Халық пен биліктің арасындағы ұтымды етене байланыс мәселесі қашанда және кез келген қоғам үшін де ерекше өзекті болып келген. Айырмасы тек ғылыми-техникалық үдеріске байланысты өзара іс-әрекет нысандары мен арналарының ұдайы өсе түсетіндігінде ғана. Бүгінгі таңда қазіргі тыныс-тіршілігіміздің бөлінбес бөлшегіне айналған Интернет, әлеуметтік желілер, электрондық пошта, сандық технологиялар сияқты құбылыстар бірте-бірте мемлекеттік органдардың күнделікті жұмыс тәжірибесіне де енуде. Бұл санаттан Қазақстан да шет қалған емес.
«Электрондық үкімет», мемлекеттік органдардың электрондық құжат айналымының бірыңғай жүйесі (ЭҚАБЖ), орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың Президент актілері мен тапсырмаларын орындау жөніндегі қызметінің тиімділігіне мониторинг және талдау жүйесі, жұмыс уақытын электрондық есепке алу сияқты жаңалықтар бүгінде ешкімді де таң қалдырмайды.
Халық пен биліктің арасындағы ұтымды етене байланыс мәселесі қашанда және кез келген қоғам үшін де ерекше өзекті болып келген. Айырмасы тек ғылыми-техникалық үдеріске байланысты өзара іс-әрекет нысандары мен арналарының ұдайы өсе түсетіндігінде ғана. Бүгінгі таңда қазіргі тыныс-тіршілігіміздің бөлінбес бөлшегіне айналған Интернет, әлеуметтік желілер, электрондық пошта, сандық технологиялар сияқты құбылыстар бірте-бірте мемлекеттік органдардың күнделікті жұмыс тәжірибесіне де енуде. Бұл санаттан Қазақстан да шет қалған емес.
«Электрондық үкімет», мемлекеттік органдардың электрондық құжат айналымының бірыңғай жүйесі (ЭҚАБЖ), орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың Президент актілері мен тапсырмаларын орындау жөніндегі қызметінің тиімділігіне мониторинг және талдау жүйесі, жұмыс уақытын электрондық есепке алу сияқты жаңалықтар бүгінде ешкімді де таң қалдырмайды.
Мұның өзі азаматтардың мемлекеттік органдармен байланысын да айналып өткен жоқ. Бүгінде халыққа көрсетілетін мемлекеттік қызметтің елеулі бөлігі электрондық түрде ұсынылады.
Алайда байланыстың нысандары қаншалықты алуан түрлі болуына қарамастан, негізгісі, әрине, мазмұн жағы болып қала береді. Төрешілдік тілінде «жеке және заңды тұлғалардың арыз-шағымдары» деп аталатын азаматтардың хаттары да бұл тұрғыдан аз рөл атқармайды.
* * *
...Кеңестік кездің өзінде көптеген мерзімдік басылымдар: «Қолжазбалар рецензияланбайды және қайтарылмайды» деген редакцияның ескертуін жариялауды жұмыс тәжірибесіне енгізген болатын. Кейбір қуақы тілділер оған «...және қаралмайды» дегенді де қоса айтып, әжуа ететін.
Редакциялардың не істейтінін айта алмаймын, бірақ Мемлекет басшысының атына келіп түсетін поштаның бәрі, тіпті, күлкі туғызатын хаттардың өзі де мейлінше мұқият қаралады.
Ал ондай хаттар аз емес. Мәселен, бір жас әрі жігерлі «әдебиетші» Ақорданы Нұрсұлтан Назарбаев туралы киносценарий жазып жатқандығы туралы хабарлармен көміп тастап, өзіне демеушілік қаржы жинау, кеңсе ашу, іссапарлар, түсіру тобын құру, т.с.с. үшін өте қажетті әлдебір ұсыныс хат беруді сұрады. Енді бір талапшыл ақылгөй өзі теріп алған метеориттердің керемет әсер еткіш қасиеттері туралы (әрине, өзіне және өз жақындарына тексерілген) хабарлап, ғарыштық тас кесектерінің бірен-саранын сатып алуды ұсынды: бәлкім, қажет болып қалып жүрер деген болар. Үшінші бір тосын жаңалықтың жаршысы оған қайткенмен де Кенесары ханның басын табудың сәті түскенін хабарлаудан танбай, соның дәлелі ретінде бірден бірнеше мумияландырылған бастардың фотосуреттерін жіберді (сірә, қалағанымызды алсын десе керек). Расында да,
Президентке келіп түсіп жатқан поштамен танысу барысында кездесетін оқыс, таңданарлық әрі күлкілі жағдайлар – орайы келгенде (бәлкім, Дүниежүзілік күлкі күніне орайластырып) оған жеке мақала арнауға лайықты аса қызғылықты тақырып.
