Қазір полицейлер осындай алты бекетте тәулік бойы кезекшілік атқарады. Жыл басынан бері модульді стационарлық бекеттердің кезекші қызметкерлеріне түрлі мәселе бойынша 500-ден астам азамат жүгініпті. Мұндай бекеттер қоғамдық орындарда болатын құқықбұзушылықтар санының екі есеге төмендеуіне, жалпы қылмыстық әрекеттердің ашылуына оң әсерін тигізіпті.
– Облыс әкімдігінің қолдауымен биыл жоспарланған 34 учаскелік полиция пункттерінің 28-і іске қосылды. Құқықбұзушылықпен күреске жедел ден қою, тұрғындар қауіпсіздігін қорғайтын учаскелік инспектор қызметінің қолжетімділігін арттыру үшін салынған учаскелік полиция бекеттерінің 22-сі тұрғын үймен біріктірілді. Қазір облыс аумағында 92 учаскелік полиция бекеті қызмет атқарады. Атырау қаласындағы 27 учаскелік полиция бекетінде 90-нан астам учаскелік полиция инспекторы мен 30-дан аса олардың көмекшісі қызмет атқарады. Бұған қосымша тағы да учаскелік полиция бекеттерін ашу қарастырылуда, – дейді Қамза Үмбетқалиев.
Оның айтуынша, өңірде 232 учаскелік полиция инспекторы жұмыс істейді. Инспекторлардың жұмысының тиімділігін арттыруға септесетін 71 көмекшісі бар. Олардың бәрі портативті бейнетіркегіш, радиостанса, планшет секілді заманауи техникалармен қамтамасыз етіліп отыр. Жақында Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың тапсырмасымен учаскелік полиция инспекторларына автокөліктер бөлінді. Сондай қызметтік көліктің бірі Атырау қаласындағы №14 учаскелік полиция бекетіне берілді. Өңірдегі үздік учаскелік полиция бекетіне «Нива» көлігін облыстық полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Қамза Үмбетқалиев табыс етті.
– Мемлекет басшысының Жолдауындағы тапсырмаларды іске асыру мақсатында учаскелік полиция қызметкерлерінің мәртебесін көтеру, олардың өкілеттігін кеңейтіп, материалдық-техникалық жағдайын жақсарту қолға алынды. Қазір халықпен ұдайы байланыста болатын учаскелік инспекторлар жұмысының тиімділігін арттыруда материалдық-техникалық базаны нығайту жүргізілуде. Мемлекет тарапынан азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, жедел әрекет ету үшін полиция қызметкерлеріне барынша қолдау көрсетілуде, – дейді департамент бастығы Қамза Үмбетқалиев.
Атырау қаласындағы №14 учаскелік полиция бекетінің инспекторлары 48 мыңға жуық тұрғыны бар «Нұрсая», «Болашақ», «Жеті қазына», «Тұлпар», «Жерұйық» бірнеше шағын аудандағы қоғамдық тәртіпті қадағалайды. Мұнда жаңадан салынған көпқабатты және жеке тұрғын үйлер, спорттық кешен, кәсіптік білім беретін жоғары колледж, Назарбаев зияткерлік мектебі, үш орта мектеп, аурухана, бірнеше көңіл көтеру орны секілді нысандар бар. Бұл учаскелік полиция бекеті де планшеттермен, бейнетіркегіш, байланыс құралдарымен қатар, әкімшілік аумақтағы аулалар мен басқа да қоғамдық орындар бейнебақылау камераларымен жабдықталған.
– Мен 2014 жылдан бері учаскелік полиция қызметкері болып жұмыс істеймін. Ғимаратымыз 2018 жылы пайдалануға берілді. Енді міне, жаңа көлікке ие болдық. Бұл біздің шақыртуларға жедел жетіп, қоғамдық тәртіпті бұзушыларды «құрықтауға» ықпал етеді, – дейді аға учаскелік полиция инспекторы, полиция капитаны Рүстем Жұмабаев.
Атырау облысы