Руханият • 18 Қараша, 2020

«Атаманның ақыры» немесе Аймановтың соңғы фильмі

2782 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

«Атаманның ақыры» – қазақ кино қоржына теңдессіз олжа болып қосылған қомақты туынды. Айтулы фильм отандық кинематография тарихына детектив жанрында түсірілген тұңғыш кинокартина ретінде енуімен құнды болса, қазақтың ұлтжанды ұлы, бірегей режиссері Шәкен Аймановтың соңғы түсірген туын­дысы болуымен аяулы, қастерлі.

«Атаманның ақыры» немесе Аймановтың соңғы фильмі

«Атаманның» мерейі

Бұл турасында КСРО халық әртісі, әйгілі туындыда басты рөлді ойнаған актер Асанәлі Әшімов: «Атаманның ақыры» – Шәкен Аймановтың соңғы фильмі. Былайша айтқанда, жан- айқайы десе де болады. Мен үшін бұл тарихи кезең, өйткені фильм Шәкен Аймановтың өзі бастаған үздік шығармашылық топтан құралды әрі актерлік құрамның өзі бір төбе жоғары тұрды. Сол уақытта әріптестеріммен басталған достығымыз күні бүгінге дейін жалғасып келеді. Олардың әр- қайсысы да абыройы мен беделі биік тұлғаларға айналды. Бұндай оқиғалар мыңжылдықта бір болады. Себебі киностудияның өзі 70-жылдары қайта өрлеу кезеңін бастан кешкен болатын. Яғни қазақ кино өнерінің ренессанс кезеңі болды десем, титтей де артық айтқандығым емес», деп еске алады.

Рас, өткен ғасырдың екінші жартысы, қазақ киносы үшін қайта өрлеу дәуірі болғаны анық. Әсіресе, 70-ші жылдары бірінен кейін бірі жарыққа шығып, көрерменін қуантқан «Қыз Жібек», «Атаманның ақыры», «Транссібір экспресі» сынды фильмдер бүгінде ұлттық өнеріміздің жауһарына айналып отыр. Таспаланғанына жарты ғасырдан астам уақыт өтсе де көрермен ықыласын әлі күнге бәсеңсітпей келе жатқан бұл туындылар – сөзсіз класси­ка! Оның айқын дәлелі күні кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жо­март Тоқаевтың фильмде басты рөлді ойнаған актер, КСРО халық әртісі, Қазақстанның Еңбек Ері Асанәлі Әшімовке фильм жарыққа шығуының 50 жылдығына орай жолдаған құттықтау хаты киносүйер қауымды бір серпілтіп тастағаны анық. Мемлекет басшысы дарынды режиссер Шәкен Аймановтың және үлкен шығармашылық ұжымның бірлескен күш-жігерінің арқасында өмірге келген айтулы туындының отандық кино өнері саласында алатын орны айрықша екенін атап өтіп, оны детектив жанрында түсірілген алғашқы фильмнің бірі деп бағалай келе: «Өзіңіз аталған кинотуындыда чекист Қасымхан Шадияров рөлін өте ғажап сомдап шықтыңыз. Арпалысқа түскен қоғамда жауапты қызметкердің өзіне жүктелген құпия тапсырманы орындау жолындағы батырлық пен қайсарлық танытқан іс-әрекетін шынайы көрсете білдіңіз. Сізді аса көрнекті актер ретінде КСРО ғана емес, бүкіләлемдік кинематография қауымдастығы мойындады» деп, құттықтау жолдаған ел Президенті ардагер актерге зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасына құт-береке тіледі.

 

Бекежан ба, әлде Шадияров па?

