«Зұлмат заман келе жатыр, құл-құтан көтеріліп, ылғи жалаңаяқтар ел басқарып, қаныңды судай шашады. «Жылан тақыр» боласыңдар. Көмусіз адам көбейеді. Қырғын соғыс болады. Жесір көбейеді. Соғыста ұтасыңдар. Сөйтіп, көрер көзге жарқын, бірақ іштей іріп жатқан бір заман басталады. Көлік төрт дөңгелекті темір болады. Аспан жол болады. Бір үй орыс, бір үй қазақ болып отырасыңдар. Олар жерлеріңді тартып алады. Көшіремін деп әуре болмаңдар, жетпіс жылдан соң өздері көшеді. Имандылық азаяды. Өнеге тозады, қасиет азады. Жастар ит ішпейтін сусынға құмар болады. Еркек үйшіл, әйел базаршыл болады. Қатын ел билейді. Қысқа етікті көйлек киіп, есек тұяқты етікпен жүреді. Қатын жіберу көбейеді, әйел еркекті сыйлаудан қалады. Тірі жетімдердің саны артады. Бірақ осының бәріне ертелі-кеш Алланың бір тыйымы болады» – атақты жұлдызшы Бекасыл әулие өмірден өтерінен аз бұрын осылай деген екен. Көріпкелдің айтқаны келгені кәміл.
Бекасыл Биболатұлының екі томдық (жалпы көлемі 49 баспа табақ) «Жұлдызнама» атты ғибрат кітабы – халқымыздың тәуелсіздік жылдарында тапқан асыл қазыналарының бірі. Он тоғызыншы ғасырда қағазға түскен құнды қолжазба 2003 жылы Бекасыл әулиенің шөбересі, Мәжіліс депутаты болған генерал Ержан Исақұловтың қолына тигелі бері екі рет шығарылып, ғылыми айналымға түсіп, бірнеше конференциялардың арқауы етілді. Биыл кітаптың үшінші басылымы жарық көрмекші.
«Зұлмат заман келе жатыр, құл-құтан көтеріліп, ылғи жалаңаяқтар ел басқарып, қаныңды судай шашады. «Жылан тақыр» боласыңдар. Көмусіз адам көбейеді. Қырғын соғыс болады. Жесір көбейеді. Соғыста ұтасыңдар. Сөйтіп, көрер көзге жарқын, бірақ іштей іріп жатқан бір заман басталады. Көлік төрт дөңгелекті темір болады. Аспан жол болады. Бір үй орыс, бір үй қазақ болып отырасыңдар. Олар жерлеріңді тартып алады. Көшіремін деп әуре болмаңдар, жетпіс жылдан соң өздері көшеді. Имандылық азаяды. Өнеге тозады, қасиет азады. Жастар ит ішпейтін сусынға құмар болады. Еркек үйшіл, әйел базаршыл болады. Қатын ел билейді. Қысқа етікті көйлек киіп, есек тұяқты етікпен жүреді. Қатын жіберу көбейеді, әйел еркекті сыйлаудан қалады. Тірі жетімдердің саны артады. Бірақ осының бәріне ертелі-кеш Алланың бір тыйымы болады» – атақты жұлдызшы Бекасыл әулие өмірден өтерінен аз бұрын осылай деген екен. Көріпкелдің айтқаны келгені кәміл.
Бекасыл Биболатұлының екі томдық (жалпы көлемі 49 баспа табақ) «Жұлдызнама» атты ғибрат кітабы – халқымыздың тәуелсіздік жылдарында тапқан асыл қазыналарының бірі. Он тоғызыншы ғасырда қағазға түскен құнды қолжазба 2003 жылы Бекасыл әулиенің шөбересі, Мәжіліс депутаты болған генерал Ержан Исақұловтың қолына тигелі бері екі рет шығарылып, ғылыми айналымға түсіп, бірнеше конференциялардың арқауы етілді. Биыл кітаптың үшінші басылымы жарық көрмекші.