* * *
Егер байсалды әңгімеге көшетін болсақ, келіп түсіп жатқан пошта өзінің мазмұны мен сипаты жөнінен мейлінше әр алуан. Онда түрлі мерекелер мен естелік даталарға, ұлттың өміріндегі айшықты оқиғалар мен жетістіктерге байланысты түсетін құттықтаулардың үлесі дәстүрлі түрде мол. Құттықтау жолдаулары авторларының қатарында шет мемлекеттер мен үкіметтерінің, халықаралық ұйымдардың басшылары, қоғам қайраткерлері, бизнесмендер, мәдениет саласының өкілдері, Қазақстанның және өзге елдердің қарапайым азаматтары бар.
Нұрсұлтан Әбішұлы ізгі тілектері үшін адамдарға әрдайым өз алғысын білдіруге тырысады. Кейбір хаттарға өз қолымен жауап жазады, өзгелеріне оның тапсыруы бойынша жауапты лауазым иелері жазады, үшінші біреулеріне Елбасымыз бұқаралық ақпарат құралдары арқылы алғысын білдіреді.
Осындай хаттардың бірінің жиегіне көңілі толқыған Президент былай деп жазғаны бар: «Бұл ең тамаша құттықтау мен тілек екен. Осыншама балалардың денсаулығының түзелгені мен үшін үлкен қуаныш».
Әңгіме 52 баланың ата-аналарының ризашылығын жазған Түркістан қаласының тұрғыны Гүлмира Өтегенованың хаты туралы болып отыр.
«Аса құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! Қазақстанның елордасында тұтас бір инновациялық орталықтарды біріктіретін медициналық кластерді құрғаныңыз үшін Сізге үлкен ризашылығымызды білдіруге рұқсат етіңіз. Біздің балаларымыз алған көмек үшін Сізге шын жүректен алғысымызды айтамыз. Қазіргі заманғы таңғажайып емдеу орындарын құру жөніндегі Сіздің дана шешіміңіздің жүзеге асырылуы қазірдің өзінде мыңдаған өмірді құтқаруға мүмкіндік берді.
Менің есімім – Өтегенова Гүлмира. Біздің отбасымызда егіздер – ұл мен қыз дүниеге келгенде қуанышымызда шек болмады. Ұлымыздың денсаулығы жақсы болып туылды, ал қызымыз Еркежан тағдырдың қатаң тәлкегімен ауру болып шықты. Дәрігер «Балалық церебралдық сал» деген диагноз қойғанда ол үкім сияқты естілді. Осы күннен бастап қызымның қорқынышты диагнозымен күрес басталды. Біз көптеген ауруханалар мен орталықтарда емделуден өттік. Мен дәрігерлердің барлық ұсыныстарын қажымай-талмай орындаумен болдым. Бір күні, 2008 жылы емдеуші дәрігер маған: «Сіздерге Астанаға бару керек, онда жаңа оңалту орталығы ашылды, ол ең жаңа жабдықпен жабдықталған», деді. Мен қорқып кеттім, өзімнің қалған үш баламды қалдырып кеткім келмеді, алайда біздің дәрігеріміз табандылық танытты. Мен бүгін сол үшін оған ризамын.
Біз алғаш рет Республикалық балаларды оңалту орталығына тап болғанымызда, қызметкерлердің жылы әрі мейірімді қарым-қатынасы жанымызға жақсы әсер етті. Сол сәтте менде қызымның жазылатындығына деген үміт оянды. Нәтижесінде менің бөбегім 6 жасында жүре бастады.