Бүгінде қазақ киносының абызына айналған Асанәлі Әшімов «Атаманның ақыры» түсіріліп жатқан уақытта ордабұзар жастағы адуынды һәм жалынды актер болатын. Ал содан бергі арада тұрған 50 жыл әртіс үшін қазақ киносының өткені мен бүгінін бағалап, келешегіне көз тігуге тамаша мүмкіндік туғызғандай. Бүгінде ақсақал жасына жетіп отырған ардагер актер әр түскен фильмін күні кешегідей көңіл түкпірінде қайта жаңғыртып, әр деталіне дейін тәптіштеп түсіндіріп, сағынышпен еске алады. Әсіресе, суреткер биографиясында «Атамнның ақыры» фильмінің орны орасан.

Бір қызығы, «Атаманның ақыры» картинасына басты рөлге бекітілгендігі жөнінде бұйрық кел­генде, актер режиссер Сұлтан Қожықов түсіріп жатқан «Қыз Жібек» фильмінде Бекежан ба­тырдың бейнесін тудырудың шы­ғармашылық арпалысымен жүрген болатын. Талай жыл ар­мандаған рөліне қолы жетіп, рахаттана жұ­мысқа кірісе бергенде, тосыннан келген хабар жас актерді біраз абдыратып тас­тағанға ұқсайды. Тіпті сү­йік­ті Бекежанының экрандағы бағы үшін чекист Қасымхан Ша­дия­ров рөлінен бас тартпаққа да ниет­теніпті. Алайда бірбеткей Шә­кен Аймановтың қаһары һәм табандылығының нәтижесінде актердің бір уақытта қос бірдей күрделі бейнені қатар сомдауға тура келген жайы бар. Бұл кезеңді, сынға толы сәтті абыз ақсақалдың өзі былайша еске алады:

«1968 жылы «Қазақфильм» студия­сындағы Ғабең, Ғабит Мүсіреповтің жазған ғажап сцена­рийі бойынша халқымыздың жыр мұраларының ішіндегі інжу-мар­жаны «Қыз Жібек» екі сериялы кинотуынды болып түсірілсін деген шешім қабылданды. Бір күні осы киноға жауапты сарапшылар тобынан сүйінші хабар келді. Олар фильмдегі Бекежан рөлін менің қанжығама байлапты! Қуанышымда шек жоқ! «Құдайым көктен іздегенімді жерден берді» деп, бөркімді аспанға атып жүрмеймін бе? Сол кезде Шәкен аға Аймановтан да хабар келсін... «Атаманның ақыры» фильмінің сценарийі бекіп, оған актерлер іріктеу басталғанда: «Басқа кейіпкерлерде шаруам жоқ. Қасымхан Шадияровтың рөліне даярлап отырған адамым бар. Ол – Әшімов» деп комиссия жиналысында отырып алыпты. «Оу, ағасы, өмірімдегі армандап жүргенім Бекежан образы емес пе? Қолымнан бірдеңе келсе осы арқылы көрсете алармын деуші едім. Соған енді жете бергенімде, бұл қиын болды ғой?» деймін мен Шәкеңе артық сөз айта алмай қипақтап. «Фильм маған жүктелгенде осылай ойлағанмын. Енді осылай болды. Болашақта осылай болады» деп, шарт ете түсті ол кісі. Жарықтық, қайтымы тез адам еді. Біраз үнсіз отырды да: «Қазірдің өзінде сезіп, біліп, тіпті көріп отырмын. Сенің Шадияров рөліндегі бұл бейнең өзгелерге өмір бойы үлгі болады. Қалған әңгімені кейінге қалдырайық»,  деді қамқор үнмен. Екі-үш күннен соң қос қожайыным - кинорежиссерлер Сұлтан Қожықов пен Шәкен аға Айманов бірлесе отырып, менің «Қыз Жібек» пен «Атаманның ақыры» фильмдеріндегі мәселемді түбегейлі шешуге кірісті. Ар­найы жұмыс кестесі жасалды. Атқа­рылатын істің үлкен-кішісі демей, бәрі ескеріліп, талқыланды. Ең бас­тысы түсіністіктің болуына көп көңіл бөлінді. Осыдан кейін бір күннің ішінде, яғни түске дейін Бекежан, түстен кейін Қасымхан болып ойнаған күндерім басталды. Екі рөлдің бір-біріне тигізген көмегі көп болды дер едім. Бекежанның эпизодына түсіп келген соң, Қа­сымхан «оңайлау беріледі». Қызу қанды, от болып жанып тұр­ған Бекежан мінезін сәл сабаға түсіре қойсам, Қасымхан мінезін дәл ұстаймын. Себебі Қасымхан әр ісін он ойланып, жүз толғанып шешер байып пен ақылдың адамы. Өйтпесе ол барлаушы атанып, мемлекеттік маңызды тапсырманы орындай алар ма еді. Керісінше, Қасымханнан кейін Бекежанның ішкі «жан сарайына кіру» тіптен қиын-тын. Оған төзімді, өте сақ чекист сияқты ұзақ ойланып отырсаң, қате қадам жасамауға тырысамын деп қарайлай берсең, кең қолтық, аңғал батырдың бейнесінен мүлде аулақтап кетер едің. Сон­дықтан сол күндері талғамға талап қоя отырып, психологиялық тұрғыдағы арпалыспен өмір сүруге тура келді. Осылайша, мысалы, атаман Дутовтың каби­нетіне келген жас офицер мен Сырлыбайдың алдына кірген жас батырдың сөйлеу ерекшелігі мен өзін-өзі ұстау мәнеріндегі, тіпті жүріс-тұрысындағы титтей де қайталаулардың болмауы сияқты сан сыннан аман-есен өтіп, қос кейіпкерді экранға алып шықтық қой, әйтеуір. Образды сомдауым, менің ойымша, Шәкен Кенжетайұлының көңілінен шық­ты. Бірақ, өкінішке қарай, ол көрерменнің пікірін білмей-ақ кетті. Амал қанша, көп ұзамай ба­қи­лық болды ғой».

