Руханият • 18 Қараша, 2020

«Тіршіліктің несі сән, Тереңге бет қоймаса?!»

879 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Абай шығармаларының басты идеологиялық қазығы – «қалың елі, қайран жұрты қазағының» бойындағы кемшіліктерді жойып, ғылым-білімді меңгерген, «ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұстанған», «бес нәрседен қашық, бес нәрсеге асық болған» береке-бірлігі жарасқан, ой-өрісі дамыған халқының болашағы, тәлім-тәрбиесі, ғылым-білімі.

«Тіршіліктің несі сән, Тереңге бет қоймаса?!»

Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» және «Абай – рухани реформатор» бағдарламалық мақалаларында айтыл­ғандай: «Абайдың шығармаларына зер салсақ, оның үнемі елдің алға жылжуына, өсіп-өркендеуіне шын ниетімен тілеулес болғанын, осы идеяны барынша дәріптегенін байқаймыз. Ал ілгерілеудің негізі білім мен ғылымда екенін анық білеміз. Абай қазақ­тың дамылсыз оқып-үйренгенін бар жан-тәнімен қалады».

Біз бүкіл әлемді ақыл-ой мен парасатты пайым арқылы ғана мойындата аламыз. Заман талабына сай білім алу интеллектуалды ұлт қалыптастыруға жол ашады. Ғылым-білімді терең меңгеру – болашағы мәңгілік елдің маңызды бағытының бірі. Рухани кемел­ділік те, ұлттық таным мен тәрбие де біліммен молая түсері хақ. Сол білімге бастар, келешек ұрпаққа да, бүгінгі замандастарымыз баршамызға да «өшпес өмір, таусылмас мал берерлік» темірқазықтай жол көр­сетер «білімді данышпанымыз» тұр емес пе?! Ен­деше Шәкәрім Құдайбердіұлы айтқанындай «ақылын тегінге сатқан» Абай мұрасына үнемі сүңги берсек, тереңге бойлай түсеріміз анық. Рухани байлық та, кемелділік те сол тереңдікте. Ақынның өзі:

Малда да бар жан мен тән,

Ақыл сезім болмаса.

Тіршіліктің несі сән

Тереңге бет қоймаса, – дейді емес пе?! Ал сол тереңдік Абай мұрасында жатыр ғой.

Хакім Абай айтқан әр сөз, құнды ой өміршеңдігі­мен маңызды. Қанша уақыт өтсе де, замана көшінің әр кезеңде де маңызы артып келе жатқаны анық.

Шындығында қазіргі таңда да «Оқыған білер әр сөзді» дегендей ғылым-білімге ден қоюымыз қажет. «Ғылым таппай мақтанбауымыз, Өнер таппай баптанбауымыз» керек. «Артық білім кітапта, ерінбей оқып көруге» деп кітапқұмарлығымызды арттырып, «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, Еңбегің мен ақылың екі жақтап» тек білімге, ақылға, еңбекке сенуіміз қажет. Сол себептен де қазіргі нарықтық заманда бос жатпай «Егіннің ебін, Сауданың тегін, Үйреніп ойлап, мал ізде», – дегеніндей жанталаса еңбек ету қажет. «Ақыл таппақ, мал таппақ, адал жүрмек» керек. «Адал бол – бай тап, Адам бол – мал тап», – дейді Абай. Ал мал табудың да негізі – білім мен ғылымда екендігі ақиқат.

«Біз ғылымды сатып мал іздемек емеспіз», «Керісінше, ел дәулетті болуы үшін ғылымды игеру керекпіз», – дейді Абай хакім. Ақын айтқандай «Дүние де өзі мал өзі, ғылымға көңіл бөлсеңіз» емес пе қазіргі таңда да.

Түбінде баянды еңбек – егін салған

Жасынан оқу оқып, білім алған.

Би болған, болыс болған өнер емес,

Еңбектің бұдан өзге бәрі жалған.