Қазір біз қайта тексеруден өту үшін осы жарық әрі мейірбан орталыққа тағы да келдік. Мұнда түрлі өңірлердің балалары бар. Олар тек ем алып қана қоймай, шығармашылық машығын да үйренеді: сурет салады, өлеңдер жазады, бұйымдар жасайды. Олардың жүздері жайнап, айрықша нұрмен құлпырып кетеді.
Өте жоғары кәсіби біліктілігі, адамдық сергектігі, мейірімдері мен балаларға деген қамқорлығы үшін тамаша балалар орталығының барлық қызметкерлеріне алғысымды айтқым келеді.
Балаларды оңалту орталығында, Ана мен бала орталығында, Нейрохирургия орталығында емделуден өткен басқа балалардың аналары да мені толық қолдайды.
Аса құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! Біз елімізде осындай клиниканың бар екендігіне өте қуаныштымыз. Сізге тағы да үлкен рахмет!».
Қазақстанда қазіргі заманғы медициналық кластер құру идеясын Мемлекет басшысы алғаш рет 2006 жылы өзінің Қазақстан халқына Жолдауында жариялағанда, оған белгілі бір дәрежеде азаматтарымыздың осындай хаттары да себеп болған еді. Елде кәсіби медициналық көмек алуға мүмкіндік болмағандықтан, көп адамдар Мемлекет басшысына өздерін немесе өздерінің туған-туыстарын шет елдерге емделуге жіберу туралы өтініш айтуға мәжбүр болатын.
Қазіргі таңда Астанадағы медициналық кластер өзіне 6 ірі денсаулық сақтау объектісін біріктіретін қуатты инновациялық орталық болып табылады. Оларда науқастарға жетекші шетелдік клиникалардың деңгейіндегі аса күрделі оталар, емдер мен оңалту жағдайлары жасалады. Жоғарыда аталған хат – осы сөздеріміздің айқын дәлелі.
* * *
Әрине, азаматтардан Мемлекет басшысының атына келіп жатқан хат-хабар ауқымының одан кем түспейтін елеулі бөлігін «проблемалық» деп аталатын хаттар құрайды, адамдар онда өздерін толғандырған мәселелерді көтеріп, соларды шешуді сұрайды.
Осындай көкейкесті мәселелердің бірі тұрғын үй мәселесі болып келген және қала береді. Президент мұны ешқашан назарынан тыс қалдырған емес. Еңбекақы және зейнетақы сияқты бірінші кезектегі шығындарға Елбасы бюджетте ақша мүлде жетіспеген күрделі дағдарыс жылдарында да оны шешу үшін әрдайым мүмкіндік табуға тырысатын. Шағын ғана дәйек: бүкіл әлемді экономикалық дағдарыс дендеген 2008 жылдың өзінде Нұрсұлтан Әбішұлы Үкіметтің алдына Қорғаныс министрлігімен бірлесе отырып, әскери қызметшілерді тұрғын үймен қамтамасыз етуді міндеттеді. Осы мәселе жөніндегі қызметтік жазбалардың біріне Президент мынадай мазмұндағы бұрыштама қойды: «Министрліктің өзге шығындарын уақытша қысқарта тұрып, осы кезеңде қаржының көбірегін тұрғын үйге бағыттауға болар еді».
Сол мезгілде Мемлекет басшысының бастамасы бойынша азаматтардың барлық санаттары үшін жаппай тұрғын үй құрылысы өріс алғанын да еске сала кеткен жөн.
Отандық кәсіпкерлікке қолдау көрсету мәселесі де Нұрсұлтан Әбішұлының ұдайы қамқорлығына айғақ болып табылады. Ұлттық экономиканың құрылымындағы жоғары технологиялық секторды қалыптастыруға арналған Қазақстанның ауқымды Үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарламасы, «Бизнестің жол картасы-2020», шағын және орта кәсіпкерлікке қолдау көрсету, т.б. көптеген бағдарламалар тап Елбасының бастамасы бойынша қабылданып, жүзеге асырылуда. Алайда, біздің бизнесіміз күн сайын, соның ішінде көптеген төрешілдік құрылымдардың «арқасында» бетпе-бет келіп отырған қиындықтарды жақсы біле отырып, Н.Ә.Назарбаев 2010 жылы өзінің «Ақорда» интернет-сайтында «Бизнесті Президенттік қолдау» арнайы бөлімін ашты.