Таяуда «Егемен Қазақстан» Бекасыл әулиенің қазақ тарихындағы алатын бөлекше орнын тағы да таныта түсетін бағалы мұраға қол жеткізді. Құнды қолжазбаның мәтінін бізге баянауылдық мәшһүртанушы Алтынбек Құрманов жолдаған. «Менің атам Иманғали Мәненұлы Мәшекеңнің шәкірті болған кісі. Атамның қолында ғұлама бабамыздың талай қазынасы бар еді. Біразы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының бұған дейін жарық көрген 20 томдығында жарияланған. Мына дүниесі ешқайда шыққан емес. Мұны мен 1987 жылы көшіріп алған едім», дейді А.Құрманов. Бұл еңбектің осыған дейін жарияланбағанын біздің электронды поштамен жолдауымыз арқылы мәтінмен танысқан Мәшекеңнің шөбересі, филология ғылымдарының докторы Нартай Жүсіпов те растап отыр.
Қазақ руханиятындағы алып тұлғалардың бірі Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының Оңтүстікке сапарын баяндайтын, «Қазақ баласы оқыдым, тоқыдым десе де, Бекасыл хазірет бола ма» деп аталған бұл еңбек Бекасыл әулиенің қадір-қасиетін айшықты аша түседі. «Пірәдармен болған он күнімді айтып, бүгінгі жұртқа жеткізе алам ба. Жүсіп бауырым, мына мен пақырдың көзінің майын тауысқан Жұлдызнаманы ермек қыл деп қолыма кітәбін ұстатты. Жеті жұрттың қамын жеп, жеті ұлттың тілімен өрілген дүниеде не жоқ дейсің. Арабтың да, Түріктің де, Парыстың да тілін ұғып, сөз маржаны түзілген дүние», деп жазады Мәшекең «Жұлдызнама» кітабы туралы. «Хазіреттің қара сөзі бір төбе де, ақындығы бір төбе, құлағының тесігі, көкірегінің есігі бар пендеге жетерлік» дегені де – үлкен сөз. Төле би туралы «данышпан Төлеби», «дақпыртынан дала тербелген Төлеби» деп келетін, Бекасыл әулие туралы «Бекасыл хазіретті көргенде, жол азабын ұмытып, бірге туғанымды көргендей күйде болдым. Бұл кісінің аузынан шыққан дүрлері, елге берген бата-тілегінің қабылдығына таң қаласың», «Миуа ағашының көлеңкесіндей бір қауым елдің дұға дарыған асылымен қош айтыстық» делінетін бағалары аталарымыздың асылды ардақтаған даңқты дәстүрлерін еске салып, бүгінгі ұрпақтарына үйренерлік үздік үлгі танытып тұр.
Қысқа қайырым аңдатпаның соңында Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының «Ауылынан аттанарда бір жас жігітті қосып берді», «Жас жігіт Бекасыл хазіреттің медіресесінде оқиды екен, әңгімесін тақпақтап айтатын, ақындығы бар, зерделі екен, жол-жөнекей сахабалардан хабары мол екен. Хисса-жырларды жатқа айтып, жүргінші елдің айызын қандырды. Иә, аты Қазанғап екен» дегені кезінде ғұламаның қолжазбасын аманатқа алып қалып, заманы туғанда үрім-бұтақтарына табыс еткен ақын шәкірті, «Еңсегей бойлы Ер Есім», «Төле бидің тарихы», «Сайыпжамал сұлу» сияқты тарихи жырлар мен дастандардың авторы Қазанғап Байболұлы екенін еске сала кетейік. Сөз ретін пайдаланып, баспасөзге жазылым науқаны түйінделер тұсқа жақындағанда ел газеті «Егемен Қазақстанның» бетінде келер жылы да, Мәшекеңше айтқанда, «құлағының тесігі, көкірегінің есігі бар пендеге жетерлік» есті сөз жүйелі жариялана береді деп сендіре алатынымызды да қосып айтайық, қадірменді оқырман.
