Аймақтар • 17 Қараша, 2020

Батыс Қазақстан облысынан Мәжіліс депутаттығына үміткерлер анықталды

228 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысында өткен «Nur Otan» партиясы облыстық филиалының кезектен тыс XXVI конференциясында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісіне кандидаттарға дауыс беру үшін дебат өткізілді деп хабарлайды Egemen.kz.

Батыс Қазақстан облысынан Мәжіліс депутаттығына үміткерлер анықталды

Дебат аяқталысымен делегаттар дауыс беру кабиналарына барып, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісіне партиялық тізімге қатысушы кандидаттарға дауыс берді.

Батыс Қазақстан облыстық «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мұрат Мұқаевтың айтуынша, конференцияның барлық делегаты дауыс беруге қатысқан.

Дауыс беру нәтижесінде ең жоғары дауыс жинаған үш кандидат конференция шешімімен Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің өңірлік квотасына сәйкес партиялық тізімге енгізу үшін съезге ұсынылды.

Үздік үштік – 120 дауыс жинаған Мәлік Құлшар, 116 дауыс иесі – Жаңабек Жақсығалиев, 109 дауыс – Сәбира Сүндетова.

Конференция барысында «Nur Otan» партиясынан Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының депутаттарын сайлау бойынша партиялық тізім бекітілді. Партиялық тізімге енгізілген 47 адамның кандидатурасын конференция делегаттары бір ауыздан қолдады.

Бұдан кейін биылғы 25-қарашада Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы, Партия Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қатысуымен өтетін «Nur Otan» партиясының кезектен тыс ХХ съезіне қатысатын батысқазақстандық 20 делегаттың тізімі анықталды.

Конференция барысында «Nur Otan» партиясы БҚО филиалы Саяси кеңесінің жаңа құрамы сайланды. ҚР Парламенті Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттар сайлауында партияның үгіт жұмыстарын ұйымдастыру бойынша облыстық, қалалық, аудандық сайлауалды штабтарының құрамы жасақталды.

«Nur Otan» партиясының облыстық филиалы төрағасы Ғали Есқалиевтің ұйғарымымен облыстық сайлауалды штабының басшысы ретінде филиал төрағасының бірінші орынбасары Мұрат Мұқаев бекітілді.