Ауыл • 18 Қараша, 2020

Туған ауылын түлеткен

1241 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Соңғы жылдары табиғаты көркем, топырағы құнарлы, айдынында балығы тайдай тулаған, ор­ман-тоғайының бауыры жеміс-жидекке толы Зеренді өңірінде 22 ауыл жабылып қалды. Қошқарбай тауының етегіндегі үркердей Қошқарбай ауылы үдере көшіп жатқан кезінде ел азаматының араласуымен аман қалып, қазір шаруасын шалқытып отыр.

Туған ауылын түлеткен

1991 жылы осы елдің тумасы Қайыркен Хасенов туған ауылын сақтап қалу үшін жеке кәсібін ашқан. Қара басының қамын ойлап емес, қараша ауылдағы қарапайым адамдар үшін жұмыс көзі болсыншы деп. Бір кезде 50-60 түтіні бар шоқ жұлдыздай шағын ауылда дәл сол сәтте небәрі 12-ақ үй қалған. Онда да негізінен зейнеткерлер. Күш-қуаты бар азаматтың бәрі жұмыс іздеп, жанбағар кәсіп іздеп, аудан, облыс орталығына қоныс аударған.

Бұл кезде кейіпкеріміз іргедегі «Айдабол» кеңшарында тәп-тәуір қыз­мет етіп жүр еді. Жалақысы да толым­ды, үй-жайы бар, көңілі сүйіп атқа­ратын жұмысы бар. Білдей бас мал дәрігері. Ауыл ақсақалдары келіп өтініш айтып, сенім артқан соң туған ауылына қайтып оралуға мәжбүр болған. «Сенің қолыңнан келеді. Ата қоныстың қаңырап, иесіз қалғаны жарамайды, еңсесін тіктеп, ел қатарына қосуың керек», дескен ауылдың үлкендері.

1

Әуелі көп ойланды, қабырғасымен кеңесті, болашаққа жоспар құрды. Ауыл адамдарының туған топырағын тастап үдере көшу себептерін талдады. Ең бас­тысы, екі қолға бір күрек екен. Әйтпесе, бұл ауыл көзің қиып кететін жер емес. Қолдың саласындай ақ қайыңдар мен мәңгі жасыл қарағайлар көмкерген ығы мол, егістік алқаптары өте құнарлы өңір. Үзіліп бара жатқан үмітке жалғау болғандай, Алтайдан алты отбасы көшіп келген. Экологиясы сын көтермейтін Арал өңірінен де осыншама шаңырақ Қошқарбайдың құт қойнауынан мекен тапты. Алғашқы жылдары егін егіп, азын-аулақ қаражат жинаған соң Қошқарбайдың болашағы бар екенін дәлелдеп қыр асып кеткен ауыл жас­тарын шақырды. Сөйтіп, жаңадан үш көше үй салынған. Қайыркеннің тірлігі қайырлы болатынына іштей кәміл сенген, ауылдан амалсыз көшіп кеткен жас­тар жағы орала бастады. Қошқарбайдың қотаны кәдімгідей құрылыс алаңына айналды. Жаңадан 26 үй салынды. Ал шаруашылық болса аз уақыттың ішін­де аумағы атшаптырым астық, жанар-жағар­май қоймаларын, кең де жарық мал базын, механикаландырылған қырман салып алды.

Бала басы құрала бастады. Күні кеше ғана тіршіліктің нышаны білінбейтін ауыл ортасы кәдімгідей балалардың шат күлкісіне толды. Міне, осы сәтте Қайыркен Сағдиұлының көкірегін қуаныш кернегені. Арманы да осы еді. Үзіліп бара жатқан үміт шырағы қайта лаулады. Жаратқан ие қуат берсе, туған ауылының мерейін үстем етеріне өзі де сенді, жұртты да сендірді.

