Қазіргі таңда өңірдегі медициналық мекемелердің инфекциялық стационарларында 35 адам ем қабылдауда. 29 адам вирусты пневмониямен және 6 науқас коронавирус инфекциясымен тіркелген. Науқастардың барлығы ересектер. Оның ішінде үш жүкті әйел де жұқпалы ауруханалар бөлімдерінің дәрігерлік бақылауында. Жағдайлары қанағаттанарлық және өкпені жасанды желдету аппаратына таңылғандары жоқ.
Жалпы, Түркістан облысында пандемия басталған сәттен бастап COVID-19 дерегі расталған 3444 жағдай тіркелді. Оның ішінде 2394 симптомсыз. Дертке шалдыққандардың 1577-і облыс стационарларында ем қабылдаған. Аурушаңдық үш жасқа дейінгі балалар арасында аз тіркелген. Олардың саны – 44 (2,8%). Ал 3 жастан 18 жасқа дейінгілер арасында – 75 (4,8%), 18-ден 55 жасқа дейінгі еңбекке қабілетті жастағы 956адам (60,6%) ауырған. Коронавирус, әсіресе, аға буынға ауыр тиді. 55 жастан асқан 502 адам (31,8%) жұқтырған. Індетке шалдыққандардың көбісі ер адамдар.
Түркістан облысы қоғамдық денсаулық басқармасының мәліметінше, бүгінде аймақтағы инфекциялық стационарларда COVID-19 екінші толқынына дайындық мақсатында 600 төсек-орын әзірленген. Оған қоса, 340 орындық карантиндік стационарлар жасақталған. Оқшаулау бөлімдерінде 99 азамат бақылауда. Пандемия басталғалы облыс зертханаларында 254325 ПТР сынамасы алынған.