27 Қараша, 2013

Әкімнің әйелі

516 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

(Қаз-қалпында)

Таңертең бірден құ­­­рылыс басына жиналды. Өзі қарап жүрмесе салынып жатқан зәулім үйдің сәні көңі­лінен шықпайтындай. Күнделікті ақыл айтамын деп бұл құрылысшылардан қажыды, сөз естігеннен олар шаршады. Жүргізушісі әдеттегідей сыртта тұр екен. Амандасқан болып аузын жыбырлатты да қоя салды. Рульге өзі отырды. Жүргізуші жігіт көңіл-күйінің болмай тұр­ғанын сезді де кетіп қалды. Жаяу жүргенді ұмытты. Бала кезде өзен жағасында жалаңаяқ жүгіргенді жақсы көретін. Сусыған қалың құмға аяқтары бір батып, бір шығып ағасы екеуі жалаңаяқ үйлеріне келуші еді... Таңғы шәйін де ішкен жоқ. Таңғы ас тәңірден деуші еді анасы. Тіршілік асықтырып болмайды. Бүгін нор­вегиялық үлгімен салынып жатқан коттедждің жапсырмаларын қарап, пайдалануға рұқсат беруі керек. Сол үшін, міне, асығып келеді.

(Қаз-қалпында)

Таңертең бірден құ­­­рылыс басына жиналды. Өзі қарап жүрмесе салынып жатқан зәулім үйдің сәні көңі­лінен шықпайтындай. Күнделікті ақыл айтамын деп бұл құрылысшылардан қажыды, сөз естігеннен олар шаршады. Жүргізушісі әдеттегідей сыртта тұр екен. Амандасқан болып аузын жыбырлатты да қоя салды. Рульге өзі отырды. Жүргізуші жігіт көңіл-күйінің болмай тұр­ғанын сезді де кетіп қалды. Жаяу жүргенді ұмытты. Бала кезде өзен жағасында жалаңаяқ жүгіргенді жақсы көретін. Сусыған қалың құмға аяқтары бір батып, бір шығып ағасы екеуі жалаңаяқ үйлеріне келуші еді... Таңғы шәйін де ішкен жоқ. Таңғы ас тәңірден деуші еді анасы. Тіршілік асықтырып болмайды. Бүгін нор­вегиялық үлгімен салынып жатқан коттедждің жапсырмаларын қарап, пайдалануға рұқсат беруі керек. Сол үшін, міне, асығып келеді.

Қап! Көшеден өтіп бара жатқан жаяу жүргіншіні байқамай қалды.

– Адамның жанын темір деп ойлайсыңдар сендер! – деген әйелдің ашынған дауысын естіп, кілт тоқтады. Рульге басын сүйеп отырып қалды. Ағасы осы дөңгелектің астында қалып, қайтыс болғаны есіне түсіп, селк етті.

– Салқын! Есіңді жи! –деп тоқтат­қан екен ғой.

Елде жоқ, жұртта жоқ атының бұлай қойылғаны 59-жылдың шілде айының 9-ы – бұл туған түн қатты салқын болыпты. Анасы толғағы түспей, қатты қиналса керек, «тоңып барамын, пеш жағың­даршы» депті. Жазды күні шілдеде үй ішіне түтіндетіп пеш жағып, содан барып бұл өмірге келіпті... Өзі қағып кете жаздаған әлгі әйелдің соңынан жүгіре жетті.

– Апатай, кешіріңіз, байқамай қалдым, міне, алыңыз, айып-пұлым, – деп ақша ұсынып еді, әйел аң-таң.

– Бәрін де ақшамен сатып алып үйренгенсіңдер ғой. Арым – жанымның садағасы. Керегі жоқ! – деді жолың әні, бара бер дегендей әлгі әйел.

Көше шетінде асыға басып кетіп бара жатқан қарапайым әйел­дің соңынан қарап тұрып қалды. Қасына келіп жеткен жол сақшы­лары жақындауға, бірдеңе айтуға жасқанды ма, көліктің нөмірін көре сала кетіп қалды. Алыстан бақылап қарап тұрды. Әлгі әйелдің ақшадан жиіркенгенін қарашы!.. Әншейінде ақша жоқ, бұлар бәрін өздері ішіп-жеп жатыр, бала-шағаны асырай алмай отырмыз, деп маза бермейді, әкімдердің есіктерін тоздырғанда сондай, енді келіп ақшаны алмай шіренеді.