Ал олай болса ғалымдық жолдың алғашқы бастамалары қалай болмаққа керек?!

Абайдың айтқаны – ең алдымен, ғылымды мең­ге­рудің, білімді болудың басты мақсаты «прошение жазуға» емес, яки болмаса «я тілмаш, я адво­каттық» емес, қазіргі заманның тілімен айтсақ, құр жалпы білім алып қана қоймай, «пайда ойламай, ар ойлаған» терең ғылым жолына бет беру, өркениеттің көкжиегіне білім мен ғылым арқылы бару.

Ғалым болмай, немене,

Балалықты қисаңыз.

Болмасаң да ұқсап бақ

Бір ғалымды көрсеңіз.

 

Ондай болмақ қайда деп,

Айтпа ғылым сүйсеңіз.

Білгендердің сөзіне

Махаббатпен ерсеңіз.

Міне ғылым жолын таңдаған адамның баспал­дақ­тары осылай басталары хақ! Және де:

Өзің үшін үйренсең,

Жамандықтан жиренсең,

Ашыларсың жылма-жыл.

Біреу үшін үйренсең,

Біреу білмес, сен білсең

Білгеніңнің бәрі – тұл.

Абай ұлағатының ерекшелігі – жалпы білімді болуды емес, терең ғылым ізденуді насихаттау. Және оны жеке басыңның қамы үшін емес, адами қасиеттер негізінде халқыңа пайдасы тиер болуы шарт. Әрі ол білгеніңді ешкімге ары үйретпесең, не қажетіңе жаратпасаң құр мақтан үшін білгеннің құндылығы жоғы баса айтылған.

Осы айтылғандар қара сөздерінде де кеңірек айтылған. Отыз жетінші сөзінде: «Өзің үшін еңбек қылсаң, өзі үшін оттаған хайуанның бірі боласың; адамшылықтың қарызы үшін еңбек қылсаң, Алланың сүйген кұлының бірі боласың», дейді.

Абай Хакімнің: «Білім-ғылым үйренбекке талап қылушыларға әуелі білмек керек. Талаптың өзінің біраз шарттары бар. Оларды білмек керек, білмей ізде­генмен табылмас», – деп басталатын 32-ші қарасөзі осы білім-ғылымды таза меңгеру жолдарына арналған.

Ең әуелі: «Білім-ғылым табылса, ондай-мұндай іске жаратар едім деп, дүниенің бір қызықты нәр­сесіне керек болар еді деп ізденбекке керек», –  дейді. Яғни ең алдымен білмекке деген құштарлықтың, ішкі махаббаттың мол болуы шарт. Білім мен ғылым­ға құмарлық пен ынтықтықтың нәтижелі болары хақ. Білген дүниеге рахаттанып, білмегенді махаббатпен ізденгенде ғана көңіліңе ғибраттанып сақтайтының да анық. Шынында да: «Адамның көңілі шын мейірленсе, білім-ғылымның өзі де адам­ға мейірленіп, тезірек қолға түседі. Шала мейір шала байқайды».

«Екіншіден – ғылымды үйренгенде, ақиқат мақ­сатпен білмекке үшін үйренбек керек. Бахасқа бола үйренбе, азырақ бахас көңілді пысықтандырмақ үшін залал емес, көбірек бахас адамды түземек түгілі бұзады», – дейді Абай.

Келесі шарттардың бірі – «әрбір хақиқатқа тырысып ижтиһатыңмен көзің жетсе, соны тұт, өлсең айрыл­ма». Яғни білгеніңді өзің толық құрметтеп өзіңе қондырып алу, бойыңа сіңіріп беріктендіру. Егер өзің құрметтемесең өзгенің де құрметі болмасы анық.

«Төртіншіден – дейді Абай, – білім-ғылымды көбейтуге екі қару бар адамның ішінде: бірі – мұла­хаза қылу, екіншісі – берік мұхафаза қылу. Бұл екі қуат­ты зорайту жаһатінде болу керек. Бұлар зораймай, ғылым зораймайды».