Бұл бағдарлама жұмыс істеген 4 жыл ішінде 8 мыңға тарта кәсіпкер көмек сұрап сайтқа шықты. Қаралған арыз-шағымдардың үштен бірінен астамы толық немесе жарым-жартылай қанағаттандырылды. Құқық қорғау, бақылау-қадағалау және атқарушы органдардың 150-ден астам өкілдері әртүрлі тәртіптік, әкімшіліктік және қылмыстық жауапкершілікке тартылды.
Көбіне Мемлекет басшысы көмекке мұқтаж жекелеген адамдарға жәрдемдесуге тырысады.
2012 жылдың көктемінде Президент баспасөзден 1990-жылдардың басында «Қазақфильм» киностудиясы шығарған «Батыр Баян» фильміндегі белгілі қазақ батыры Баянның рөлін сомдаған халықтың сүйікті кино және театр актері Жұмақан Әбдіқадыровтың қандай қиын жағдайда қалғанын білді.
Сөйтсек, батырдың күштілігінің, әбжілдігі мен ерлігінің экрандық бейнесіне айналған бұл жігерлі, бұла күші бойындағы ер-азамат осыдан 16 жыл бұрын жол-көлік апатына түсіпті де, соның салдарынан мүгедек болып қалыпты. Енді төсек тартып жатып, таяққа сүйенуге мәжбүр. Жаңа рөлдер жөніндегі арманның орнын жары мен екі қызын қалай асыраудың ауыр уайымы басқан. Жасалған ота сәтсіз шыққан, ауру асқынып барады, ал қымбат тұратын ем үшін ақша жоқ.
Нұрсұлтан Әбішұлы осы мақсатқа Н.Ә.Назарбаевтың Мәдениет, білім беру және әлеуметтік бағдарламалар қорынан қажетті қаржы бөлгізді.
Немесе басқа бір жағдайды айтайық. Өзбекстандағы Балғабаев ауылынан жетінші сынып оқушысы Мейірбек Жамалбеков тарихи Отанында болып, Қазақстанның жас астанасын өз көзімен көргісі келетіні туралы арманын Мемлекет басшысымен бөлісті. Президенттің тапсыруы бойынша қалалық әкімдік баланың арманын шындыққа айналдырып, оның Астанаға сапарын ұйымдастырды.
Мемлекет басшысы Екібастұз қаласы мен Павлодар облысының құрметті азаматы, Социалистік Еңбек Ері Станислав Куржейдің тілегіне де құлақ асты. «Екібастұзда балалар музыка мектебі 35 жылдан бері осыған мүлде бейімделмеген ғимаратта қысылып-қымтырылып жұмыс істейді. Мектепте 500 оқушы бар, 45 оқытушы жұмыс істейді. Музыкаға оқығысы келетіндер көп, ал ол үшін жағдай жоқ.
Нұрсұлтан Әбішұлы! Екібастұздың Қазақстан экономикасындағы әлеуетін Сіз сияқты ешкім де білмейді. Қаланың көмір өндірушілері, теміржолшылары, энергетиктері, құрылысшылары, зиялылары өздерінің өсіп келе жатқан ұрпағына жан-жақты білім беруге лайықты еңбек сіңірді.
Жаңа музыка мектебін салғызғаныңыз үшін Екібастұздың еңбекшілері Сізге шексіз риза болады», деп жазды өзінің бүкіл өмірін республикамыздың көмір саласын дамытуға арнаған 87 жастағы ардагер. Ыстық-суықты көрген бұрынғының адамы ретінде ол өзі үшін емес, баяғысынша ең алдымен туған қаласының өзге адамдарының проблемаларымен тыныстады. Қазіргі кезде мұндай жағдайдың жиі кездесе бермейтіндігімен келісетін шығарсыздар.
