“Euronews” арнасын қарап отырмыз. Вашингтондағы саммит. Қорытынды шығарылар шақ. Саммитке қатысушылардың естелік суретке түсетін сәті. Міне, ел басшылары бірінен кейін бірі келіп жатыр. Үш қатарлы табалдырыққа бірінен кейін бірі көтеріліп жатыр. Жоғарғы қатар толды. Елбасымыз көрінбейді. Ортаңғы қатар толды. Елбасымыз көрінбейді. “Аңшының кешіккеніне сүйін” дегендей күйдеміз. Онда Президентімізге тиген орын бірінші қатардан болғаны. Дұрыс қой, ядролық қарудан әлемде алғаш бас тартқан, тажал полигонын тарихта тұңғыш рет жапқан елдің басшысына дәл осындай саммитте орынның бірінші қатардан берілуі жөн-ақ қой, дейміз ішімізден. Ал мемлекеттер басшылары хаттама бойынша белгіленген орындарына толық жайғасып болған кездегі көргеніміз күткендегімізден де асып түсті.
Нұрсұлтан Назарбаевқа орын бірінші қатардан ғана емес, қатардың қақ ортасынан, саммит өткізген елдің басшысы Барак Обаманың дәл жанынан, оң жағынан тиген екен. Әлемдегі ең қуатты ел басшысының Қазақстан Президентіне ерекше ықыласын біз бүгін газеттің бірінші бетіне жариялаған суреттен өздеріңіз де көріп отырсыздар. Ал мына суретті, жөн-жосығы, жолы жөнінен бірінші бетке орналастырылуға тиісті болса да, көлемін барынша үлкейтіп беру, сөйтіп сол сәттің еліміз шежіресінен ойып тұрып алар орнын айшықтай түсу үшін біз жедеғабыл жазып жатқан мына мақаламен қоса жеке жариялауға бекіндік.
Есімізде сақтайық: бұл оқиға 2010 жылы 14 сәуірде, Вашингтонда өткен Ядролық қауіпсіздік жөніндегі жаһандық саммит кезінде болды. Есте ұстайық: бұл күн – Қазақ елінің арғы-бергі тарихындағы ең керемет күндердің бірі, Нұрсұлтан Назарбаевтың бүкіл әлем көшбасшылары жиынының дәл алдында, қақ ортасында тұрған сол сәті – қазақтың қазақ болғалы көрген құрмет-қошеметінің ең үлкені, мемлекетіміз шежіресіндегі ең шұғылалы шақтардың бірі.
Мұндай толқынысты сәтті біз осыдан екі жарым жылдай бұрын да бастан кешкенбіз. 2007 жылғы 30 қарашада, Мадрид қаласында Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер Сыртқы істер министрлері кеңесінің жалпы отырысында Қазақстан Республикасы Ұйымның 2010 жылғы төрағасы болып сайланған. Мадридке жіберген журналисіміз сол шешімнің қабылданғанын телефонмен хабарлағанда Астанада түн ортасы ауып қалған еді. “Қалайда нөмірге материал жазыңыз, газетке таңға жақын қол қойсақ та, халықтан сүйінші сұрауымыз керек”, деп тілшіміздің қонақ үйге жетуін, мақаланы теруін, оның электронды поштамен келуін, мұндағы азаматтардың дайындап беруін күтіп отырып, түн ішінде бақыт туралы ойға батқанбыз. “Энциклопедиялық сөздіктер адамның өмір қызығы мен қуанышына, рахатына қанағаттану дәрежесін танытатын этикалық ұғым деп түсіндіретін, негізінде адамның өмірі мағыналы және нәтижелі болған кездегі ризашылық сезімінің қалыптасуы жатады деп саналатын бұл категория көп мағыналы. Махаббат қуанышы, бала-шағаның қызығы, табысқа қол жеткізу, алға қойған мақсаттың орындалуы… бұлардың бәрі де бақыттың белгілері. Осылар бір басыңнан түгелдей табылып жатса жақсы. Түгелдей табылмаса ше? Өмірде не болмайды? Басыңа не түспейді? Тағдырдың алдан не тосарын жалғыз Жаратқан Иеміз ғана біледі. Асылы, бір басыңның бақытын еліңнің бақытымен байланыстыра, біртұтас қарай алсаң ғана кемел кісілікке беттей білген боласың. Ең баянды бақыт – еліңнің бақыты. Ең биік мәртебе де, ең мәнді, ең мәңгі мәртебе де – мемлекетіңнің мәртебесі. Американ демократиясының атасы Т.