Қазақ пен орыс ежелден тату. Екеуінің қаны бір болмағанмен қағидасы бір, екеуін қылкөпірден өтерде әйтеуір бір құдірет құтқарып қалып, тарих толқыны бірге ығып, кемесі бір бағытқа жүзгендей. Әріге барсақ, Қазақстанның Ресейге қосылуының 250 жылдығында жөргегімізді бірге жайып, бір туғаннан бетер болсақ, әліге дейін әліміз келгенше шекара сызығының екі бетінде етене болып қалуға басқалардай емес, барымызды салып келеміз.
Қазақ пен орыс ежелден тату. Екеуінің қаны бір болмағанмен қағидасы бір, екеуін қылкөпірден өтерде әйтеуір бір құдірет құтқарып қалып, тарих толқыны бірге ығып, кемесі бір бағытқа жүзгендей. Әріге барсақ, Қазақстанның Ресейге қосылуының 250 жылдығында жөргегімізді бірге жайып, бір туғаннан бетер болсақ, әліге дейін әліміз келгенше шекара сызығының екі бетінде етене болып қалуға басқалардай емес, барымызды салып келеміз.
Шекаралас көрші Шарыпхан мен Михаил да әскерге алынған күннен бірге жатып, бірге тұрды. Үш ай жауынгердің төзімін сынаған «карантин» деген жер тепкілеуден де аман-есен өтті. Әскер тілі – Мишаның тілі, жалпы, жарғысы да Мишанікі, Шарыпхандікі – селпеңдеп еріп жүру. Мишаның ауылы Мәскеу де, Шарыпхандікі – Түркістанда. Үш айдан кейін екеуін жер түбі – Ауғанстанға алып кетті. Онда да екеуінің жұптары жазылмады. Дұшманды аңдыса да, өз әскерлерімен әңгіме-дүкен құра қалса да бір үйдің баласындай бірге жүріп, бірге тұрып, екі жыл көзді ашып-жұмғандай өте шықты. Бұған бір жағынан Шарыпханның орыс тіліне жетіктігі себеп болды. Басқа мұсылман көкөрімдері тілі шықпаған баладай орысшаның тігісін жатқыза алмай жалпақтап жатқанда, Шарыпхан нұсқау беруде де, алуда да алдына жан салмады. Сөйтіп, бөлімше командирі боп бірнеше адамның үстінен қарап, үстемдігін жүргізді. Таулы далада қол-аяғы кесілген дұшман мен жазықсыз жапа шеккен кеңес әскерін көзімен көріп, бұған не шара деп әскерилердің әулекі әрекетіне іштей егіліп, ұнжырғасы түскенде, кереуетінде өмірге біртүрлі көзбен қарап өксіп жатқан кездері де аз болған жоқ.
Міне, енді жиырма төрт ай артта қалып, елге қайтатын кез де жетті. Екіден-үштен серіктесіп жолға шыққан жауынгерлердің жағалары жайлауда, екі езулері екі құлағында. Таулы даланың дөңбек тасымен қош айтысып, шырылдап ұшқан тікұшақпен қас пен көздің арасында алып қалаға да жетті. Шарыпхан мен Михаил осылардың санатында, екеуі де мақтау қағазына ие боп, әкесіндей көрген рота командирі лейтенант Анастасьев қолдарын құшырлана қысып, шығарып салды.
– Қалаға дейін бірге барыңдар. Сосын, сен еліңе – Қазақстаныңа тарт. Сен, мына мекенжайға мына қапшықты жеткізіп таста да Мәскеуге, ата-анаңа тарт, – деді алабұртып. Тіпті, құшырлана қолын қысып болғасын көзіне жас алып, бетінен өпті де, бақырайып қарап біраз тұрып, бұрылып кетті. Қасындағы Шарыпхан көріністің бәріне куә боп, өз бетінен өппеген лейтенанттың қатыгездігіне қарны ашып қала берді.
Араның ұясындай құжынаған әуежайдан тікұшақтар үлкен қалаға қарай кезекпен көтерілген кезде лейтенант көзден сытылып кетісімен екі жыл казармада да, шекарада да бірге болған «майдандас» Михаилға Шарыпхан бір сыр айтты.
– Миша, мұсылманда жау шауып жатса да әуелі әке-шеше, жекжат-жұрағатқа барып сәлем береді. Сенің үйің тиіп тұр. Әуелі үйіңе барып, ата-анаңа сәлем бер, сол қаудырлаған қапшық құрып кетеді дейсің бе, бір күн кешіксең Питерің көшіп кете қоймас.
