Тарих • 18 Қараша, 2020

Ел үшін жаралған ер (Бауыржан Момышұлының соғыс өнеріндегі қалдырған ізі)

2285 рет
көрсетілді
20 мин
оқу үшін

Жеке мұрағатымда бүгінге дейін сақталып келген тарихи құнды құжаттар баршылық. Оның ішінде: ұрыс қимылдарының мәліметтері мен хабарлары, шайқас сызбалары мен карталар, сонымен бірге отты жылдарда Бауыржан Момышұлын Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылған құжаттар (әл­де­қалай себеп-салдарсыз іске асырылмағаны) батыр ағамыздың туа бітті да­рын иесі, шынайы талантты қолбасшы екенін айғақтай түседі. Бауыржан Момышұлы ұлт тарихында алдымен дарынды әскери ойшыл, тағы­лымды тәр­биеші, қалам қарымы тек шындыққа сүйенген жазушы тұлға. Батыр аға­мыз­дың осындай қасиет қыры бұқаралық ақпарат құралдарында айшық­та­ла түс­уі қажет.

Ел үшін жаралған ер (Бауыржан Момышұлының соғыс өнеріндегі қалдырған ізі)

9-гвардиялық атқыштар дивизиясының командирі, полковник Бауыржан Момышұлы және оның орынбасары Совет Одағының батыры полковник Шляпин Г.Ф., 1944 жыл әскери сапты тексеруі

Шайқаста аз шығынмен жеңе білу – ерекше өнер.

Бауыржан Момышұлы

«Бауыржан серіппесі»

Соғыстың сан түрлі әрекеттік жағ­дай­ла­рын­да «қоршаудан шығу мен шегініс жасап» орағыта отырып, ұрыс тәсілін жасап ұрысты ұйымдастыра білу, аз күшпен жауды еңсеріп, шегініске шығып, күш жинап, қайта тойтарыс беруде дивизия ко­мандирі И.В.Панфилов пен батальон ко­мандирі Б.Момышұлының әскери ойлы та­нымы – қос қолбасшының әскери қас ше­берліктерінің дүниетанымына тән құбы­лыс емес пе?!.

Қиян-кескі шайқаста жау күші басым түс­кенде, тығырыққа тірелген шақта, жол тауып, тәсілді оңтайландыру – ко­мандир үшін сын сағат. Ұлы Отан со­ғы­­сының бастапқы кезеңінде Қызыл Армия­ның көптеген бөлімдері осындай сәттерге душар болға­ны белгілі. Мұндай соғыс драмасы Қазақ­стан мен Қырғызстанда жасақталған 316-атқыш­тар дивизиясының командирі, ге­нерал-майор И.В.Панфиловтың да басынан өтті. Дивизияның әскери қимылға да­йын­­дығына үш ай мерзім берілді. Да­йын­дық мерзімі қысқартылып, Мәскеу қор­ға­ны­сының солтүстік-батысындағы 130-140 ша­қырымдық шепке орналастырылды.

Бақайшағына дейін қаруланған жау­дың моторлы дивизиясы Мәскеуге қарай­ лап қойған сәт. Бауыржан ағамыздың бар­лау тобы қолға түсірген офицердің «Таңғы ас – Волоколамск, кешкілік ас – Мәскеуден» дегенінде жаудың өрекпігені айқын еді. 316-атқыштар дивизиясының алдында аса күрделі міндетті шешу тұр­ға­ны анық болатын. 

Қарапайым ғана дайындығы бар ди­ви­­­зияға тапсырманы қалайда орындау мін­деті тұрды. Жау күші үш-төрт есе ба­сым. Дегенмен де, міндет орындал­ды. Мәскеу қорғанысы жауға төтеп бер­ді. Жан алысып, жаумен жаға жыртысып, кескілесіп, тойтарыс бере білген ер­лер ар жолында намысын жалау етті. Кейін­нен Мәскеу қорғанысы жөнінде өз жаз­ба­сында Бауыржан ағамыз генерал И.В.Панфиловты: «Табанды да тегеурінді, та­нымы жүйелі, ойлы, ұстаз-генерал құр­мет­ке бөленді» деп жазды.