Джефферсон “Тәуелсіздік декларациясында” мемлекет бақытқа ұмтылуға тиіс екенін айтқан. Осы тұрғыдан қарағанда 2007 жылғы 30 қараша Қазақ елінің баянды бақытқа жету жолындағы басты белестердің бірі болып саналарына біз кәміл сенеміз. Ол күні Қазақстан Барысы серпінді секіріс жасады. Ол күні Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымына мүше 56 мемлекет бірауыздан Қазақстан кандидатурасын қолдап, елімізге Еуропа төрін ұсынды. Ол күні ЕҚЫҰ тарихында тұңғыш рет азиялық мемлекет, тұңғыш рет ТМД мемлекеті, тұңғыш рет халқының негізгі бөлігі мұсылман дінін ұстанатын мемлекет, тұңғыш рет түркі тілдес ұлт ұйыстырып отырған мемлекет әлемдік аренадағы осындай биік тұғырға көтерілді. Ол күні кешегі кеңестік кеңістіктен шыққан мемлекеттердің еуропалық үлгі-қалыптарға да сай келетін демократия құруға шындап кіріскендігі, сол жолда толымды табыстарға қол жеткізгендігі алғаш рет ресми мойындалды, құжат түрінде танылды. Ол күні Қазақ елі жаңа сапалық белеске ауысты – біздің мемлекетіміз ендігі жерде әлемдік саясаттың бұрынғыдай сырттай бақылаушысы, қазіргідей қатысушысы қалпынан сол саясатты қалыптастырушы, айқындаушы мемлекеттердің қатарына қосылды. Ол күні Нұрсұлтан Назарбаевтың адамзат тарихынан ойып тұрып орын алатын тұлғалар тобынан табылатыны айдай әлемге айқын танылды – айналасы 16 жылдың ішінде қирандыдан, құландыдан мемлекет құру, қоғамды бір формациядан екінші формацияға ауыстыру, өтпелі кезеңдегі қиыншылықтардан есеңгірей жаздаған халықты тар жол, тайғақ кешуден аман-есен алып өту, елдің еңсесін көтеру, аяғынан тік тұрғызу, алыс та, жақын да, Батыс та, Шығыс та мойындайтын, санасатын, құрметтейтін елге айналдыру, сан түрлі себептерге байланысты бірнеше ғасыр бойында дүниежүзілік өркениеттен шеттетіліп қалған елді жер-жаһанға таныту тек шынайы реформатордың, ұлттың ұлы перзентінің ғана қолынан келеді”, деп толғанғанбыз сол тұста.
Алдыңғы күні теледидар алдындағы тебіренісіміз де бөлекше еді.
Бұл күнге де жеттік.
Қалай жеттік?
Осыдан тоғыз жыл бұрын, 2001 жылғы 28 тамызда Президенттің Алматыдағы резиденциясында Нұрсұлтан Назарбаевтың “Бейбітшілік кіндігі” кітабының тұсаукесері өткізілді. Кітап авторы сөз сөйледі. Сөзін ұлы физик Альберт Эйнштейннің: “Үшінші дүниежүзілік соғыста адамзаттың қандай қару қолданатынын мен білмеймін, менің білетінім – төртінші дүниежүзілік соғыста адамдардың қолдарына тас ұстап соғысатыны”, деп айтқанына сілтеме жасаудан бастады. Елбасымыз адамзаттың үшінші мыңжылдыққа жаңарған санамен, жаһандағы жан біткенді жайпап өте алатын апат қатерінің алдында өз елінің, өз жерінің ғана емес, бүкіл жұмыр Жердің тағдыры үшін жауапкершілікті сезіне алатындай санамен қадам басуы қажеттігін айтты. “Қазіргі ғылыми-техникалық