– Онда сен менімен бірге жүресің. Сен де Қазақстанға бір апта кешігіп барсаң, миллиард пұт астық берілмей қалмас. Кесенені көріп, Ильичке барып сәлем бересің.
– Келістік.
Лейтенант күректей алақанымен Мишаның жон арқасынан қалай сарт еткізіп бұрылып кетсе, екеуі шағын әуежайда бір-бірінің енді жетіліп келе жатқан қалақтай жауырынын құшырлана құшақтап біраз тұрды. Сөйтіп, билеттерін қайта өткізіп, екеуі де Мәскеуге бірге бағыт түзеді.
Сол сәт Мишаның көз алдына көлбеңдеген жас лейтенанттың кейпі: «Абай бол, маңызды құжат қой, маған да жоғарының жүктеген тапсырмасы», деп көз қиығын сала қарап, ең соңында, жанарына жас алуы арғы жағы бос адамның кейпін танытты. Ұзамай билеттерін өткізген екеуі тікұшақпен аспан төсін шыр айнала зырылдап жүйткігенде Мәскеуді бетке алған әуе жолында сары сыраны бөтелкемен аузынан сіміріп, арасына №12-ші қызыл шарапты араластырып, жаудан беті қайтпаған жауынгердің кейпінде отырды.
Тікұшақ үстіндегі қызыл шарап екі жауынгердің аузымен екі жылдан бері айтылмаған талай әңгіменің отына май құйды. Мишаға ұстатқан жұмыр қапшықтың қасына жетер жеріне жеңіл жетсін деп, лейтенант №12-ші қызыл шарапты салудай-ақ салған екен, сол таусылғанша әуе жолындағы өзі аз адам тау бөктерінің үстінен шұқшиып, алып қалаға жеткенше жандары рахатқа кенелді.
– Өзі Ауғанстанға сендерді аз алыпты ғой, – деді Шарыпхан аузына болмашы шарап тиіп, тұлабойы босаңси бастаған кезде.
– Сендер тұрғанда, бізді қайтсін, – деді Миша тағы бір бөтелкенің тығынын тісімен тыңқ еткізіп. – Кеңестің қорғаны өздерің емес пе... – әжептәуір қызып қапты. Шалт қозғалғанда тікұшақ дір етіп, көгілдір таулардың үстін шыр айналған үшкір зырылдауық айналасын желдеткіштей желпіп жіберді.
– Егер екі қол, екі аяғын кесіп, үстімізден тастаған мұсылман болмай, мен болсам... мені тірідей тастамас еді, оны мұсылман баласы болғасын ғана кеудесіндегі шыбын жанын шырқыратып тастады ғой.
– Онан да тастамай-ақ қойғаны жөн еді.
– Кел, алып қояйық... – Миша казармадан ала шыққан саптыаяғын ұсынды. Шарыпхан 250 жылдан бері дайын тұрған достық қолын өз еркімен созды. Тікұшақ тағы бір теңселіп кетті. Миша сөмкесіне қараса, №12-ші шараптың тек бос бөтелкелері шалқасынан түсіп жатыр екен. Тырсиған қапшыққа масаң көзін бір салып қойғанда алып қаланың төбесінен кішкентай әуежайға қарай тікұшақ біртіндеп төмендей берді.
Алып қаланың аспанынан жерге қону оңай болмады. Зырылдауығы шыр айналған тікұшақ дір-дір етіп шағын әуежайға табан тигізгенмен ішінен түскен қос жауынгердің жүрегі өрекпи соғып, әсіресе, сол жердің төл перзенті Миша: «Астана менікі, мен не айтсам сол болады», деп тікұшақтан түсісімен тең құқық барын ұмытып, «тисе терекке, тимесе бұтаққаның» керімен өріп жүрген өзге ұлт өкілдеріне өктемдік көрсетуге тырысты.
Бір сағатта бәрі де басқаша болды. Талайды тәрбиелеген Әдебиет институты маңындағы қабырғасы қызылжағал екі қабатты ескі үйдің алдына келгенде ет жүрегі езіліп қоя берді. Есікті ашар-ашпастан аңыраған ата-анасын көрді. Соғыс көрген әкесі қарсы алдында тұрған ұлына қарап, кәрі жүрегі жарылып кете жаздаса, Миша өзінен кейінгі інісін өлдіге санап, бұл соның жаназасы болар деп, бәрін бір інісінің қасіретіне теліген.
