...Бисмилләәһир-рахмаанир-рахим! Қасиетті Меккеде қолыма қалам алдым, міне! Жасқана жаза бастадым. Жүрмей-ақ қойды. Жүрек лүпіл қағады. Түсінікті! Беймазаланып, сабама түсе алмай күйгелектенемін. Қай жерде жазу жазбадым десеңші, осы қырық төрт жыл ішінде. Туған жерден бастап, отанымның әр түкпірінен, тіпті, әлемнің қиыр шалғайынан қызмет бабымен қалам тербеппін. Енді, міне, Меккедегі қонақүйдің тоғызыншы қабатынан көз алдыма қос өркештеніп көрінген тау сілемдеріне жәудірей қадалып, өзімнің Қызбел, Қыземшек тауларымды елестеткен, сөйтіп жанарымнан мөлдір тамшыны үзілтіп сыққан құдіретті бір ішкі сезім әлдиімен еркімді билей алмай отырған мүсәпір түрім мынау... Бірдеме жазайын десем, дәрменсізбін. Саусақтарым қарысқан. Қаламсабым сусып кете береді. Сезімім өрекпиді, көңілім көлдей сапырылады.
...Бисмилләәһир-рахмаанир-рахим! Қасиетті Меккеде қолыма қалам алдым, міне! Жасқана жаза бастадым. Жүрмей-ақ қойды. Жүрек лүпіл қағады. Түсінікті! Беймазаланып, сабама түсе алмай күйгелектенемін. Қай жерде жазу жазбадым десеңші, осы қырық төрт жыл ішінде. Туған жерден бастап, отанымның әр түкпірінен, тіпті, әлемнің қиыр шалғайынан қызмет бабымен қалам тербеппін. Енді, міне, Меккедегі қонақүйдің тоғызыншы қабатынан көз алдыма қос өркештеніп көрінген тау сілемдеріне жәудірей қадалып, өзімнің Қызбел, Қыземшек тауларымды елестеткен, сөйтіп жанарымнан мөлдір тамшыны үзілтіп сыққан құдіретті бір ішкі сезім әлдиімен еркімді билей алмай отырған мүсәпір түрім мынау... Бірдеме жазайын десем, дәрменсізбін. Саусақтарым қарысқан. Қаламсабым сусып кете береді. Сезімім өрекпиді, көңілім көлдей сапырылады. Түйсігім пырақтай тарпынады. Айтпағым мида ширатылып, қаламға ілікпей демде қарпылады. Еркіме бағынбайтын жазу бастағалы тұрғандаймын. Меккеде ақ қағазға телміріп, қалам ұстармын деп ойлаппын ба? Бір Алла осыны қолай көрген екен, ырқымнан тысқары ауыр міндетке бас қойыппын! Сәтін салсын!.. Меккедегі жазу! Алла маған қасиетті Меккеде жазу жазуды нәсіп етіпті!.. Бұрын жазу басталардағы қиналыста кей-кейде көк сия абайсызда ақ қағазға тамшылап кететін еді. Мынасы не! Иә, дәл қазір ақ қағазымды бетімнен сырғып, жылыстаған тамшылар түрткілей жөнеліпті...Трс-трс...
Енді ой тамшылары басымдық ала бастағандай еді... Астанадан таң елең-алаңда ұшып, Ыстамбұлдың Ататүрік әуежайына уақыт белдеуінің айырмашылығымен күн бесінге тырмысқанда қонған біздер ихрамға кіріп үлгергенде, Жиддәға бет алатынымыз да хабарланып қойған еді. Иә, сол бір жауапкершілік кезеңі... Қасымдағылардың әр сөзін аулап жаутаңдауым, сәждеге де ықыласпен бас тигізілуі... Өңшең ақ шағала әуежайдың іші-сыртын басып алғандай, көз тұнады, көңіл алабұртады... Ихрамның рида және изар деп аталатын екі кесек ақ матадан тұратын бөлігін денеге қонымды оранудың мархабатын сезінгенде... Тек мойыннан айқарма етіп бос тастаған ұшы сусыңқырап кетіп, кеуде тұс жалаңаштанып кететіні бастапқыда жан терімді шығарды... Іштен лықсыған бір тәртіптілік, реттілік тылсымы сезімді қылбұрауша бұрап бағындыра түскісі бар. Бәріне көнбіс күйдесің, Алла жолындағы әр қадамыңа абай болғың келіп, ар-ұятыңды, иманыңды бір шүберекке түйіп, жүрегіңді қарауыл қаратып қойғандайсың... Сондайда жанарыңның түкпірінен шақ-шақ тастың жарқылы тұтанып кеткендей боп, көз алдың жарқырай түсіп, әлдебір аппақ әлемнің шеті түріліп, соған ынтығасың кеп... Қара түнекті түрген таң шапағы есіңді еліртіп, қызықтырмаушы ма еді... Дәп сондай ынтықтық, ынтызарлық, тіпті, одан бетер күш ала түсетіндей кіріптарлық, іңкәрлік! Қысқасы, өң мен түстің арасы десе, жарасар.