Ал енді Мәшекеңнің өзі сөйлесін.
Жиырма тоғыз жасымда, дәм-тұздың жазғаны болар, Бұхарай Шәріп бетке алып, білім-ғылымды мақсат қылып, атқа қондым. Ғайып пірден рұқсат болғанымен, басқа түскен жақсылық пен жамандық адам баласына бір қызық дәурен екен.
Жол-жөнекей Ұлытауда жатқан Ер Едіге, Жошыхан, Қойлыбай бақсыларға ат басын бұрып, дұға бағыштап, жатқан жерлеріне зер салып, сол төңіректегі елді аралап, аузы дуалы үлкендерінен үлгілі сөз тердім.
Бетбақ даланы басып, өркеш-өркеш құмдарының арасында керіліп жатқан керуен жолына келіп, Шуды бағдарлап, жұртқа ілесіп жол тарттық. Ұлытаудың төрт құбыласы ел жайлаған сулы-нулы жайлау. Қаракеңгір, Сарыкеңгір, Сарысу, Атасу, Бұланты өзендері тайдай тулап жатады. Күн соңынан аптаны ат үстінде өткізіп жүргенде, талай әулиелерге, еңіреген ерлерге пір болған Бабай түкті Шашты Әзіздің қорымына тоқтадық. Талайдың шөлін басқан бұлағынан таңдайымызды жібітіп, басына түнеп аттандық. Бабай түкті Шашты Әзіз Ұлытаудың биік жотасында мәңгілік дамыл тапқан, Ноғайлы заманында жат жұрттықтармен елу жыл соғысып, Сарыарқаны алған Ер Едігеге, қазақтың басын қосып, орыс пен шүршітке елдігін танытқан Хан Абылай сықылды сырттандарға сүйенер, сыйынар пір болыпты.
Сарыарқадағы елден сауда қылып, несібесін буып-түйіп артып шыққан керуен Бабай түкті Шашты Әзіздің басында бір түнеп, Түркістан шаһарын бетке алып жолға шықты. Мен сықылды салт басты жүргендер, керуенді қорғаушылардың санын көбейтіп, соңына ілестік. Жүргінші, жолаушылар да қарамызды ұлғайтып, ұланғайыр әскердей шұбап, аттылы-жаяу жүріп, Әзіреті Сұлтанға маңдайымыз тірелді. Құл Қожа Ахмет бабаның Ақсақ Темір соққызған зәулім мазарын аралап, жер асты қылуетіне түсе берісте, ойламаған жерден Жаныс Бекасыл хазіретке кезіктім. Жарықтық Бекасыл хазірет Ұлы жүз Ақарыс Үйсін, Дулат, Шудың қамысындай көп Жаныстың ішіндегі данышпан Төлебиден соң, ел тоқтаған пірәдар еді. Қазақ орысқа қараған заманнан бері Бұхарай Шәріптегі мір Ғарабтағы Хасида іліміне он тоғыз бала ден қойған екен, ақылдан адасып ірге жағалап кетпей, сол он тоғыз мүскіннің алтауы ғана аман-есен қалыпты. Соның алғашқысы осы Бекасыл хазірет болса, енді біреуі осыларды қағазға тоғытып отырған адам.
