27 Қараша, 2013

Сол қол

526 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Бұрын мына дүниеде Алланның құдіретінен, кейбір пенденің кесір-кесапатынан төрт мүшенің бірінен айырылып, жүздерін мұң шалғандарды көргенде: «Апыр-ай, ә, бұған не дерсің?» деп тіксінуші едік. Қазір ол жағынан «өкпесі» жоқ, әйтсе де ой-санасы олқылау, ниеті, ынсабы, ұлттық ұғымы кемдеу, құлқын, байлық дегенде жарық жалғанға әкелген әке-шешесін де ұмытатын, ізет пен инабат жағы сұйылған, кеудесін «жел» кернеген сүйкімсіз қылық иелері көлденеңдесе, тіксінетін болдық. Біз екіншісін елеусіз қалдырып, біріншісі жайлы ой тербеп көрсек дейміз. Оны нақты кейіпкермен дәйектегенді жөн деп санадық. Қазір бұл ыңғайдағы адамдар заманға қарай жоқтан бар жасауға, сөйтіп, мүсіркеуден құтылуға құлшынып жүр. Соның дән секілді дәйегін Алматы түбіндегі «Көктем» шипажайынан көріп едік.

Бұрын мына дүниеде Алланның құдіретінен, кейбір пенденің кесір-кесапатынан төрт мүшенің бірінен айырылып, жүздерін мұң шалғандарды көргенде: «Апыр-ай, ә, бұған не дерсің?» деп тіксінуші едік. Қазір ол жағынан «өкпесі» жоқ, әйтсе де ой-санасы олқылау, ниеті, ынсабы, ұлттық ұғымы кемдеу, құлқын, байлық дегенде жарық жалғанға әкелген әке-шешесін де ұмытатын, ізет пен инабат жағы сұйылған, кеудесін «жел» кернеген сүйкімсіз қылық иелері көлденеңдесе, тіксінетін болдық. Біз екіншісін елеусіз қалдырып, біріншісі жайлы ой тербеп көрсек дейміз. Оны нақты кейіпкермен дәйектегенді жөн деп санадық. Қазір бұл ыңғайдағы адамдар заманға қарай жоқтан бар жасауға, сөйтіп, мүсіркеуден құтылуға құлшынып жүр. Соның дән секілді дәйегін Алматы түбіндегі «Көктем» шипажайынан көріп едік.

Шипажай аумағындағы «Жылқы­ның мінсіз қара төбеліндей» деп кілем тектес гүлдерге, талдап өрген қыз бұ­рымындай ағаштарға демалушылар қызыға қарап жүретін. «Осыны өсірген кім? Бабына келтірген бағбан қандай адам екен?», деп тамсанғандар аз болмайтын. Ертеңгісін қыдырыстап жүрсем, ашаң келген қараторы жігіт сол қолына ұстаған қайшымен ағаштардың бұтағын сыртылдатып қиып жатыр. Қайшының бір тұтқасына бекіткен ағаш арқылы саусақтары жоқ оң қолының тұқылымен ара-арасында демеп қояды. Өзімен бірге ала жүретін орындығына, не сатысына шығып бойлап кеткен гүл, болмаса ағаш бұтақтарын қияды. Бір қызығы, гүлдердің, балаң жап-жасыл ағаштардың «мұртын» басқан соң, шаш алатын шебердей төрт жағынан түгел қарап, «үрпиіп» тұрған бірер талдың өзіне ерекше мән береді. Шипажайға кіреберістегі дөңеске, ағаш бұтақтарына кәдімгі ұя жасалынып, «құстарды» қонақтатып қойған. Одан сәл төмен еліктің бір лағы «жайылып» жүрсе, екіншісі көк шалғынның арасында «ұйықтап» жатыр. Дизайн деп жүргеніңіз осы болса керек. Ой-қиялың мықты болса, жайнатып жіберу түк емес көрінеді. «Қалың өскен ағаштан алуан кескіндер, бейнелер жасаған бұл азамат емес шығар» деп едік. Сөйтсек, пенделікпен мына әсемдікті сол қолға қимаған екенбіз. Бірнеше күн бақылағаннан кейін барып, гүлге, әр ағашқа сән берген сол қолдың иесі екеніне көз жетті. Тағы қызықтырған бір нәрсе, көзі мөлдіреп, құлағы едірейіп, құйрығы бұлаң қағатын, ағаш бұтақтарын зулап жүретін қоңыр қызыл тиын демалушылардан аулақ жүргенмен, мына сол қолдың иесін байқап қалса, қарағай бұтақтарын жағалап жетіп келеді. Ол өзі жиған қарағайдың жаңғақтарын сол қолымен беріп жатқанына, екеуара «күбірлесіп» тұрғанына талай куә болдық. Жұмыста жүргенде ұялы телефонынан ән әуелеп тұрады. Арасында әсем сазға өзі де қосылатыны бар.