прогрестің қарқынды дамып кеткені сондайлық, баз бір мемлекет мұздай қаруланып шықса-ақ қауіпсіз бола қалады екен, әлемді бағындыра алады екен деген ұғым – балаң ұғым. Ең бастысы – мемлекеттер мен халықтар арасында сенім болуы, ең бастысы – ядролық қару түптің түбінде бүкіл планетаны жойып тынатынын түсіну”, деді Назарбаев. Президент Қазақстанның ядролық қарудан бас тартуы қандайлық қиын шешім болғанын, бұл үшін елдің өзінің ішінде де сан рет сынға алынғанын, мұндайлық қуатты қалқанды қолдан беріп қою елдің қауіпсіздігін ойламау деген сыңайда ауыр айыптар да тағылғанын ашық айтты. Сол тұста Президент Әкімшілігінде қызмет атқарғандықтан ядролық қарудың көлемі жағынан төртінші арсеналына ие болу республикамызды әлемдік астам державалар санатына сүйреп шығады деп санаған, “Құдіретті Қазақстан ядролық қаруы жоқ, біздің қамқорлығымызға мұқтаж көптеген елдерді паналатудың орталығына автоматты түрде айналады. Бізбен келіссөз жүргізу үшін ядролық қаруы бар елдердің мемлекет қайраткерлері кезекке тұрады...” дегендей қанатты қиялға ерік берген қайраткерлер арамыздан табылғанын өзіміз де жақсы білеміз. Біле тұрсақ та, тұсаукесер рәсімі кезінде ресейлік академик Р.Н.Сагдеевпен осы тақырыпқа бір ауыз сөйлесіп қалғанбыз, сонда ол кісінің аузынан Қазақстан Президентіне бұл тұрғыда бірқатар мұсылман елдері тарапынан қысым да болғанын естігенбіз. Жоғарыда аталған еңбегінде Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан кезінде ядролық қарудан оны ұстап тұруға шамасы жетпейтіндіктен, оны қолдана алмайтындықтан, өз арсеналын толықтыруға мүмкіндігі жоқтықтан бас тартыпты-мыс деген жел сөздердің жөнсіздігін, мұның өзі ел халқының ерік-жігерін танытатын, ел басшылығының мемлекеттің қауіпсіздігін алыстан ойлап барып жасаған қадамы екенін қолмен қойғандай дәлелдеп шыққан еді. Енді арада талай жыл өткен тұста сол кездегі шешім жалғыз ғана дұрыс шешім болғанын, мемлекет ретінде құрылмай жатып әлем сахнасына ядролық қарумен шыға келген елді талайлар іштен ірітіп, сырттан сетінетуге тырысарын, мұның аяғы тәй-тәй басқан тәуелсіздікке төнер анық қатер екенін бәріміз де көріп-біліп отырмыз.
Мақалада былай делінетін: “Бүкіл әлем тарихы – соғыс тарихы, қарулану шежіресі. Мыңдаған жылдар бойы адамдар адамдарды қырып-жоюдың жаңа жолдарын ойлап табу үшін жанталасты, мемлекеттер жойқын қару-жарақты көбейткен үстіне көбейтуге ұмтылды. Мыңдаған жылдар бойы халиф, хан, патша, король, император, генсек атаулының бәрі өз елінің бес қаруы бойында болуын, жат жұрттықтарды жаппай қырып-жоюға дайын тұруын көздеді. Тек бір ел ғана жаңа қаруға ұмтылу былай тұрсын, қолына келіп түсіп тұрған аса алапат қарудан өз еркімен бас тартты. Тек бір ер ғана айрықша айбын болатын қатерлі қарудың өңешіне өз қолымен құм құйды.
Ол елдің аты – Қазақстан. Ол ердің аты – Нұрсұлтан”.
Арада тоғыз жыл өтер-өтпесте Ядролық қауіпсіздік жөніндегі жаһандық бірінші саммит ұйымдастырылды. Ол саммиттің бірінші сессиясында сөз Нұрсұлтан Назарбаевқа – адамзат тарихында ядролық қарудан бас тартқан тұңғыш елдің басшысына берілді.
