Өнер, білім биігіне ұмтылған өрен жүйрік кесек ой мен кестелі сөздің нағыз шеберлеріне тәнті болған екен-ау! Әлкей Марғұлан Шыңғыстаудың асқақ әншілерінің өнерпаздық өнегесін, шеберлік қырларын былайша сипаттайды: «Адамның жан күйінен шығатын сұлу үнді ойға бөлеп, тамылжыған әдемі қоңыр дауыспен домбыраға қосып, әнмен философиялық ойларды айтып жеткізгендей болатын. Мекайл, Ісрайл, Жебрайлдардың үнінен кейде еуропалық музыканың сәулетті ырғақтары шығатын. Ең ақыры науша жасөспірімдердің өзі Байрон, Гете, Лермонтовсыз сөйлемейді, ойнап жүріп олардың қазақша аудармасын өлеңдетіп жырлайды» деп ерекше сүйсінеді.
«Қазақ әдебиеті» газетінің 1963 жылдың 16 тамызындағы санында жарияланған «Абай қолжазбасы» дейтін мақаласында Абай мен Шоқан өміріне қатысты жазба деректермен 1927 жылдан бастап шұғылданғанын айтады.
Әлкей Марғұлан 1868 жылы түсірілген Абайдың фотосының тарихы туралы былайша әңгімелейді: «Россия Императоры Александр ІІ-нің баласы князь Владимир бастап қасында академик Мейндорф және граф, контр-адмирал, генерал, дәрігер, хатшы, сақшылар, оққағарлар, аспазшылар, аңшылар бар тастүйін топ Батыс Сібір аймағын толық көріп-білу мақсатында Омбыға келеді. Бұл салтанаттың жоғары дәрежеде өтуіне Батыс Сібір губернаторының құпия кеңесшісі Тұрлыбек Көшенов, Ақмола, Көкшетау, Атбасар, Қарқаралы дуандарының азуын айға білеген сұлтандары Ыбырай Жайықбаев, Мұса Зілқараұлы, Шалғымбай Бралин, Жантөре Жанайұлы атсалысады. Және бұл тойдың ішінде Шыңғыс Уәлиханов, Жүсіп Алшынбаев, Мұсатай Тәттімбетов те болған. Патшазаданың құрметіне елу төрт киіз үй тігіліп, үш мың адам жиналып, үш мың жылқы, сегіз мың қой сойылып, салтанатты той өтеді. Князьдың тойында журналист Владимир Войнов және білгір, тәжірибелі фотографтар Кесслер мен Буланже болған. Академик Әлкей Марғұланның көрсетуінше, сахара елінің түкпір-түкпірінен жиналған ақындардың, әншілердің, күйшілердің тобын Кесслер киіз үйдің сыртқы жақ іргесінде түсіргендерін «Певцы и музыкант» деп атаған. Бұлардың ішінде скрипкада ойнаған Жаяу Мұса бар. Сондай-ақ «Қазақтың болыс-билері», «Көкшетау аймағының сұлтандары, билері», «Ақмола қазақтарының өкілдері» түсірілген. Ал Кесслердің «Депутация Киргиз Семипалатинской области» дейтін топтың ішінде Абайдың суреті бар. Жас ойшылдың келбетін соншалықты жан-тәнімен тебірене қабылдаған көркемдік көзқарасы кемел Әлкей Марғұлан: «Оның байсалды маңғаз түрінен білімнің, ойдың, сезімнің, сұлулықтың аңқыған күшті лебі көрінеді». Немесе: «...Абайдың жаратылыс тұлғасында еш мін жоқ, мүлтіксіз мөлдір ғажайып бір құйып жасаған сұлу мүсін тәрізді». Оқымысты Абайдың ойшылдық, ақындық рухы жарқын көрініс тапқан терең, тұңғиық көзқарасы мен келешекті де болжағыш қасиетін, «сұлулықтың көркемдік бейнесі» ретінде пайымдай отырып, «ақылға ұйытқы болған саңлақ маңдайы, (білімдар Әбдірахман Сағдидің «Абайдың суретте көрінген маңдайы – өлеңдерінде көрінген маңдайының өзі. Абайдың маңдайында ойшылдық пен толқындаушылық бірлеседі» деген үздік пікірі бар), ботаның көзіндей қабағы жаудыраған әдемі көздер, сызыла біткен қанатты қастары...» деп сипаттайды. Тіпті Абайдың ішігіндегі «тізбектеп қадаған жұмыр түймелеріне» дейін қызықтап, мұның халқымыздың киім кию мәдениетіндегі әшекейлеу екендігін айтады (Әлкей Марғұлан. Шығармалары. 14-т. Алматы, 2012. 228-231 беттер).
1938 жылы Санкт-Петербургтегі Күншығыс халықтарын зерттейтін мұрағаттан Құнанбайдың, Абайдың, Ғабитханның 1865-1866 жылдарда жазылған хаттарын (Ф.5.№13, лл. 50-51) таптым дейді Әлкей Хақанұлы. Солардың ішінде «Абай шығармаларының төрт тізбегін таптым. Олар: Бірінші – князь Кудашевтың тізбегі, екінші – Садуақас Мұсаұлының тізбегі, үшінші – Г.Н.Потаниннің жинағы, төртінші – Н.Я.Коншиннің жинағы. Бұлардың ішіндегі ең ертеректе жазылғаны Г.Н.Потаниннің жинағы, бұл 1884 жылы жазылған. Абай шығармаларының топталмай, жеке-жеке шығып жүрген кезі. Г.Н.Потаниннің өтініші бойынша, бұл өлеңдер тобын Абай өз қолымен жазып, конвертте «Из Чингизской волости от А.К.» деген. «Он мың беттік бұл мұрағатты мен әлі толық зерттеп жеткенім де жоқ» деп те көрсетіпті.