Тілдестік, аты-жөні – Қурхан Олимов екен. Жасы 53-те, екі ұл, бір қыздың әкесі, жеті немеренің атасы болып шықты. Өзбек елінің Самарқан облысынан келіп, ақша тауып жүрген жайы бар. Кей азаматтар «Ондайлар өзімізде де бар ғой» дер. Бірақ, бір қолмен, оның өзінде сол қолмен жұмыс істеу оңай емес екені анық. «Екі қолға бір еңбек жоқ» деп алақан жайып отырғандар аз ба? Ниет соларға сабақ болсын дегендік.

– Он бес жасымда тоққа түсіп, оң қолдан білезікке дейін айырылдым. Зейнетақы тағайындады, өзегім сау, көз жайнап, баста сапырысқан ойлар «зейнетақыны місе тұтып отыра бересің бе?» дейді. Отбасы, ошақ қасында қала берсең, жарың да жақтырмайды екен. Оның үстіне КСРО күйреп, бодан жұрттар бостандығын алып жатты. Аласапыран тірлік талайдың есін аударды. Сурет түсірумен айналыстым. Одан түскен табыс тіске сыздық бола қоймады. Әкем бағбан еді, сол жолға түстім. Сурет түсіруді де қатар алып жүрдім. Себебі, онда табыс көзі аз болғанмен, өмір құбылыстары, табиғаттың тосын көріністері, төңіректегі адамдардың тірлік тынысы жатыр. Оны қалай елеусіз қалдырарсың, – дейді ол.

Сөйтіп, тырбанып еңбек етіп жүргенде Қазақ елінде жүрген таныстары хабарласып, шипажайға бір мықты бағбанның керек болып тұрғанын айтып, «Соған сен келсеңші» депті. Алғашында қалай болар екен деген күмәнмен тірлікті қабылдамай, артынан келуге бекініпті. Жол бойы «Мына сол қолыңмен не бітіресің? Жер қазып, топырақ қопсыта аласың ба?», деп қайтарып жіберсе, қайтемін!» деген ой мазасын алыпты. Тәуекелге бел буған ол шипажайына келеді. Күмәнданғандар да табылады, бірақ соның бәрін тынымсыз еңбек жеңіп шығады. Жер қазып, топырақ қопсытуды да мүлтіксіз орындайды. Гүл мен ағашты өсіріп, баптаудың өзі бір өнер екенін айтып, өз әулетінің ата кәсіпке адалдығын алға тартады. Арғы жағына бармағанда атасы, әкесі, өзі, кенже баласы бағбан екенін мақтанышпен жеткізеді. Бағбанның керемет маман­­дық екеніне дәйектер келтіріп, оның қыр-сырын том-том кітаптардан оқып білгенін еске салады. «Ондай кітап­тардың қатарында Александр Ганич­киннің «Энциклопедия садовода и огородника», Миранда Смиттің «Размножения растений», Юлия Тадештің «Тюльпановое счастье», тағы басқалар бар. Теориялық білімді осылардан алып, тәжірибені өзім жасаймын», – дейді.

«Бір гүлдің сортын өсірер алдында бағбандық туралы жазылған кітаптарға үңілемін, суреттерге қараймын, дизайнын ақ қағаздың бетіне түрлі бояулармен салып, оны фотоаппаратқа басып, үлкен етіп шығарып, іліп қоямын. Одан кейін де бірнеше рет қайтадан өзгерістер жасаймын. Әбден болған кезде «Оны қай жерге өсірсем жайнап шығады» деген ой мазалайды. Ақыры дегеніме жетіп, еңбегім жемісін берген күні бір жасап қалатыным бар», – деген Қ.Олимов барлық жағдайды жасаған шипажай басшылығына, ұжымына шексіз ризалығын білдірді. Мейірімді жандардың мол екенін айтты. Елден алыста жүр­­генде мұндай жақсы салт кез келген халықта бола бермейтінін алға тартты. Жылына үйі­не үш-төрт айға ғана баратынын, адам­ға қамқор ортада жүру өмірге де­ген құлшынысты, жұмысқа деген ұмты­­­­­лысты арттыратынын тілге тиек етті.

Иә, адамнан құдіретті не бар. Қыр желкесіне шыққан қырсықты сілкіп тастап талпынса баспайтын жол, аспайтын асу жоқ. Мен бұл ойға өзбек жігітімен әңгіме үстінде, сіңірген еңбегінің нәтижесін көрген кезде келгенім анық. Ол тек гүл өсіріп, ағаш баптаушы ғана емес, ой санасы да биік жан екен. Қазақ әндерінің ең сүбелісін ұялы телефонына тізіп алған. Қолы босай қалса Алматыдағы кітап дүкендерін аралап, табиғатқа қатысты құнды дүниелерді алып оқитынын сөзінен аңғардық. Арасында қазақтың ақын-жазушыларының да аты-жөнін айтып отырады. Қазақ әншілері Қ.Байбосынов, Б.Тілеухан, Р.Стамғазиев, Қ.Нұртас, өзбек өнерпазы Ш.Шораевтар туралы да ой сабақтайды. Кейбір оң қолға бергісіз сол қолдың иесі: «Қазақ бауырлардың ниеті кең ғой. Сол ниетке қарай Тәңірім байлықты да, бақытты да, бақты да берген», деп тамсанып қояды.

Сүлеймен МӘМЕТ,

«Егемен Қазақстан».

АЛМАТЫ.