Сәл шегініс жасайық. Осы оқиғадан дәл бір апта бұрын әлемдегі ең беделді ұйымның жетекшісі – Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Пан Ги Мун Қазақстанға келді. Алдымен Семей полигонының орнын көрді. Ажал апанының аузында тұрып, тебірене сөз сөйледі. Мәлімдеме жасады. “Қазақстан Президентінің осынау сынақ алаңын жауып қана қоймай, тұтас өңірде ядролық қарудан ада аймақ құрғанына зор қолдау білдіремін. Оның бұл қадамы біздің ядролық қарусыз әлемді құру ісіміздің ең берік іргетасы іспетті. Барлық елдердің басшылары Нұрсұлтан Назарбаевтан үлгі алып, оның жолымен жүруі тиіс. Мен БҰҰ-ның Бас хатшысы ретінде ядролық сынақ алаңының қақ жүрегінде тұрып, барлық әлем елдерін Қазақстаннан үлгі алуға шақырамын”, деді мәлімдемесінде. Сол түні борандатып Астанаға жетті. Елбасымызбен кездесу кезінде қайтадан ақтарылып кетті. “Мен кеше Семейде болдым. Ол өңірге жасаған сапарым мен үшін баға жетпес тәжірибе. Семей полигонындағы сынақтар барысында зардап шеккен миллиондаған адамдардың қасіреті мен ондағы экологиялық ахуалдың қиындықтарын суреттеуге тіл жетпейді. Тіпті оны елестетудің өзі аса ауыр. Егер Сіздің көрегендігіңіз бен басшылығыңыз болмаса, кім білсін, қазір де миллиондаған адам сол қасіретті бастан өткеріп жатқан болар ма еді? Мен Сізге Семей ядролық сынақ алаңын жапқан және Қазақстан аумағында барлық ядролық инфрақұрылымды жойған ұлттың басшысы ретінде шексіз ризалығымды айтқым келеді”, деп бір қайырды. “Ядролық қарусыздану туралы айтуға, оны терең талқылап, басқа мемлекет басшыларына пікір айтуға Сіздің барлығынан жоғары моральдық құқығыңыз, күшіңіз бар, сондықтан да даусыңыз жарқын шығуы тиіс деп санаймын”, деп бір қайырды. “Ядролық сынақтарды тоқтатып, ядролық қарулардан ада болу қажеттігін әлемге жар салып айтушы рөліне Жер бетінде Сізден лайық адам жоқ”, деп бір қайырды. Ақыр аяғында: “Әрине, Сіздің бұл саммитте қаралатын мәселелер жөнінде өз пікіріңіз, өз ұстанымыңыз бар. Мен де БҰҰ-ның Бас хатшысы ретінде өз ойымды ортаға саламын. Дегенмен, біз сөздеріміз бен ұстанымдарымызды үйлестіріп алып, біріге сөйлесек, ойлағандағыдан да үлкен табысқа қол жеткізе алар едік”, деп барып тоқтады. Қазақстан Президентінен демеу, қолдау күтті. Өзінің миссиясын жүзеге асыруға көмектесетін жорық жолдасындай сенім артты. Біз бұл сөздерге түсініктеме жасамай-ақ қояйық.
Сонымен, саммит басталды. Саммит алдында Барак Обама Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесті. 45 минөт бойы сөйлесті. Мұндай жиындарда елдер басшыларының он минөттік, кейде тіпті бес минөттік, таза хаттамалық сипаттағы, кездесуден гөрі жүздесуге көбірек жақындайтын, ниеттестікті қуаттаудан аспайтын рәсімдері кәдуілгі жағдай. Талай елдер басшыларына тіпті ондай рәсімдерге де мүмкіндік табылмай жатады. Делегациялардың көптігі сондай, АҚШ Президентінің мемлекеттер басшыларын атақты Конгресс орталықта тек қарсы алып, құрмет көрсетуінің өзі бір сағаттан астам уақытқа созылғанын біздің газет алдыңғы күні ғана жазған. Саммиттің түске дейінгі бірінші сессиясында, алдыңғылардың қатарында Нұрсұлтан Назарбаевқа сөз берілгенін де жазғанбыз, Елбасымыздың сөзін жариялағанбыз. Қазақстан басшысы өз сөзінде халықаралық қоғамдастыққа бірқатар қағидаттық маңызды шараларды алға тартты. Өз елінің аумағында Халықаралық ядролық отын банкін орналастыруға әзір екенін мәлімдеді. Ядролық қарусыз аймақтар үшін халықаралық-құқықтық нормалар қажет деп санайтынын айтты. Әскери мақсатта бөлшектенетін материалдарды өндіруге тыйым салу туралы шартты жедел қабылдауды ұсынды. Ядролық сынақтарға баршаны қамтитын тыйым салу туралы шарттың іс-әрекетке кірісуін тездетуге шақырды. Сонымен бірге Назарбаев әрбір мемлекеттің бейбіт ядролық энергетиканы дамытуға және