Аймақтар • 17 Қараша, 2020

Қалалық студенттер айтысы өтті

395 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Хәкім Абайдың 175 жылдығына және Оразалы Досбосыновтың 45 жылдығына арналған аламанға Алматы қаласындағы жоғарғы оқу орындарынан 10 ақын қатысты.

Қалалық студенттер айтысы өтті

Айтысты ашып берген Абай атындағы ҚазҰПУ-дың ректоры, айтыс жанашыры Такир Оспанұлы Оразалының шығармашылығын насихаттау мақсатында ұйымдастырылған барлық шараларға қолдау көрсететін және алдағы жылы Жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығына орай Халықаралық студенттер айтысын өткізуді жоспарлап отырғанын айтты.

Шараның басында сөз алған ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, ақын Жүрсін Ерман төл өнерімізге қолдау көрсетіп отырған университет ректоры бастаған ұжымға алғысын айтып, жас шайырларға батасын берді. Онлайн айтыстың барысында аталған оқу ордасының баспасынан шыққан университет жастарының «Көктем ғұмыр» атты жыр-жинағының тұсауы кесілді. Айтыстың алғашқы жұбы болып айтысқан Қайнар академиясының студенті Расул Сауытбек пен Абай атындағы ҚазҰПУ-дың бірінші курс студенті Алтынай Қанапия залға келіп қыз бен жігіт айтысының тамаша үлгісін көрсетті. Қалған төрт жұп онлайн режімінде сөз қағыстырды.  

Жас айтыскерлерге ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, «Айтыс ақындары мен жыршы-термешілер Халықаралық Одағы» РҚБ Басқарма төрағасы, ақын Жүрсін Ерман, «Ана тілі» газетінің Бас редакторы, ақын Жанарбек Әшімжан, «Балдырған» журналының бас редакторы  Дүйсен Мүсірәлі,  ҚР мәдениет қайраткері, халықаралық, республикалық айтыстардың жүлдегері, ақын Серік Қалиев, Абай атындағы ҚазҰПУ-нің профессоры, филология ғылымдарының докторы Темірхан Тебегенов қатарлы сөз ұсталары қазылық етті.

шұшш

Жыр бәйгесінде дараланып алға шыққан әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің студенті Нұрбол Жауынбаев Бас жүлдені жеңіп алды. (100 000 теңге). Қыз жігіт айтысының тамаша үлгісін көрсеткен Абай атындағы ҚазҰПУ-дың студенті Алтынай Қанапия бірінші орын иеленсе (80 000 теңге),  Қайнар Академиясың студенті Расул Сауытбекке екінші орын (60 000 теңге),  Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының студенті Жанарыс Тілеубекке және Абай атындағы ҚазҰПУ-дың студенті Данияр Нысанғалиевке үшінші орын жүлдесі берілді. Сондай-ақ әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің студенті талантты ақын Бекжан Базарбекке арнайы жүлде табысталды. Айтысқа қатысқан барлық ақын ректордың алғыс хатымен және ақшалай сыйақымен марапатталды.

Шараны ұйымдастырушылар айтысқа ақпараттық қолдау көрсеткен «Қазақ радиолары» ЖШС Алматы студиясының жетекшісі Бақыт Жағыпаровқа және «Ана тілі» газетінің Бас редакторы Жанарбек Әшімжанға алғысын білдірді.