Бала көбейген соң 1930 жылы ағаштан қиып салынған, әбден ескіріп, еңсесі түскен мектептің тарлық ететіні анық байқалды. Оның үстіне қыста оқушылар жаурап шығады. Балаларын оқытатын мектеп қолайсыз болған соң ауыл жастары көшуге қамданып, қопаңдауы да әбден мүмкін. Шаруашылықтың өз қаржысымен мектеп салу қамына кіріскен. 1999 жылы негізгі мектепті салып берді. Жаңа жыл қарсаңында ашылу тойын тойлаған. Ендігісі – ауылдастарының рухани әлемін нұрландыру. Осы орайда жатпай-тұрмай 2004 жылы жаңа мешіт бой көтерді. Пенде шіркінге керегі иман екен. Ата-ананың қадіріне жетуге де, бөтен қылықтан ада болуға да ықпалы тиіп жатыр. Ауылда ешкім ала жіпті аттамайды.

Биыл Ұлы Отан соғысына аттанған ауыл азаматтарының тізімі жасалып, ең көрнекті жерде соғыс ардагерлеріне арналған ескерткіш бой көтерді. Әдет­тегідей Қайыркен Сағдиұлы иманды істің басы-қасында жүрді. Шаруа­шылық есебінен мол қаражат бөлді. Ауыл адамдары да қарап қалған жоқ, барлығы ынтымақтаса бірігіп, ортақ іске үлес қосты. Нәтижесінде, кейінгі ұрпаққа Отан деген ұлы ұғымды ұқтыратын, шейіт болған аруақтардың қасиетті есімін ел жадына салып тұратын тамаша ескерт­кіш бой көтерді.

Шаруашылық қанатын кеңге жая бастаған. Енді «Қошқарбай» серіктестігі құрылды. Төрт жарым мың гектар жерге егін екті. Ауыл адамдарына қысы-жазы жұмыс болсын деп қара мал­дың басын 1,5 мыңға жеткізді. Ауыл шаруа­шы­лығын игеру айтуға ғана оңай, әйт­песе қиындығы бастан асып жатыр. Ең алдымен, техника қымбат.

– Мәселен, шаруашылықтың әр жылғы табысынан кемінде екі техниканы жаңадан алуға тырысамыз. Биыл бір комбайнды 61 млн теңгеге алдым. Рас, мемлекет 25 пайызын субсидия ретінде қайтарып береді. Соның өзінде адымыңды алға асырмайды. Оған тыңайтқыштың, жанар-жағармайдың, қосалқы бөлшектің құнын қоссаңыз, банкрот болып қалудың аз-ақ алдында тұрасыз. Осы арада бір ғана мысал келтіре кетейін, ауыл шаруашылығы техникаларына қажетті саймандар осыдан 5-6 жыл бұрынғы бағасынан бес есе қымбаттап кетті. Ал біздің осыншама еңбекпен өсіріп отырған өніміміз қымбаттаған жоқ қой. Мемлекет тарапынан қамқорлық көрсетіліп жатқаны рас, бірақ оның да тиімділігі көп емес. Жанар-жағармайдың бір литрі 170 теңгеден босатылады. Ауылға жеткенше 175 теңгеге түседі. Жанар-жағармай стансасында сатылып жатқан бағадан бар болғаны 5-6 теңгеге ғана арзан. Егер баға арасындағы айырмашылық көбірек болса, бір жөн, – дейді Қ.Сағдиұлы.

Бір жыл фирманың құрамында болды. Бірақ ауылға шарапатының аз екенін байқаған соң бөлініп шығып, «Шоқ қарағай» шаруа қожалығын құрған. Сонысы дұрыс болыпты. Ауыл тұрғындары мал сүмесімен күн көріп жатқаны рас. Бірақ соны бағалап өткізе алмайды екен. Қазір оңтүстік облыстардың кәсіпкерлері қара малды алып жатыр. Саудагерге тапсырған­нан осы аудандағы Мәлік Ғабдуллин ауылы жанындағы мал бордақылау алаңына тапсырған әлдеқайда тиімді. Олар тірідей салмағының әр килосын 750 теңгеден алады. Субсидия ретінде әр килосына 250 теңге төленеді. Сонда тірідей салмағының әр килосы үшін тұп-тура 1000 теңгеден алуға болады. Ал саудагерге тапсырса, ауыл тұрғыны әр килосынан 300 теңгеден ұтылады. Егер екі жыл баққан, бордақыланған торпағыңыз 3 центнерге жетсе, бір басынан түсетін табыстың 90 мың теңгесінен қағылады екенсіз. Қайсысы дұрыс? Міне, малмен күн көріп отырған ауыл тұрғындарының әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартудың ел ескере бермейтін осындай бір жайы бар. Ал өзге жерді қайдам, Қошқарбайда ауыл тұрғындарының жеке шаруашылығында мал бағуға мүмкіндік әбден тудырылып отыр.