Әлбетте, Нұрсұлтан Әбішұлы ардагердің өтінішін жерге тастай алмады. Президент Павлодар облысының сол кездегі әкімі Бақытжан Сағынтаевқа: «Бұл мәселенің шешілуін ұйымдастырыңыздар, осы іске инвесторларды тартыңыздар. Бұл менің өтінішім екенін айтыңыздар», деген тапсырма берді.
2012 жылдың желтоқсанында Екібастұздың дәл орталығынан ең жаңа талаптарға сай келетін музыка мектебі есігін айқара ашты.
Сонымен бірге, Нұрсұлтан Әбішұлы тек осындай «жекелеген эпизодтармен» ғана шектеліп қалған жоқ, мүмкіндігінше көптеген адамдардың, әсіресе, жас таланттардың тағдырына мейлінше белсене атсалысуға тырысады. Олардың шығармашылық жолын назарында ұстайды және қолдау көрсетіп отырады.
Мұндайда ойыңа бірден Павлодардан Маша Мудряк оралады, ол 10 жасында атақты Ла Скала театрының жанындағы Милан жоғары музыка академиясына қабылданған болатын, ал 2 жылдан кейін Джузеппе Верди атындағы Милан мемлекеттік консерваториясына түсіп, оның осы оқу орнының 205 жылдық тарихындағы ең жас студенті атанды. Машаның отбасына оның оқуын төлеудің қиын болатынын жақсы түсінген Мемлекет басшысы қызға президенттік «Болашақ» бағдарламасының аясында стипендия беруді тапсырды. Стипендия иесінің мүлде жас екендігін ескере отырып, ол үшін бағдарламаның қатаң ережелерінен ауытқушылыққа баруға тура келді.
Өткен жылы консерваторияны тамаша тәмамдап, Маша өзіне артылған үмітті ақтады. Өзінің хатында ол Нұрсұлтан Әбішұлымен осы қуанышымен бөлісті, жол-жөнекей Амстердамдағы «Belvedere» опера өнері дүниежүзілік конкурсына қатысу үшін іріктеу сынынан өткенін хабарлады. Осыған байланысты, ол конкурстың өткізілуі уақыты жөнінен Астанада жаңа опера және балет театрының ашылуымен сәйкес келіп қалғандықтан, Президенттен ақыл-кеңес сұрады.
Мемлекет басшысы Машаға өз қолымен былай деп жауап жазды: «Құрметті Маша! Хатыңды алып, сенің дүниежүзілік опера конкурсындағы табыстарыңа қуандым. Өміріңдегі осы тамаша оқиғамен шын жүректен құттықтаймын. Опералық өнердің дүниежүзілік конкурсы маңыздырақ. «Астана Операда» ән айтуға кейінірек үлгересің. Сондықтан саған Амстердамда табыстар тілеймін. Саған жанкүйер боламын. Ең ізгі тілектермен, Н.Назарбаев».
Нұрсұлтан Әбішұлы одан басқа дарынды отандасымыз Жансая Әбдімәлікке де әкелік қамқорлық танытты. Жансая өзінің 13 жасында-ақ халықаралық гроссмейстер және шахматтан әлемнің төрт мәрте чемпионы. Мұндай деңгейдегі оқу-жаттығу үдерісі спортшыдан толық берілгендікті ғана емес, елеулі қаржыны да талап ететіні белгілі. Мұндай «ұсақ-түйектер» ешқашан Мемлекет басшысының назарынан тыс қалмайды. Оның тұрақты қолдауының арқасында бұл мәселелер уақтылы әрі толық ауқымда шешіліп жатады.
Мемлекет басшысының мұндай өмір сабақтары нағыз патриотизм мен адамдарға қамқорлықтың жақсы үлгілері деп ойлаймын.
* * *
Алайда, өкінішке қарай, тіпті, Президенттің өзіне де адамдарға көмектесудің әрдайым сәті келе бермейді. Мұның себептері көп. Мәселен, соңғы хаттардың бірі, міне, мынадай: адам ретінде хат авторын түсінуге болады, бірақ заң мәселені оның пайдасына шешуге мүмкіндік бермейді.