Жаратқан Алланың мейірімі шексіз емес пе, Бекасыл хазіретті көргенде, жол азабын ұмытып, бірге туғанымды көргендей күйде болдым. Бұл кісінің аузынан шыққан дүрлері, елге берген бата-тілегінің қабылдығына таң қаласың. Тамам жұртты түгендеп боласың ба, осындай лепесін Жаратқан қабыл қылған жандардан неңді аяп қаласың. Бекасыл хазірет Төлебимен аталас, жақын туыс екен. Ата-бабасына зер салсақ, Ұлы жүз Үйсіннен Албан, Дулат, Сары Үйсін, Шапырашты, Ошақты, Ысты, Сіргелі, Жалайыр, Қаңлы, Шанышқылы (Қатаған) тараса, Дулаттан Сиқым, Ботбай, Шымыр, Жаныс, Хангелді, Маныс тараған деседі. Ал Жаныстан Жарлықамыс, Шегір, Әгей, Жалманбет, Жанту, Аймауыт, Жантан туады екен. Жантудан Жайылмас, Ақберді, Өтеміс, Жаңабай, Қуажақ, Қожаберді, Құдайберді. Құдайбердіден Әлібек, Тоқпан, Түгел, Данай, Ақытай, Бақыбек, Құдайбек тараса, Әлібектен дақпыртынан дала тербелген Төлеби туады екен. Төлебидің бірге туған бауырлары Еліби, Өтеби, Тыныбек, Ақбота, Шекер есімді туғандары болыпты. Қалың Жаныс елі жаз жайлауға Шуды мекен қылса, қыс түсе Арыстың бойын қоныс қылады екен.
Бұл ата тарату кестесін Бекасыл хазіреттің қасына еріп жүрген Төлебидің баласы Әуезбектің немересі Қабыл деген бозбаладан сұрап қағазға хаттадым.
Хазірет мені қасынан бір елі тастамай, өзімен ертіп жүрді. Әзірет Сұлтанда жатқан жақсылар мен жайсаңдарға дұға бағыштап, Қарнаққа жүріп кеттік. Хазірет жол-жөнекей жол қысқарсын деп, өзі жайында әңгіме қылды. Жүсіп бауырым, мен әкеден жастан жетім қалдым, әкеміз Биболат ел таныған адам екен. Қоқан хандығы пансат деген дәреже беріп, құзырындағы елге басшы қылыпты. Абылай ханның жұрағаттары Қасым төре мен балалары Есенгелді, Саржандарға көмек қылдың, мініске жылқы бердің деп қудаласа керек, ақыры ажалына солар жетіпті, деп үлкендер айтады. Бұл көрші өзбек ағайындарға өкпем қара қазан деп, мүбәрәк жүзін мұң басты. Сол кішкене күнімнен Құранды кеудеме ұстап, Жаратқанға жалбарынумен келем. Сайрам, осы бара жатқан Қарнақтағы медіреселерді түгестедім, жоғымды іздеп Тәшкен, Самарқан, Бұхарай Шәріптен бір-ақ шықтым. Мір Ғарабтағы оқу-тоқу аздық етті, ұстаздарым ақыры (Шам) Дамашыққа шығарып салды. Дамашықта мына Отырар, Шәуілдірдің топырағында дүние есігін ашқан Әл Фараби жатыр. Өз заманында ұстаздардың ұстазы аталған ғұламаның жазған кітәбін қолыммен ұстап, көкірегіме тоқыдым. Бұхарай Шәріптегі Хасида ілімінің пайдасын сонда көрдім, небір өлім аузынан аман қалдым. Кәзіргі тірлігім ата жұртым – Арыстың бойында, бау-бақша егіп, адасқан елге қол ұшын беріп, соңымыздан жұрт айтарлықтай жоғын тапсын деп Жұлдызнама деген кітәбімді хаттап болып қалдым, баспаға шығаруды, ел қолына жеткізуді мақсат етудемін деп көңілдегі сырын айтты.
Жылда осы уақытта Әзіреті Сұлтанда жатқандарға келіп, дұға бағыштап қайтамын. Менімен бірге жүр, елге барып қонақ боласың. Иесіз дүние бола ма, пірлерім де мені іздеп тапты. Солардан басқа мына мен пақырда сүйенер қалмады. Өзің де көре жатарсың демесі бар ма, балаша қуанып қалдым.
