Таным • 18 Қараша, 2020

Батыс Қазақстанның биік нүктесі

3807 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

«Шыңды армандап төбесі көк сүзгі­лер,

Экраннан Эверестке үздігер.

Обаны адыр, адырларды төбе деп,

Төбелерді тау деседі біздің ел!»

Қазақтың талантты бард әншісі, мар­құм Табылды Досымов осылай жыр­лаушы еді. Шынында да, Батыс Қазақ­станның байтақ даласында төбесі көкке шаншылған биік тау жоқ. Бірақ Ақтау, Ақборлытау, Есенаман тауы, Ешкітау, Еш­қырғантау, Жамантау, Желтау, Сан­тас, Сасай таулары, Торыатбасы, Қызем­шек, Айдарлы, т.б. секілді жер атаулары да аз емес.

Батыс Қазақстанның биік нүктесі

                                               Ешкітау

...Әлі есімде, 2015 жылы моңғолиялық қандасымыз, белгілі таушы (альпинист) Жанарбек Ақби әлеуметтік желіде «Қазақ хандығының 550 жылдығына әр өңірде ең биік тауға шығып, ту көтеріп суретке тү­сіп, арнайы ашылған парақшаға салсақ, осы­­лайша жыл соңына дейін 550 тауға көк туымызды желбіретсек» деген бастама көтерген болатын. Сол жылы 8 маусым күні Батыс Қазақстан облыстық қос газет пен аудандық басылымдардың басын қосқан «Жайық Пресс» мекемесінің сол кездегі басшысы Жантас Сафуллин бас­таған бір топ әріптеспен бірге Орал қа­ла­­сынан 80 шақырымдай жерде жатқан Еш­­кітау биігіне шығып, Қазақстан Рес­пуб­­ликасының көк туын желбіреткен едік.

14

Ешкітау Батыс Қазақстан облысының Тасқала ауданында жатыр. География ғылым­дарының кандидаты Серік Ра­ма­занов ағамыздың айтуынша, Үл­кен Ешкі тауы – Батыс Қазақстан об­лы­сындағы биіктігі жөнінен екінші нүк­те. Ешкітаудың абсолюттік биіктігі 259 метр. Батыс Қазақстан облысы бойын­ша Жайық өзенінің оң бетінде Еш­кітаудан биік нүкте жоқ. Аумағының ық­шамдығына қарамастан, мұнда түрлі дә­режедегі Қызыл кітаптарға енгізілген 41 өсімдік түрі өседі. 1986 жылы археолог Б.Т.Райымқұлов Үлкен Ешкі тауының басынан таспен, топырақпен жабылған 8 қорғаннан тұратын зиратты тапқан. Бұл обалар ерте темір дәуірімен шамалас келеді. Сонымен қатар осы жерде жүргізілген археологиялық экспе­дициялық жұмыстардың барысында 2002 жылы палеолит дәуіріне жататын ежелгі адамдардың тұрақтары анықталды.

Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің шешімімен Үлкен Ешкі тауы 1996 жылы облыстық маңызы бар табиғат ескерткіші болып ұйымдастырылған. Ескерткіштің аумағы 175 гектар. Бұл аймаққа арнайы рұқсатпен ғана кіруге болады. От жағуға мүлдем тыйым салынған.

Бір тәуірі, Тасқала ауданы әкімдігі Еш­кітаудың басына арнайы тас белгі орнатқан екен. Ел-жұрт арнайы келіп, қасиет тұтып тәу ететіні осы жердегі арша бұталарына байланған сансыз шүберектерден де көрініп тұр. Ешкітау етегіндегі мөлдір бұлақтың да суы ерекше шипалы көрінді. Біз тау басындағы геодезиялық белгі – мосыағаштың басына өзімізбен бірге алып барған көк жалауды – Қазақстан Республикасының мемлекеттік туын қадап кеттік...