Мемлекет басшысына Астана қаласының тұрғыны хат жазды: «Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! Мен зейнеткермін, жеті баланың әкесімін. Төртеуі ересек, өз отбасыларын құрған. Қазір үш кішісі менің асырауымда: екі студент пен бір оқушы. Аналары 2009 жылы қайтыс болғандықтан, балаларды өзім жалғыз тәрбиелеудемін. Тіршілік ету үшін және жоғары оқу орнындағы оқуының ақысын төлеу үшін қаржы жетпегендіктен, балаларыма жеңілдік туралы Білім және ғылым министрлігіне хат жаздым. Ондағылар егер менде «Алтын алқа» медалі бар болса, маған жеңілдік берілетін еді деп жауап қатты. Бірақ менің зайыбым бұл награданы алып үлгермеді. Мен жеті бала тәрбиелеген әке ретінде «Алтын алқа» алқасын ала аламын ба? Аналары жоқ, бірақ мен тірімін ғой. Көмек көрсетіңізші?».
Мемлекет басшысының тапсыруы бойынша көпбалалы жалғызбасты әкеге тиісті жеңілдіктер беру үшін құқықтық негіздер белгілеу мәселесі бойынша қолданыстағы заңнама құқықтанушы мамандар тарапынан мұқият зерттелді. Сонымен бірге, жүргізілген сараптаманың нәтижесі теріс болды, бұл туралы хат авторына хабарланды. Көне Рим қанатты сөзінде айтылғанындай: «Заң қатаң, бірақ ол заң».
Осыған қарамастан, бұл жағдай құқық қолдану тәжірибесіндегі олқылықтарды айқын анықтауға мүмкіндік берді, ол мұны одан әрі ой елегінен өткізіп, заң шығару деңгейінде шешімін табуды талап етеді. Заң шығаруда азаматтарымыздың көмегімен анықталып жататын түрлі мүдделер кақтығыстарының, қарама-қайшылықтар мен «осал тұстардың» мысалдары аз емес.
* * *
Сөз Президент поштасы туралы болып отырғандықтан, біздің қайсыбір азаматтарымыз айтып жүретін сыни мазмұндағы құжаттар мен хаттар Елбасына барып жетпейді деген пікірді сейілткен жөн. Бұл олай емес. Мемлекет басшысының атына келіп түскен барлық хат-хабар оған толық көлемінде барып жетеді. Ол-ол ма, тіпті, әлдебір жағдаймен ақпарат ағынын шектегің келгеннің өзінде де, оның жөні бола қоймайды. Біріншіден, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы ақпаратты әртүрлі, соның ішінде жабық сипаттағы дерек көздерінен де алады. Екіншіден, Президент ресми арналардан басқа, жеке қабылдау, өңірлерге жұмыс сапарлары, жұртшылықпен кездесулері барысында әрдайым азаматтармен тікелей жүздесу мүмкіндігіне ие. Сонымен қатар, ол әрдайым баспасөзді мұқият қадағалап отырады.
Мәселен, жақында В.К.Абдулханов Алматыдан қынжыла былай деп жазды: «...Мемлекеттегі көптеген маңызды әрі елеулі оқиғалар туралы қазақстандықтар оппозициялық газеттерден білетіні таңданыс туғызады әрі өкіндіреді... ал ресми бұқаралық ақпарат құралдарына келетін болсақ, меніңше, олар мүлде жеткіліксіз ақпарат береді. Не болып жатыр өзі?».
Мемлекет басшысы мұндай пікірлерге құлақ аса ма? Өздеріңіз бағалаңыздар. Міне, айқын әрі күмәнсіз дерек: биылғы жылдың қазанында Үкіметтің кеңейтілген отырысында Нұрсұлтан Әбішұлы мемлекеттік БАҚ-тардың көкейкесті мәселелерді көрсетуден, орталықтағы және жергілікті жерлердегі мемлекеттік органдардың қызметіне әділ талдау жасаудан жалтаратынын және тағы басқа жайларды қатаң сынға алды.