Төрт тізбектің ішіндегі бағалысы, жүйеленген, «маржандай тізілген көркемінің бірі» – Садуақас Мұсаұлынікі (1897 жыл, 18 октябрь). Бір ескертерлік нәрсе, бұл қолжазба Мәшһүр Жүсіптен көшірілген тәрізді. Негізінде, Садуақас Мұсаұлы Петербургке 1897 жылы сапарлағанда Петербург университетінің профессоры, қазақ тілі мен әдебиетінің маманы, профессор П.М.Мелиоранскийге сыйлаған. Содан соң бұл жәдігер Салтыков-Щедрин атындағы кітапхананың шығыс тілдерінің маманы, академик А.Н.Самойлович (1880-1938) қорында сақтаулы. (ГПБ, ф.671. №94).
Саңлақ Садуақас Мұсаұлының дәптерінен дәлме-дәл көшірілген нұсқасын 1897 жылы орыстың зиялы оқымыстысы, жылқытанушы, журналисі В.А.Кудашев Петербургтің география қоғамының кітапханасына тапсырған. Ол осы күнге дейін сол қоғамның мұрағатында сақтаулы тұр. В.А.Кудашев «Перевод киргизских песен и легенд» (Архив госуд.Геогр.Общ.разряд №53 оп.І, №107, лл. 50-85).
В.А.Кудашевтің 145 беттік қолжазбасы «О положении современных киргиз: Стихотворения А.К.» және «А.Құғлұның қазақ елінің үшбу замандағы ахуалдарына мұнасып (толғау) шығырларынден» деп аталған. Және бұл жинақ Россия географиялық қоғамының «Записки географического общества» журналының 1900 жылғы №9-нөмірінде жарық көрмекші екен. Әрбір шаруаға мұқият қарайтын ғұламалардың кеңесінен кейін, География қоғамының басшысы П.П.Семенов – Тяньшанский академик В.В.Радловтың шәкірті, Петербург университетінің профессоры, түркітанушы П.М.Мелиоранскийге (1868-1906) 1901 жылдың 16 ақпанында хат жазып, мәтіннің сапалы болуына мән беруін өтінеді. Қазақ тілін зерттеуші және араб, парсы, татар тілдерінің білгірі П.М.Мелиоранский аталмыш қолжазба мұраның тілін, көркемдік мазмұнын, стильдік ерекшелігін, фонетикалық эвфониясының келісті екендігін мәлімдейді.
Түптеп келгенде, академик Ә.Марғұланның көрсетуінше, бұл айтулы қымбат қолжазбалар (Абайдың Халиуллаға жазған хаты және «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырының варианттары) Петербург университетінің профессоры, түркітанушы И.Н.Березин (1818-1886) арқылы түскен. И.Н.Березин үш томдық «Түрік хрестоматиясы» (Қазан; СПб., 1857-1890), «Петербург кітапханасында сақтаулы түрік-татар қолжазбаларының сипаттамасы» (1846) және Рашид-ад-Дин, Қадырғали Жалаири, Әбілғазы еңбектерінің орысша аудармалары топтастырылған «Шығыс тарихшыларының кітапханасы» (1849-1854) атты зерттеулердің авторы. Бұл жазбаларды хаттап жинақтаған – Омбы Кадет корпусының оқытушысы, И.Н.Березиннің мұраттасы, қазақ тілінің білгірі Н.Ф.Костылецкий.
Академик Ә.Марғұлан Абайдың қоғамдық-саяси ой-пікіріне қатысты 1876-1878 жылдарда орыс-түрік соғысы тұсында жазылған ашық хатының (УГИАЛ ф.1282, оп.1. №807) мазмұнын былайша түсіндіреді: қазақ халқын орыс әскеріне ат, киіз үй және тағы да түрліше көмек көрсетуге шақырады. Ендігі кезекте хаттың мәтінін тауып, жариялау, зерделеу абзал.
Әлкей Марғұланның Абайдың інісі Халиулла (1848-1870) жайындағы деректері: Ғабитхан молдадан арабша оқып, Шығыс әдебиетімен танысуы, 1858-1866 жылдарда Омбы Кадет корпусында оқып, офицер (корнет) дәрежесіне ие болады, осы жылдарда орыс тіліне «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», «Еңлік-Кебек», «Қалқаман-Мамыр» дастандарын аударады. Сондай-ақ Кеңгірбай би, Қараменде би, Құнанбай тәрізді білгіштердің айтуынан «Жеті Жарғы», «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы» дейтін ескі билік-кесім ережелерін орыс оқымыстыларына таныстырмақшы болғаны, Мәскеуде әскери мектепте екі жыл оқуы айтылған. Сонымен қатар 1866 жылдың 4 ақпанында Ғабитқан молда хатының мәтінін де ұсынған. Құнанбайдың Халиуллаға жазған хатындағы (1865 жыл, 8 ноябрь) мына бір тілегі: «Әрқайсымызға тауриқ, хидаят, шәрифләрімізді берсін!». Яғни әр қайсымызға ұстамдылық, әдемі үлгімен өсу, көру, жақсы үлгі алу, адалдық, асыл өмірді тілеу берсін дегені. Білгір, шешен, ойшыл Құнанбайдың адамның рухани жетілуіне, тұйғындай түлеуіне керек шарттар осы екендігін бажайлап байыптайды.
Жинақтай айтқанда, ХІХ ғасырдың ішіндегі Абай қолжазбаларының тағдыры мен тарихына қатысты академик Әлкей Марғұланның ғылыми ізденістерінің сорабы осындай.