Жиддәда кешкі қараңғылық түскенімен де 37 градус аптап, жалындап тұр екен. Көңірсік, ыссы ауа қолқаны кептіріп, кеңсірікті күйдіретіндей. Брезент шатырмен аспан астындай кең етіп қоршалынып тасталған әуежайдың қосымша «күркесінің» әр жерінде, буылтық буындарында ауа үрленетін үңірейген үйдей-үйдей қолтықтары желпілдеп тұр. Құдды, киіз үйдің туырлығы дерсіз. Түнгі Меккеге автобуспен іліктік. Қасиетті шаһар самаладай жарқырайды. Өн бойына от моншақ шашылғандай. Аспанға ілініп, салбырап қалған аса ауқымды қуыршақ-қала іспеттес. Таулы жерге салынған. Көшелері жартаспен жақпарланып, үйлері қашалған тастың пышақтай қырына жапсырылып қалғандай. Кейін білдік қой, мұнда тау бөктерлерін үңгілеп кететін 500-дей туннель-жол бар екен.
Әйгілі әл-Харам мешітіне де сондай туннельдің өтінен суырылып шыға келіп, жеттік-ау! Көңілге ұялаған көргенімізді сол қалпында суреттеп берудің қаншалықты мүмкін еместігін енді ғана сезінгендейміз. Тек қана көру керек екен... Тамылжыта тайпалтып, қанша тамсандырып айтсақ та қадірін қашырып алармыз деген үргедек сезім секем алғыза береді. Дегенмен, әл-Харам мешітінің салынуы, оның бірнеше кезеңге жоспарланып, жүзеге асырылған бүгінгі келбеті туралы аз-мұз (Әбдіхалық Аманкелді Еренғайыпұлының «Ислам әлемінің қасиетті орындары» деген кітабының кейбір деректеріне сүйеніп – Қ.Ә.) әңгіме тарқатқанның реті келіп тұрғандай.
Адамзат тарихында әлі күнге дейін бірде-бір қала дәл Мекке сияқты көне дәуірден біздің уақытымызға дейін жеткен емес. Өйткені, онда қасиетті Қағба (қара тас) – ең алғаш Ибраһим (ғ.с.) пайғамбар мен оның баласы Исмайыл (ғ.с.) салған жер бетіндегі қасиетті ғибадат орны бар. Исламның пайда болуымен Меккенің қасиеттілігі және оның діни мағынасы өлшеусіз өсті. Себебі, онда пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) дүниежүзі мұсылмандарына пайғамбар болып танылды. Ал қасиетті Қағбаны Алла тағала мұсылмандардың намаз оқу бағыты – құбыласы етіп жариялады.
Әл-Харам мешіті кеңейтілгелі бері, яғни 1306 (1918) жылдан бастап аз уақыт өткен жоқ. Қазіргі уақытта мұсылмандар саны өсті, ал ислам әлемі ұлғайып, оған Африка мен Азия елдері халықтары және басқа жаңа аймақтар енді. Сонымен қатар, көлік пен байланыс саласы дамып, нәтижесінде ислам әлемінің елдері жақындасты. Осыған байланысты уақыт талабына сай ғимаратты кеңейту қажет болды. Сондықтан мұсылман күнтізбесі бойынша 1375 (1955) жылы Сауд патшасы (оған Аллаһтың рахымы болсын) әл-Харам мешітін кеңейтуді және қайта салуды бұйырды. Бұл кеңейту бірнеше кезеңмен өтті.