316-атқыштар дивизиясының ұрыс­та­ры жө­ніндегі мұрағат құжат­та­ры­нан Бауыржан Мо­мышұлының батальоны арьерград құ­ра­­масы ретінде жауын­гер­лік тапсырма­лар­ды жиі орындағаны бай­қалады. Яғни дивизияны басым күш­­пен қорғай отырып, жауға алдымен қатты тойтарыс беріп, ше­гі­ніп жаңа пози­цияға орнығу. Әр шай­қас­та жау­дың басым күшімен қиян-кескі ұрыс са­лып, батальон тапсырманы орын­дап, жа­уынгерлік қабілеттерін сақ­тай білді. Пол­ковник Серебряковтың ұрыс мә­лі­­мет­теріндегі баянатында: «Диви­зия­дан бес рет бөліне шығып, жау тылында ар­найы күрделі тапсырманы орындап, Бауыржан Момышұлы өз батальоны мен со­ғыс техникасын шығынға ұшыратпай қоршаудан шығара білді. Ал армия гене­ра­лы И.М.Чистяков «Отанға қызмет» кітабында И.В.Панфиловтың Бауыржан Мо­мышұлының бойындағы батырлық пен өжеттікті бағалағанына арнайы тоқ­та­ла­ды. Москва түбіндегі шайқаста батальон бір­не­ше күн қоршауда қалып, полкпен байланысы үзіледі. Батальон жаудың басым күшімен кескілескен ұрыс жүргізеді. 400 фашисті жер жастандырады. Волоколамск тас жолында жауды тоқтатып, орманға қарай маневр жасап, жау қоршауын бұза жарып, өз пол­кіне қосылады. Осы ұрыстан кейін И.В.Панфилов қиын-қыстау сәт­те­­рін­де Бауыржан Момышұлын қасы­нан шы­­ғар­май резервтік күш ретінде, ең ауыр шайқастарға жұмсайды. Шайқас кө­рі­ністері Бауыржан ағамыздың «Мос­ква үшін шай­қас» кітабының «Гене­рал И.В.Пан­фи­лов» повесінде кеңінен жазы­лады.

Міне, осындай түрлі дерек көздеріне үңіле отырып, батальонның ұрыс қимыл­да­рындағы карталары мен сызбаларына, құжаттарына талдау жасау арқылы әске­ри ғылым дүниесіне «Бауыржан серіп­песі» («Бауыржановская спираль») тәсі­лі деген терминді қосуыма тура келді (1995 ж). Бұл ұғымның негізгі мәні Б.Момышұлының батальоны (арьерград), жау қоршауының басым күшін бұзып, шыға ұрыс жасау. Бұл жаудан бас сауғалап қашу емес, қайта жау­ды қапталдан, ол жол бойында немесе орманды жерлер мен алқаптарда жау күш­тері мен колонналарына тұтқиылдан, шең­берлеп, шабуыл жасап талқандау тәсілі. Жаудың тірі күшін жойып, техника­сын қи­ратып, бас көтертпей талқан ету. Ба­тал­­ьон тек дивизия командирінің бұй­рық беруінен кейін ғана жылжуға бет алған. Тіпті кейін жылжуда да әр рота­дан не взвод, бөлімшелерден бір екі адам­ды соңынан қалдырып, ізін бай­қат­­пай шапшаң қозғалып отырған. Осы ерек­­шеліктерді бағамдап зерделесек, Бауыржан құрамасы арьерград батальоны, тактикалық ұрыстың жаңа фор­масы ретінде «Бауыржан се­ріп­песі» деп тануға әбден лайықты. Әрине «сері­ппе» термині дивизияның соғыс қи­мыл­дарын ұйымдастыруда комдив И.В.Пан­фи­­лов­тың әдіс тәсілдерімен бай­ланысты шық­қаны мәлім. Әйтсе де, со­ғыс­қа дейін­гі жа­уынгерлік жарғыларда «тірек пунк­ті», «қарсылық торабы», оның ішінде тіп­­тен «танкіге қарсы торап» сияқты тер­миндік ұғымдар қолданыс таппаған еді. Қорғаныс тек тұтастай қазылған ор тү­рін­де жасалды. Ал енді дивизия амалсыздан қор­ғанысты аса кең көлемдегі (40-60 км) кең­дікте құрған кезде жау күшінің ұмтылу тұсын анықтау үшін, қарсыласқа кедергі келтіру үшін миналық алқаптар мен түрлі кедергілерді де құруға тура келді. Серіппе дивизияның қорғаныс майданына тартыла құрылып, ең бас­тысы, осы серіппенің үзілмеуі негізгі рөл атқарды. Серіппе жиырылып, келген жауды қысып тығырыққа тіре­ді, ентелеген жаудың екпінін басып, со­ңы­нан «Найзағай соғыс» жоспарын быт-шыт етті. Ешқандай күмән жоқ, дарын­ды шәкірттің ойлы ұстазының ақыл-ойы­­нан туындаған теорияны дәп басып іске асыр­ғандығы.