– Жыл сайын ауылдың әр отбасына бес тонна шөп, бес тонна сабан, тиісінше жемді тегін береміз. Көк­шетау қаласынан көмірін тасып әкелу­ге тегін көлік бөлеміз. Егер орман шаруа­шы­лығынан отын жаздырып алатын болса, оны да тегін тасып береміз, – дейді шаруашылық басшысы.

Дәл осындай жағдай жасалып отырса, неге мал бақпасқа?! Бағуын бағады-ау, табысы толымды болса. Бұл арада айта кететін тағы бір жай бар, бұл – мал терісі мен қой жүнінің кәдеге аспай жатқаны. Шаруа басшылығының айтуына қарағанда, облыс орталығындағы жүн өңдеу фабрикасы қой жүнінің әр килосын 70 теңгеден қабылдайды екен. Бірақ бұл туралы халық құлақтанбаған. Ал ауылға келіп жүн жинайтын кәсіпкерлер әр килосын 23 теңгеден ғана алады. Екі бағаның арасындағы айырмашылық – кәсіпкердің қалтасында.

– Бар ниетім осы ауылды ел қатарына қосу болғандықтан келешегін көп ойлаймын. Менің ойымша жастар тұрақтап қалу үшін ауылда мәдениет орны болуы керек. Алдағы жылы өз қара­жа­ты­ма селолық клуб салып берсем деп отырмын. Ғимаратын үлкейтіп салсам, ауыл­дық фельдшерлік-акушерлік пункті де, кітапханасы да сол жерде болар еді, – дейді Қ.Сағдиұлы.

Елге ел қосылып, тозған ауылдың топырағында қайта түлеген Қошқарбайға мойын бұратындар аз емес. Осы ауылдың күйеу баласы Андрей Окс көшіп келген. Бесаспап механизатор. Қазақ тілін кей қазақтан тәуір біледі. Шаруашылық басшысы өз үйінің жанынан Андрей Оттовичтің шаңырағын көтерісуге көмектескен. «Түсі игіден түңілме» деген­дей, алдынан жұмыс үркіп отыратын мұндай азаматтар қай жерде болсын керек.

Шаруашылық басшысының айтуына қарағанда, қазір қара жұмыс істейтін адам табу қиын. Ілкідегі қара қарға­ның миы қайнайтын ыстықта, түкірігің жерге түспей қататын сақылдаған сары аязда жанын жалдап жұмыс істейтін адам азайған. Азайғаныңыз не, жоққа таяу. Негізгі себебі, еңбек адамының қадірленбей қалуынан екен.

– Осы ауданды үш жыл басқарған бір әкім үш орден алып кетті. Әрине, қызғанышпен айтпаймыз. Бірақ көзіміз көріп жүр, мереке қарсаңында марапат үлестіргенде негізінен атқамінерлер ғана аталып, қара жұмыс істеп жүрген­дер қағыс қалады. Кешегі кеңес заманын­дағыдай ел еңбегі лайықты бағаланып, ынталандыру жұмыстары жүргізілсе, адамдардың ықыласы адал еңбекке ауар ма еді, кім білсін? Іргеміздегі Шағалалы ауыл шаруашылығы мамандарын даярлайтын колледжімен шарт жасасып, әр жыл сайын үш-төрт түлегін жұмысқа тартып отырмыз. Екі жаққа да тиімді. Оқу орны түлегін жұмысқа орналастырса, бізге жұмыс істейтін маман керек, – дейді шаруашылық басшысы.

Өтпелі кезеңнің өкпек желіне шыда­май, шалғайдағы шағын ауылдардың талайы жабылып қалды. Дені – қазақ ауыл­дары. Қошқарбайдың бауырындағы қайыры мол тірлікке қарап отырып, шіркін-ай сол елде дәл осындай бір азамат болса, әлдеқалай болар еді деп ойлайсың. Шынында да елдің ел болуына, қатарынан қалмай, алға ұмтылауына Қошқарбайдың Қайыркені тәрізді бір жанашыр керек-ау!..

 

Ақмола облысы,

Зеренді ауданы