Сауд Арабиясы әкімшілігі әл-Харам мешіті мен қасиетті орындарға аса назар аударып, үлкен мән береді. Бұл осы қасиетті жерлердегі барлық әкімшіліктердің жалпы діни мақсаты. Сондықтан, 1417 (1996) жылы үлкен оқиға болды, ол бүкіл әлем мұсылмандарына маңызды қасиетті Қағбаның жаңартып салынуының бітуі еді. Фахд ибн Абдул Әзиз патшаның басшылығымен күрделі жөндеуден өткен «әл-Харам» мешітіне жұмсалған қаржы шамамен сол кездегі 30 миллиард сауд риалы болса, АҚШ долларына шаққанда – 11 миллиардқа жуықтады.
Өң мен түсті ажырата алмайтын шала ұйқылы кезеңдер ми қатпарының дүлейін туғызады. Құдайым-ау! Көріп тұрғаным нендей сиқырлы әлем еді! Әл-Харам мешітінің маңында сеңдей соғылысқан адам толқынымен араластық та кеттік. Ақ ағыс! Алмас ағыс! Пәктікке араласқан бір тамшы зәмзәм суындаймыз. Аппақ сезімге сағымдай қалқыған сансыз сұлбалар буырқанған теңіз бетіндегі жаңқаша жөңкіледі. Адам өзін бір сәтте-ақ ұмыта алады екен! Жүріп келесің бе, әлде қалқып кеттің бе?! Табаның жерден ажыраған секілді... Демек, көк әлеміне ұшып кеткен шығарсың! Ештеңені сезбейсің... Сезетінің мен сенетінің, құмартқаның мен сиынғаның сиқыршыдай арбап, құлшылық етпекке еліктіре тартып жүрегіңді жұла әкетіп барады... Кімнен дат сұрамақпыз?! Бір Алладан, ұлы Алладан!
Пенденің алмағайып аласұрған сәтін қанат біткендей екен деп, әсірелеп айтып жатамыз ғой. Кенеттен қанат бітеді екен. Меккенің мейірбан жүрегі кеңдігімен, имандылығымен сезімге де, ойға да серпін беріп, бұлаң да бұлғақ күйге түсірсе ше? Өзіңді өзіңше сезіндірмесе ше? Иығыңа басқа басты қондырып қойып, соның тап-таза, мөп-мөлдір ақыл-амалына сәйкестендіріп, сенің ішкі жан сарайыңды желпіп, жаңғыртқанын қалайсыз ба? Әрине! Ендеше, сен дәл қазір анадан жаңа туғандай боп тұрғаныңды сезбейтін де шығарсың-ау! Мүлде басқа адамсың! Өйткені, әне Қағба көзіңе ілікті! Ілікті Қағба! Қасиетті Қағба! Тірі күйіңде бір көруді армандаған Қағба! Құдайым-ау, жылжып барамыз қасына Қағбаның! Еске енді түсті. Не деуші едік, Қағбаны алғаш көргенде? Қандай дұға оқушы едік? «Лә иллаһа илла Аллаһу» – (Алладан басқа құдай жоқ) деп үш рет һәләл айттық. Одан соң «Аллаһу әкбәр» – (Алла ең ұлы) деп үш мәрте тәкбір қайталадық. Жеңілдеп қалдық. Желпініп барамыз. Сынапша сырғыған сансыз бастар... Қазақы бастар да солардың сапында... Ауыз біткен дұға, тілектен арылмайды... Өксік шығады. Өкіргендер осы Қағбаны айналып жүріп өмірін қиып жіберердей көрінеді. «Иә, Алла! – деп жалбарынамыз. – Бұл Үйіңді (әл-Қағбаны) сый-сияпатқа, құрметке, қадірлікке, қошеметке, ұлылыққа, мәртебеге, жақсылыққа толтыр», – деп одан бетер борша езіле түсеміз. Дауыс дірілдейді, үн әлсірейді, көмейге қырыл араласады... Одан әрмен арқалана түсіп: «Жаратқан Ием! Сондай-ақ, оны (әл-Қағбаны) құрметтеген, шарапаттап тағзым еткен қажылық, не умра жасағанның да сый-сияпатын, құрметін, қадірін, қошеметін, мәртебесін, игілігін арттыр!» деп Қағбаға ұмсына қарап, көкке алақан жаямыз.