Бірнеше ай бұрын біздің қоғамымызда Үкіметтің зейнет жасы туралы бастамасына байланысты өріс алған өткір пікірталас туралы да осыны айта аламыз. Үкіметтің тарапынан түсіндіру жұмыстары биліктің тілі қандай болмауы керектігінің өте нақты мысалы. Ал шын мәнінде алда реформалардың себептерін, мәні мен ақырғы мақсаттарын адал әрі бүкпесіз түсіндіру талап етілді ғой. Оның үстіне, бұл мәселе жөніндегі негізгі қағидалар Н.Ә.Назарбаевтың 2012 жылдың шілдесінде-ақ жарияланған «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» деп аталатын мақаласында жан-жақты баяндалған болатын.
Президенттің атына тиісті үнқатулар бірден-ақ және әр жерлерден, соның ішінде – жеке және ұжымдық арыз-шағымдар түрінде түсе бастады.
Биылғы жылдың мамырында Мемлекет басшысының атына белгілі экономист, Парламенттің бұрынғы депутаты, Қазақстан ғалымдары одағының президенті, академик Оразалы Сәбденнен ішкі сезімге берілген әрі ащылау жазылған хат келіп түсті. Парламенттің, Үкіметтің және Ұлттық банктің қызметі туралы өткір сын айтқан ғалым әйелдердің зейнет жасын 58-ден 63 жасқа дейін ұзарту туралы Парламент қабылдаған заңға қол қоймауды және халықтың сенімін ақтамау ретінде жоғары заң шығарушы органды таратып жіберу тілегін білдірді.
Орал қаласының тұрғындары да осы мәселе бойынша арыз-шағым жолдады. Ұжымдық үндеудің астына 672 адам қол қойған.
Әрине, әбігерліктің толқынын пайдаланып, ұялмастан өзін жарнамалаумен, дәріптеумен айналысқандар да табылмай тұрмады, мұның өзі айтыс-тартыстың қызу сәттерінде жиі бола береді.
Егер бұған төрешілік айтып, өзінің бүгінде баршаға белгілі Үндеуін жария етіп, Мемлекет басшысы араласпағанда, жағдайдың қаншалықты алысқа барып тірелері белгісіз еді.
«Маған ел Конституциясы берген өкілеттіктерге сәйкес, әйелдердің зейнет жасын арттыру туралы норманы енгізудің мерзіміне қатысты бөлігін қайта талқылап, дауыс беру үшін заңды Парламентке қайтарамын... Мен әйелдердің зейнет жасын 2014 жылдың қаңтарынан емес, 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап, одан әрі 2027 жылға дейін әр жарты жыл сайын кезең-кезеңімен арттыруды ұсынамын», деп мәлімдеді Н.Ә.Назарбаев елдің мемлекеттік телеарналары арқылы сөз сөйлеп.
Президенттің атына қазақстандықтардан бұл шешімді қолдаған көптеген хаттар мен жеделхаттар келіп түсті.
«Ақсай нан» нан-тоқаш комбинатының ұжымы өздерінің үндеуінде елдің зейнет реформасы мәселесіне көңіл бөлгені үшін Мемлекет басшысына ризашылықтарын білдірді. «Авторлар ұжымның 70 пайыздан астамын әйелдер құрайтынын атап көрсеткен. «Біздің комбинатымыздың және оның филиалдарының барлық әйелдерінің атынан зейнетақы реформасы туралы жаңа заңнамаға қатысты түрлі көзқарастарды жан-жақты талдаудың негізінде салиқалы шешім қабылдағаныңыз үшін алғыс айтамыз», делінген хатта.
«Жанашыр» халықаралық қоғамдық қорының президенті Жаңыл Әпетова да зейнет жасы қарсаңындағы әйелдердің жағдайын жақсартуға бағытталып жасалып жатқан іс-шаралардың барлық астарларын жан-жақты қарау үшін енді Үкіметтің уақыты жеткілікті екенін атап өтіп, алғысын білдірді.