Актердің бұл тебіренісіне белгілі жазушы, драматург Әкім Таразидің: «Асанәлі Әшімов қос сериялы «Қыз Жібек» пен «Атаман­ның ақыры» фильмдеріне қатар түсіп, ондағы рөлдерді абыроймен тамаша орындап шықты» деп, кезінде ризашылықпен пікір біл­діруі тамаша тұздық болатындай.

 

Фильм қалай түсірілді?

Хош, әңгімеміздің әлқиссасын­да басты рөлге актердің қалай таң­далғанын тарқатуға тырысып бақ­­тық. Енді жалпы фильмнің қалай таспаланғандығы турасынан мәлімет беріп көрелік. Соны­мен, «Атаманның ақыры» қалай түсі­­рілді?

Эдуард Тропин мен Андрей Кончаловский жазған фильм сценарийі 1969 жылы көркемдік кеңес талқылауынан өтіп, түсірі­лімге бекітіледі. Ал түсіруге әзірлік пен алғашқы жұмыстың басталуы 1970 жылдың қаң­тарында қолға алынып, сол жыл­дың қарашасында толық аяқ­талып, тұсауы кесіледі. Яғни бас-аяғы 11 айдың ішінде қос сериялы детектив фильм өмірге келеді. Бұл кино саласының сол кездегі өлшемімен алып қара­ғанда рекордтық көрсеткіш болатын. Осыншалықты қысқа мер­зімде көркемдік деңгейі биік калссикалық туынды түсірудің басты сыры һәм негізгі кілті – жақ­сы жұмыстың басына өз ісі­нің нағыз маманы атанған кіл мық­ты­лардың топтасуы болса керек. Фильмді қойған кинорежиссер Шәкен Аймановтан бастап, ассис­тенті – Қуат Әбусейітов, операторы – Асхат Ашрапов, композиторы – Еркеғали Рах­мадиев бастаған шын таланттар фильмнің де бағын еселеді, өл­мейтін ғұмыр сыйлады.