Иә, Қағбаны жеті рет айналып, тауаф жасамақпыз. Бір кезде жылт еткен бір жанар ту сыртымнан қадалғандай боп, ми әлдене сезімге шарпылып кетті. Көз тігіп қалған Жылкелдіұлы Қалдыбай атам екен-ау деймін... Менің үшінші атам! Мен ол кісінің шөбересімін! ХІХ ғасырдың жабылар тұсында осы Меккеге қажылыққа келіп қайтқан. Сонда Қағбаны айналып жүріп: «Е, Алла, ұрпақтарым үшін сейсенбіні сәтті күн ете көр!» – деп тілепті. Сол тілек ұрпақтары үшін бұлжымайтын заңға айналған. Қаба сақал Қалдыбай қажы атам бет-жүзін жуған терін білегімен ысырып тастап: «Сен де тілек тіле, ұрпағыңа, шөберем! Қайталана бермейтін ұлы сапар ғой! Міне, қарашы, екеуміздің жасаған қажылық парызымыздың арасына 120 жылдай уақыт түсіпті! Тілек тіле ұрпақтарыңа!» – дейтіндей... Сондағы ойланбастан аузыма ілінген тілегім мынау болды: «Ел, Торғай, өз тегіміз қажыларының шежіресін жазуды бір ұрпағыма нәсіп ете көр, Алла!». Айтылды! Артыма қарасам, Қалдыбай қажы жалт беріпті, көрінбейді. Өксік қысты. Өтім аузыма тығылғандай болды. Атам айналған қасиетті Қағба Сенбісің! Қане, қане, Иемен бұрышына қолы тиген шығар, ол жарықтықтың. Жеттім мен де! Он саусағымды тарбитып негрдің бұйра басынан асыра қабырғаға қонжиттым кеп. Негр қабырғаны аузын айырмай сүйіп, жабысып қалған екен. Менің білегім құлақ шекесінен мытыңқырап жіберді білем, былай ығыса бергенде, ал кеп жабысайын. Ал кеп сүйейін! Ал кеп кемсеңдейін!.. «Қалдыбай ата, сіз де сөйттіңіз бе?!» – дедім де толқынмен әрі ағындап кете бердім.
Төртінші айналымда Қағбаның қара тасына жетуге ұмтылайын. Қасымдағылардан ажырап қалдым. Адасқаныма пысқырмаймын түге. Арман – қара тасқа қол тигізу! Қалдыбай атам қолының табы қалған қара тас, жетем саған, Алла жазса! Қуат бере гөр! Маңайымның мазасын кетірмей кірмелеп, бұрандалап, қиялап, сәл құйындатыңқырап жеттім-ау сол тұсқа. Бірақ қабырға жақтан, Қағбаның қос қапталынан қарама-қарсы беттескен мұсылмандар теке тіресіп тұрғандай. Әлділер қара тастың ақ қайырма жағалауына қол тигізуді немесе сүюді місе тұтпай, соның қуысына басын тығып жіберіп, қара тасты жеп қоярдай жабысып қалғанын көз қиығым шалды. Сөйткім келеді. Сөйте алмаймын. Аңысын аңдып, бірде әрі, бірде бері, әткеншекке мінгендей, теңселіп тұрмыз. Иә, сәт, арқа тұсымнан қуатты толқын тұрып, созған оң қолым қара тасқа іліге беріп, уәй, кері лықси серпіліп кетті-ау. Уф! Тағы күттім толқынды. Келді, міне. Оң қолымның бес саусағы тарбиып, қара тасқа әлі ілікпей тұр! Ытырынып қалсам керек, тиді, тиді! «Елім, отбасым, туған-туысқандарым аман болсын!» дедім де өңешімді буған ыстық жасқа қақала-мақала токтан ажыратылған роботша сылқ ете қалыппын... Осы сәт Қызбелдегі інім Нұрбек Сабырұлы ұстап отырған қара шаңырағымыздың қастерлі төрінде ілулі тұрған Қалдыбай атамның Меккеден әкелген әлдебір сүре жазылған тәбәрік-белгі шүберегі есіме сарт етіп түсе қалып, жанымды найзағай жарқылы осып өткендей болды... Ләззатты сағыныш... Талай көзім қаныққан қадірлі белгі еді, ширатыла оралып ілініп қойылған еді. Шетінің қайшы түскен қидым-қидым жерлері бар. Ырымдалып жырмаланған ғой. Осы отауға тұңғыш келін боп түскен Рия жеңгем кенже қайнысы мені ұлы сапарға аттандырып тұрып, Қалдыбай атам белгісін еске алғаны бар еді. «Құдай берген қай баланы да сол қасиетті белгіні емірене сүйіп, жеңіл толғақпен өмірге әкеліппін...» – деп жүзі нұрланып, иегі кемсеңдей түсіп тым-тырыс қалғаны дәл қазір айна-қатесіз елестеп өтті. Он құрсақ көтерген асыл жеңгеме Қағбаның бейнесі кестеленген кілемшені базарлыққа апарам деп Астанадан шықпай жатып-ақ іштей бекініп жүр едім... Сәтін салса...