Сондықтан Президенттің жаңадан құрылған «А» корпусының өкілдерімен кездесуі кезінде мемлекеттік қызметшілерге қойылатын өзінің басты талаптарының бірін былай деп белгілеуі кездейсоқ емес: «Адамдарға енжар қарауға болмайды. Оларды тыңдап, сұрақтарына жауап беру керек, турасын айтып, тура жауап беру керек. Адамды бір кабинеттен екінші кабинетке сарсаңға түсірмей, оның мәселесін шеш. Жоқ болса, «жоқ» деп айт немесе «бұл жарты жылдан кейін шешіледі» де. Бірақ ол инстанциялар бойынша жүрмеуі үшін адамға жауабыңды бер... Адамдармен адал әрі ашық әңгімелесе білу маңызды».
Ал билік пен қоғамның арасындағы мұндай үнқатысу жай ғана маңызды емес, қажет те. Оның үстіне, адамдарда жауапты мемлекеттік органдар мен жоғары лауазым иелері тарапынан айқын әрі түсінікті көзқарас талап етілетін өткір әрі жанға жайсыз сұрақтар жетіп-артылады. Бұл – Кеден одағына кіруге байланысты Қазақстанның егеменді ұстанымына орай жұртшылықтың мейлінше түсінікті алаңдаушылығы, бұл – тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықтағы және әлеуметтік саладағы пісіп-жетілген проблемалар, бұл – Үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасының шеңберінде жүзеге асырылып жатқан жекелеген жобалардың мақсатқа сайлығы мен экономикалық тиімділігі мәселелері, бұл – мемлекеттік органдардағы төрешілдік пен сыбайлас жемқорлықтың нақты деректері, бұл – біздегі жолдардың ахуалы, басқа да көптеген мәселелер.
Жалпы алғанда, ойланатын және жұмыс істеуді қажет ететін жайттар баршылық.
* * *
Сонымен бірге, Президенттің атына күнделікті түсетін поштамен танысқан кезде көптеген қарапайым азаматтар үшін Нұрсұлтан Әбішұлының жай ғана Мемлекет басшысы емес, ең алдымен беделді әрі сенімді сұхбаттасушы екені сезіледі. Мәселен, Орал қаласындағы №8 мектеп жасына дейінгі ұйымның оқытушысы Н.Жилик былай деп жазады: «Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! Мен ұлтым бойынша украин қызымын, бірақ жүрегім мен жаным қазақ. Мен үшін қазақстандық патриотизм – жай ғана сөз емес. Педагогпын, түрлі ұлттардың балаларына қазақ тілін оқытамын. Өзімнің жұмысымда қазақ тіліне тарту арқылы, балаларға Отанына деген махаббаты, аға ұрпаққа, әйелге, ғасырлар тереңінен тамыр тартатын және бесік жырымен берілетін ғасырлар бойғы дәстүрге деген құрметті сіңіруге тырысамын. Сөзі мен ойын қадірлеуді үйретемін... Сіздің Қазақстан халқына Жолдауыңыздағы аналар мен балаларға қамқорлық көрсету және жаңа қазақстандық патриотизмді тәрбиелеу туралы сөздер менің жан-жүрегіме терең әсер етті. Осыдан мемлекетке деген сенім арта түседі, ал жүрегің туған елің – Қазақстан Республикасы үшін шынайы мақтаныш сезімімен тулайды... Мен Сізге ризашылығымды білдіремін, Нұрсұлтан Әбішұлы! Сіз болашақ ұрпаққа шын жүректен қамқорлық жасайсыз. Сізге жақсылықтар, біздің үйлерімізге шуақ пен үміт алып келетін жұмысыңызда табыстар мен бақыт тілеймін».
* * *
...Ертең ертелеп мен тағы да жаңадан келіп түскен поштаны қабылдап, қарап, саралап, сосын Президенттің үстеліне қоюға тиіспін. Онда біздің тыныс-тіршілігіміздің проблемалар мен жетістіктерге, қиындықтар мен қуаныштарға толы бар бояуы көрініс табатын болады. Ең бастысы, адамдар өзінің Президентіне сенеді және Президент те осылайша жауап береді. Елбасымызды елімен етене дейтініміздің мәні де осында...
Махмұт ҚАСЫМБЕКОВ,
Қазақстан Республикасы Президенті
Кеңсесінің бастығы.