Бекасыл хазіреттен бір елі қалмай еріп жүрдім, Қарнақта болып, бет алысты Арыстанбабқа бұрдық, соңынан Сайрамдағы сансыз бабтарға тоқтап, мінәжат қып, қайта Арысты бетке ұстап жүріп кеттік. Ара қонып, арық қазған жұртпен араласып жүргенде, Хан қорғаны деген жерге тоқтап, ат шалдырып, Бекасыл пірәдардің әңгімесіне құлақ түріп, қағазға хаттадым. Жарықтықтың айтуында шүбә жоқ. Осы Хан қорғанында үш жүзге атағы жайылған Хан Абылай опасыз елдің жасаған амалынан, күйіктен көз жұмып, Әзіреті Сұлтанға жерленіпті.
Осыншама күн, жол-жөнекей біз сықылды ғайып пірге қол тапсырғандардың қарыны аша ма. Бекасыл хазірет қолына Иманшартын ұстаса болғаны, небір сараң керуен басылар мен кірешілер қоржындарын ашып, жолын босатпайды. Солардың уыстап берген ақшаларын жарықтық ғаріп-мүскіндерге үлестірумен болды.
Тақсыр мұныңыз қалай дегенге, шырақтарым, осының бәрі Жаратқан Алланың есебіндегі дүние деуші еді.
Сүйтіп жүріп, хазіреттің ауылына да жеттік, өзінің еккені бар, бұрыннан өскені бар, ауылының маңаты қалың ағаш екен. Осы күнгі бір қауым ел тайлы-таяғымен жүріп бау-бақша отырғызса да, дәл Бекасыл хазірет бола алмас еді. Пірәдармен болған он күнімді айтып, бүгінгі жұртқа жеткізе алам ба. Жүсіп бауырым, мына мен пақырдың көзінің майын тауысқан Жұлдызнаманы ермек қыл деп қолыма кітәбін ұстатты. Жеті жұрттың қамын жеп, жеті ұлттың тілімен өрілген дүниеде не жоқ дейсің. Арабтың да, Түріктің де, Парыстың да тілін ұғып сөз маржаны түзілген дүние, хадимшесі шамалы, шағатай тілінде қағазға жазылған бір ғаламат. Қол жазба әр ауруға дұғамен бекіткен, тіпті, жарқанаттың миының екі түрлі, бірі ақ, бірі жасыл болатынын, егер де мұны пайдаланса денеге шаш, түк шығатын қылып не болмаса шықпайтын қылады екен. Ер мен әйелдің арасындағы ғұмырды баян еткен.
Адам баласының шашын, тырнағын жұманың ішінде қандай күнде алатынын, әр аурудың ем шипалы дұғаларын, бедеу әйелдің құлантаза жазылып кетуге болатынын Құрандағы сүрелермен бекітіпті. Төрт түлік мал мен қыран бүркіттің шипасы мен бабын жазып, аятпен бекітіп, бағыт-бағдар сілтеген екен.
Хазіреттің қара сөзі бір төбе де, ақындығы бір төбе, құлағының тесігі, көкірегінің есігі бар пендеге жетерлік. Дұға біткеннен Исм Ағзам, Қақариқұл, Дұға-и Құлқұл, Шариғаттағы төрт пір, Дұға-и Хатм, Әсінад, Ғажайбұл- Истихфар, Рисала-и Бафәндә, Рисала-и Сартараш, Имам Жапар Садықтың рауаяты, Рисала-и Дуруд, Дұға-и Қадах, Қадахнама, Әбжад, Әли Қарамалланың дұғасы, елде етек алған безгек, қызылша ауруларының бетін алатын, тауысып біте алмас дүниелер. Айдың, күннің амалы, бір жұмадағы жеті күннің пайдасы. Әрқайсысы бір-бір кітап, бәрі де тегіс ғылым. Осы дүниенің бір қыдыруы қағазға өлеңмен жазылыпты. Оқыған жан араб, парсыдан сөз білмесе, миына тоқуы мүмкін емес.