Тауаф жасағанда әр айналым сайын сыйынып оқылатын, айтылатын тілек негізделіп қойылған. Соған сүйеніп, мысалы, жетінші айналымда: «Иә, Алла! Сенен толық иман, шын наным, мол, адал, таза ризық, бағынышты жүрек, мақтау айтатын тіл, шынайы тәубе сұраймын. Кешіруші әрі құдіретті Жаратқан Ием! Білімімді толықтыр, салиқалылардың қатарына қос», – деп жаппай тілек тілеп, Аллаға жалбарынып жатырмыз.
Бір Алла жар болып, тауаф жасап біттік. Тауаф – қажылықтың негізгі бөлігінің бірі. Ол әл-Қағбаны жеті рет айналатын салт ғибадат. Тауаф – арабтың «айналу» деген сөзі. Қажылық кезінде қажы бұл ғибадатты үш рет орындайды: Қажылықтың басында орындайтын тауафты «тауаф әл-құдым» дейді, Құрбан айттың бірінші күні орындалатынды – «тауаф әл-ифада», ал қажы атанып, Меккемен қоштасып елге қайтар кезде орындайтынды «тауаф әл-уағдағ» дейді. Осы міндеттердің бастапқы бөлігін сәтті орындағанымызға шүкірлік етіп, зәмзәм суын құбылаға қарап тұрып сіміріп, ішімізден: «Иә, Алла! Сенен пайдалы ғылым, мол ризық сұраймын. Рақымдылардың ең Ұлығы! Рақымшылығыңмен кез келген ауру-сырқаудан шипа бер!» – деген тілекпен қажылықтың тағы бір амалы – сағиды орындауға бет алдық.
Сағи – арабтың «шапшаң жүру» деген сөзі. Сағи – ас-Сафа мен әл-Мәруә төбешіктерінің арасында жеті рет жүріп те, жүгіретін ғибадат. Қажы сағиды сүбхана Алла тағалаға жалбарынып, су іздеген Ибраһим пайғамбардың әйелі Һажар мен баласы Исмайылдың (алейһим әс-сәләм) құрметіне орындайды.
Бұл парызды орындауға құлшына кірісіп кеттік. Қағбаны айналғанда қара терге малшынған қалпымызбен жүз мыңдаған адамның арасымен сағиды бастадық. Ас-Сафа төбешігінен түсіп, әл-Мәруә төбешігіне бет алдық. Мұнда сәл-пәл сығылыспай, кең тыныс алуға мұрша бар екен. Алдымен шапшаң адымдап, сосын жасыл түсті белгілер арасында жүгіре түсіп, одан тағы тездетіп әл-Мәруә төбешігіне іліктік. Осылайша бірінші сағи (жүріс) кезінде жол бойы дұғалар оқыдық. Мысалы, «Алла – ең ұлы, Алла – ең ұлы, Алла – ең ұлы. Жаратқан Ием! Кешір, рақымшылық жаса, ғафу ет, жомарт бол! Саған мәлім әрбір күнәмді кешіре гөр», – деп күңіреніп ала жөнелгенде, төбеден күн күркірегендей таңырқайсың. Өстіп тағы алты рет сағи жасап, яғни барлығы жеті өлшеммен аяқтадық. Сағиды аяқтағанда мынадай дұға оқылды: «Иә, Алла! Өмірімде мейіріміңмен күнәларымнан мүлдем арылт. Пайдасыз істерді маған жүктеме. Маған рақымшылығыңмен қарап, жақсылығыңды бер. Сен – қайырымдылардың ең ұлығысың!» Сағидан соң жан рахатына кенелгендей сауапты сәтті бастан кешіп, маужыраңқы күйге түсе қалыппыз. Аяқ-қолың болдырып, әл-дәрменің түгесілгендей ме? Әлдебір сезіктен жүрегің өрекпігендей болғанымен, қаталап барып зәмзәм суынан бірер жұтым жасағаныңда хас сәйгүліктей тарпынып шыға келеді екенсің. Құлшылық жолында тағы қандай сынақ бар, соның бәріне тас-түйін дайынмын дегендей, құштарлық оянып, құлшыныспен құмыға түсесің. Аузыңа Алла қасиетті жерлерде оқылатын бір дұғаны сала қойғанын аңғармайсың: «Әшһәду әл-ләә иләһә илл Аллаһ, уә әшһәду әннә Мухаммәдән ғабдуһу уә расуулуһ» – (Алладан басқа құдай жоқ екеніне, Мұхаммед – оның құлы әрі елшісі екеніне куә етемін). Жүрек иланып, жан имандыланып, тіл сына бастағандай ма? Жұрт не істесе, соған бейімделіп, берекелене түскенге не жетуші еді...