                                               Ақтау

Бөрлі ауданында орналасқан осы Ақтау биігі – ресми түрде Батыс Қазақстан облысының ең биік нүктесі саналатын шоқы. Теңіз деңгейінен 263 метр биікте жатқан бұл шың борлы төбелер арасында жатқандықтан айқын байқалмайды да. Ұзындығы 250-300 метр, ені 50-60 метр болатын солтүстік шығыстан оңтүстік батысқа қарай созылып жатқан шағын қырқа кішігірім төрт шоқыдан тұрады.

«Орал маңы үстіртінде Батыс Қазақ­стан облысының ең биік нүктесі жатыр. Ол – Ақтау» деп жазылған 2001 жылы Орал қаласында жарық көрген «Батыс Қазақ­стан облысының географиясы» кіт­абында.

41

Осы Ақтау биігіне биыл қазан айын­да жергілікті өлкетанушы Айболат Құ­рымбаев, археолог Мұрат Қалменов және оператор Әлішер Ғұмаровпен бір­ге арнайы барған едік. Соңғы жылдары жергілікті туризмді дамыту жолында жарғақ құлағы жастыққа тимей жүрген Айболат Шамұратұлы Батыс Қазақстанның табиғаты көркем, тарихы терең әрбір нүктесін аралап, «Киелі Қазақстан» жинағының жергілікті томын дайындауға үлкен үлес қосқан болатын. Талантты оператор, белсенді азамат Әлішер Ғұмаров болса Ақ Жайық өңірінің әр ауданына арнаған серия­лы бейнефильмдер жасап, халыққа ұсынып жүр. Тарих ғылымдарының кандидаты, археолог Мұрат Дабылұлының да жа­нымызда жүргені жақсы болды. Бұл борлы төбелердің бір кездері теңіз түбіндегі шөгінді екенін айтып, табан астынан теңіз молюскаларының тас болып қатқан денесін тауып алып көрсетіп, сапарымыздың мазмұнын байыта түсті.

Айта кетейік, осы Ақтау биігі – жер­гілікті саяхатшылар арнайы келіп, сурет­ке түсетін танымал мекен екен. Бөрлі ауда­нының Ақбұлақ ауылдық округінде, Ақ­бұлақ ауылынан оңтүстік шығысқа қарай 10 шақырым қашықта орналасқан бұл шоқыға арнайы белгі орнатылмаса да, жол бойында арнайы сілтемелер болмаса да іздеген жан Ақтауды тауып, фотоға түсіп, суретін әлеуметтік желіге жүктеп жатады.

Біз де сөйттік.

Ақтау шоқысында суретке түсіп жатып мен жанымдағы жігіттерге:

– Дәл осы сәтте Батыс Қазақстан облысында бізден биік тұрған ешкім жоқ! – деп әзілдедім.

                                    Шыбынды тауы

Мен қателесіппін.

Ақтауға барған сапарымыз туралы WhatsApp желісіндегі «БҚО/Туризм» тобына жазып, суреттер салғанбыз. Осы топта болған кәсіби географ, Ма­хам­бет атындағы Батыс Қазақстан уни­верситетінің проректоры Қажымұрат Ах­меденов, Батыс Қазақстан облыстық балалар туризмі орталығының бөлім жетекшісі, магистрант Ниязбек Ғатауов Батыс Қазақстан облысында Ақтаудан да биік жер бар екенін хабарлады.

– Бұл қалай? Ендеше неліктен көпшілік әдебиетте Батыс Қазақстан облысының ең биік нүктесі – Ақтау деген ақпарат тарап жүр?

14

– Кәсіби географтар үшін облыстың ең биік жері Шыңғырлау ауданында екені бұрыннан белгілі. Географтар Г.Е.Москалев пен А.Г.Тарановтың 1985 жылы баспадан шыққан «Орал облы­­сының табиғаты» кітабында, географ А.Жұбановтың 1998 жылы жарық көрген «Батыс Қазақстан облысының табиғи-ресурс­тық әлеуеті және қорық қорының жоба­дағы нысандары» еңбе­гінде бұл анық жазылған, – дейді Қа­жымұрат Ахмеденов.