Бір күні Бекасыл хазірет бауырым, бұл жазбаға қосарың болса жазыңыз дегенде уа тақсыр, менің бұл кітаптан аларым болмаса, қосарым шамалы деп айтып едім, көзіне жас алды.
Күн бейсенбі еді. Түн ауған соң дәретіңді ал да маған еріп жүріңіз деді. Дәретімді алып, айдың сәулесімен жағаласып, соңынан түсіп жүріп келемін. Жасының ұлғайғаны хазіретке жүк емес. Қалың қара ағаштың бел ортасында адам құшағы зорға жететін діңгекке қолын тіреп ұзын бойлы ақсақал тұр. Киген киім үлгісі хиссаларда айтылған адам ба дерсіз, жақындап барып бір тізерлеп сәлем бердік. Бізге ұсынған қолында буын болмады. Ғақылын айтып шығарып салды. Уа пірәдар, қасыңдағы пайғамбардың үмбетіне айт, артына қарамасын дегенін естідім. Бойым дел-сал болып, денемнің қызуы көтеріліп келеді. Бекасыл хазірет қалың талдың арасынан алақанын көсіп жіберіп сыз балшықты алды да жауырыныма басты, иншалла, жолымыз болардан басқа сөз айтпады. Үйге кірген соң, шам жағып дұға оқыды, мен бейбақ түнгі нәпіл намазымды оқып есімді жидым. Таң ағарып атқан соң ерікті ұйқыға бердік.
Осындай бір иелеріне кездесіп жүргенін бір баласы сезіп, әкесі түн жарымда тұрып кеткен соң соңынан ерген екен, қалың ағаштың арасымен уағадалы жерге келгенде, хазірет піріне амандасады, ақсақал сәлемін алып, Бекасыл, осы бетіңмен үйіңе қайт, соңыңнан балаң еріп келіпті, мен ескертіп едім ғой, өзіңнен басқа жан баласы білмесін деп, балаң келіп қалмасын, мен тура қарасам жазым болар деген соң, хазірет бұрылып қараса, ағаш ағашты тасалап кетіп барады екен. Үйіне келген соң әлгі баласын шақырып алып, неге менің соңымнан ердің деп сұрағанда, баласы жылап жіберген екен. Айналайын, ендігәрі менің соңымнан жүруші болма, жазым боласың, ол адам тура саған қарады ма депті. Сонда баласы әке, ол кісінің көзі болған жоқ, мен көре алмадым, көзінің орнында аппақ жарық шам тұрды деп айтқан екен.
Алланың нұры түскен пендесі Биболат баласы Бекасыл хазіретке құдай рахмет айласын. Ауылынан аттанарда бір жас жігітті қосып берді. Қоржынның екі басына азық салып жатып, Жүсіп бауырым, адам баласы шаңырағынан қырық қадам шықса ғаріп деген, жат жерде жүрсің, сапарың оң болсын, біздей мүскіндерге дұға қыла жүрерсің деп құшағын жайды.
Миуа ағашының көлеңкесіндей бір қауым елдің дұға дарыған асылымен қош айтыстық.
Жас жігіт Бекасыл хазіреттің медіресесінде оқиды екен, әңгімесін тақпақтап айтатын, ақындығы бар, зерделі екен, жол жөнекей сахабалардан хабары мол екен. Хисса-жырларды жатқа айтып, жүргінші елдің айызын қандырды. Иә, аты Қазанғап екен. Біздің Орта жүзде аға сұлтан Бәсентиін Сатыпалдының Қазанғабы сықылды, атың өшпесін деп батамызды бердік.
Торайғыр ауылы, Баянаула ұлы ғұлама Мәшһүр Жүсіп атаның шәкірті Иманғали Мәненұлының жинағынан 1987 жылғы 20 тамызда көшіріп алған
Алтынбек ҚҰРМАНОВ.