Алда құрбан айт тақап қалды. Алаң көңіл сабасына түсер мезет те жақындағандай. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Қажылық – Арафатта болу. Кімде-кім құрбанның бірінші күні таң атпай тұрып Арафатқа келсе, қажылығы толық болады», – деген. Осы мақсатпен біздер, «Ансар-круиз» қажылық компаниясының (төрайымы – Нұржамал қажы) сапарластары, Минадағы тігілген сансыз шатырға келіп орналасып, осынау қасиетті парызымыз өтелер күнді тағатсыздана күткеніміз бар. Минада түнеп жатып, арнайы дұғаны сан рет қайталадық: «Аспанда тағы бар Саған (Алла тағала) – мақтау. Жерде билігі бар Саған – мақтау. Теңізде жолы бар Саған – мақтау. Отқа әмірі бар Саған – мақтау. Жәннатта рахметі бар Саған – мақтау. Бар мақтауымыз – құдіретіңмен Аспанды көтерген, Жерді қойған Саған!». Ертесіне – Арафа күні таң атысымен Арафатқа бет алдық.
Атын естіп, суретіне ғана көзқанық болған Арафат тауының сілемдері көлбеңдей бастады. Ана бір доғаша иіліп, үшкірленген ұшар басына жанар қадағанымызда бой шымырлап, жүрек лүпіл қақты. Талай тауды тамашалап жүрміз ғой, Алла мына Арафат тауының көркі мен сәнін өзгеше шебер, хас өрнекті құйылыммен, мұз ерітердей мейіріммен сомдай салған секілді. Тәкаппар дейін десең, соншалықты сыпайыланған кісіше жаныңа жылылық ұялатып, нұрлы сезіміңді шырпымен тұтатқандай етіп, көкірегіңе от салады. Сүйіспеншілік ықыласыңды еселеп, ширата түседі. Қоңыр, қара тасты жақпарлары қылқансыз бет-бейнесін сүйкімсіздеу көрсетер ме екен деп, шошынсаңыз, жо-ға, қайта сүйріктей боп суырыла көтеріліп, көңіліңді босатып, сонау мұқым заманда осы қасиетті таудың басында Мұхаммед пайғамбарымыз (с.ғ.с.) жүргенін тәтті елеспен көркемдеп, көлбең еткізеді... «Алпыс екі тамырың иіді» деген сөздің мәнісін енді шын ұғып, сезінгендей күй кешу сезімін кім дәлме-дәл суреттеп, айтып бере алар десейші...