Бесіншіден – ақыл кеселі деген төрт нәрседен қа­шық болу керек дейді. Осы ақыл кеселіне, яғни есті­ген нәрсені ұмытпастыққа қатысты 31-қарасөзде айтыл­ған болатын. «Әуелі – көкірегі байлаулы берік болмақ керек; екінші – сол нәрсені естігенде я көр­генде ғибрәтлану керек, көңілденіп, тұщынып, ын­тамен ұғу керек; үшінші – сол нәрсені ішінен бірнеше уақыт қайталап ойланып, көңілге бекіту керек; төртінші – ой кеселі нәрселерден қашық болу керек», – дейді Хакім. Ой кеселдеріне уайымсыз салғырттық, ойыншы-күлкішілдік, я бір қайғыға салыну, я бір нәрсеге құмарлық пайда болу жатады. Осы төрт дүние ақыл мен ғылымды тоздыратұғын нәрселер дейді ақын.

«Алтыншыдан – ғылымды, ақыл­ды сақтайтұғын мінез деген сауыт­ болады. Сол мінез бұзылмасын! Көр­­се­қызарлықпен, жеңілдікпен, я біреудің орынсыз сөзіне, я бір кез келген қызыққа шайқалып қала берсең, мінездің беріктігі бұзылады. Онан соң оқып үйреніп те пайда жоқ. Қоярға орны жоқ болған соң, оларды қайда сақтайсың?», – дегендей ең бас­тысы «тоқтаулылық, қалыпты шыдамдылық» болып, мінез беріктігі бұзылмас мықты болғанда адам да нәтижелерге қол жеткізері хақ.

Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста,

Сонда толық боласың елден бөлек.

Жеке-жеке біреуі жарытпайды

Жол да жоқ жарыместі жақсы демек.

 

Ақылда ашу да жоқ, күлкі де жоқ,

Тулап, қайнап бір жүрек қылады әлек.

Біреуінің күні жоқ біреуінсіз

Ғылым сол үшеуінің жайын білмек.

Абай Құнанбайұлының осы өнер-білімге қатысты айтқандары, ғылымды үйренбекке талап қылушыларға берген ақыл-кеңесі, ақын ғибраты қанша уақыт өтсе де маңызын да, құндылығын да еш жойған жоқ, жоймайды да. «Көкірегі сезімді, тілі орамды жастарымыз» талаптанып, Абай ұстанған жол­ды басшылыққа алса, ғылым-білімді терең мең­герсе еліміздің де болашағы жарқын болары сөзсіз.

Сондықтан да ұлтымызды жаң­ғырту ісінде хакім еңбектерін басшы­лыққа алуымыз, ол мұраны ұтымды пай­даланып, Абай сөзінің бүгінгі заманымыз үшін көкей­кестілігі мен ақын шығармаларынан халқымыз мол тағылым алу қажеттігін назардан тыс қалдырмауымыз керек.

Сыналар, ей жігіттер келді кезің,

Сәулең болса, бермен кел талапты ерің.

Жан құмары дүниеде немене екен

Соны білсең – әрнені білгендерің, –

дегендей «білмекке құмарлық» негізгі ұстаным болмаққа керек.

Абайдың басты мақсаты мен арманы – еліміздің биік өркениет қатарында болуы, халқымыздың «ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» қасиетімен даралануы. Ғылым-білім жолына үндеген, адамзаттың бәрін махаббатпен сүюге шақырған, толық адамның қасиеттеріне негіздеген, Алланың хикметін сезу жолдары айтылған Абай мұрасының даралығы да, даналығы да алдағы уақытта жарқырай берері хақ!

 

Жандос ӘУБӘКІР,

Шәкәрім университеті «Абай» институтының директоры, филология ғылымдарының кандидаты, доцент