Мәжіліс бірінші оқылымда «Қазақстан Республикасының Үкіметі туралы» Конституциялық заңға өзгерістер енгізу және Мемлекет басшысының 2020 жылғы 1 қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауының жекелеген ережелерін іске асыруға қатысты заң жобасын талқыламақ.
Бірінші оқылымда туристік қызмет, нормашығармашылықты жетілдіру мәселелері бойынша түзетулер және адвокаттық қызмет пен заң көмегіне қатысты депутаттық заң жобалары да қаралады. Сонымен қатар алдағы жалпы отырыста орталық және жергілікті мемлекеттік органдар арасында ауыз сумен жабдықтауды субсидиялау жөніндегі өкілеттіктердің аражігін ажырату мәселелері бойынша депутаттық заң жобасы бірінші оқылымда қаралады деп жоспарлануда. Сондай-ақ депутаттар қарауына дене шынықтыру және спорт мәселелері бойынша заң жобасы да ұсынылды.
Бюроның күн тәртібінің жобасында Мәжіліс депутаттары екінші оқылымда бірқатар экологиялық заң жобаларын қарайды. Олар – Экологиялық кодекс пен оған ілеспе заң жобалары.
Екінші оқылымда қаралатындар қатарында қоғамдық кеңестердің қызметі туралы және депутаттар әзірлеген күзет қызметі мәселелері, сондай-ақ адамдарды Қазақстан шегінен тыс жерге шығарып жіберуге және бюджет заңнамасын жетілдіруге қатысты заң жобалары бар.
Сонымен бірге алдағы жалпы отырыста Палата дипломатиялық қызмет туралы заң жобасын жұмысқа алады.