пайдалануға деген заңды да ажырағысыз құқығына қолдау білдіретінін ашық жеткізді. Мұның өзі бүкіл әлемдегі барланған уран қорының ширек бөлігі орналасқан Қазақстан үшін өте маңызды. Назарбаев ядролық қаруға ие болып алған елдер мен ядролық шамшылдыққа салынатын елдердің қарым-қатынасына байланысты да маңызды ұсыныс жасады. “Мұның өтеуіне олар Қауіпсіздік Кеңесі қуаттайтын, бүкіл “Ядролық клубтан” оларға ядролық қаруды қолданбау және шабуыл жағдайында қорғау кепілін алуы тиіс. Бұл үдеріске біріккісі келмейтін елдерге қатысты БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі санкциялар мен мәжбүрлеуге дейінгі шешуші шаралар қолдануы тиіс”, деді Қазақстан басшысы. Расында да, адам ойын, ғылым ізденісін тоқтату оңай емес. “Сендер ондай ойларыңды қойыңдар, ядролық қару жасаймын деп жүрмеңдер” дей салатын жер бұл емес. Олардың бәрі бірдей көршілеріне ядролық бомбаны тастап кеп жіберейін деп желігіп жүргендер емес. Олардың арасында көршілеріміз сондай бомба жасап, тастап кеп жібере ме деп жаны шығып жүргендері де аз емес. Сондықтан қазір ядролық қаруы жоқ елдердің бәріне оны жасаудан бас тартудың өтеуі ретінде қауіпсіздік кепілі берілуге тиіс.
Елбасымыздың сыртқы саясаттағы сарабдалдығының келісті көріністеріне талай куә болып жүрміз. Ресми сапарлардың біразына қатысып, репортаждар жазған жайымыз да бар. Соның өзінде де Президентіміздің Америка Құрама Штаттарына осы жолғы сапары, жаһандық саммитке қатысуы, оның аясында әлемнің көптеген іргелі мемлекеттерінің басшыларымен кездесуі айрықша сәтті болды деп санаймыз. Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың ядролық қауіпсіздік жөніндегі жаһандық жиында сөйлеген сөзі бүкіл әлемнің белді бұқаралық ақпарат құралдарының назарын аударды деудің еш артықтығы жоқ. “Нью-Йорк Таймс”, “Уолл Стрит Джорнэл”, “Вашингтон Пост”, “Рейтер”, “Ассошиэйтед Пресс”, “Ажанс Франс Пресс”, “Чикаго Трибюн”, “Форин Полиси”, “Хилл”, “Политико”, “Хаффингтон Пост” секілді басылымдар мен ақпараттық агенттіктер шетінен жазып жатты. Біздің өтінішіміз бойынша бірқатар материалдардың орысшаға аудармасын жедел жасап, кеше түстен кейін-ақ редакцияға жеткізіп берген азаматтарға разылығымызды білдіре отырып, солардың кейбірін сөйлетіп көрмекпіз.
“Нұрсұлтан Назарбаев – өзгелер теңесуге тиісті Көшбасшы. Вашингтондағы саммит онсыз өтпес еді” – “Ажанс Франс Пресс” ақпараттық агенттігінің 12 сәуірдегі мақаласына тап осындай тақырып қойылыпты: “Вашингтон советтік ядролық арсеналдың өзіне тиесілі бөлігінен бас тартқан Қазақстанға, Барак Обаманың сөзімен айтқанда, бүкіл әлем үшін түпкілікті мақсат – толық ядролық қарусыздану болып табылатын істен ұтысқа шыққан ел ретінде құрмет көрсетті. Вашингтон көшелерінде Жаһандық саммит күндерінде ілініп қойылған плакаттарда Нұрсұлтан Назарбаев өзінің алып ауқымды мемлекеті совет заманында ядролық сынақтардан 1,5 миллион адам зардап шеккендіктен қолда қалған ядролық арсеналдан бас тартқанын түсіндіреді. Ақ үйдің кеңесшісі Майк Макфол Обама Назарбаевты “ядролық қауіпсіздік мәселесінде “теңесуге ұмтылуға тұратын” көшбасшылардың бірі деп сипаттағанын, Вашингтондағы саммит “оның қатысуынсыз” өтпес еді” дегенін мәлімдеді”. “Foreіgn Polіcy” журналы 11 сәуірдегі нөмірінде Барак Обаманың саммит алдында Нұрсұлтан Назарбаевпен кездескеніне екпін түсіре айтқан. “Хилл” газеті 13 сәуірдегі “Қазақстанның шапағатты шағы” атты мақаласында: “Орталық Азиядағы бұл мемлекет Вашингтонда дүйсенбіде басталған ядролық қауіпсіздік жөніндегі екі күнгі саммитке қатысушы 47 мемлекеттің ішіндегі ең көрнектілерінің бірі болып табылады”, деп жазған. “Политико” газеті 13 сәуірде БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мунның “1991 жылы Президент Назарбаев Семей