Машинасына келсе, ұялы телефонына әкім 10 рет хабарласыпты. Ақыры болмаған соң: «Жүргізушісіз жүруші болма! Айтқаным-айтқан, бірдеңеге ұшырап қаласың! Онсыз да жылу аз, таза су, жол деп жұрт у-шу, енді маған жетпегені сен едің!» деп хабарлама жіберіпті. Жол бойындағылардың мықтысын қарай гөр, әкімге де хабарласып үлгеріпті. Тағы да жұрт! Осы жұрттың бізде не шаруасы бар өзі! Әкімдердің де отбасы, бала-шағасы, ақыр аяғында әйелі бар емес пе?..

Ашулы күйде қала шетіне шығып кетіпті.Тағы да рульге басын сүйеп отыр. Әкімнің әйелі болған қандай қиын! Емін-еркін жүре алмайсың. Айналаң сені қор­шап маза бермейді. Үлпілдек мақта сияқтысың. Бәрі сені үптеп, үкілеп жерге түсіргілері келмейді. Бізді бұзатын осы айнала. Сағат 3-ке жаңадан ашылатын қазақ мектебіне шақырып қойғаны есіне түсті.

– Хасан Құсайынұлы келе алмай қалса, сіз, Салқын Санияз­­қызы, өзіңіз келсеңіз, тұсаукесерін жасап берсеңіз. Мектепке бейнекамера қажет, – деген еді мектеп ди­ректоры Бақыт Ақанқызы. Әрине, әкім бүгін бара алмайды. Күнбағыс майын шығарамыз деген Таязкөлдегі зауыт бір бөтелке де май шығармай, тоқтап қалыпты, әкім бүгін ашулы, сол жақта жүр. Минут сайын әкімдікте кешке дейін бір бітпейтін жиналыс, одан қалса, орталық шақырып жатыр, форум, мәжіліс деп жөнеледі. Кей­де бұл күледі: сонда сен осы жиналыс өткізу үшін ғана әкім болып тағайындалдың ба деп.

Айтпақшы, Хасан Құсайынұлы – мұның жұбайы. Қанифа әжесінің айтуынша, Хасан мен Хұсайын Пайғамбардың немерелерінің аттары екен, аталары ақылды, адал, таза жүректі адам болсын деп ырымдап қойған шығар-ау...

Мектептің тұсаукесерін ашуға барғанда, дирек­тор қазақша сөйлей алмай тұр. Қазақша сөйлеу сәнге айналса да: «Ну, ну, мен аздап-аздап сөйлеймін», деп қарап тұр. «Әкімнің әйелі қазақша сөй­лемейді деп кім айтты!» – деді бұл. – Орысша оқысақ та отбасында ана тілімізде сөйлейтінбіз.

Бұл келгенде мектеп директоры құттықтау сөз жаттап отыр екен.

– Сіз боссыз, – деді бұл.

– Қалай?.. Если я не знаю казахский язык, то... то... то, я не вино­вата, Салкын Саниязовна, қазір трехязычный век, так что...

– Так что, абсурд! Сонымен не демексіз!..

Тағы да әкім күйеуі хабарлама жазыпты. «Түркияға барып демалып кел. Менің жұмысыма араласпа! Кешкі ұшақпен жедел ұш! Маза бер маған! Онсыз да мына қасымда жүрген жалбақ, жасанды кадрлардан әбден жалықтым», депті. Бұл қымбат шоколадтар алды, шашу шашты, көпбалалы отбасыларды жазып алды. Тағы бір қайта айналып келемін деп өзіне-өзі сөз берді. Әжесі айтатын, бір түйір мейіз берсең де садақа бер деп. Мектептен ашуланып шығып келе жатыр еді:

– Әй, қызым, қарағым,– деп бір ақсақал тоқтатты. – Сенің құзырың қандай? Әкімнің әйелі болғаның үшін ғана осылай жүрмісің?!

– Мен қалай жүр екенмін ата!– деп Салқын да тиісе сөйледі.

– Мына қызыл бас қатын директорды қуып шыққаныңды айтамын да. Дұрыс жасадың. Қазақтың тіліне бақа-шаян, бүрге түсіретін осылар. Рахмет айтайын деп. Әйтпесе, әкімнің әйелі келеді деп ата-аналардан шәйға, пәдәркіге ақша жинаттырып мазаны алды ғой, – деді ақсақал.