Арафатта уқуфты (Уқуф – «Арафат тауында тұру» деген мағына береді – Қ.Ә.) кеш батып, қою қараңғылық үйірілгенге дейін жасадық. Осы аса рақымды кезеңде әр мұсылман жан тәнімен, шын жүрегімен, зор ықыласпен, әсершіл сана-сезіммен сүбхана Алла тағаланың алдында тұрғанын сезінеді екен... Тәлбия, тәсбих, тәкбір, салауат айту, Құран сияқты зікірлер айтып, күнәларына кешірім тілеу... Бәрі ықтиятпен, зейінмен жасалып жатыр еді... Бір Алла көріп-біліп тұр ғой, тәп-тәуір ой да кенет нілдей бұзыла салады екен... Тіпті еркіңнен тыс... Адал ойың ойран-асыр, түрен түскендей тілгіленеді... Үркіп қап, іле дұғаларды әрі өрбітіп әкетесің: «Билеушім, адастырма, азғындыққа салдырма. Теріс ісімді жөнге сал, бұ дүниеден мұң-мұқтажымды бер... Сені тілімен еске алумен ізетке бөленген, қажылығы қабыл болған жандардың қатарына қоса гөр мені!». Уф, еңсені басқан қорғасыннан арылып, қауырсын қанаттанып шыға келеді екенсің... Үлпілдеген ақ-сезім шарбы бұлттарға оранғандай жеңілейіп, жан жұбанышын сезінесің. Пәктігің мен адалдығыңды, ыстық мейірімің мен әспеттеген иманыңды, қамқоршыл ниетің мен ақ пейіліңді, селкеусіз арың мен сенімді мақсаткерлігіңді, т.б. адами қалпыңның кіршіксіз де қастерлі құндылықтарын екі дүниеде де сақтап қалуға ынтығасың кеп! Е, Алла! Жар бола гөр! Шаң басу, кірлеу, даттану оңай секілді... Тән мен рух былғанышынан, лайсаңынан тазалану, жаңарып әрі жаңғыру, түлеп те түрленіп кемелділікке, кеңдікке, байсалдылық пен байыптылыққа, бақытқа бастар астарсыз, қулықсыз, қитұрқысыз өмірге амалдар жазуға ынты-шынтыңмен берілген екенсің... Айла-шарғыдан аласталған ақ өмір бола берсінші, бұйырт соны нәсіпке, Алла тағалам! Бұл – енді әр пенденің өзіндік ой өріміне, діттеген мұратының өрістілігіне қатысты үзіліп түсіп жатқан дербес дәрумен ой моншақтары еді... Жаттаған дұға-тілектерден де өзгешелігі сол еді. Жан тебіренісінің жалқы да жалпы иірімдері болатын... Сананы сапаландыратын күш дүлейлене бастағанын қарашы! Соған қуанғың келеді! Қуан, қуан! Меккеде жүрген мұсылман!
Көрмеген жерің, істемеген, жасамаған сауабың болса, бәрі-бәрі таңсық, тосын оқиға секілді. Сондай бір аңсарлы жер – Мұздалифа! Бұл – Арафат пен Минаның ортасында орналасқан таулы, қыратты, ойпаңды жазық мекен екен. Мұздалифа уақфының шарттары бойынша, егер адам Арафатта тәу етіп тұрмаған болса, Мұздалифада тұрудың мәнісі болмайды екен. Осы талаптарға сәйкес біз енді Мұздалифаның жазығына келдік те, теңіз жағасындағы жыпырлаған итбалықтарды елестетіп көріңіз, соншалықты құжынаған адамдардың арасынан саңылау іздеп, әрең жайғастық. Бұрқылдаған борбас, кей тұсы құмдақ әрі тастақ жер. Төсенішімізді жайып, сөмкемізді басымызға жастанып жата кеттік. Аспан ашық, жұлдыздар жымыңдасады. Жазықтың қапталында тау қыраттары қарауытады. Ихраммен жантая кеткенбіз. Мәңгілік жантаятын жеріміз осындай-ақ болар түбі, алақандай ғана телім... Хан бол, қара бол, ұлық бол, қай-қайсыңның да жамбасың тиер жер осындай болмақшы!