ядролық сынақ полигонын жауып, Қазақстанды ядролық қарудан ада ету арқылы ерекше көшбасшылығын көрсетті. Мұның өзі стратегиялық қадам, тәуелсіздіктің шындап жария етілуі еді. Бүгінде бұл полигон қарусыздану мен болашаққа үміттің символына айналды”, деген сөзін келтіреді. “Вашингтон Пост” 13 сәуірде Нұрсұлтан Назарбаевтың “Қазақстан. Ядролық қарусыз бейбітшілік құру” атты мақаласын жариялаған. АҚШ-тағы танымал “Хаффингтон Пост” веб-порталында Альберт Айзли “Ядролық Қауіпсіздік жөніндегі Жаһандық Саммиттің көш бастаушысы және өзегі Қазақстан болатыны неліктен?” деген мақаласында Қазақстанның ядролық қарусыздану саласындағы аса көрнекті рөлі мен сана-сезімнен өткерілген көшбасшылығы жөнінде айтады.
Осы күндерде жаһан жұртшылығының назарын аударған жарияланымдардың бірі – “Вашингтон Таймс” газетіндегі (13.04.2010) “Ядролық қауіпсіздік пен Ауғанстандағы жағдайды тұрақтандырудың түйінді ойыншысы” деп аталған сұхбат. Таяу Шығыс пен Орталық Азия тақырыбына маманданған белгілі талдамашы Клод Салханидің біздің Елбасымызға қойған сұрақтары мен алған жауаптарының біреуін ғана келтірмекшіміз. “Иран Вашингтон саммитіне қатыспай отыр. Иран басшыларымен кездессеңіз Сіз олардың ядролық технологияларға қол жеткізу жөніндегі ниетіне байланысты не айтар едіңіз? Сіздің ойыңызша, Иранның ядролық шамшылдығына алаңдап отырған Батысты, Еуропа мен АҚШ-ты не тыныштандыра алар еді?” деген сұраққа мынандай жауап қайтарылыпты: “Қазақстанның ядролық қарусыз таңдауы КСРО тарағаннан кейінгі (Бұл арада журналист Қазақстан Президентінің сөзін анық жазып алмаған сияқты, бәлкім, ауызекі әңгімеде Елбасымыздың өзі онша дәл айтпаған да болар. Дұрысында, Семей полигоны 1991 жылы 29 тамызда, яғни КСРО тарамай тұрғанда, Кремльдің тыйым салуына, әскери-өнеркәсіптік кешен басшыларының қатты қарсылығына қарамастан жабылған, Нұрсұлтан Назарбаев қол қойған ол Жарлықтың ерекше қадір-қасиеті де сонда – С.А.) өте қиын жағдайда жасалды. Қазақстанның негізгі территориясы Азияда екенін, адамдарымыздың басым бөлігі исламды ұстанатынын еске салайын. Біз сол тұста өзімізге қомақты қаржы қолдауын және ядролық қаруға ие тұңғыш әрі жалғыз мұсылман елі ретінде халықаралық “абыройға” бөленуді уәде еткен көптеген сантүрлі кеңесшілермен істес болғанбыз. Иранның ядролық бағдарламасына келсек, біз жағдайды тек қана дипломатиялық реттеуді жақтаймыз және мәмілеге келтіретін шешім табылады деп үміттенеміз. Біз Иранның бейбіт ядролық энергетиканы дамытуға құқылы екенін мойындаймыз. Сонымен бірге, барлық жұмыстар МАГАТЭ-мен бірлесе отырып, Кепілдіктер туралы келісімді бұлжытпай сақтаумен атқарылуға тиіс деп санаймыз”. Лордтар палатасының мүшесі және Орталық Азия мәселелері бойынша Бүкілпартиялық парламенттік топтың төрағасы болып табылатын танымал саясаткер Дж.Д.Уэйверлидің “Roll Call” газетіндегі (14.04.2010) “Ядролық қауіпсіздікті нығайтудың жаңа мүмкіндіктері” атты мақаласында былай делінеді: “Кейінірек елде Ғылыми және халықаралық істер жөніндегі Гарвард Белфер орталығының директоры Грэм Элисон кем қойғанда 100 жаңа ядролық ату жарақтарын өндіруге жетеді деп бағалаған жоғары байытылған уранның елеулі қоры табылды. Қару-жарақтық уранды тасымалдау мен сатудан олардың қорынан бас тартып, жоюды жөн көрген Қазақстан әлемге қару-жараққа бақылау жасау тарихында болып көрмеген үлгі көрсетті”, “Қазақстан қабылдаған шешімдердің маңызы бөлекше. Қазақстан қауіпсіз сақтауға берген ядролық қордың титімдей бөлігінің өзі, егер олар қылмыскерлердің қолына түсе қалса, Бүкіләлемдік сауда орталығын ғана емес, Манхэттенді түгел жойып жіберуге жетер еді. Қазақстан Эйнштейннің ақтық сыйлығына айналған Пагуош конференциясының асқақ мұраттарын жүзеге асырудың сирек мысалдарының бірі”.