– Ата, менің де жұмысым бастан асады. Әкімнің әйелі жұмыссыз отырсын деген заң жоқ. Жетім балаларға арналған үйлер салып жатырмыз, – деді. «Өз қаражатымызға, қазақтың да жетім балалары бар», – деді күбірлеп.

Кешке бассейнге шомылды. Күтуші қыздар ма, бірі жеміс шырынын, бірі сүлгі дайындап зыр жүгіреді. Басқан ізің аңдулы. Мектептегі шудан кейін күйеуі жіберген болды ғой. Әкесі қойма күзетушісі болған қызды енді біреу күзетіп жүр. Әкесі ауылдағы астық толы қойманы күзетті. Бұлар әкелерін өмірі көрмейтін. Ерте кетеді, кеш келеді. Шаң-шаң брезент күртесі бар еді... Судан атып шықты. Бәрі де аң-таң.

– Енді маған керегің жоқ. Бара ғой, демала бер, – деді оққағар жігіттің қасына келіп. Су-су денесі дір-дір етеді. «Әкем де осылай көз ілмей еңбек етті, бірақ, бірақ ол астықты күзетті, халық нан жесін деп, ал мен не істеп жүрмін» деді іштей. Сол екен күтуші қыз ке­­ліп: «Алыстағы ауылдан сізге Ақлима деген құрбыңыз телефон шалып тұр», деді.

– Ақлима, ол қай Ақ­лима? Шыңғыстың әйелі ме? Қан­жығалының келіні ме? Мәруаның қызы ма? – Қа­пелімде есіне түсіре алмады. Өткенде ғана ауылдың мектебіне тонналап көмір түсір­тіп, қазандығын жөндетіп беріп еді. Тағы не болды екен? Мешіттің шатырынан су ағып тұр деп еді?..

Сөйткенше болған жоқ: «Мен ғой Салқын, мен Ақли­­мамын ғой! – деді теле­фон­ның аржағындағы әйел дауысы жыламсырап. – Көмегің керек, Жошыбектің әйелі толғатып жатыр. Жол өте нашар ғой, қалай апарамыз? Аудан орталығына де­реу жеткізу керек. Іші үлкен, егіз таппаса игі еді». «Жошының өзі қайда?! «Ауыл­дың құдығы істен шы­ғып, әйелінің айы-күні жетіп отырғанын біле тұра, ар­тық-ауыс құралдарын әке­лемін деп ауданға кеткен!». «Жылама, қазір ауыл­дың жолына шыдай алатын машина жібертемін»...

– Әй, әкімнің әйелі! әкім­нің әйелі деймін! Тұр, тұр тезірек!

Салқын селк етіп оянып кетті. Тү-у!.. Манадан бері көргені түсі екен ғой. Қасында көрші әйел Ақлима тұр.

– Сені не өзі марту басқан ба?! Тіпті, оянбайсың ғой! Әкім қайда?

– Не болып қалды!? Сен­­дерге не болды?! – деді Сал­қын жан-жағына қарап, жаңа ғана көрген түсінен айыға алмай. – Қайсы әкімді, кімді айтасың? – деді тағы да түсінде күйеуі болған әкім­нен айырылып қалғанын біліп, ойбайлап тұрып жылады.

–Өй, мына қатынды жын соққан ба, ей? Әкім қай­да деймін. Ей, ояншы-ей! Жошының әйелі толғатып жатыр. Ауданға апару керек! Әкімнің машинасымен, – деді Ақлима айғайлап.

***

...Салқынды ауылда жұрт­­тың бәрі күйеуінің есімі Әкім болған соң «әкім­нің әйелі» деп атап кеткен еді. Күндердің күнінде Салқын түсінде кәдімгідей шын әкімнің әйелі болады ғой. Күнделікті анау жоқ, мынау жоқ деген күйбең тіршіліктен құтылғандай, армансыз ақ мамықтай қалықтап жүргісі-ақ келіп еді, Ақлима көршісі келіп оятты да жіберді. Әттең, түске не дейсің енді! Жақ­сылыққа жориық. Әкім­дердің әйелдерінің бәрі де Салқынның түсіндегідей кеңпейілді, мейірбан болса игі...

Фарида БЫҚАЙ,

«Егемен Қазақстан».

ПАВЛОДАР.

Соңғы жаңалықтар