Сонау 90-жылдары ауданға қарасты клубтар, кітапханалар тоқырауға ұшырап, қожырай бастады. Тіпті, ауылдық клубтардың меңгерушілері жұмыстан қысқартылуға тап келгенде, мәдениет ошақтарын бұзып алуға ұмтылушылар қатары да болмай қалған жоқ.
Міне, осындай аумалы-төкпелі қиын кезеңде Жамбыл ауылындағы клубты сақтап қалуға білек сыбана кіріскен іскер де батыл жандардың бірі – қарапайым ауылдың киномеханигі Ибрайым Жұмабеков болатын.
Сонау 90-жылдары ауданға қарасты клубтар, кітапханалар тоқырауға ұшырап, қожырай бастады. Тіпті, ауылдық клубтардың меңгерушілері жұмыстан қысқартылуға тап келгенде, мәдениет ошақтарын бұзып алуға ұмтылушылар қатары да болмай қалған жоқ.
Міне, осындай аумалы-төкпелі қиын кезеңде Жамбыл ауылындағы клубты сақтап қалуға білек сыбана кіріскен іскер де батыл жандардың бірі – қарапайым ауылдың киномеханигі Ибрайым Жұмабеков болатын.
Ибрайым аға негізінен Қаратөбе ауданындағы Ханкөл елді мекенінің тумасы. Жымпитының Бұлан ауылына 1955 жылы қоныс аударған соң, 1964 жылы Оралдан арнайы киномеханик мамандығын оқып алды. Аудан орталығындағы кәсіптік-техникалық училищеден меңгерген механизатор мамандығы да кәдеге асты.
Ибрайым Жұмабеков 30 жылдай Бұлан ауылдық округінде механизаторлық салада жемісті еңбек еткен жан. Ал мәдениет саласына әуелден-ақ бүйрегі бұрып тұратын Ибақаң өзінің өнерге біртабан жақындығын 1993 жылдары айқын түрде дәлелдеді. Яғни өзі осы кезден бастап есігіне құлып салынған клубқа жан бітіртіп, Жамбыл ауылындағы тұрғындарға кино қоюды еңбекақы алмағандығына қарамастан, жеті жыл бойына атқарды. Сонда ауыл тұрғындары үшін кино қою бағытында тынымсыз жүгіріп жүретін бала мінезді ақкөңіл жан Ибрайым аға облыстық «Кинопрокат» мекемесі арқылы өзінің қалтасынан жеке көлікті жалдауға 1000 теңге, фильмдер алуға 800 теңге қаржысын жұмсап, ауылына оралады екен.
Ауылдық округтің Жамбыл ауылындағы клубының мұртын бұздырмастан сақтап қалған киномеханик И.Жұмабеков жеті жыл бойына еңбекақысыз, өзінің күнін өзі көріп келсе, тек аудандағы басшылардың қолдаулары арқасында 2000-жылдан бастап киномеханиктік қызметіне 24 мың теңге көлемінде жалақы тағайындалды.
Ибрайым аға 45 жыл бойы үзіліссіз еңбек етіп, бүгінде зейнеткерлікке шықты. Бірақ ширақ қимылды, ісіне ұқыпты қарай білетін И.Жұмабеков болса еңбектен әлі қол үзген емес. Бүгінде Ибақаң Жамбыл негізгі орта мектебінде электрші мамандығы бойынша еңбек етсе, облыстық «Кинопрокат» мекемесі арқылы жаңа фильмдер әкеліп, ауыл халқына қызмет көрсетуден әлі күнге жаңылмай келеді. Тіпті, соның айқын айғағындай, ол жоғарыдағы аталмыш мекеме тарапынан 2000-2500 дана фильмді ауылға әкеліп, тұрғындарға көрсеткен кездері болды. Тумасынан өнерге бейім болып жаратылған ақкөңіл жан Ибрайым аға ауылдағы жиын-тойларда асабалық өнерімен көпке танымал болса, үйінде орнатылған радиоторабы арқылы ауылдың туған күн иелеріне, қуанышты оқиғалардың кейіпкерлеріне арнап көшедегі «ақ шелектен» құттықтау лебіздер арнап, сазды әуендер жолдайтын жақсы қасиеті де бар. Сондықтан болса керек күнде ертеңгілік радиодан елдегі жаңалықтарды хабарлап, туған күн иелеріне құттықтау, лебіздер жолдап тұруды бойына сіңірген Ибақаңды ауыл халқы «өзіміздің Левитан» деп атайтындары бар. Айтқандайын отбасында Рахима жеңгеймен төрт ұл-қыз өсіріп, жиендер қызығына бөленіп отырған Ибрайым аға өзінің айлық зейнетақысынан мектептегі озат оқушылардың әрқайсысына 500 теңге мөлшерінде сыйақы тағайындап, мәрттігін де көрсетіп отырған азамат. Ол сондай-ақ, бойға сіңген қасиетіне орай қолда барды қанағат тұтып, өзінің «жан серігіне» айналған кино қою аппаратын сақадай-сай ұстап, үлкендерге де, балаларға да кино көрсетуді тұрақты түрде жүргізуде. Тіпті, өзі жақын ауылдарға ат көлігі, шалғайдағы елді мекендерге автокөлік жалдап жүрсе, жұмысқа беріліп кеткен шағында Қаратөбе ауданының кейбір шаруашылықтарына да атбасын бұрып, кино көрсетіп келетіні бар. Өз ісінің шебері, киномеханик И.Жұмабеков «Мәдениетті қолдау жылы» аясында халыққа көрсеткен мінсіз қызметіне орай жоғары басшылық тарапынан ақшалай сыйлық, грамота, алғысхатқа ие болды. Тіпті, Ибақаң 2002-2009 жылдар аралығында көрермендер тарапынан түскен 400 мың теңгені тиісті мекеме тарапына тапсырып, өз ісіне адал жан екендігін де танытқаны бар.
И.Жұмабеков «Нұр Отан» партиясының мүшесі ретінде қоғамдық жұмыстарға, ауылдағы мәдени-көпшілік шараларға да белсене қатысады.
Ол сондай-ақ, жыл сайын 16-18 мың теңгенің (республикалық, облыстық, аудандық) басылымдарына жазылатын көкірегі ояу, кәнігі оқырман.
Кезінде И.Жұмабеков Бұлан ауылдық округінен екі рет аудандық мәслихатқа депутат болып сайланып, ауылдағы мектеп, ауызсу мәселесінің оңтайлы шешілуіне өзіндік үлесін қосты.
Ауылдағы мәдени, байланыс саласының қамқоршысы, зейнеткер болса да саптан қалмаған Ибрайым аға осындай жан.
Мүсірбек АЙТАШЕВ.
Батыс Қазақстан облысы,
Сырым ауданы.