– Миша, Мишенкам, бар екенсің ғой, – деп ұнжұрғасы түскен анасы құшақтап құшқанда ата-анасы адамнан қашқан ажалдың сытылып кеткенін көріп тұрып, қарсы алдындағы перзентіне көз құмарлары қанбай қарай берді.
– Жорик қайда? – дегенде, «Ол сабағында ғой» деген шешесі умаждалған қағазды ұлына ұсына берді.
– Түнде әскери бөлімшеден біреу келіп өте қатты ескертіп кетті. Миша, қателескендері қандай жақсы болған, – деген шешесінің сөзін тыңдап тұрып, умаждалған қағазға көз салғанда: «Сіздің ұлыңыз Михаил Ефремович Васильев Ауғанстан шекарасында ерлікпен қаза тапты. Сүйегін жеткізу мойнымызда. Күтіңіздер. Застава командирі капитан Жадков», деген жазуды оқыды.
– Қателескен ғой, – деді Миша мәз боп.
– Отырыңдар, – деді соғыс көрген әкесі қасындағы қалың қара қасты, мұсылман өңді жігітке қарап. Сөйтті де, үстел жайған әйеліне ым қағып, жан азабы тарқай бастаған қақсал кемпір мойнынан қылқындыра ұстап әкелген ақ арақты қырлы стаканға лекілдете құйып, «Сендердің келулерің үшін» деп өзі бастап, ашырқана тартты. Әкесі бастағасын баласы дес бермеді. Шарыпхан бұлардан қонақпын деп төрт аяғы тең буылған қой мен бал татыған сары қымыз күткен жоқ, «Мишаның аман келгені менің сыйлы қонақ болғаным» деп, мың-миллион халқы бар алып астананы аралап шықты. Оны оң жұдырығын түйіп жатқан Ильич кесенесінен бастады. Сосын стадионға барып, теңбіл доп тепкендерге біраз телміргесін әке-шешесін көргісі кеп, пойызға мінуге асықты.
– Анау қапшықты жеткіз деген жеріне жеткізбейміз бе? Сонда Эрмитажды көрсетемін, – деп досы жүрек тұсына қолын қойды. Төрт бұрыш қатырма қапшық мұп-мұздай боп былқ-сылқ етіп жатыр. – Осыны ашып көрсек қайтеді?
– Көрсек көрейік. Желімдеу көзді ашып-жұмғанша ғой. Мен де сен сияқты әке-шешемді сағындым. Пойызбен барып, көз құрышымды қандырмасам, – деп Шарыпхан да тезірек жер көріп жолға шығып, топырақ иіскегісі келді.
Миша кешегі ішкен зәһардан тұла бойынан әл кетіп, он екі мүшесінен мүңкіген иіс аңқыса, тағы бір «жүзді» тартып алғасын қаудырлаған қапшықты өткір бәкімен шетінен жәймен шертіп жібергенде әуелі жұп-жұмсақ ақ қағаз, сосын үгітілген көгілдір ұнтақ қаудырлап ұшып түсе бастады. Мұның құжат емес екендігіне көзі анық жеткен жігіт бәкімен сары қағаздың бір шетін түгел орып жібергенде көгілдір ұнтақ шашылып жерге түсіп, мұрын жарған өткір иіс мүңкіп қоя берді.
– Біздің ауылда насыбайшы Әжімұрат осындаймен айналысушы еді. Мынау апиын ғой.
– Сен соған апарып берсейші.
– Жоқ, беретін жеріңе өзің бер. Осындаймен айналысатындардың арасында екі жыл жүріп келдің ғой. Бұл баратын мекенжайынан адасып, осында кеп отыр. Ажалың жоқ екен, Васильев.
Әкесі сабырмен тағы бір бөтелкенің аузын ашты. Сөйтіп, баласының алабөтен өзгерген тағдыры үшін тартып жіберіп, былқ-сылқ еткен қапшықты да, ажалдың хабаршысы – қара қағазды да аудандық үш әріп мекемесі – мемлекеттік қауіпсіздік комитетіне апарып берді. Олар жоғарыға сұрау салып жанталасып жатқанда Миша мен әкесі Қазан вокзалынан көзі отша жайнап, жүрегі алып-ұшқан Шарыпханды кәйіп ұстаған көңілмен отарбаға отырғызып салды.
