28 Қараша, 2013

Әлеуметтік тұрақтылық – маңызды міндет

680 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Кеше Орталық коммуникациялар қызметінде «Әлеуметтік жаңғырту – 2013» атты тақырыпта баспасөз мәслихаты болды. Оған Премьер-Министрдің орынбасары Ербол Орынбаев, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова, Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекова, Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов қатысты.

Кеше Орталық коммуникациялар қызметінде «Әлеуметтік жаңғырту – 2013» атты тақырыпта баспасөз мәслихаты болды. Оған Премьер-Министрдің орынбасары Ербол Орынбаев, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова, Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекова, Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов қатысты.

Баспасөз мәслихатында ағымдағы жылы әлеуметтік тұрақтылық саласы бойынша атқарылған жұмыстармен бірқатар түйінді мәселелер сөз болды. Еске салар болсақ, Елбасы халыққа Жолдауында әлеуметтік тұрақтылыққа баса назар аударып, әр азаматтың бақуатты өмір сүруіне қол жеткізу – мемлекеттің бас­ты мақсатының бірі екенін айтқан болатын. Бұл мақсатқа Қазақстан жыл өткен сайын жақындап келеді. Мәселен, өткен 15 жылда халықтың жалпы табысы 16 есеге өскен. Денсаулық сақтау саласындағы жетістіктер де ауыз толтырып айтарлықтай. Соңғы бес жылда аналар өлімі 3 есеге азайып, жаңа туған сәбилер саны бір жарым есеге өсіпті. Нәтижесінде, бүгінде Қазақстан халқының саны 17 млн. 100 мыңнан асқан. Бұл да болса, халықтың тұрмысының жақсарып, әлеуетінің артқанын білдіреді. Баспасөз мәслихатын жүргізген Алтай Әбибуллаев: «Халық санының 17 миллионнан асқаны – Қазақстанның ең бір үлкен жетістігі болып табылады», – деді.

Алғашқы сөз кезегін алған Е.Орынбаев елдегі әлеуметтік жетістіктер мен шешімін күткен мәселелер туралы әңгімеледі. Оның келтірген дәйекті деректеріне қарағанда, еліміздегі әлеуметтік жағдай еңсе көтерерлік. «Алайда, бұл көрсеткіштерге тоқмейілсуге болмайды. Мемлекет басшысы Үкіметтің 2013 жылғы 11 қазандағы кеңейтілген отырысында берген тапсырмаларында Үкіметке экономиканы одан әрі дамыту, халықты нәтижелі жұмыспен қамту деңгейін арттыруды қамтамасыз ету және инфляцияны белгіленген өлшемдерде ұстап тұру шараларын қабылдауды тапсырды. Осыған орай, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп сұранысқа ие мамандықтар бойынша кадрлар қажеттілігінің болжамын даярлады. Ал Білім және ғылым министрлігі жүргізілген болжам негізінде оқытылатын мамандықтар бойынша мемлекеттік тапсырыстарға түзетулер енгізіп жатыр. Бұйыртса, 2014 жылдан бастап «өзара міндеттемелер» қағидаттарына негізделген, құрамында еңбек етуге қабілетті мүшелері бар отбасыларға белгіленген ақшалай көмек енгізуге арналған барлық даярлық іс-шаралары аяқталады. Ендігі міндет – осы іс-шараларды тағы да бір тиянақты пысықтау болып тұр», деді Премьер-Министрдің орынбасары.

Елдегі әлеуметтік жағдайды баяндау барысында Е.Орынбаев тағы бір мәселеге көңіл аударды. «Демографиялық өсiмнiң артуы 2013 жылдың «драйверiнiң» бiрi болатын. 2005 жылы басталған туу көрсеткiшiндегi серпiлiс әлi де жалғасуда. Сарапшылардың берген бағасы бойынша, ол 2016 жылға дейiн жалғасады. Мысалы, 2004 жылы 270 мың сәби дүниеге келсе, олардың саны жыл сайын артып 2011 жылы 372 мың бала туылған. Бұл 2004 жылғы көрсеткiштен шамамен 100 мың нәрестеге көп», дедi ол.

Егер туу көрсеткiшi осылай арта берсе, келешекте еңбек нарығында проблема туындауы мүмкін екен. Сондықтан, қазірден бастап ол мәселенің алдын алу шараларын жасау қажет көрінеді. «1990 жылдары еліміздегі туу көрсеткiшiнде дағдарыс болғандықтан, қазiр еңбек нарығындағы жағдай әлдеқайда қолайлы. Ал бүгінгi «бэби-бум» толқыны 2024 жылдары еңбек нарығында проблема туындатады», дедi Е.Орынбаев.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Т.Дүйсенованың келтірген мәліметтеріне көз салсақ, «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасының бірінші бағыты бойынша 2013 жылы 1740 жобаны іске асырып, 23,2 мың жұмыс орнын құру қарастырылған екен. Содан, 1 қарашадағы жағдай бойынша жобаларда құрылған жұмыс орындарына 19 174 адам орналастырылыпты. Екінші бағыты бойынша кәсіпкерлікке 8 841 адам оқытылып, 8 559 адам шағын несие алған. Олардың арасынан 5 962 адам өз ісін бастапты. Үшінші бағыт шеңберінде кәсіптік оқытумен 48 280 адам қамтылды. Сондай-ақ, осы айдың бірінші жұлдызына дейінгі жағдай бо­йынша 19 342 адам оқуды аяқтап, 13 042 адам қызметке тұрған.

Еліміздегі медициналық жоғары оқу орындарында 4010 мұғалім жұмыс істейді. Оның ішінде 1821 оқытушының ғылыми атағы бар. Бұл туралы Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов айтты. Бұған қоса, университеттерде 217 магистр мен 3 PhD докторы қызмет етеді. Бүгінгі таңда, Білім және ғылым министрлігі оқытушыларды шетелдегі білім беру мен медициналық тәжірибеде жаңа технологияларға оқыту бойынша іс-шараларды іске асырып жатыр екен. Министрдің айтқанына құлақ ассақ, бұл шаралар «Стратегия-2020», «Қазақстан-2050» Стратегиясы аясында мамандардың кәсіби білімдерін арттыру мақсатында ұйымдастырылып жатыр. Сонымен қатар, Израиль, Англия, АҚШ сынды медицинасы дамыған елдерден ғалымдарды шақырып, мамандарымыздың білімін жетілдіру ісі қолға алынған. Осы бағдарлама бойынша 124 маман шетелде білімін жетілдірсе, шетелден шақырылған қонақтар 298 оқытушының біліктілігін арттырған.

Баспасөз мәслихатының екінші бөлімінде, журналистер Үкімет мүше­леріне сұрақтар қойып, өздерін толған­ды­рып жүрген сауалдарға жауап алды.

Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ,

«Егемен Қазақстан».

Соңғы жаңалықтар