Осылай жалғастыра беруге болады. Біздің қолымызға кеше кешке дейін тиген пікірлердің өзі ғана Нұрсұлтан Назарбаевтың жаһандық саммиттегі сөзі шын мәнінде жаһанға жайылғанын көрсетіп отыр.
Қазақстан Президенті бастап берген жеңісті жол жемісті жалғасып жатыр. Дәл саммит басталардың алдында, 7 сәуір күні әлем тарихында тағы бір аса елеулі оқиға болып өтті. Прага қаласында АҚШ пен Ресей президенттері стратегиялық шабуылдау қаруларын қысқарту жөніндегі жаңа келісімге қол қойды. Ол бойынша екі жақ алдағы жеті жылдың ішінде стратегиялық ұшырғыштар – құрлықаралық баллистикалық зымырандарын, сүңгуір қайықтардағы баллистикалық зымырандарын, сондай-ақ ауыр стратегиялық бомбалаушы ұшақтарын 700 бірлікке қысқартуға міндеттеме алды, оқтұмсықтар ұшырғыштар саны әр жақтыкін есептегенде 800 бірліктен аспауға тиіс, оқтұмсықтардың ең көп ортақ саны 1550 бірлік деп айқындалды. Бұл шын мәнінде қарусыздану жолындағы айрықша қадам. Әрине, біз қарусыздану үдерісі әлі де талай уақытқа созылатынын жақсы білеміз. Сол АҚШ-та 3500, сол Ресейде 2800 оқтұмсық сақталып отырғанын да Интернеттен оқып жатырмыз. Ұлыбританияның өзінде 512, Қытайда 400, Францияда 384 оқтұмсық ресми тіркелген. Осындай сұмдықтұмсықтардың тым құрыса біреуі алда-жалда халықаралық лаңкестердің қолына түсе қалса не болуы мүмкін екенін ойласаңыз аза бойыңыз қаза тұрады. Сондықтан да Нұрсұлтан Назарбаев саммиттегі сөзінде Орталық Азия аймағы аясында Қазақстан ядролық қауіпсіздікті нығайту, ядролық материалдардың таралуына жол бермеу және ядролық лаңкестікпен күрес жөнінде өңірлік іс-қимыл жоспарын әзірлеуге бастамашы болғанын хабарлап, осы тәжірибені әлемнің басқа өңірлеріне де таратуды ұсынды. Шынтуайтында, Назарбаев үлгісі қазірдің өзінде әлемге таралып та жатыр. АҚШ пен Ресейдің күні кеше қандай тарихи құжатқа қол қойғанын айттық. Украина 2012 жылға дейін өзінің жоғары байытылған уран қорын жоюға бекінді. Чили мен Канада өздерінің жоғары байытылған ядролық материалдарын АҚШ-тың бақылауына беруге келісті. Бұл үдеріс жалғаса түседі деп сенгіміз келеді.