«Бауыржан серіппесі» комдив И.В.Пан­филов тұрғысынан дұрыс деп ма­­­құл­­­­данды. Батальон командирінің есе­бін тыңдаған гене­рал: «Сіз, өзіңіздің се­ріп­­­пе-тартпаңызды еске түсіріңізші. Сіз оны қалай іске асыр­ды­ңыз? Осыдан бас­та­ңыз...»

Біз бүгін Бауыржан Момышұлының шай­­қастары маневрлік шеберлікке айнал­ға­нын айқын байқаймыз. Ал ағамыздың «се­ріппесі» маңызға ие болып, ол әрі қа­рай «ұтқыр қорғаныс» деген термин­ге ұласты.

«Әскери айлакерлік» ұғымы – әске­ри тәсіл-әрекетінің тәуекелі. Ол штаб база­­ындағы есепті жүргізуші коман­дир­дің творчествосынан туындап, соғыс­та дұ­рыстыққа қол жеткіздіртеді. Оқып, тани­мын дегенге әсіресе, әскери адамға Б.Момышұлының тәуекелшілдігі мен қыра­ғылығы батальон командирі ретін­де­гі соғыс қимылындағы шешімі А.Бектің «Волоколамск тас жолы» кітабында ай­қын көрініс тапқан. Аз күшпен жау күшін қирата соғуы мен қор­шауды бұзып-жарып, шығынсыз шы­ғу­ы таңдандыратын құбылыс. Грюна, Середа селолары мен Матернино стансасына тұтқиылдан шабуыл жасап, қи­мыл-әрекет үстінде аңшылық қулыққа көшіп, сондай-ақ батальонды ерекше «ромб» жауынгерлік тәртібіндегі сапқа тұрғызу арқылы немесе атыс қаруынан бір сәтте дүркін-дүркін оқ атқызып, жол­да­ғы жау колонналарын талқандауы, Мәскеу қорғанысындағы тапсырмаларды ыждағаттылықпен, көрегенділікпен орын­дауы шайқастың сәтті аяқталуына әкелді. Бұл жағдайларда комбат әрдайым жауынгерлер арасында, тізе қосып ан­та­ла­ған фашистермен ерлерше арпалысты. Осы­ның бәрі жауынгерлердің бойындағы қор­қы­нышты жеңуге әкеліп, жаумен күресе алатын жігерлілікке бой алдырды. Мұны өзі комдивке берген баянатында «соғыс психологиясы» деп атап, ша­йқастың дәл солай болғанын генерал И.В.Панфилов аса зор ықыласпен құп­та­ған болатын.

Жауынгерлік тәжірибесі мол комдив И.В.Панфилов пен комбат Б.Момыш­ұлы­ның ұрыстық тактикасы жалпы жауын­гер­лік жарғыға «қоршаудан шығу жылжи отырып, шабуыл жасау тарауына ұрыс қи­мылдарына орай «очаговая», «тірек пункті», «танкіге қарсы торап» сияқты ар­на­йы терминдерді қосты.

