Қоғам • 17 Қараша, 2020

Ашық форматта тыңдау ұйымдастырылады

448 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Республикалық «Egemen Qazaqstan» газетінің 2020 жылғы 10 қарашадағы санында «Бозжыраға қонақүй қажет пе?» деген мақала жарық көрген болатын.

Ашық форматта тыңдау ұйымдастырылады

Бозжырада туристер үшін қонақ­үй салу мәселесі туған жердің, табиғаттың тыл­­­сым сұлулығын сақтауға бейжай қа­­­рай ал­­май­тын тек маңғыстаулықтардың емес, бар­ша отандастардың, тіпті шетел­­дік­­­тер­дің де сын-пікіріне ілікті, яғни қол­­­д­ау тауып кете алмады. Елдік мәселе «Ege­men Qazaqstan» газетінің бетінде көте­рі­­ліп, әлеуметтік желілерде «жыр» болды.

Осыған орай Маңғыстау облысы әкімдігі Бозжырадағы жобаға қатысты ресми түсінік берді.

«Маңғыстау облысы Қарақия ауданында орналасқан Бозжыра шатқалына қатысты облыс әкімдігі ресми мәлімдеме ұсынған болатын.

Біріншіден, Бозжыраның басында ешқандай құрылыс жұмыстары жүріп жатқан жоқ.

Екіншіден, жоба әлі қаралуда. Турис­тік нысан салуға ниетті компания тарапынан нақты әрі соңғы жоба әлі келген жоқ. Бұған дейін үш нұсқасы ұсынылған болатын. Бірақ бұл соңғы варианты деген сөз емес. Яғни толықтыру, жетіл­діру процесінде.

Үшіншіден, тұрғындар алдын ала ел-жұртқа ес­кер­тіл­мей, қоғам талқысына неге ұсы­ныл­маған деген уәж айтуда. Жо­ғарыда атап өттім. Әлі күнге дейін әкім­дікке немесе тиісті жауапты мемле­кет­тік органдарға жобаның соңғы нұсқасы берілген жоқ. Қолға құжат тиген кезде, эколог, туризм саласының сарапшылары, журналистер және қоғам белсенділері­нің ойын ескере отырып, ашық форматта қоғамдық тыңдау ұйымдастырылады.

Төртіншіден, бутик-отель бой көтеретін болса, ең азы Бозжыра шат­қалы­нан кемінде 1,1-5 шақырым қашық­тықта салынуы тиіс. Бозжыра ешқандай қоршалмайды, дәл қазіргі кейіпі сол күйінде сақталады.

Бесіншіден, отельдің аумағы 80 га деген қате ақпарат. Бұл жерде шамамен шағын ғана 5-6 га шамасында болуы мүмкін.

Алтыншыдан, бірнеше қабаттан тұра­тын биік емес, бір қабатты бутик-отель болмақ. Яғни ойын-сауық орта­лығы емес, алыс жолдан шаршап келген туристерге қолайлы, демалуға ыңғайлы, ас ішіп аяқ суытатын орталық ретінде қарастырылып отыр.

Қоғам тарапынан тағы бір уәж бар. Қоршаған ортаға, айналысындағы жан-жануарға зиян болады деген. Керісін­ше, ол жерде соңғы технологияларды ескере отырып, газ, су, тоқ көздері тартыл­май­ды. Барлығы күн және жел энер­гиясы көздерінен алынатын болады. Жауапты мекеме жол сала отырып, ретсіз көлік жүрісін реттеп, қоқыс мәселесін қолға алады.

Тағы бір ескере кетсек, аталған жоба әлі талқылану үстінде, нақты жоба жасақ­талған бойда қоғам назарына ұсы­нылатын болады» делінген Маңғыстау облысы әкім­дігі жолдаған жауапта.

Жобаның Бозжырадан тысқары болуы – халық қалауы. Өңірде турис­тер үшін қолайлы жағдай жасауға сұ­ра­нып тұрған өзге нысандар бар, жоба жасау­шылардың Бозжыра сынды табиғи сұлу­лықты бүлдірмесе болғаны... 

 

Маңғыстау облысы