Қара қағаздың орнына баласын көріп, әлі күнге ес жия алмай есеңгіреп жүрген шал: «Ажалды қайтарған қазақ, сенсің ғой», деп, жігіттің жап-жалпақ жауырынына алақанымен салып қап, жолаяқтың ырымы үшін шын ықылас танытып, тағы бір «Айрықшаның» аузын ашты. Әкелі-балалы екеуі лебіздерін айтып, ашырқана тартқаннан кейін төрт аяғын тең алған отарба теңселіп барып, Мәскеуден Түркістанға қарай кең даланың төсінде көсіле шапты.
***
Сонан тергеу басталды. Миша Ленинградқа қаудырлаған қапшықты алып барғанда ол ажал құшып, кері қайтпас еді де, мұның үйіне Ауған жерінен қара қағаз келіп, қайғы құшып жатқаны жоғарыдағылардың жасаған жоралғысы еді. Бір ауыз сөз бәріне араша түсіп, ажалды кері қайтарып, Шарыпхан сол жолмен кепілдікке қайта келді.
– Осылай айтқаның рас па? – деді Мәскеудегі аудандық қауіпсіздік комитет тергеушісі.
– Рас. Біз келгенде қара қағаз алған үй қара жамылып жатты, – деді Шарыпхан. – Сірә, 37-де атылғандар да осындай күй кешсе керек. Бірақ, ол кезде біреудің сөзін тыңдап, тағдырына тосқауыл болған ешкім жоқ қой деген ой алпыс екі тамырын аралап жүріп алды.
– Сосын не істедіңдер? – деді тергеуші.
– Ленинді көрдік, – деді Шарыпхан. «Оны қайдан көріп жүрсіңдер?» дегендей бақырайып бір қарады. Әйнектің астында оң жұдырығын түйіп жатыр дегісі келіп еді, тергеуші қиырдан келген жігіттің қиқар мінез-құлқын ұнатпады да: «Боссың», деп қоя берді.
Ауған жерінен өздерін шығарып сап, Мишаны құшырлана құшқан рота командирі лейтенант Анастасьевті шақырып, үшеуін беттестіріп, Анастасьев аса қауіпті қылмыскер ретінде кеңес заңымен ең жоғары жаза – ату жазасын алды. Осының бәріне Шарыпхан куә болды.
– Мен де біреудің айтқанын істедім, – деп ақталды сотта лейтенант.
– Сен қапшықтағы апиын екенін білдің. Сол мекенжайға барған Васильевтің ажал құшатынын білдің бе? – деді сот төрағасы.
Лейтенант күмілжіп, төмен қарады.
– Революция бесігіне барғанда сүйегіңді алып қайтатын еді. Досыңның айтқанын істеп, Мәскеуге келгендерің қандай жақсы болған, – деді сот төрағасы. – Бір ауыз сөз ғой бәріне нүкте қойған.
– Ленин мен кесененің бір құдіреті бар ғой, – деді ақтаушы әзілге шаптырып.
– Артық сөзге жол жоқ, – деп сот төрағасы қоңырау соқты. Күңгірлеген қара қоңырау жауынгерді ажалға айдаған азаматтың да, оның ақтаушысының да жігерін жасытып тастады.
Тағы да Қазан вокзалынан бір орыс бір қазақты Түркістанға шығарып салды.
– Тірі қалғаның осының арқасы. Әйтпесе бәрі де басқаша болар еді, – деп соғыс көрген әкесі тағы бір бөтелкенің тығынын ашты. Шарыпхан іше алмайтынын айтты. Әкелі-балалы екеуі-ақ жол тілеп тұрып түбіне дейін тартты.
Ілкі сәтте сағаты жеткен отарба шындықты айтып шыңғырып, жолға шықты.
Боз жусан өскен ақселеулі далаға қарай асфальт төселген астанадан екеуі бір-бірін қимай қол бұлғады. Мәскеу мен Түркістанның арасы төрт тәулік жер, сонан қайтіп жүздескен жоқ.
Ұзамай бар кінәні Саяси Бюроға артып, Ауған соғысы да аяқталды.
Үлкен үйдің іргесі сөгілді.
Кесенеде жұдырығы түюлі Ильич әлі ұйықтап жатыр.
Азаматтар аман болсын.
Іргесі сөгілген үйдің аңызын айтатын да біреу керек.
Екеуі соны жеткізуші ғана.
Қуандық ТҮМЕНБАЙ.
АЛМАТЫ.