 

Кастро құрметтеген қолбасшы

Бауыржан Момышұлының шабуыл немесе басқадай ұрыстар тактикасын жүр­­гізуге қосқан үлесі зор. Жетекшінің ана­ли­тикалық таным таланттылығы мен творчестволық ойлау жүйесі соғыс­тың одан кейінгі жылдарында полк­ке жетекшілік етіп, одан дивизия бас­қар­ған кезде айқын көрініс тауып, таныла бастағаны баршаға мәлім болды. Б.Момышұлы кәсіби соғыстың жаңа типті білгірі ретінде шабуылдың бұрыннан келе жатқан – жауды талқандау, тек шабуыл­даушы жаяу әскердің алдыңғы үзең­гісіндегі ұрысқа тиесілі және одан әрі қарсыласты «мүжгілеу» деген әдістер көп ретте атыс пен техниканың маневрлік максималдық мүмкіндіктерін тиімді ете бермейді, осыдан әскери құрамалардың шабуылдағы екпініне кедергі келтіреді  деп, ескі тәсілдеріне қарсы болады.

Б.Момышұлы терең ұрыстың теориясын жақтап қана қойған жоқ, жауынгерлік ұрыстың «ұтқыр тәсілдерін» игертуге атсалысқан бірден-бір жаңашыл командир. Ресей әскери ғалымы, генерал Триандофилов дайындаған әдісті шынайы соғыс жағдайында іске асырған. Терең ұрыстың теориясын жақтаушы тактик. Аталған теорияны іске асыруда қол жеткізетін максималды тиімділік – алдымен полктың жағдайды есепке ала отырып, өз еркімен қимыл жасауына бүтіндей ерік беру және дивизияның танк, артиллерия құрамаларын ішінара бағыныштылыққа көшіре отырып, шабуыл жасау. Бұл жағдай шабуыл кезінде маневрлік пен атыстың шабуылдау мүм­кіндігін үдете түседі. Бауыржан Мо­мышұлы жалпы әскери соғыстың ма­ңы­зына ерекше мән берген командир. Ұрыс – қарама-қарсы күштердің бір-біріне оқ жаудырып атысып, шайқасуы. Кімде-кім атысты дұрыс ұйымдастырса, сол жеңіске жетеді. Кім қажет кезінде тиісті орында болса, дер шағында атыста басымдылық көрсетсе, алапат атысқа бой бермей шапшаң қимылдап, қарсыластың атыс ұяшықтарын тез жойған күш қана жеңіске ие болады. Маневр мен атыс жеңістің негізі. Соғыстың соңғы жылдарында 1-Прибалтика майданында өз дивизиясы мен түрлі құрамалардағы шабуылдың екпіні төмендігін байқаған командир Б.Момышұлы бұл жағдайды қарсыластың атыс ұяшықтарын жедел түрде жоймағандықтан, оны ұзақ уақыт ат­қылауға жеткізіп барып тұншық­ты­ру­дан деп түсіндіреді.

Литвада Марияполені алған кезде батыр ағамыз қала тұрғындарының ал­дын­да сөйлеген сөзінде: «Бұл жеңіс ауыр шайқастармен, командирлердің тап­қыр­лығымен, жауынгерлердің ерлігі мен жергілікті тұрғындардың көмегі­мен келді» дейді. Соғыстағы жеңіс жауын­гер­лердің бауырластығымен, тылдағы ха­лықтың қолдауымен келді. Даңқты ко­мандирдің осы аталы сөзі бүгінде ұмы­ты­лып бара жатқандай. Қандай өкінішті?!

Бауыржан ағамыздың құнды пікірлері мен практикалық тәжірибелерін қазіргі жауынгерлік дайындыққа есепке алу – бірден-бір төтенше маңызға ие болатыны даусыз. Бүгінгі артиллериялық жүйе Екінші дүниежүзілік соғыс жылда­рын­дағы артиллериядан бірнеше басым­ды­лыққа ие. Әскери құрамалардың жаңа­лан­ған реактивті артиллериялармен, жаңа ракеталық кешендер тек қана тактикалық ауданға ғана емес, сонымен қатар опера­тив­тік тереңдіктегі, яғни жүздеген шақы­рым­ға атыс дүмпуін жасайды. Сол се­беп­ті қазіргі жойғыш атыс кешені (КОП) ұғымы қалыптасты. Жойғыш атыс кеше­­ні­нің нәтижесі мен тиімділігі шабуыл­­дау ұрысының оперативті әрі шап­шаң жүру­ін қамтамасыз етеді.