– Ендеше сол ең биік нүктені көзіміз­бен көріп қайтайық! – деген ұсыныс тас­тады Айболат Құрымбаев.

Сонымен Шыңғырлауға баратын бол­дық. Бұл сапарға жоғарыда аталған географ ғалымдар, кәсіби мамандар да шығатын болды. Тіпті зейнет демалысына шыққан ақсақал, батысқазақстандық географтардың көбінің ұстазы, география ғылымдарының кандидаты Серік Рамазанов та жата алмапты. Сөйтіп, сір­­кіреп жауған жаңбырға қарамастан, автобус жалдап, бір топ адам Орал қаласынан ала таңмен шығып кеттік.

25

Айтпақшы, біз барғалы отырған Шы­бынды биігі – Шыңғырлау мен Елек өзендерінің қосылған мүйісінде, Ресей Феде­рациясымен шекарада, шекара сызы­ғынан небәрі 2,8 км жерде тұр. Ол жерге бару үшін шекара күзеті орындарынан алдын ала рұқсат алу керек екен. Жолбасшымыз Айболат Құрымбаевтың ұйымдастырушылық шеберлігі, Шыңғыр­лау ауданы басшыларының көмегі арқа­сында бұл мәселе оңынан шешілді. Шы­бындының халық арасында танымал болмау себебі де осындай әбігердің себебінен шығар деп ой түйдік.

Орал қаласынан таңертең шыққан біздің көлік 182 шақырым жолды артқа тастап, Шыңғырлауға жеткен кезде түс­­ке таяп қалған болатын. Бізді аудан орта­лығында қарсы алған аудандық өл­кетану музейінің директоры Тілеген Қалиев ары қарай бастай жөнелді. Шы­бынды тауы орналасқан Ақбұлақ ауылдық окру­гінің орталығына дала жолымен 35 ша­қырым жүріп жеттік. Ауыл әкімі Ерлан Мәлікұлының мамандығы тарихшы екен. Туған ауылының тарихына жетік жігіт біз баратын мекенде бұрын Кіші жүздің табын, тама рулары мекендегенін айтты. Күн бұлттанып, жаңбыр сіркіреп тұр. Ақбұлақтан әрі қарай 15 километрдей тағы жүр­дік. Сапарлас ғалымдар биіктікті өл­­шейтін арнайы құралдарын, GPS қон­дырғыны қосып, әскери картаның бағыт көрсетуімен іздеген жерімізді дәл тап­тық. Бағанадан бері ыңырана тартып, өрге қарай келе жатқаны білінген «УАЗ» көлігіміз бір төбенің басына тоқ­тай қалды. Серік Кішібекұлының қон­дырғысы бірден 279 метрді көрсетіп тұр­ды. Қажымұрат Ахмеденовтің қо­лындағы құрал теңіз деңгейінен 278 метр биіктікті таң­балапты. Айболаттың өлшеуіші 280 метр деп тұрды.

– Бұл құралдарда 1-2 метр жаңсақтық бола береді. Іздегеніміз осы. Батыс Қазақ­стан облысының ең биік нүктесін таптық! – деп жариялады Қажымұрат Мақсұтұлы.

Бір қызығы, Шыбындының нақ биі­гінде сармат заманының оба-қорғаны бар екен. Оны археолог Мұрат Қалменов бір­ден байқапты. Әдетте, мұндай жерге орнатылатын геодезиялық белгі – мосыағаш көзімізге түспеді. Тек әлдекім төбе басына биіктігі бір метрдей ағаш көміп кетіпті. Өзімізбен ала барған көк туымызды соған байлап, бәріміз суретке түстік.

Сол сәтте Батыс Қазақстан облысында бізден биік тұрған ешкім болмады. Бұл анық еді.

 

Батыс Қазақстан облысы