Вашингтонда Қазақстан Президентіне “Шығыс-Батыс” институты белгілеген Бейбітшілік және алдын алу дипломатиясы сыйлығы табыс етілді. Бұған дейін бұл сыйлыққа АҚШ Президенті үлкен Дж.Буш, Чехия Президенті В.Гавел, Германия Канцлері Г.Коль сияқты айтулы тұлғалар ие болғанын ескерсеңіз, биік марапат екенін көресіз. Сонымен бірге, Назарбаевтың адамзат тарихында “Қош бол, қару!” ұранын іс жүзіне асырған, қарусыздану саласындағы үздік үлгісінен бүкіл әлем үйренсе артық етпейтін алғашқы мемлекет басшысы екенін ескерсеңіз, Қазақстан Президентінің саяси көрегенділік пен адамдық ерлікке, мемлекеттік кеңдікке негізделген бұл еңбегі әлемдегі ең жоғары, ең беделді, ең атақты сыйлыққа да лайықты деген ойға өзіңіз-ақ тоқтайсыз. Бірақ біз Нұрсұлтан Назарбаевқа бұл қадамды жасатқан басты қозғаушы күш ең алдымен туған жерінің ашық көк аспаны мен туған елінің алаңсыз көңілін ойлаған азаматтық ұстаным екенін жақсы білеміз.
“Жігітке ерлік те оңай, елдік те оңай, әгәрки қабырғалы болса халқы”, деген екен Әбубәкір Кердері бабамыз. Қылышынан қан тамып тұрған Кремльден қаймықпай, тажалды тұншықтыруға пәрмен бергенде де Назарбаев ең алдымен өзінің туған халқына, Қазақстанына сүйенген. “Қабырғалы халқы болмаса, қандай басшының да тауы шағылмай, тауаны қайтпай қоймайды” дегенді де Нұрсұлтан Әбішұлы сондықтан айтқан. Президент кітабының тұсаукесерінде академик Е.П.Велихов сөйлегені есте. “Даналық пен батылдық Президенттің бойында да, ол басқарған халықтың бойында да болды. Мұндай қадамды бірлігі мықты халық қана жасайды”, деген еді атақты ғалым. Дәл солай. Нұрсұлтан Назарбаевқа: “Мен өз халқымның жолында басымды бәйгеге тіккен адаммын. Садағаң кетейін, айналайын халқым! Сенің мүддең жолында бойдағы қуат, ойдағы нәрдің бәрін сарп етуге бейілмін”, дегізген ұлы күш те – перзенттік парыз бен президенттік қарыз. Сол ұлы күш күні кеше Қазақстанды тағы бір биікке көтерді – Вашингтондағы жаһандық саммит кезінде өткен көптеген кездесулердің нәтижесінде Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымының 11 жылдан бері шақырылмай келе жатқан саммиті биыл төраға елдің төрінде – Қазақстанда өтетін болып негізінен шешілді. Бұл бәріміздің ортақ абыройымыз. Жарқын жеңісіміз.
Осыдан тоғыз жыл бұрын жазған мақаламыз тағы ойға оралып отыр. Ол былай аяқталатын:
“Адамзат баласы түптің түбінде өзін-өзі құртып тынатын жаппай қарулану жолымен ұдайы жүре бермес. Күндердің күнінде демегенмен, жылдардың жылында әлем мемлекеттері ядролық қарудан бас тартуға уағдаласар. Сол бір жылдарда адамзат баласы тарихта тұңғыш рет атом қаруынан өз еркімен бас тартқан, ядросыз әлемге жол ашып берген елді де, сол елдің тұңғыш Президенті болған, соғыс эпицентрін бейбітшілік эпицентріне айналдырған сол тарихи шешімді қабылдаған ерді де разылықпен ауызға аларына сенеміз біз. Семсерден соқа соғу – адамзаттың сонау Тәурат заманынан бері келе жатқан асыл арманы. Сол істің қазақ даласында басталғанын, сол істі қазақ баласы бастап бергенін мақтан етеміз біз”.
Аузымызға құдай салғандай екен. Иә, осы іс қазақ даласында басталған. Иә, осы істі қазақ баласы бастаған.
Мақтан етеміз! Елімізді де, елді басқарған ерімізді де.
Ол елдің аты – Қазақстан.
Ол ердің аты – Нұрсұлтан.
Әлем мойындаған мемлекетке айналу деген осындай болады.
Әлем таныған тұлғаға айналу деген осындай болады.
Еліңді еңселенту, халқыңның бағын жандыру деген осындай болады.
Қазақстанды бүкіл әлемдегі бейбітшілік ісінің көшбасшысы деп бүкіл әлем айта бастады. Ғасырлар бойы тарихқа кеткен есеміз қайта бастады.
Тәубе дейік, ағайын.
Сауытбек АБДРАХМАНОВ.