Б.Момышұлы әскери жеке құрама­лар­дың өзара тығыз байланыста болуын маңызды санап, оған аса мән берді. Терең ұрыс жүргізудің тиімділігі шабуылдау­да тұтастай маңызға ие екенін астын сыза таныта білді. Шабуылдаудағы ең бір түйт­кілді жағдай, ол – жау қоршауын бұ­зып-жару. Оған жету үшін алдымен шабуыл­дау белдеуінде қоршауды қай тұс­тан бұзу қажеттігін таңдай білу және осы тұсқа негізгі күштерді шоғыр­лан­ды­ра отырып, қарсыласқа басым­ды­лық көрсету. Сондықтан Б.Момышұлы штаб­тан әскери күштің арасалмағы мен қару-жарақ, техниканың нақты есебін талап етіп, әрдайым барлау бастық­та­рының мәліметіне сүзіліп, оны ой еле­гінен өткізіп, топшылауды әдетке айнал­дырған. Әбден ойталқы жасаған соң ғана шешім қабылдаған. Тапсыр­ма­ны қалайда орындауға бел байлаған. Диви­зия командирінің өз бойындағы сал­қынқандылық, жігерлілік табиғаты жұмыс барысына өз тұрғысынан бас­шы­лық жасай білу қабілеті ұштасқанда қара­мағындағылардың бойында үлкен арқа тұтар сенімділікті ұялата білген. Шай­қастың қысылтаяң сәтінде қазақ ком­ди­вінің жанында жүргендер оны бас­тан өт­керген.

Осыдан көп жыл бұрын, Ұлы Же­ңістің 40 жылдығында Мәсімхан Би­се­баев атындағы Талғар ауыл шаруа­шы­­лығы техникумінде – аталған тех­ни­кум­ның директоры Ләйла Үмбетованың ұйымдастыруымен өткен осы іс-шарада панфиловшы-майдангер, 19-атқыштар полкінің барлаушысы Сейітхан Тұрсын­құ­лов сөйлеген сөзін: «Ұрыс барысында біз әрдайым полк командирін көріп жүрдік. Блиндажда болғанымызда бөркінің төбесі көрінгеннен өзімізге ерекше жігерлілік энергиясын алатынбыз. Таңғаларлығы сол, ол барлаушының әрбірімен жекелей сөйлесіп, өткір көзде­рі­мен тіке қарап, сөзін бөлмей ерекше ыждағатпен тыңдайтын. Сөйтіп полктың тағдыры сенің мойныңда деген ойды ұқтыратын. Барлаушы тобында небір қабілетті жігіттер болды, кейбірі полк командирімен жас шамасы қатарлас болатын. Әйтседе, полк командирінің сөзі олар үшін әке сөзіндей қабылданатын. 1942 жылдың қыс мезгілі еді, бұл кезде жауды біраз еңсеріп келе жатқан кезі­міз. Шаңғымен шапшаң жылжып келе жатсақ, өзімізбен қатарласып, полк командирінің де келе жатқанын көрдік. Осы қатарда бізбен бірге комиссарлар Мәлік Ғабдуллин, А.Мухамедияров сияқты командирлер жеке бастарының үлгі өнегелерімен жауды одан сайын өкшелей қууға, жауынгерлерді тұтастай шабуылға көтеруге күш берді. Сонда біз ерекше жігерленіп, бойымызға күш құ­й­ыл­­­­ғанын сезіндік. Мұны мен ешқашан ұмыт­­паймын!» деп аяқтаған болатын.

Сөз жоқ, осындай қабілет-қарымы биік Бауыржан Момышұлы жұртшылық көңілінен шығып әскерилер арасында үлкен абыройға бөленді. Әсіресе, Әскери академияда қызмет еткен жылдарда ұлт батырының қасиет қыры одан сайын биіктей түскенін байқаймыз.

Соғыстан кейінгі жылдары тыңдау­шы­лар алдында Баукең: «Офицер қай әскери лауазымда болмасын, ол алдымен жауынгерлік дайындығы бар, ең бастысы шайқаста жеңіске жеткен командир болуы керек, сонда ғана ол жоғары кәсіби әскери маман. Ал керісінше болса, ол құзыретсіздік, бейбіт уақыттағы офи­цердің нашар дайындығы. Бұл жауын­герлік оқуларда бөлімшенің, құра­ма­лар­дың көрсеткішінің төмендеуіне әкеледі, ал соғыс жағдайында ол түрлі операциялар мен ұрыстарды жеңіліске ұшыратады» деген болатын.