Меккедегі мағыналы Һәм маңдайға тағдыр жазған талайлы күндер зу етіп өте шығыпты-ау! Есте қалар кездесулердің де куәсі болдық. Мәселен, «Нұр-Қазақстан» қажылық компаниясының төрағасы Аманкелді Еренғайыпұлының ұйымдастыруымен шейх Сүлейменмен болған жүздесу өте ғибратты әрі тағылымды болды. Ол зәмзәм суын шығаратын кәсіпорынның қырық төртінші әулеттік-басшысы екен, салиқалы әңгіме қозғады. Қазақстанда екі рет болыпты. Біздің ел туралы пікірі өте жоғары. Қасымыздағы сапарласымыз, бірнеше аудандарды басқарған қостанайлық Жақсылық Ғайсиннің қойған сұрақтарына шейх Сүлейменнің қайтарған тұшымды жауаптарын араб тілінің білгірі Аманкелді келістіріп тәржімалап беріп отырды. Осы компанияның өкілі, арқалықтық Мейраш Тәшетов ұлы сапарға он екінші рет келіп отыр екен, оның да бұл кездесудегі рөлі айрықша болғанын сезіндік. Әбден тамағы қарлығып, даусы шықпай қалған халқының сүйікті әншісі Сәкен Майғазиев те сөзге араласа алмай көзі жылт-жылт етіп, әңгімеге құлақ түрумен ғана шектелгендей.
Нұрлы қала Мәдинаға автобуспен аттанып бара жатырмыз. Мейірімді Меккенің қайталанбас кейпіне көзқанық болғандай екенбіз, әне, жолай Айша ананың мешітін жанай өттік. Сұлу сұңғатты сыртын сүзіп, ойша ішіне кірдік те, көңілімізге түйілген тап-таныс жай-жапсарын тағы бір қимастықпен саралап отырмыз. Су төгілмес тегіс даңғылға түсісімен, 430 шақырымдық қашықтық бойы жолдың қос қапталымен «жүгіріп» отырған өркешті, кей тұсы жатаған тауларға қарап, құм иірімінде ирелеңдеп жүрген жалғыз өркешті түйелерге, аппақ қойлар мен ешкілерге аянышпен қарап қойып, ойымызды қызыл сызықпен белдеулеп тастаған – Меккенің ғажап көріністерінен айыға алмадық та, дәл осы қастерлі шаһарға алғаш табанымыз тиген күннің кешінде тамшы тамбай айлап сазарып тұрған аспан иіп, тәп-тәуір жаңбыр жауғанын Алла рақымындай сезініп, бойымыз, міне, қайтадан ысынып, сол нұрлы сіркіреуге тағы да алақан жайғандай боп, үсті-басымыз енді сулана бастағандай сергіп қалғанымыз бар... «Жүрегімді жылытқан, жанымды жаңғыртқан, сезімімді байытқан, рухымды жігерлендірген, иманымды бекіткен, Меккем менің!» дей бергім келеді...
Түнгі Мәдинаның тылсымы жарқыраған шамдарымен тарамдала бастағандай еді. Шаһарға кіре бергенде: «Уа, Аллаһ тағалам, бұл жер – сенің Пайғамбарыңның (с.ғ.с.) харамы, уахи түскен берекелі жер. Бұл қасиетті жерді мен үшін тозақтан қорғанатын, азап пен есептен аман қылатын жер ете гөр!» – деп дұға оқыдық.
Адамды үміт, арман алға жетелейді. Соның куәсіндейміз ғой біз қазір. Көрсем-көрсем деп жүріп Мәдинаны да тамашалап тұрмыз енді. Қажылықтың рәсімдерін аяқтағаннан кейін, Мәдина қаласындағы Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) мүбарак денесі жерленген қасиетті аймаққа барып, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) басқан жерлерге табан тіреп, уахи түсіп, дін тараған соқпақпен жүріп, содан ләззаттанып, оның рухани ауасын жұту әрбір мұсылманның арманы емес пе?! Арман орындалды!
...Мәдинада да талай қағаз жазуға толды. Меккедегі нұрлы ойлардың егіз баламасындай боп, небір жақұтты, ыстық аңсарлы, өшпес махаббатты сөйлемдер ықыласпен түзілді. Жан шуақтана түсті... «Біз енді қандай адамбыз?» деген ой еріксіз қылаң береді... Бәрін бір Алла біледі!
...Меккеде басталып, Мәдинада жалғасқан жазбаларымның әзірге ықшамдалған сорабы осымен түйінделді. Қалам ұстатуға Астана да сайланып жатқан шығар-ау!
...Мекке, Мәдинам менің!
Қайсар қажы ӘЛІМ,
«Егемен Қазақстан».
МЕККЕ – МӘДИНА.
Суреттерде: қасиетті Қағба; шейх Сүлейменмен кездесуде А.Еренғайыпұлымен; Минада – Ж.Ғайсинмен.