз керек деді.

Жалпы, іс-шараға қатысушылар халықаралық қоғамдастықта толеранттылық, бейбітшілік, рухани келісім, ынтымақтастық идеяларын ілгерілетуге бағытталған жаңа прогрессивті идеяларды ұсынды.

Еске сала кетсек, 1995 жылы 16 қарашада ЮНЕСКО-ға мүше елдер Толеранттылық қағидалары декларациясын қабылдады, 1996 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясы жыл сайын 16 қарашаны Халықаралық толеранттылық күні ретінде атап өтуді ұсынды.