Б.Момышұлының шәкірті, генерал-полковник И.М.Глушко өзінің «Тылдағы солдат» кітабында былай деп жазады: «Біздің аудиториямызға әсер еткен үздік оқытушыларымыздың ішінде жартылай аңызға айналған адамды еске алмауым мүмкін емес. Сөз жалпы тактика курсынан лекция оқыған пол­ков­ник Бауыржан Момышұлы жа­йында. Біз әрқашан ол кісінің лекциясын аса қызығушылықпен күтетінбіз. Әрбір материалды ұғынықты дәрежеде жеткізіп, әрі әр тезисті түрлі мысалдар арқылы жауынгерлік тәжірибелерінен бекітетін. Тактиканың ең күрделі мәселелерін өздігімізден ойланып шешуге үйрететін».

1

Литваның Марияполя қаласының тұрғындарының алдында сөйлеп тұрған 9-гвардиялық атқыштар дивизиясының командирі, полковник Бауыржан Момышұлы және қала коменданты полковник Николаев Н.Н., 1945 жыл сәуір

Бостандық аралының 10 жылдық мерейтойына Куба елінің басшылығы құрметті қонақ қатарында Ұлы Отан соғы­с­ының батыры Бауыржан Момыш­ұлын шақырғаны белгілі. Соғыста ерлік жасағандар көп бола тұра неліктен Б.Момышұлын шақырды деген сұрақ туа­ды еріксіз?!

Бұл шешімді қабылдаған Фидель Кастроның өзі екен. Ол кісіден кімді ша­қы­рамыз деп сұрағанда, бірден ойланбас­тан: «Волоколамск тас жолының» ең басты батыры!» деген екен. Бақсақ, қол­бас­шы осының алдында ғана «Воло­ко­­­ламск тас жолы» кітабының испан ті­ліндегі аудармасын оқыған болып шы­ға­ды. Ресми қабылдау аяқталған соң Ку­баның Қорғаныс министрі Рауль Кас­тро Бауыржан Момышұлына Куба Қару­лы Күштерінің қолбасшылығы алдын­да сөйлеуіне өтініш білдіреді. 1963 жыл­дың қарашасында Баукең: «Егер сіз­дер алдыңғы қатарлы армия құр­са­ңыздар – бұл бейбітшілікті қорғау­шы­лар­­дың позициясын бекітуге көмек­тесе­ді. Қа­ру­лы Күштер елдің тәуелсіздігі мен бос­тан­дығын қорғауға құрылады. Мем­ле­­кет­ті­лік­тің сақталуы мен өз халқы­ның бей­біт еңбегін қамтамасыз етеді» деген өре­лі сөзді кубалықтарға арнаған болатын.

Тағы бір ескеретін жайт, Баукеңнің ақыл-ойларын тәуелсіз Қазақстанның Әскери доктринасы мен «Қорғаныс және Қазақстан Респуб­ли­касының Қарулы Күштері туралы» заңдарын жазғанымызды негізге алдық. А.Бектің «Волоколамск тас жолы» мен Б.Момышұлының «Соғыс психологиясы» кітаптары әскери жоғары оқу орында­рын­да білім алатын тыңдаушылар үшін мін­детті әдебиеттер тізіміне енгізілді.

Бауыржан Момышұлы тумысынан табиғи талантты, аз уақыт ішінде жалпы әскери ұрыстың заңдылықтары мен принциптерін танып игерген дарынды қолбасшы. Оның өткір ойы, аналитикалық қабілеті шайқастың өтуі мен дамуын дәл болжауы – алдыңғысын көргендікпен дөп басып, шешім қабылдауы ерекше таным. Сол себепті Бауыржан Момышұлына батальон, полк, одан соң соғыстың соңғы жылдарында дивизия­ны басқару сеніп тапсырылды.

 

Ким СЕРІКБАЙҰЛЫ,

Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, профессор, әскери ғылымдар докторы, Қазақстан Республикасы және Ресей Федерациясы Әскери ғылымдар академиясының толық мүшесі

 

(Жалғасы бар)