Қоғам • 18 Қараша, 2020

Мал бағып, дүкен ашып...

640 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ел ішінде қолынан келетін бір кәсіпті меңгеріп, тұрмысын түзеуге ұмтылу­шылар аз емес. Оларға мемлекет тарапынан да көп-көрім көмек көрсетілуде. Ендігісі әркімнің істің көзін таба білер қарымды қабілеті мен қажырлы қайратына ғана байланысты.

Мал бағып, дүкен ашып...

Целиноград ауданында биыл «Еңбек» бағ­дар­ламасы арқылы шағын несие алып, шаруасын түзеймін деушілердің қатары көбейіп келеді. Ауыл­да екі қолға бір күрек таба алмай отырған аза­маттар мемлекеттік бағдарламалардың шар­а­па­тының арқасында нар тәуекел етіп, нарық айдынында алдымен анық бағдар алып, нәтижелі іске ұмтылуда. Олардың арасында тігін цехтарын ашып, ата кәсіп – мал шаруашылығы­мен айналысқысы келетіндер аз емес. Кәсіпкерлер ең алдымен өңірде бәсекелестігі жоқ салаларға ұм­тылуда. Бұл әбден түсінікті. Өйткені өндір­ген өнімдері тез өтіп кетсе, бизнеске сал­ған қара­жат­тары да жылдам қайтарым береді. Мәселен, аудан­да емдік қасиеті мол ешкі сүтін өндіремін деуші­лер де бар. Асылында ешкі – өсімтал түлік. Бағзы заманда ел тынысын айтқызбай аңғаратын сұңғыла қариялар «есің кетсе, ешкі жи» деп неге айтты дейсіз.

Алдыңғы жылы 122 адам мемлекеттік грантқа ие бол­ды. Оларға 36 млн теңге қаражат бө­лін­ді. Шағын аудан үшін тәп-тәуір көрсеткіш. Ал­ға ұм­тылған осынша адамның үйдегі ойы оңы­­нан оң­ғарылып кетсе, кәсіпкерліктің реті ке­­ліп-ақ қалар еді. Шыңғыс Романжаров есімді кә­с­іп­­кер «Болашақ» деп аталатын оқу орталығын ашып отыр. Орталықты ашу себебі, ата-аналар тара­­пы­нан көптеген өтініш түскен соң мектеп оқу­шы­ларына сабақтан тыс оқуға көмек көрсету. Әрі өзіне де тиімді. Бүгінде бұл орталыққа қы­рық­­тан астам оқушы келіп, білімдерін еселей түсуде.

– Жұмысты былтыр бастадық, – дейді «Болашақ» білім беру орталығының директоры Шыңғыс Романжаров, – «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасында оқып, сертификат алдым. Стандартқа сәйкес 500 мың теңге көлемінде грант бөлінді. Ол қаражатқа қажетті техникаларды сатып алдым.

Қазір орталықта 1-шіден 11-інші сыныпқа дейінгі балалар білім алады. Бұл жерде басымдық математика пәніне берілген. Алдағы уақытта шахмат және робот техника тәрізді үйірмелер ашу да межеленіп отыр.

Биыл мемлекеттік грант аламын деп үміттен­ген адамдарға 27 млн теңгеден астам қаражат бөлін­ген. Елуден астам кәсіпкерлер өз ісін дөң­ге­летуде. Олардың арасында ата кәсіп – мал шаруа­шылығын дамытуға өзіндік үлестерін қосуға ұмтылып отырғандар да баршылық. Олар қатал қысқа қамданып, мал азығын да­йындауда Нұр-Сұлтан қаласының іргесінде төрт түліктің басы өссе, азық-түлік белдеуіне де аз да болса шарапаты тиер еді. Тосын кәсіпті бастауға бел буып отырғандар да бар. Мәселен, «Бастау бизнес» бағдарламасы арқылы зоодүкен аш­пақшы болып ұмтылып отырған Әсия Бек­назарова тыңға соқпақ салмақ. Оның айтуына қарағанда, ауылда мұндай дүкен бұрын-соң­ды мүлде болмаған екен. Тіпті көпшілік мұн­дай дүкеннің не сататынын да білмейді. Жаңа­лықтан құлақтанған жұрт енді ғана дүкен табалдырығын аттауда.

Кәсіптің жаманы жоқ. Септігі алдымен елге, содан соң өзіне тисе, бизнес саласында бағы жанғаны емес пе?!

 

Ақмола облысы,

Целиноград ауданы

 

Соңғы жаңалықтар

Бұлақ көрсең, көзін аш

«Таза Қазақстан» • Бүгін, 09:15

Жарыс күнделігі

Спорт • Бүгін, 09:03

Мал ұрлығы тыйылмай тұр

Қылмыс • Бүгін, 08:55

Қазақ үнінің қазынасы

Мультимедиа • Бүгін, 08:53

Құқықтық сауат – уақыт талабы

Заң мен Тәртіп • Бүгін, 08:45

Донорға тәуелді өмір

Денсаулық • Бүгін, 08:43

Жас талаптың жобасы

Жоба • Бүгін, 08:38