Ал фильмнің локациясы, яғни түсірілім орындарына тоқталар болсақ, оны бас кейіпкер Асанәлі Әшімов былайша әңгімелеп берді: «Фильм түсіруге ыңғайлы жерлер Алматыдағы көне шіркеу төңірегі мен Жаркенттегі Уәлібай мешіті аумағынан, Шарын өзені мен оның арғы бетіндегі Ақсай жазығы және соның Қайқы асуы­на жалғасатын тұсындағы Те­мірлік сайы ма­ңайынан, Хиуа шаһарындағы орталық базар, керуен сарай, қамал қабырғалары мен махалла орамдарынан табылды. Қазір емес, ол күнде де электр сымдары мен асфальт жолдары жоқ кентті немесе қала­ның бір бөлігін табу қиынның қиыны еді. Соның бәрі, яғни ХХ ғасырдың 20-шы жылдарына тән көріністер алыстағы Хиуадан табылды. Сөйтіп, фильмнің 90 пайызы Өзбекстанда, 10 пайызы Қазақстанда түсірілді»,  деп түсірілім жұмыстарын да еске алып өтті аңыз актер.

 

Актерлер қалай таңдалды?

Фильмінің бағы жақсы режиссер ғана емес, талантты актерге де тікелей байланысты. Бұл тұрғыдан келгенде де «Атаманның ақырының» жолы болды. Картина түсіріліміне сайдың тасындай кіл мықты актерлер атсалысты. Атап айтсақ, атаман Дутовтың рөліне шақырылған Владислав Стржельчик, Жаркент ЧК-сының төрағасы Николай Суворовтың рөлін ойнаған Виктор Авдюшко, Давыдов – Ю.Саранцев, Юхан – Г.Юдин, Кривенко – В.Гусев, Лопатин – Ю.Мироненко, отан­дық актерлерден Шадияров – Асанәлі Әшімов, Салтанат – Алтынай Елеуова, Ахмет – Құрбан Абдрасулов, Әкім – Нұр­жұман Ықтымбаев және бала – Тимур Ашраповтың қай-қайсы да фильм­нің бағын ашқан өнер майталмандары.

Нәтижесінде, 1920 жылы Қазақ­станда орын алған шынайы тарихи оқиғалардың негізінде түсірілген шытырман оқиғалы фильм 1972 жылы топ жарып, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығына фильмнің сценарий авторлары Андрей Кончаловский пен Эдуард Тропин және актер Асанәлі Әшімов ие болды.

Туындының өміршеңдігі болса керек, «Атаманның ақыры» Шәкен Айманов түсірген екі сериямен аяқталған жоқ. Араға уақыт салып 1977 жылы «Трансібір экспресі», 1989 жылы «Манчжурлық нұсқа» фильмдері көрермен назарына ұсынылса, 2010 жылы Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ «ИЗАРУС-фильм» кинокомпаниясымен бірлесе отырып, «Сіз кімсіз, Ка мырза?» атты фильмнің тұсауын кесті. Аталған туынды әйгілі «Трансібір экспресі» мен «Атаманның ақыры» фильмдеріне қайта оралтады. Яғни «Сіз кімсіз, Ка мырза?» фильмі аты аңызға айнал­ған тыңшы Шадияров жа­йын­­дағы фильмдердің тақырып­тық жалғасы десек, әділетті болады. Оқиғалар желісінің уақыт алшақтығына қарамастан, үш бірдей фильмде актер Асанәлі Әші­мовтың сомадауындағы бас­ты кейіпкерлерге тән ортақ қасиет­тер бір арнада тоғысады. Яғни бұл көркемфильмдер тізбегі заман өзгергенімен нағыз тұлғаның бей­несін қалыптастыратын ар мен намыс, рух пен абырой сынды қасиеттерінің қай заманда да өзгермей, өз тұғырында қала­тындығын және бір мәрте дәлел­десе керек. «Атаманның ақы­рына» жарты ғасырдан кейін қай­та оралып жатсақ, ол да туын­ды­ның өміршеңдігін әйгілейді деп ойлаймыз.